Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

17-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Сіз Ехоба үшін аса бағалы жансыз!

Сіз Ехоба үшін аса бағалы жансыз!

“Ехоба өз халқынан рақат табады” (ЗӘБ. 149:4).

108-ӘН Құдайдың айнымас сүйіспеншілігі

АҢДАТПА *

Көктегі Әкеміз әрқайсысымыздан “рақат табады” (1-абзацты қараңыз)

1. Ехоба өзінің халқынан не байқайды?

“ЕХОБА өз халқынан рақат табады” (Зәб. 149:4). Құдайымыздың бізден осылай қуаныш табатыны керемет емес пе?! Ол бойымыздағы жақсы қасиеттерді байқайды, тағы қалай жақсара алатынымызды көреді және бізді өзіне жақындатып тартады. Ехобаға адал болып қалсақ, ол бізге мәңгі жақын болып қалады! (Жох. 6:44).

2. Ехоба оларды сүйетініне кейбіреулер не үшін сене алмайды?

2 Кейбіреулер “Ехоба қызметшілерін халық ретінде жақсы көретіні түсінікті, бірақ дәл мені жақсы көрмейтін шығар” деп ойлайды. Бұлай ойлауға не себеп болуы мүмкін? Өте ауыр балалық шақты бастан өткерген Оксана * былай дейді: “Шомылдыру рәсімінен өтіп, ізашарлық қызметті бастағанда өте бақытты едім. Бірақ 15 жылдан кейін бала кезімдегі естеліктер қайта оралып, жанымды жегідей жей бастады. Мен Ехобаның мерейінен айырылып қалдым, оның сүйіспеншілігіне лайық емеспін деп ойладым”. Юя деген ізашар әйел бауырлас та бақытты балалық шақтың не екенін білмей өскен. “Ехобаны қуантқым келгендіктен, оған өмірімді бағыштадым. Бірақ ол мені ешқашан сүйе алмайды деп ойладым”,— дейді Юя.

3. Бұл мақалада не туралы білеміз?

3 Осы адал бауырластарымыз сияқты сіз де Ехобаны жақсы көргенмен, оның сізді жақсы көретініне күмәнданатын шығарсыз. Бірақ ол сізді сүйетініне әрі қамыңызды ойлайтынына неліктен сенімді болған дұрыс? Жағымсыз, теріс ойлар мазаңызды алғанда не көмек бола алады? Қазір осы сұрақтарға тоқталайық.

ЕХОБАНЫҢ СҮЙІСПЕНШІЛІГІНЕ КҮМӘНДАНУДЫҢ ҚАУПІ

4. Ехоба бізді сүйетініне күмәндану неге қауіпті?

4 Сүйіспеншіліктің қозғаушы күші зор. Ехоба бізді сүйетініне, қолдап-демейтініне сенімді болсақ, өмірдің қиыншылықтарына қарамастан оған бар жүрекпен қызмет ете береміз. Ал егер сүйетініне күмәндансақ, онда “күш-жігеріміз таусылады” (Нақ. с. 24:10). Осылай еңсеміз езілгенде және Құдай бізді сүйетініне сенбегенде, Шайтанның оңай олжасына айналып қалуымыз мүмкін (Ефес. 6:16).

5. Құдайдың сүйіспеншілігіне күмәнданудың әсері қандай? Мысал келтіріңіз.

5 Күмән көптеген мәсіхшінің рухани саулығына зақым келтірген. Джеймс деген ақсақал былай дейді: “Бетелде қызмет етіп жүрсем де, шет тілді қауымда қызмет етсем де, осы құрбандықтарымды Ехоба қабылдай ма екен деп ойлайтынмын. Тіпті дұғаларымды шынымен тыңдай ма екен деп күмәнданған кезім болды”. Ева бауырлас та толық уақыт қызмет етеді. Ол былай дейді: “Мен Ехобаның сүйіспеншілігіне күмәнданудың қаншалықты қауіпті екенін түсіндім. Бұл адамды аяғынан төмен қарай тарта беретін батпақ сияқты. Рухани істерге еш зауқың соқпайды, қызметің де еш қуаныш әкелмейді”. Майкл бауырлас болса тұрақты ізашар әрі ақсақал болып қызмет етеді. “Құдай қамыңды ойлайтынына күмәндансаң, одан алыстап кетеді екенсің”,— дейді ол.

6. Құдай мені жақсы көрмейді деген ой келгенде не істегеніміз жөн?

6 Жоғарыдағы мысалдардан теріс ойлардың сенімімізге қандай соққы болып тиетінін көрдік. Олай болса, санамызға Құдай мені сүймейді деген ой келе бастағанда, одан тез арада құтылғанымыз жөн! Ехобадан “мазалайтын ойларыңызды” басып, орнына жүрегіңіз бен ой-санаңызды сақтайтын тыныштық беруін сұраңыз (Зәб. 139:23; Філіп. 4:6, 7). Сондай-ақ ұмытпаңыз, бұл күресте сіз жалғыз емессіз. Басқа да адал бауырластарымыз осындай жағымсыз сезімдермен арпалысып жүр. Ехобаның бұрынғы замандағы қызметшілері де осындай қиындықтан өткен. Қазір елші Пауылдың мысалына көңіл бұрайық.

ЕЛШІ ПАУЫЛДЫҢ КҮРЕСІ

7. Елші Пауылдың қандай қиындықтары болды?

7 Жауапкершіліктеріңіз бастан асатындықтан, бәрін бірге алып жүремін деп қиналып жүрсіз бе? Елші Пауыл да дәл осындай күй кешкен. Ол бір емес, “барлық қауымдарды ойлап, күнде уайымдаған” (Қор. 2-х. 11:23—28). Немесе созылмалы ауруыңыз жаныңызға батып, қажытып жіберген шығар. Пауылды да “тәніне қадалып тұратын тікен”, яғни қандай да бір ауру болса керек, тынбай мазалаған. Ол қиналғаны сонша — бұдан тез арылуды қалаған (Қор. 2-х. 12:7—10). Я болмаса күнәкар болмысыңыздың кесірінен жиі көңіліңіз түсе ме? Елші Пауылға да үнемі кемелсіздіктерімен күресуге тура келгендіктен, ол “сорлы басым-ай” деп күйінген (Рим. 7:21—24).

8. Қиындықтарымен күресуге Пауылға не күш берді?

8 Басына түрлі сынақ түссе де, қуанышын ұрлайтын жағдайларға кезіксе де елші Пауыл Құдайға қызмет етуді доғармады. Сонда оған не күш берді? Ол өзінің кемшіліктерін жақсы білсе де, оның төлемге деген сенімі берік болған. Пауыл Исаның “оған сенген әркім мәңгілік өмірге ие болады” деген уәдесін жақсы білген (Жох. 3:16; Рим. 6:23). Ол тіпті ауыр күнә жасаған адамның өзі шын өкінсе, Ехоба оны кешіретініне сенімді болған (Зәб. 86:5).

9. Елші Пауылдың Ғалаттықтарға 2:20-да жазылған сөзінен не білеміз?

9 Елші Пауыл Құдайдың ол үшін Мәсіхті құрбан еткенінен оның зор сүйіспеншілігін көрген (Ғалаттықтарға 2:20 оқыңыз). Осы тармақтың соңындағы маңызды сөйлемге назар аудардыңыз ба? Пауыл: “Құдай Ұлы... мені сүйгендіктен, мен үшін өмірін берді”,— деген. Ол Құдайдың сүйіспеншілігінің күшіне шек келтірмеген. Былайша айтқанда, “басқа бауырластар Ехобаның сүйіспеншілігіне лайық қой, бірақ ол мені сүюі мүмкін емес” деп ойламаған. Пауыл римдіктерге: “Әлі де күнәкар болып жүрген біздер үшін Мәсіх өмірін қиды”,— деген (Рим. 5:8). Құдайдың сүйіспеншілігінің расында да шегі де, шеті де жоқ.

10. Римдіктерге 8:38, 39-ыншы тармақтардан не білеміз?

10 Римдіктерге 8:38, 39 оқыңыз. Ехобаның сүйіспеншілігі қаншалықты күшті екеніне Пауыл еш күмәнданбады. Ол Құдайдың сүйіспеншілігінен бізді еш нәрсе де айыра алмайтынын айтқан. Мысалы, Пауыл Ехобаның исраилдіктерге ғасырлар бойы шыдамдылық танытқанын білген. Ехоба жеке оған қандай рақымдылық танытқанын да жақсы білген. Пауыл “Ехоба өз ұлын мен үшін өлімге қиған болса, қалай ғана оның сүйіспеншілігіне күмәнданамын” деп ой түзгені сөзсіз (Рим. 8:32).

Ехоба үшін бұрынғы қателіктеріңіз емес, қазір және кейін не істейтініңіз маңызды (11-абзацты қараңыз) *

11. Тімөтеге 1-хат 1:12—15 тармақтарда айтылғандай, Пауыл бұрын күнә жасаса да Ехоба оны жақсы көретініне неге сенімді болды?

11 Тімөтеге 1-хат 1:12—15 оқыңыз. Пауылдың өткенді ойлап жаны қиналған кездері болса керек. Ол өзін күнәкарлардың ішіндегі “ең күнәкары” деп есептеген. Ол шындыққа келмес бұрын мәсіхшілерді қаладан қалаға қудалап, оларды түрмеге жауып, өлімге кесуге дауыс берген (Ел. іс. 26:10, 11). Кейін Пауыл кезінде ата-анасын өлімге кескізген бауырласты кезіктіргенде не сезінгенін елестетіп көріңізші. Ол күнәлары үшін өкінді, бірақ өткенді өзгерте алмайтынын да түсінді. Пауыл Мәсіхтің ол үшін өлгенін қабылдап: “Құдайдың рақымымен осындай дәрежеге ие болдым”,— деп жазды (Қор. 1-х. 15:3, 10). Біз бұдан қандай сабақ аламыз? Мәсіх сіз үшін өлді, әрі Ехобамен дос бола алуыңыз үшін сізге жол ашты. Осыны қабылдаңыз (Ел. іс. 3:19). Куәгер кезіңізде жасадыңыз ба, әлде оған дейін бе, Ехоба үшін бұрынғы қателіктеріңіз маңызды емес, ол үшін маңыздысы — қазір және кейін не істейтініңіз (Ишая 1:18).

12. Өзімізді сүйіспеншілікке лайықсыз, түкке тұрғысыз сезінгенде, Жоханның 1-хаты 3:19, 20-дағы сөздер қандай жігер береді?

12 Иса бізді күнәларымыздан тазарту үшін өлгені туралы ойлағанда, “мен мұндай жақсылыққа еш татымаймын” дейтін шығармыз. Неге бізде осындай сезім болады? Өйткені кемелсіз жүрегіміз бізді Құдайдың сүйіспеншілігіне лайықсыз, түкке тұрғысыз сезіндіргісі келеді (Жоханның 1-хаты 3:19, 20 оқыңыз). Бірақ сондай кезде “Құдай жүрегімізден жоғары” екенін есте ұстайық. Ехобаның ойлары мен сезімдері біздің теріс ойларымыз бен сезімдерімізден әлдеқайда күшті. Ол бізді сонда да сүйеді, кешіреді. Біз өз ойымызда емес, Ехобаның ойында қандай адам екенімізді түсінуіміз қажет. Бұлай етуге Құдайдың Сөзін үнемі оқығанымыз, оған қайта-қайта дұға еткеніміз және оның адал халқымен жиі араласып тұрғанымыз көмектеседі. Қазір осы үш әрекеттің қаншалықты маңызды екеніне назар аударайық.

КИЕЛІ КІТАПТЫ ЗЕРТТЕУДІҢ, ДҰҒА МЕН АДАЛ ДОСТАРДЫҢ КӨМЕГІ

13. Құдай Сөзін зерттегеніміз бізге қалай көмектеседі? (“ Оларға Құдай Сөзі көмектесті” деген қоршауды да қараңыз.)

13 Киелі кітапты күнде оқып-зерттесеңіз, Ехобаның көптеген әдемі қасиеттері туралы біле түсесіз. Оның әкелік жылы алақанын сезінесіз. Күн сайын терең ой жүгіртсеңіз, Құдай Сөзі ақыл-санаңыз бен сезімдеріңізді “түзетеді”, дұрыс ойлауға көмектеседі (Тім. 2-х. 3:16). Кезінде өзін төмен санаған Кевин деген ақсақал былай дейді: “103-інші Зәбүр жырын оқып, ойланғанның арқасында есімді жидым. Ехобаның мен туралы шынымен не ойлайтынын түсіндім”. Ал Ева былай дейді: “Мен күнде кешке Ехобаның ойлары мен сезімдері туралы ой жүгіртемін. Өйткені бұдан жүрегім тыныштыққа толып, сенімім нығаяды”.

14. Дұғаның қандай көмегі бар?

14 Ұдайы дұға етіңіз (Сал. 1-х. 5:17). Екі адамның арасындағы достық жиі араласқанның, ашық әңгімелескеннің арқасында нығаяды. Досымыз Ехобамен де солай. Оған дұғада барлық уайымымызды, не сезініп жатқанымызды, ойларымызды айтамыз. Өйткені оған сенім артамыз және ол бізді жақсы көретінін білеміз (Зәб. 94:17—19; Жох. 1-х. 5:14, 15). Юя бауырласымыз былай дейді: “Мен дұғада жай ғана сол күні не болғанын тізіп айтып қоя салмай, Ехобаға барынша ашылып, ойларым мен сезімдерімді бүкпей айтамын. Осылайша Ехобаны жұмысшыларынан есеп алатын компанияның бастығы емес, балаларын қатты жақсы көретін Әке ретінде тани түстім” (“ Оқып көрдіңіз бе?” деген қоршауды қараңыз).

15. Ехоба әрқайсысымызға қалай көңіл бөледі?

15 Адал достарыңызбен араласыңыз (Жақ. 1:17). Олар Ехобаның сізге берген сыйы. Бізді “әрқашан жақсы көретін” осы бауырластар арқылы Ехоба әрбірімізге жеке көңіл бөледі (Нақ. с. 17:17). Қолостықтарға жазған хатында елші Пауыл осындай достарын “тірегім” деп атаған (Қол. 4:10, 11). Иса Мәсіхке де достары қиын шақта тірек болған. Олардың ішінде періштелер де, адамдар да болды. Иса олардың көмегін қатты бағалаған (Лұқа 22:28, 43).

16. Адал достарымыз Ехобаға жақындай түсуімізге қалай көмектеседі?

16 Ехоба сыйлаған адал достарыңыздың игілігін толық көріп жүрсіз бе? Рухани толысқан досыңызға мазалаған ойларыңыз туралы айтуға қысылмаңыз. Бұл — әлсіздіктің белгісі емес, керісінше, өзіңізге қорғаныш. Джеймс бауырластың не дегеніне назар аударыңызшы: “Менің рухани толысқан достарым — жан азығым. Санамды жағымсыз ойлар торлағанда, олар мені шыдаммен тыңдап, мені жақсы көретіндерін айтып отырады. Мен олардан Ехобаның маған деген қамқорлығын, сүйіспеншілігін көремін”. Рухани отбасымыздағы бауырластармен достасып, осы достығымызды сақтау қаншалықты маңызды десеңізші!

ЕХОБАНЫҢ СҮЙІСПЕНШІЛІГІНЕН АЙЫРЫЛМАҢЫЗ

17, 18. Біз кімді тыңдауымыз керек және неге?

17 Шайтан біздің күреспей қойғанымызды, сөйтіп, жеңілгенімізді қалайды. Ол Ехоба бізді жақсы көрмейді, құтқарылуға біз лайық емеспіз дегенге сендіргісі келеді. Бірақ осы мақалада көз жеткізгеніміздей, бұл — қып-қызыл өтірік.

18 Ехоба сізді жақсы көреді. Сіз Ехоба үшін ардақты жансыз. Оған мойынсұна берсеңіз, Иса сияқты сіз де оның сүйіспеншілігінен айырылмайсыз (Жох. 15:10). Олай болса, өтірікші Шайтанды да, алдамшы жүрегіңізді де тыңдамаңыз. Әрқайсысымыздың бойымыздан жақсылықты көре білетін Ехобаны ғана тыңдаңыз. Ехоба өз халқынан, соның ішінде сізден де “рақат табатынына” сенімді болыңыз!

141-ӘН Өмір — Құдайдан келген сый

^ 5-абзац Кей бауырластар Ехоба оларды жақсы көруі мүмкін емес деп ойлайды. Бірақ ол жеке әрқайсысымызды жақсы көретініне қалай сенімді бола аламыз? Ехоба бізді сүйетініне күмәнданғанда, осы күмәнді сейілтуге не көмектеседі? Бұл мақала осы сұрақтарға жауап береді.

^ 2-абзац Кейбір есімдер өзгертілген.

^ 67-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Мәсіхші болғанға дейін Пауыл көп бауырласты түрмеге қамаған. Исаның ол үшін не істегенін түсінгеннен кейін ол өзгеріп, бауырластарына жігер берді. Олардың ішінде кезінде өзі қудалаған адамдардың туыстары да болған болуы мүмкін.