Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Рухани алға басасыз ба?

Рухани алға басасыз ба?

“Өзгелердің алдында оқуды, оларға насихат айтуды, тәлім беруді бар ықыласыңмен жалғастыра бер” (ТІМӨТЕГЕ 1-ХАТ 4:13).

ӘНДЕР: 45, 70

1, 2. а) Ишая 60:22-дегі сөздер бүгінде қалай орындалып жатыр? ә) Ехобаның ұйымының жердегі бөлігінде қазір қандай қажеттілік бар?

“АЗҒАНТАЙ адамнан мың адам, Кішкентай халықтан мықты халық шығады” (Ишая 60:22). Бұл пайғамбарлық осы соңғы күндерде орындалып жатыр. Бұған дәлел — 2015 жылы дүниежүзілік танапта тынбай еңбек еткен Патшалықты жариялаушылардың саны 8 220 105-ке жеткені! Аталмыш пайғамбарлықтың соңындағы Құдайдың: “Мен, Ехоба, өз уақытында мұны тездетемін”,— деген сөздері әрбір мәсіхшіге қозғау салу керек. Уақыт зымыраған сайын, шәкірт дайындау ісінде жұмыс көбейе бермек. Зор қарқынмен жүріп жатқан осы іске жеке әрқайсысымыз атсалысып жүрміз бе? Көп бауырластар қосалқы не тұрақты ізашар ретінде қызмет етіп жүр. Кейбіреулер уағыз ісіне қолдау көрсету үшін басқа жерге көшкен болса, тағы біреулері Патшалық сарайларын соғу үшін ауыр еңбектенуде.

2 Жыл сайын ұйымда 2000-дай жаңа қауым құрылады. Әр жаңа қауымда 5 ақсақалдан қызмет еткен күнде, жылына 10 000 қызмет көмекшісін осы міндетке дайындау қажет. Ал олардың орнына мыңдаған ер бауырлас қызмет көмекшісі ретінде тағайындалу керек. Расында да, “Иеміздің ісінде” жұмыс көп, тек ер бауырластар үшін ғана емес, әйел бауырластар үшін де (Қорынттықтарға 1-хат 15:58).

РУХАНИ АЛҒА БАСУ ҮШІН НЕ ҚАЖЕТ?

3, 4. Рухани алға басу деген сіз үшін нені білдіреді?

3 Тімөтеге 1-хат 3:1 оқыңыз. Елші Пауыл “бақылаушы міндетіне ұмтылатын” бауырластарды мақтаған. Мұндағы “ұмтылу” деп аударылған грек сөзі алыста тұрған нәрсені ұстау үшін қол созу дегенді білдіреді. Бұл сөзді қолдануымен елші Пауыл рухани алға басу үшін күш салу керектігіне баса назар аударған. Айталық, ер бауырлас қызмет көмекшісі болғысы келеді. Бұл үшін ол бойында мәсіхшіге тән қасиеттер дамытуға барынша күш салу керектігін түсінеді. Кейін қызмет көмекшісі болған соң, ол ақсақалдарға қойылатын талаптарға сай келу үшін әрі қарай да күш сала береді.

4 Ізашар, бетелдік не Патшалық сарайларын соғатын ерікті қызметші болғысы келетін ер және әйел бауырластарға да аянбай күш салу керек. Қазір баршамызға рухани алға баса беруге Киелі кітап қалай көмектесетінін көрейік.

РУХАНИ АЛҒА БАСА БЕРІҢІЗ

5. Қалай жастар күш-қайратын Патшалықтың мүддесіне жұмсай алады?

5 Жастар күш-қайраты мол, денсаулықтары жақсы болғандықтан, Ехобаға көп қызмет ете алады (Нақыл сөздер 20:29 оқыңыз). Жас бауырластардың кейбірі Бетелде Киелі кітап пен басқа да әдебиеттерді басуға және түптеуге көмектеседі. Көптеген жас ер-қыз бауырластар Патшалық сарайларын соғуға не жөндеуге атсалысуда. Тағы басқалары табиғи апаттан зардап шеккендерге ерікті қызметші ретінде қол ұшын беріп жүр. Ізгі хабарды уағыздау үшін өзге тілді меңгеріп не басқа жаққа көшіп жатқан жастар да баршылық.

6—8. а) Бір жас бауырлас қызметке деген көзқарасын қалай өзгертті және нәтижесі қандай болды? ә) Қалай біз “дәмін татып, Ехобаның ізгілігіне көз жеткізе” аламыз?

6 Біз Ехобаны жақсы көргендіктен, оған бар жан-тәнімізбен қызмет еткіміз келеді. Әйткенмен кейде өзімізді Арон бауырлас сияқты сезінетін шығармыз. Ол жастайынан шындықта өскенімен, былай деп мойындады: “Менің қауым кездесулері мен уағызда ішім пысып кететін”. Арон Құдайға қуанышпен қызмет еткісі келген, бірақ қуаныш сезінбеген. Ол не істеді?

7 Арон Киелі кітапты үзбей оқуға, қауым кездесулеріне дайындалып барып, түсініктеме беруге күш салды. Сондай-ақ Ехобаға бұрынғыдан жиірек дұға ете бастады. Осының барлығы оған рухани алға басуға көмектесті. Ол Ехобаны жақыннан таныған сайын, оны жақсы көре түсті. Бұдан қуанышы да артты. Арон ізашар болып қызмет етті, табиғи апат болған жерге барып көмектесті, уағыздау үшін басқа елге көшіп барды. Қазір ол ақсақал және Бетелде қызмет етеді. Ол өміріне риза ма? “Мен “дәмін татып, Ехобаның ізгілігіне көз жеткіздім”. Оның батасын көргенде, өзімді оған қарыздар сезініп, қызметте одан сайын көп істеуге талпынамын. Нәтижесінде, одан да көп батаға кенелемін”,— дейді Арон.

8 Зәбүр жыршысы былай деп жырлаған: “Ехобаны іздейтіндер ешбір игіліктен құр қалмайды” (Зәбүр 34:8—10 оқыңыз). Расында да, Ехоба өзіне құлшыныспен қызмет ететіндердің ешқашан көңілін қалдырмайды. Барымызды салып қызмет етсек, өзіміз “дәмін татып, Ехобаның ізгілігіне көз жеткіземіз”. Сондай-ақ Құдайға жан-тәнімізбен ғибадат еткенде, теңдессіз бақыт сезінеміз.

ЕШ БЕРІЛМЕҢІЗ

9, 10. Шыдаммен күте білу неге маңызды?

9 Мақсаттарымызға қол жеткізу үшін “шыдаммен күту” қажет болады (Миха 7:7). Мысалы, қауымда қандай да бір жауапкершілікке ие болуды не жағдайымыздың оңалғанын күтіп жүргенімізге көп уақыт болған шығар. Ехоба бұған жол бергенмен, өзінің адал қызметшілеріне әрдайым сүйеніш болады. Мысалы, ол Ыбырайымға ұл сыйлайтынын уәде еткен еді. Алайда Ыбырайымға сенім мен шыдамдылық таныту керек болды. Ысқақ туылғанға дейін ол бірталай жыл күткен. Сол уақыт аралығында Ыбырайымның жігері жасымады. Ал Ехоба оның көңілін қалдырмай, үмітін ақтады (Мұсаның 1-жазбасы 15:3, 4; 21:5; Еврейлерге 6:12—15).

10 Әрине, күту — оңай іс емес (Нақыл сөздер 13:12). Бірақ тек өз жағдайымызды не қаншалықты көңіліміз қалғанын ойлап қамыға берсек, салымыз суға кетеді. Олай еткенше, уақытымызды қауымдағы жауапкершіліктерді атқаруға көмектесетін қасиеттерді шыңдай түсуге арнағанымыз абзал. Мұны қалай істеудің үш жолына назар аударайық.

11. Қандай қасиеттерді дамытуға күш салуымыз қажет және неге бұл қасиеттер маңызды?

11 Қажетті қасиеттерді дамытыңыз. Құдай Сөзін оқып, оқығанымыз жайлы ой жүгіртетін болсақ, даналық, терең түсінік, әр нәрсенің байыбына жете білу, саналылық пен естілік сияқты қасиеттерді дамыта аламыз. Бұндай қасиеттер қауымда жетекшілікті қолға алатын бауырластар үшін өте қажет (Нақыл сөздер 1:1—4; Титке 1:7—9). Киелі кітап пен оған негізделген әдебиеттерді зерттегенде, Құдайдың көп жайтқа қатысты көзқарасын біле аламыз. Біз күн сайын көңіл көтеруге, киім мен сырт көрініске, ақша жаратуға, басқалармен тіл табысуға қатысты мәселелермен бетпе-бет келіп жатамыз. Осындай кездері Киелі кітаптан білгенімізді іс жүзінде қолдансақ, Ехобаның көңілінен шығатын шешімдер қабылдайтын боламыз.

12. Қауым мүшелері өздерінің сенім артуға тұрарлық екенін қалай көрсете алады?

12 Берілген тапсырманы ынтамен атқарыңыз. Ер не әйел бауырлас болайық, бәріміз де өзімізге берілген тапсырманы бар ынта-жігермен атқаруымыз керек. Кезінде әмірші болған Нехемияға Құдай халқының арасында әртүрлі жауапкершілік атқаратын ер кісілерді таңдау керек болды. Ол Құдайдан қорқатын, сенім артуға тұрарлық адамдарды таңдады (Нехемия 7:2; 13:12, 13). Бүгінгі күні де адал да сенімді, бар ықыласпен еңбек ететін бауырластар қауымда жақсатқа ие болады, әрі оларға қосымша жауапкершіліктер жүктелуі мүмкін (Қорынттықтарға 1-хат 4:2). Иә, игі істер көзден таса қалмайды (Тімөтеге 1-хат 5:25 оқыңыз).

13. Әлдекім сізге әділетсіздік жасаса, Жүсіптің үлгісіне қалай еліктей аласыз?

13 Ехобаның “балқытып тазартуына” жол беріңіз. Әлдекім сізге әділетсіздік жасаса не істейсіз? Бәлкім, мәселені бірден шешуге асығатын шығарсыз. Алайда кейде өзіңіздің дұрыстығыңызды алға тартамын деп, жағдайды одан бетер ушықтырып жіберуіңіз мүмкін. Бұл ретте Жүсіптен жақсы үлгі ала аламыз. Бауырлары оған қиянат жасағанда, ол көңілінде еш реніш сақтамады. Кейінірек оған жалған айып тағылып, жазықсыздан-жазықсыз түрмеге жабылды. Бірақ осы бір қиын шақтарда Жүсіп Ехобаның бағыт-бағдар беруіне жол берді. Нәтижесінде, “Ехоба оны сөзімен балқытып тазартты” (Зәбүр 105:19). Осы сынақтар аяқталғанда, Жүсіп жақсы қасиеттер дамытқанының арқасында ерекше тапсырмаға дайын болды (Мұсаның 1-жазбасы 41:37—44; 45:4—8). Өзге біреу сізге әділетсіздік жасап жатса, Құдайдан даналық сұраңыз. Ол сізге сол адаммен сөйлескенде, сабыр сақтап, мейіріммен әрекет етуге күш береді (Петірдің 1-хаты 5:10 оқыңыз).

ҚЫЗМЕТТЕ АЛҒА БАСА БЕРІҢІЗ

14, 15. а) Неге уағыздау тәсілімізге “әрдайым ден қоюымыз” керек? ә) Жағдайлар өзгеріп жатса, қалай бейімделе аласыз? (Мақаланың басындағы суретті және “ Неге басқа әдісті қолданып көрмеске?” деген қоршауды қараңыз.)

14 Пауыл Тімөтені: “Өзгелердің алдында оқуды, оларға насихат айтуды, тәлім беруді бар ықыласыңмен жалғастыра бер... Өзіңе және беріп жатқан тәліміңе әрдайым ден қой”,— деп шақырған (Тімөтеге 1-хат 4:13, 16). Тімөте онсыз да тәжірибелі жариялаушы болған. Әйтсе де ол беріп жатқан тәліміне “әрдайым ден қойса” ғана, қызметі нәтижелі болмақ еді. Адамдардың өзі де, жағдайы да өзгеруі мүмкін болғандықтан, ол қызметте бір тәсілді қолданып жүре бермеу керек-тін. Адамдар құлақ асу үшін, ол тәлім беру тәсілдерін олардың қажеттілігіне қарай ыңғайлау керек еді. Біз де Патшалықтың жариялаушылары болғандықтан, осылай етуіміз қажет.

15 Үйме-үй уағыздағанда, адамдарды жиі үйлерінен таба алмай жатамыз. Кей үйлерге күзет қойылғандықтан, ішке мүлдем кіре алмаймыз. Егер сіздің де аумағыңызда солай болса, неге уағыздаудың басқа тәсілдерін қолданып көрмеске?

16. Көпшілік орындарда уағыздауды қалай тиімді етуге болады?

16 Көпшілік орындарда уағыздау — ізгі хабарды таратудың керемет жолдарының бірі. Бауырластардың көбісі қызметтің осы түрінде оң нәтижеге қол жеткізуде. Мысалы, олар вокзалдарда, аялдамаларда, базарларда, дүкендер мен саябақтарда уағыздайды. Біреумен әңгіме бастау үшін, бауырлас соңғы жаңалықтарды тілге тиек етуі мүмкін. Я болмаса әлдекімге балаларына қатысты жағымды сөздер айтар не жұмысы туралы сұрақтар қояр. Адам әңгімелесуге кет әрі емес болса, жариялаушы Құдай Сөзіндегі бір оймен бөлісіп, оның пікірін білсе болады. Осының арқасында жиі Киелі кітап жайлы әңгіме жалғасын тауып жатады.

17, 18. а) Көпшілік орындарда сенімділікпен уағыздау үшін не істей аласыз? ә) Уағыздаған кезде, неге Дәуіттің көзқарасына еліктеу маңызды?

17 Бәлкім, сізге көшеде бейтаныс адаммен әңгіме бастау қиын шығар. Нью-Йорк қаласында тұратын Эдди есімді ізашармен солай болған. Бірақ уақыт өте келе, ол сенімділікпен уағыздауды үйренді. Оған не көмектесті екен? Эдди былай дейді: “Отбасылық ғибадат кезінде әйелім екеуміз адамдардың әдетте айтатын ойлары мен қарсы пікірлеріне жауап табу үшін ізденіс жасаймыз. Басқа жариялаушылардан да ақыл-кеңес сұраймыз”. Қазір Эдди көпшілік орындарда уағыздауды жақсы көреді.

18 Қызметте тәжірибеңіз артып, сенімділік пайда болғанда, рухани алға басқаныңыз анық көрінеді (Тімөтеге 1-хат 4:15 оқыңыз). Бұған қоса, көктегі Әкемізді Дәуіт сияқты мадақтайтын боласыз. Ол былай деп жырлаған: “Мен әрдайым Ехобаны мадақтаймын, Мадақ жырын аузымнан еш тастамаймын. Ехобаны мен мақтан тұтамын, Мұны момындар естіп қуанады” (Зәбүр 34:1, 2). Сондай-ақ қызметіңіздің нәтижесінде момын адамдардың шынайы ғибадатқа қосылуы әбден мүмкін.

РУХАНИ АЛҒА БАСЫП, ЕХОБАНЫ МАДАҚТАЙ БЕРІҢІЗ

19. Неге Құдайдың адал қызметшілері қиын жағдайға кезіксе де, қуанышты бола алады?

19 Дәуіт тағы былай деп жырлаған: “Уа, Ехоба, бар істерің өзіңді даңқтайды, Адал қызметшілерің де сені мадақтайды. Олар патшалығыңның ұлылығын жариялайды, Құдіретің туралы хабарлайды. Осылай адамдарға құдіретті істеріңді білдіреді, Патшалығыңның салтанатты ұлылығын аян етеді” (Зәбүр 145:10—12). Ехобаның адал қызметшілерінің бәрінде де осындай ыстық ықылас бар екені анық. Алайда қандай да бір дерттің немесе кәріліктің себебінен өзіңіз қалағандай үйме-үй жүріп, уағыздай алмасаңыз ше? Есіңізде болсын, күтушілерге не дәрігерлерге ізгі хабарды айтқаныңыздың өзі Құдайымыз Ехобаға зор мадақ әкеледі. Ал егер сеніміңіз үшін түрмеде отырған болсаңыз, мұндай жағдайда да өзгелерге Ехоба жайлы айтудың мүмкіндігін пайдаланып, оның жүрегін қуанта аласыз (Нақыл сөздер 27:11). Отбасыңызда басқа ешкім шындықта болмағанына қарамастан, өзіне қызмет етіп жатқаныңызды көргенде де, ол қатты қуанады (Петірдің 1-хаты 3:1—4). Тіпті өте қиын жағдайларда да Ехобаны дәріптеп, рухани алға баса аласыз.

20, 21. Ехобаның ұйымында сізге көп іс сеніп тапсырылған болса, басқалар үшін қалай бата бола аласыз?

20 Рухани алға басуға әрі қарай да күш салсаңыз, Ехоба сөзсіз батасын береді. Бәлкім, кестеңізге не өмір салтыңызға қандай да бір өзгерістер жасасаңыз, Құдайдың керемет уәделері жайлы өзгелерге айтуға мүмкіндігіңіз көбейе түсер. Сондай-ақ рухани алға басқаныңыз бауырластарға да көп пайдасын тигізуі мүмкін. Қауымда аянбай еңбектеніп жүргеніңіз үшін, олардың сүйіспеншілігін, ризашылығы мен қолдауын сезінетін боласыз.

21 Ехобаға көп жыл не аз жыл қызмет етейік, бәріміз де рухани алға баса аламыз. Келесі зерттеуге арналған мақалада рухани толысқан бауырластар өзгелерге алға басуға қалай көмектесе алатынына тоқталамыз.