Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Мәсіхшілік некеңіз баянды болсын!

Мәсіхшілік некеңіз баянды болсын!

“Әрқайсысың әйеліңді өзіңді сүйгендей сүй. Әйел болса күйеуіне зор құрмет көрсетсін” (ЕФЕСТІКТЕРГЕ 5:33).

ӘНДЕР: 87, 3

1. Үйленудің басы тәтті болғанмен, жас жұбайлар не нәрсеге дайын болу керек? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

ТОЙ КҮНІ күйеужігіт гүлдей құлпырған қалыңдығын көргенде, екеуі қуаныштан бал-бұл жайнайды. Кездесіп жүргенде, олардың махаббаты оттай жалындай түсіп, енді міне, отау құрып, өмір бақи бір-біріне адал болуға ант беруге дайын. Әрине, үйлену тойынан кейін, бір шаңырақтың астында берекелі отбасы болу үшін оларға көп өзгеріс жасау керек. Некеге бастау берген Ехоба ерлі-зайыптылардың баянды да бақытты ғұмыр кешкенін қалайды. Сондықтан ол өзінің Сөзі Киелі кітап арқылы дана кеңестер берген (Нақыл сөздер 18:22). Әйтсе де кемелсіз екі адам отау құрғанда “өмірлерінде жаңа қиындықтарға кезігетінін” Киелі кітап жасырмайды (Қорынттықтарға 1-хат 7:28). Ендеше, сол қиындықтарды мүмкіндігінше азайту үшін не істеуге болады? Мәсіхшілерге некелерін бақытты етуге не көмектеседі?

2. Күйеуі мен әйелі сүйіспеншіліктің қандай түрлерін таныту керек?

2 Киелі кітап сүйіспеншіліктің маңыздылығына баса назар аударады. Ерлі-зайыптылар некеде сүйіспеншіліктің бірнеше түрін танытулары қажет. Мысалы, бір-бірін достардай жақсы көргені (грекше “филиа”) маңызды. Сондай-ақ адамға қуаныш сыйлайтын романтикалық сезім де (грекше “эрос”) керек. Ал балалары дүниеге келгенде отбасына деген сүйіспеншіліктің (грекше “сторги”) маңызы арта түседі. Алайда некені нағыз бақытты ететін — принциптерге негізделген сүйіспеншілік (грекше “агапи”). Сүйіспеншіліктің осы түрі туралы айтып елші Пауыл: “Әрқайсысың әйеліңді өзіңді сүйгендей сүй. Әйел болса күйеуіне зор құрмет көрсетсін”,— деген (Ефестіктерге 5:33).

ЖҰБАЙЛАРДЫҢ МІНДЕТТЕРІ

3. Ерлі-зайыптылардың сүйіспеншілігі қаншалықты берік болуы қажет?

3 Пауыл: “Күйеулер, әрдайым әйелдеріңді сүйіңдер. Мәсіх те қауымды сүйді, әрі сол үшін өмірін қиды”,— деп жазған (Ефестіктерге 5:25). Иса шәкірттерін қалай сүйсе, бүгінде мәсіхшілер де бір-бірін солай сүю арқылы Исаға еліктейді (Жохан 13:34, 35; 15:12, 13 оқыңыз). Мәсіхші ерлі-зайыптылар бір-бірін сүйетіні соншалық — бір-бірі үшін жанын беруге дайын болулары қажет. Алайда кейбіреулер отбасында үлкен қиындықтар туындағанда, сүйіспеншіліктерінің баяғыдай берік емес екенін байқайтын шығар. Мұндайда оларға принципке негізделген сүйіспеншілік (агапи) көмектеседі. Ол “бәріне төзеді, бәріне сенеді, еш үмітін үзбейді, бәріне төтеп береді” әрі “еш сарқылмайды” (Қорынттықтарға 1-хат 13:7, 8). Жұбайлар неке антын берген кезде бір-бірін сүйіп, адал болуды уәде еткендерін ұмытпауға тиіс. Осыны есте ұстайтын мәсіхші ерлі-зайыптылар Ехобаның көмегіне жүгініп, кез келген тұрмыс тауқыметін бірге арқалауға тырысады.

4, 5. а) Отағасы ретінде күйеулердің міндеті қандай? ә) Басшылық принципіне әйел қалай қарау керек? б) Бір ерлі-зайыптыға қандай өзгерістер жасау керек болды?

4 Пауыл ерлі-зайыптылардың әрқайсысының міндетін былайша сипаттаған: “Әйелдер күйеулеріне Иемізге бағынғандай бағынсын, өйткені Мәсіх қауымның... басы болғандай, күйеу — әйелінің басы” (Ефестіктерге 5:22, 23). Әрине, бұл әйелі күйеуінен төмен дегенді білдірмейді. Өйткені Ехобаның өзі әйелге маңызды рөл беріп, былай деген: “Адамның жалғыз болғаны жақсы болмас. Мен оған өзін толықтыратын көмекші жаратып берейін” (Мұсаның 1-жазбасы 2:18). Әйелі еріне отбасында жақсы басшы болуға көмектесуі лазым. Ал күйеуі болса “қауымның басы” Исаға еліктеп, басшылығын сүйіспеншілікпен жүргізуі тиіс. Сонда әйелі өзін берік қорғанның артында тұрғандай сезінеді, әрі оған отағасын сыйлап, қолдау әлдеқайда жеңіл болады.

“Бәрін Ехоба айтқандай істегеніміздің арқасында бір-бірімізге жақындай түстік”

5 Үй болу үшін біраз өзгеру керек екенін мойындап, Айман былай дейді: “Басым бос кезде өз тізгінім өз қолымда болып, өз қамымды өзім ойлайтынмын. Тұрмыс құрғанда, ой қалпымды өзгертіп, күйеуіме арқа сүйеуді үйренуім керек болды. Бұл оңайға соқпады. Бірақ бәрін Ехоба айтқандай істегеніміздің арқасында бір-бірімізге жақындай түстік” [1] (14-беттегі сілтемені қараңыз). Ал күйеуі Сәлім былай дейді: “Шешім қабылдау маған ешқашан оңай болған емес. Ал некеде екі адамның ойын ескеріп шешім қабылдау одан бетер қиын. Бірақ дұғада Ехобадан басшылық сұрағанымның және әйелімнің пікірін мұқият тыңдағанымның арқасында шешім қабылдау күннен-күнге жеңілдеп келеді. Әйелім екеуміз бір кісідей жұмыла әрекет етеміз!”

6. Некеде келіспеушіліктер туындағанда, қалайша сүйіспеншілік “толықтай біріктіреді?”

6 Отбасының іргесі берік болу үшін ерлі-зайыптылар “өзара төзімді болып, бір-бірін кеңпейілмен кешірулері керек”. Өйткені екеуі де күнәкар пенде болғандықтан, қателіктер болмай тұрмайды. Мұндай кезде олар қателіктерінен сабақ алып, кешіре білуді және Киелі кітап принциптеріне негізделген сүйіспеншілікті танытуды үйрене алады. Бұл сүйіспеншілік күйеуі мен әйелін “толықтай біріктіреді” (Қолостықтарға 3:13, 14). Бұған қоса, ол “шыдамды да мейірімді”, “кек те сақтамайды” (Қорынттықтарға 1-хат 13:4, 5). Некеде келіспеушіліктер туындағанда, жұбайлар оны күн батқанша, яғни мүмкіндігінше тезірек, шешіп алғандары дұрыс (Ефестіктерге 4:26, 27). “Сені ренжіткенім үшін кешірші” деп айту кішіпейілділік пен батылдықты талап етеді. Бірақ бұлай ету мәселенің түйінін шешуге көмектесіп, ерлі-зайыптыларды өзара жақындата түседі.

АЯЛАЙ БІЛУДІҢ АЛАР ОРНЫ ЕРЕКШЕ

7, 8. а) Некедегі төсек қатынасына қатысты Киелі кітапта қандай кеңес жазылған? ә) Неге ерлі-зайыптылардың бір-бірін аялағаны орынды?

7 Киелі кітапта ерлі-зайыптыға төсек қатынасына қатысты борыштарына дұрыс қарауға көмектесетін жақсы кеңес бар (Қорынттықтарға 1-хат 7:3—5 оқыңыз). Әйелі мен күйеуі бір-бірінің сезімдері мен қажеттіліктерін ескергені аса маңызды. Егер күйеуі әйелін аялап, жұмсақтық танытпаса, әйеліне бұл қатынас ләззат әкелмеуі мүмкін. Күйеулер әйелдеріне “алған білімдеріне сай”, басқаша айтқанда, оларға “түсінікпен қараулары” тиіс (Петірдің 1-хаты 3:7, сілтеме). Төсек қатынасында ешқандай күштеу не мәжбүрлеу деген болмау керек, бұл қалау табиғи түрде келуі тиіс. Әйелге қарағанда жиі ер адамның құштарлығы тезірек оянады. Бірақ бұл қатынасқа күйеуі де, әйелі де эмоциялық жағынан дайын болуы қажет.

8 Ерлі-зайыптылардың бір-бірін аялап-аймалауына қатысты Киелі кітапта нақты ережелер мен шектеулер жазылмағанмен, онда ыстық сезім білдіру жайлы айтылып кеткен (Таңдаулы ән 1:2; 2:6). Демек, мәсіхші ерлі-зайыптылардың бір-бірін нәзік сезіммен аялағандары маңызды.

9. Неліктен жұбайыңыздан бөлек біреуге қызығудан аулақ болу керек?

9 Құдайды және өзгені сүйетін адам ешкімнің де, ештеңенің де некесіне кесірін тигізуіне жол бермейді. Кейбір некелердің шайқалып, тіпті ойран болуына жарының порнографияға әуестенгені себеп болған. Порнографияға және некеден тыс жыныстық қатынасқа қызығуға ешқандай да жол бермеу керек. Тіпті жұбайы емес адамға қылымсып жатқандай әсер қалдыратын әрекеттердің өзінен аулақ болу қажет, өйткені бұл сүйіспеншілікке жатпайды. Ойларымыз бен істеріміздің барлығы Құдайға аян екенін естен шығармайық. Сонда Құдайға ұнамды болуға және жарымызға адалдық сақтауға деген байламымызға берік боламыз (Матай 5:27, 28; Еврейлерге 4:13 оқыңыз).

НЕКЕНІҢ ШЫРҚЫ БҰЗЫЛҒАНДА

10, 11. а) Ажырасу қаншалықты кең тараған? ә) Бөлек тұруға қатысты Киелі кітапта не айтылған? б) Жұбайларға бөлек тұруға асықпауға не көмектеседі?

10 Қиындықтың түйіні шешілмей, жағдай ушығып кетсе, кейбір ерлі-зайыптылар бөлек тұруды не ажырасуды жөн көруі мүмкін. Кей елдерде үйленгендердің жартысынан көбі ажырасып жатады. Әрине, мәсіхшілер қауымында мұндай жайт кемде-кем. Дегенмен мәсіхші ерлі-зайыптылар барған сайын үлкен қиындықтарға кезігуде.

11 Киелі кітапта мынадай нұсқау бар: “Әйел күйеуінен кетпеу керек. Егер кететін болса, салтбасты болып қалсын немесе күйеуімен қайта татулассын. Күйеу де әйелінен кетпеу керек” (Қорынттықтарға 1-хат 7:10, 11). Ерлі-зайыптылар өз жарынан кетуге, яғни бөлек тұруға жеңіл-желпі қарамау керек. Кейде қиындықтар шиеленісіп кеткенде, бөлек тұру мәселені шешудің жолы болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұл жағдайды одан бетер ушықтырып жібереді. Иса Құдайдың неке туралы о баста не айтқанын қайталай келе, артынан: “Құдай қосқанды адам баласы ажыратпасын!”— деген (Матай 19:3—6; Мұсаның 1-жазбасы 2:24). Бұл “Құдай қосқанды” күйеуі де, әйелі де ажыратпау керек дегенді де білдіреді. Ехоба некеге өмірлік одақ деп қарайды (Қорынттықтарға 1-хат 7:39). Құдайға бәріміз де есеп беретінімізді есте ұстауымыз керек. Сонда ұшқыннан өрт шықпай тұрғанда, қиындықтарды тезірек шешуге тырысатын боламыз.

12. Ерінің не зайыбының бөлек тұруды ойлауына не себеп болуы мүмкін?

12 Неке шырқының бұзылуына не себеп болып жатады? Кейбіреулердің некеден күткен үміттері ақталмай, көңілдері қалуы не ызасы келуі мүмкін. Жиі ерлі-зайыптылардың тәрбиесі мен эмоциялық күйі әртүрлі болғандықтан, қиындықтар туындап жатады. Сондай-ақ туған-туыстарға, ақша жұмсауға не бала тәрбиесіне қатысты келіспеушіліктер туындауы мүмкін. Алайда Құдайдың басшылығына жүгініп, осындай қиындықтарына дұрыс шешім тауып жүрген мәсіхші ерлі-зайыптылар бар, олар мақтауға тұрарлық!

13. Бөлек тұруға қандай келелі себептер болуы мүмкін?

13 Кейде бөлек тұруға келелі себептер болуы мүмкін. Кейбіреулер жары отбасын асыраудан әдейі бас тартса немесе күш көрсетіп, денсаулығы мен өміріне қауіп төндірсе, я болмаса ғибадат етуге еш мүмкіндік бермесе, бөлек тұруды шешіп жатады. Некеде үлкен қиындықтар туындағанда, ерлі-зайыптылар ақсақалдардың көмегіне жүгінулері қажет. Тәжірибесі мол бұл бауырластар оларға Құдай Сөзіндегі кеңестерді өмірлерінде қолдануға көмектесе алады. Ерлі-зайыптылар сондай-ақ дұғада Ехобаның көмегі мен киелі рухын сұраулары керек. Бұл оларға Киелі кітап принциптерін қолдануға және киелі рухтың жемісін танытуға көмектеседі (Ғалаттықтарға 5:22, 23) [2]. (14-беттегі сілтемені қараңыз.)

14. Жұбайлары Куәгер емес бауырластарға қатысты Киелі кітапта не айтылған?

14 Жұбайы Ехобаға қызмет етпейтін жағдайда бауырлас неліктен онымен қала беруі керектігіне қатысты Киелі кітапта салмақты себептер келтіріледі (Қорынттықтарға 1-хат 7:12—14 оқыңыз). Сенуші емес жұбайы Құдайға қызмет ететін жарының арқасында “қасиетті” болады. Олардың балалары да “қасиетті” саналып, Құдайдың қорғанышында болады. Пауыл мәсіхші жұбайларды былай деп талпындырған: “Әйел, қайдан білесің, бәлкім, күйеуіңді құтқарып қаларсың? Ал сен, күйеу, қайдан білесің, бәлкім, әйеліңді құтқарып қаларсың?” (Қорынттықтарға 1-хат 7:16). Расында да, жұбайларына Ехобаның қызметшісі болуға көмектескен мәсіхшілер аз емес.

15, 16. а) Жұбайы сенуші емес мәсіхші әйелдерге Киелі кітапта қандай кеңес айтылған? ә) “Сенуші емес жұбайы кетуді шешсе”, мәсіхші бұған қалай қарау керек?

15 Елші Петір мәсіхші әйелдерге мынадай кеңес берген: “Әйелдер, күйеулеріңе бағыныңдар. Осылайша Құдай сөзіне мойынсұнбайтын күйеулерің сөздерің арқылы емес, жүріс-тұрыстарың арқылы оған мойынсұнатын болсын. Олар таза жүріс-тұрыстарыңды әрі өздерін барынша құрметтейтіндеріңді көргенде, осылай болмақ”. Барлық уақытта сенімі жайлы айта берудің орнына, әйелдер “Құдайдың көз алдында аса бағалы саналатын биязы да жұмсақ мінез” танытса, күйеулеріне шындықты қабылдауға көмектесуі әбден ықтимал (Петірдің 1-хаты 3:1—4).

16 Ал егер Ехобаға сенбейтін жары кетуді ұйғарса ше? Киелі кітап бұл жайлы былай дейді: “Сенуші емес жұбайы кетуді шешсе, кете берсін. Мұндай жағдайда бауырлас онымен қалуға міндетті емес. Құдай сендерді татулыққа шақырды” (Қорынттықтарға 1-хат 7:15). Бірақ бұл сөздер мәсіхші жұбайы Киелі кітапқа сай қайтадан неке құра алады дегенді білдірмейді. Әрине, ол сенуші емес жұбайын өзімен қалуға мәжбүрлемейді. Бөлек тұру қандай да бір шамада тыныштық әкелуі мүмкін. Кім біледі, уақыт өте келе, кетіп қалған зайыбы некесін сақтағысы келіп, қайтып келер. Оның болашақта Ехобаның қызметшісі болуы да ғажап емес.

НЕКЕДЕ БАСТЫ ОРЫНДА НЕ ТҰРУ КЕРЕК?

Рухани істерді басты орынға қойсақ, некеміз бақытты бола түседі (17-абзацты қараңыз)

17. Мәсіхші ерлі-зайыптылар нені басты орынға қоюлары керек?

17 “Соңғы күндердің” соңғы күндерінде өмір сүріп жатқандықтан, біз “ерекше қиын уақытты” бастан кешудеміз (Тімөтеге 2-хат 3:1—5). Алайда Ехобамен қарым-қатынасымыз тығыз болса, осы дүниенің кері ықпалына қарсы тұра аламыз. Елші Пауыл: “Уақыт аз қалды. Енді әйелі барлар үйленбегендей... осы дүниені пайдаланатындар оны толық пайдаланбайтындардай болсын”,— деп жазған (Қорынттықтарға 1-хат 7:29—31). Бұл жерде Пауыл ерлі-зайыптылар бір-бірін елеп-ескермеу керек деп айтқысы келмеген. Уақыт аз қалғандықтан, олар рухани істерді өмірлерінде басты орынға қою керек-тін (Матай 6:33).

18. Неге мәсіхшілер некелерін бақытты да баянды ете алады дей аламыз?

18 Қиын-қыстау бұл заманда ойран болып жатқан некелерді көптеп көріп жүрміз. Соған қарамастан мәсіхші ерлі-зайыптылар некелерін бақытты да баянды ете алады. Бұл үшін олардың Ехоба мен халқына етене жақын болып, Киелі кітаптағы кеңестерді өмірлерінде қолданып, Ехобаның киелі рухының басшылығына мойынсұнғандары маңызды. Сонда олар “Құдай қосқан” жұптарын сақтап қала алады (Марқа 10:9).

^ [1] (5-абзац) Есімдер өзгертілген.

^ [2] (13-абзац) “Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар” кітабының “Ажырасу мен бөлек тұруға қатысты Киелі кітаптың көзқарасы” деген қосымшасын қараңыз.