Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨМІРБАЯН

Мен беруден қуаныш таптым

Мен беруден қуаныш таптым

ОН ЕКІ жасымда мен адамдарға құнды дүние бере алатынымды ұқтым. Конгресс кезінде бір ер бауырлас менен: “Уағыздағың келе ме?”— деп сұрады. Ешқашан уағыздап көрмеген мен: “Иә”,— дедім. Содан екеуміз учаскеге жол тарттық. Ол маған Құдай Патшалығы жайлы бірнеше буклет ұстатты да: “Сен көшенің арғы бетін ал, мен мына бетін аламын”,— деді. Қатты қобалжысам да, үйме-үй уағыздауға кірісіп кеттім. Буклеттің бәрін тез-ақ үлестіріп шыққаныма өзім таңғалдым! Көп адам мендегі бар нәрсеге шынында да мұқтаж екен.

Мен 1923 жылы Англияның Кент графтығының Чатем қаласында туылдым. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары жұрттың өміріміз жақсарады деп күткен үміті ақталмады. Менің ата-анам да сондай күй кешті. Олардың көңілін қалдырған тағы бір жайт — баптист дінбасыларының өз атақ-дәрежесін көтеруді ғана көксегені болды. Шамамен 9-да болғанымда анам Халықаралық Киелі кітап Зерттеушілері Бірлестігінің залына бара бастады. Онда Ехоба куәгерлері өздерінің “сабақтарын”, яғни жиналыстарын өткізетін. Сондағы бір әйел бауырлас мендей балалармен Киелі кітап және “Құдайдың арфасы” кітабы бойынша сабақтар өткізіп жүрді. Бұл сабақтар маған қатты ұнайтын.

ЖАСЫ ҮЛКЕН БАУЫРЛАСТАРДАН ҮЙРЕНГЕНІМ

Жасөспірім кезімде адамдарға Құдай Сөзінен үміт сыйлауды ұнататынмын. Үйден үйге уағыздағанда көбінесе жалғыз жүретін едім. Алайда басқалармен уағызға шыққанда көп нәрсеге үйрендім. Бірде жасы үлкен ер бауырласпен велосипедке мініп алып, учаскеге бара жатқанбыз. Сонда мен жанымыздан өтіп бара жатқан дінбасына нұсқап: “Қараңыз, серке кетіп бара жатыр”,— дедім. Бауырлас велосипедінен түсті де, бір томарға жайғасып, мені қасына отырғызды. Сөйтіп: “Саған кімнің серке екенін шешуге кім құқық берді? Адамдарға ізгі хабарды айтқанымызға қуанып жүре берейік, ал соттауды Ехобаға қалдырайық”,— деді. Сол кездері мен берудің қуанышқа кенелтетіні жайлы көп нәрсе түсіндім (Матай 25:31—33; Елшілердің істері 20:35).

Тағы бір ер бауырластан үйренгенім — беруден қуаныш сезіну үшін кейде шыдаммен төзе білу маңызды екен. Оның әйелі Ехоба куәгерлерін еш жақтырмайтын. Бір күні жүрек жалғап алу үшін оның үйіне кіріп едік, оның уағызға шығып кеткеніне қатты ызаланған әйелі бізге шай қалталарын лақтырып кеп жіберді. Бауырлас бұған еш ашуланбастан, жымиған күйі шайды қайта орнына қойды. Араға жылдар салып, ол шыдамдылығының жемісін көрді: әйелі шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехоба куәгері болды.

1939 жылы, ол кезде 16 жаста едім, Британия Германияға қарсы соғыс жариялады. 1940 жылы наурызда анам екеуіміз Дуврде шомылдыру рәсімінен өттік. Ал сол жылдың маусым айында үйіміздің алдынан өтіп жатқан жүк көліктерінен мыңдаған жаралы сарбазды көрдім. Олар Дюнкерк маңындағы шайқастан аман қалғандар еді. Көздерінде еш үміт оты жоқ сол сарбаздарға Құдай Патшалығы жайлы қатты айтқым келді. Сол жылдың соңына таман Германия Британияны бомбалай бастады. Әр түні немістердің бомбалаушы ұшақтары төбемізден зымырап өтіп жататын. Бомбалардың ысқырып барып жерге түскен даусынан зәре-құтымыз қалмаушы еді. Ертеңінде төңіректегі бүкіл үйлердің күл-талқаны шығып жататын. Сонда жар дегенде жалғыз үмітім Құдай Патшалығы екеніне көзім жете түсті.

БЕРУДІ ӨМІР ЖОЛЫ ЕТЕ БАСТАУЫМ

Мені зор бақытқа бөлеген өмір жолына, яғни толық уақытты қызметке, 1941 жылы аяқ бастым. Бұған дейін мен Чатемдегі Корольдік кеме жасау өндірісінде жұмыс істеп, кеме соғуды үйреніп жүргенмін. Бұл жұрттың бәрі қызыққан өте тиімді жұмыс болатын. Алайда Ехобаның қызметшілері мәсіхшіге бір халық үшін басқа халықпен соғысуға болмайтынын түсінетін. Ал 1941 жылдары біз қару-жарақ өндірісінде жұмыс істемеуіміз керек екенін білдік (Жохан 18:36). Мен істейтін жерде сүңгуір қайықтар жасайтындықтан, жұмыстан шығып, толық уақытты қызметті бастауды ұйғардым. Сөйтіп, алғаш рет Котсуолдағы Сайренсестер деген әсем қалаға тағайындалдым.

18 жасымда әскери қызметтен бас тартқаным үшін, 9 айға бас бостандығымнан айырылып, темір тордың ар жағынан бір-ақ шықтым. Түрменің зілдей есігі тарс жабылып, жападан-жалғыз қалғанымда, қатты шошығаным-ай! Бірақ көп ұзатпай күзетшілер мен қамаудағылар не үшін түрмеге түскенімді сұрай бастады. Мен оларға қуана-қуана уағыздадым.

Бостандыққа шыққан соң, Ленард Смит * деген бауырласпен бірге туған жеріміз Кент графтығының әртүрлі қаласында уағыздадық. Лондонды бомбалау үшін фашист ұшақтары Кенттің үстінен өтетін. 1944 жылдан бастап Кентке мыңнан астам бомба түсті. Бұлар, негізінде, жарылғыш заттарға толтырылған ұшқышы жоқ реактивті ұшақтар еді. Оның қозғалтқышы өшкенін естігенде, бәрінің зәресі қалмайтын, өйткені санаулы секунд ішінде ұшақ құлап, жарылатынын білетінбіз. Ол кезде біз бес жаннан тұратын отбасымен Киелі кітапты зерттеп жүргенбіз. Біз кейде олардың үй қирағанда қорғануға арналған темір үстелінің астына тығылып отыратынбыз. Кейін сол отбасы түгел шомылдыру рәсімінен өтті.

ІЗГІ ХАБАРДЫ ШЕТЕЛДЕРДЕ УАҒЫЗДАУЫМ

Ирландияда ізашар болып жүргенде, конгреске шақырып жүрген кезім

Соғыс біткен соң, мен екі жыл бойы оңтүстік Ирландияда ізашар ретінде қызмет еттім. Біз Ирландияның Англиядан мүлде өзгеше екенін білмеппіз. Үйден үйге жүріп, миссионер екенімізді әрі баспана іздеп жүргенімізді айттық. Көшеде журнал ұсынып жүрдік. Католиктер елінде біреу хабарымызға құлақ қояды деп жүрген бізді жұрт ақымақ көрді! Бір кісі бізге қоқан-лоқы көрсеткенде, полиция қызметкеріне шағымданып едім, ол маған: “Ал сен не ойлап едің?”— деді. Ол жерде дін қызметкерлерінің ықпалы қаншалықты күшті екені қаперімізге кірмепті. Олар бізден кітап алған адамдарды жұмыстан шығарып жіберді, бізді де тұрып жатқан үйімізден қуып шықты.

Содан көп ұзамай мынаны түсіндік: жаңа аумаққа барғанда, алдымен үйімізден алыс, бізді дін қызметкерлері танымайтын жерлерде уағыздағанымыз тиімді екен. Содан кейін ғана үйімізге жақын тұратын адамдарға баратын болдық. Килкенни қаласында бір жас жігітпен қатыгез тобырдың сес көрсеткеніне қарамастан, аптасына үш реттен сабақ өткізіп жүрдік. Киелі кітаптағы шындықты үйретуді қатты жақсы көргендіктен, миссионерлік тәлім алу үшін Күзет мұнарасының Ғалақат Киелі кітап мектебінде оқуды мақсат еттім.

1948—1953 жылдары біздің миссионерлік үйіміз болған “Сибия” кемесі

Нью-Йоркте бес ай оқығаннан кейін, біз, Ғалақаттың төрт түлегі, Кариб теңізіндегі шағын аралдарға тағайындалдық. 1948 жылдың қарашасында Нью-Йорк қаласынан “Сибия” деп аталатын 18 метрлік желкенді кемемен жолға шықтық. Бұған дейін кемемен сапар шегіп көрмеген мен бәрін қызық көрдім. Түлектердің бірі Гаст Маки бұрын теңіз капитаны болған екен. Ол бізге кеме жүргізудің негізгі тәсілдерін, мысалы желкенді көтеріп-түсіруді, компаспен бағыт табуды және желге қарсы жүзуді үйретті. Гаст бауырлас Багам аралдарына жеткенше, кемемізді 30 күн бойы сұрапыл дауылдардан епті қолымен алып шықты.

“ОНЫ ШАЛҒАЙДАҒЫ АРАЛДАРҒА ЖАРИЯЛАҢДАР”

Багамның шағын аралдарында бірнеше ай уағыздағаннан кейін, біз кемемен Жел өті және Ық аралдарына қарай бет алдық. Виргин аралдары мен Тринидадтың арасындағы бұл кішкене аралдар 800 шақырымдай жерді алып жатыр. Бес жыл бойы көбінесе Ехоба куәгерлері аяқ баспаған шалғай аралдарда уағыздадық. Кейде апталап ешкіммен хат-хабар алыса алмайтынбыз. Бірақ Ехобаның сөзін “шалғайдағы аралдарға жариялап” жүргенімізге шексіз бақытты едік (Еремия 31:10).

“Сибия” кемесіндегі миссионерлер экипажы (солдан оңға қарай): Рон Паркин, Дик Райд, Гаст Маки және Стэнли Картер

Зәкір тастап, айлаққа тоқтағанымызда, ауыл тұрғындары біздің кім екенімізді білгісі келіп, қасымызға жиналып қалатын. Кейбірі біздікіндей кемені, біз сияқты ақ адамды ешқашан көрмепті. Бұл аралдардың тұрғындары Киелі кітаппен жақсы таныс әрі жылы шырайлы екен. Олар бізге жиі балық, авокадо мен жержаңғақ беретін. Біз шағын кемемізде тамақ пісіруге, ұйықтауға, киімімізді жууға орын көп болмаса да, бірдеңе қылып амалдайтынбыз.

Біз жағаға шығып, күні бойы адамдармен әңгімелесетінбіз. Оларды Киелі кітапқа негізделген баяндамаға шақырып жүрдік. Сөйтіп, ымырт түскенде, кеменің қоңырауын соғатынбыз. Ағылып келе жатқан адамдарды көру бір ғанибет еді! Қыр беткейімен келе жатқан олардың қолындағы майшамдар қараңғыда жымыңдаған жұлдыздардай көрінетін. Кейде жүз адамға дейін келіп, түннің бір уағына дейін сұрақтар жаудыратын. Олар әндетуді ұнатқандықтан, Патшалықтың кейбір әндерін қағаз бетіне шығарып беретінбіз. Төртеуміз ән шырқау үшін бар өнерімізді салып-бақтық. Кейін олар да қосылып, әсем үндерімен әнді әуелете түсетін. Неткен бақытты сәттер!

Киелі кітапты зерттеу сабағын өтіп болған соң, кейбірі бізбен келесі зерттеу сабағына еріп баратын. Бір жерде бірнеше аптаға ғана тоқтап, кейін кетіп қалатындықтан, қатты қызығушылық білдіргендерге басқалармен біз келгенше зерттей тұруды тапсырып кететінбіз. Кейбіреулерінің бұл тапсырмаға үлкен жауапкершілікпен қарағанын көргенде, сүйсініп кетесің.

Бүгінде бұл аралдардың көбісі туристерге толы. Ал бұрын ол жерлер көгілдір су айдындары, құмды жағалаулары мен пальма ағаштары ғана бар тып-тыныш жер болатын. Біз әдетте бір аралдан екіншісіне түн жамылып жүзетінбіз. Бір кезде айналамызда дельфиндер асыр сап ойнақтай бастайтын. Құлағымызға кеменің тұмсығымен суды қақ жарғандағы сыбдыры ғана келетін. Желсіз түндегі ай сәулесі мөлдір су бетінде бейне бір көкжиекке қарай төселген күміс жолдай еді.

Аралдарда бес жыл уағыздағаннан кейін, біз моторлы кеме сатып алу үшін Пуэрто-Рикоға қарай жүзіп кеттік. Ол жерде мен Максин Бойд деген бір әдемі миссионер қызбен танысып, оған ғашық болып қалдым. Ол кішкентайынан ізгі хабарды құлшына уағыздаған екен. Кейін Доминика Республикасында 1950 жылға дейін миссионер болып қызмет еткен. Бірақ католик үкіметі оны елден жер аудартып жіберген. Мен кеме экипажының мүшесі болғандықтан, Пуэрто-Рикода тек бір айға ғана қала алатынмын. Егер аралдарға жүзіп кетсем, бірнеше жылсыз қайтып келе алмас едім. Сондықтан ішімнен: “Рональд, қалаған қызың осы болса, онда тез қимылда”,— дедім. Содан не керек, үш аптадан кейін оған ұсыныс жасадым, ал алты аптадан соң екеуміз үйлендік. Біз Пуэрто-Рикоға миссионер ретінде тағайындалдық. Алған жаңа кемемізге мен сол күйі мінбей кеттім.

1956 жылы біз аудандық қызметті бастадық. Екеуміз бауырластарға сапармен барғанды қатты ұнататынбыз. Олардың көбісі кедей еді. Мысалы, Потала Пастилло деген ауылда көп балалы екі Куәгер отбасы тұратын. Мен олардың балаларына сыбызғыда ойнап беретінмін. Бірде кішкентай қыздарының бірі Хильдадан: “Бізбен бірге уағызға барғың келе ме?”— деп сұрап едім, ол: “Барғым келеді. Бірақ киетін аяқкиімім жоқ”,— деді. Біз оған аяқкиім әперіп, уағызға алып шықтық. Араға жылдар салып, 1972 жылы Максинмен Бруклинге бардық. Сол жерде Ғалақат мектебін жаңа бітірген бір қыз бауырлас қасымызға келді. Ол тағайындалған жері Эквадорға жол тартпақшы екен. “Мені танымадыңыздар ма? Мен Пастиллодағы аяқкиімі жоқ кішкентай қызбын ғой”,— деді ол. Сөйтсек, Хильда екен! Қуаныштан көзімізге жас келді!

1960 жылы Пуэрто-Рико филиалында қызмет ете бастадық. Ол Сантурседегі (Сан-Хуан) екі қабатты кішкентай үйде орналасқан еді. Алғашында жұмыстың басым бөлігін Леннарт Джонсон екеуміз істедік. Леннарт пен әйелі Доминика Республикасындағы алғашқы Куәгерлер болған. Олар 1957 жылы Пуэрто-Рикоға көшіп келген. Максин журналға жазылған адамдарға журналдарды жіберіп тұрумен айналысты. Ол аптасына мыңнан астамын жіберетін. Оған бұл жұмыс қатты ұнайтын, себебі сол адамдардың бәрі Ехоба туралы біліп жатқанына қуанатын.

Бетелдік қызмет маған өте ұнады, өйткені онда бүкіл күш-қуатыңды Ехобаға жұмсай аласың. Әрине, бұл қызметтің өз қиыншылығы да жоқ емес. Мысалы, 1967 жылы Пуэрто-Рикода алғаш өткен халықаралық конгресс кезінде жауапкершілігім бастан асты. Сол уақытта Ехоба куәгерлеріне жетекшілік еткен Нейтан Норр бауырлас та Пуэрто-Рикоға келді. Ол мені елге келген миссионерлерді күтіп алатын көліктер жағын ұйымдастырмады деп ойлап қалды. Бірақ мен ұйымдастырған едім. Кейін ол бұл жағынан ұқыпты болуым керектігін қатаң ескертіп, менен көңілі қалғанын айтты. Онымен айтысып жатпадым. Бірақ бұл әділетсіздік қой деп, біраз уақыт көңілім түсіп жүрді. Әйтсе де Нейтан бауырласты келесі жолы көргенімізде, Максин екеумізді бөлмесіне шақырып, ас даярлап берді.

Біз Англиядағы отбасымызға бірнеше рет барып қайттық. Анам екеуміз шындықты қабылдағанымызбен, әкем қабылдамап еді. Бетелдегі ер бауырластар баяндамамен сол жаққа барғанда, анам оларды жиі үйге қонуға шақыратын. Әкем бұл бақылаушы бауырластардың өте кішіпейіл екенін байқады. Олар әкем біраз жыл бұрын қатты жақтырмай қалған дінбасылардан мүлдем өзгеше еді. Сөйтіп, ол 1962 жылы шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехоба куәгері болды.

Пуэрто-Рикода Максин екеуміздің жаңадан үйленген кезіміз және 2003 жылы 50 жылдық мерейтойымызда

Асыл жарым Максин 2011 жылы дүниеден озды. Оның қайта тірілетін кезін асыға күтудемін. Осы ойдың өзі маған қанат бітіреді! Бірге өткізген 58 жылда екеуміз Пуэрто-Рикодағы Ехоба куәгерлерінің саны шамамен 650-ден 26 000-ға жеткеніне куә болдық! Ал 2013 жылы Пуэрто-Рикодағы филиал Құрама Штаттардағы филиалмен біріктіріліп, мен Уолкилге (Нью-Йорк) тағайындалдым. Пуэрто-Рико елі кеш батқанда “ко-кии, ко-кии” деп ән салатын құртақандай өсімдік құрбақасымен танымал. Осы аралда өткізген 60 жылдан соң, сол пуэрториколық коки құрбақасы сияқты, өзімді сол жердің тумасындай сезіндім. Пуэрто-Рикода мен бақытты едім, бірақ бұл елмен хош айтысатын кез келіп жетті.

“ҚҰДАЙ ҚУАНЫШПЕН БЕРЕТІНДЕРДІ ЖАҚСЫ КӨРЕДІ”

Бетелде қызмет ету маған әлі де ұнайды. Қазір жасым 90-нан асты. Қазіргі міндетім — Бетел отбасына жігер беріп, нығайту. Уолкилге келгелі бері 600-ден астам бауырласпен сөйлестім. Кейбіреулер жеке басының проблемасымен келсе, басқалары отбасы мәселесімен келеді. Бетелдегі қызметін жақсартуға қатысты кеңес сұрап келетіндер де аз емес. Жақында неке құрған не танапқа қайтадан ізашар болып тағайындалғандар да ақыл-кеңес сұрап жатады. Мен олардың бәрін мұқият тыңдап, реті келсе, жиі: “Құдай қуанышпен беретіндерді жақсы көреді. Сондықтан қызметіңді қуанып атқар. Бұл — Ехоба үшін ғой”,— деймін (Қорынттықтарға 2-хат 9:7).

Бетелде не басқа да қызметте қуанышты болғың келсе, атқарып жатқан ісіңнің неліктен маңызды екенін есте ұста. Бетелде немен айналыспайық, бәрі — қасиетті қызмет. Бұл қызметіміз “адал да ақылды құлға” дүниенің төрт бұрышындағы бауырластарды рухани ас-сумен қамтамасыз етуге септігін тигізеді (Матай 24:45). Ехобаға қай жерде қызмет етпейік, оны мадақтауға қашанда мүмкіндік табылады. Ендеше, оның тапсырған істерін қуана атқарайық, өйткені “Құдай қуанышпен беретіндерді жақсы көреді”.

^ 13-абзац Ленард Смиттің өмірбаяны 2012 жылдың 15 сәуіріндегі “Күзет мұнарасында” жазылған.