Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Неке одағының шығу тарихы мен мақсаты

Неке одағының шығу тарихы мен мақсаты

“Ехоба Құдай: “Адамның жалғыз болғаны жақсы болмас. Мен оған өзін толықтыратын көмекші жаратып берейін”,— деді” (МҰСАНЫҢ 1-ЖАЗБАСЫ 2:18).

ӘНДЕР: 36, 11

1, 2. а) Неке қалай бастау алған? ә) Алғашқы жұп нені түсінсе керек? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

ОТАУ ҚҰРУ — адам өмірінің ажырамас бөлігі. Алайда неке қалай бастау алған? Оның мақсаты қандай? Мұны білгеніміз некеге дұрыс қарауға және оның толықтай қызығын көруге көмектеседі. Құдай алғашқы адамды жаратқан соң, оған жан-жануарларға ат қоюды тапсырды. Сол кезде Адам ата жануарлардың бәрінің жұбы бар екенін, бірақ “өзін толықтыратын көмекші болмағанын” байқады. Сондықтан Құдай Адам атаны терең ұйқыға батырып, бір қабырғасын алды да, әйел жасады. Ехоба әйелді Адам атаға алып келді, сөйтіп, ол оның өмірлік серігі болды (Мұсаның 1-жазбасы 2:20—24 оқыңыз). Осылайша некеге Құдайдың өзі бастау берген.

2 Көп жылдан кейін Иса Ехобаның Едем бағында айтқан сөздерін қайталап: “Еркек әке-шешесін қалдырып, әйеліне қосылады, сөйтіп, екеуі біртұтас болады”,— деген (Матай 19:4, 5). Құдай алғашқы әйелді Адам атаның қабырғасынан жаратқандықтан, бұл жұп өздерінің бір-біріне тиесілі екендерін түсінсе керек. Ехоба ажырасу не көп әйел алу дегенді ешқашан қаламаған.

ЕХОБАНЫҢ НИЕТІНДЕГІ НЕКЕНІҢ РӨЛІ

3. Некенің негізгі мақсаты қандай болған?

3 Адам ата сүйікті жарын қатты ұнатып, кейінірек оны Хауа деп атады. Хауа оны “толықтыратын көмекші” болды. Күйеу мен әйел ретінде олар күн сайын бір-бірін бақытқа бөлемек еді (Мұсаның 1-жазбасы 2:18). Неке құрылымының негізгі мақсаты жер бетін адамдарға толтыру болған (Мұсаның 1-жазбасы 1:28). Ұл-қыздары ата-аналарын қанша жақсы көргенмен, түбінде оларды қалдырып, өз алдына отау құрып, үйлі-жайлы болмақ еді. Осылай адамзат ұрпағы жер бетін толтырып, бүкіл жер шарын жұмаққа айналдыру керек-тін.

4. Алғашқы некемен не болды?

4 Адам ата мен Хауа ана таңдау еркіндігін теріс пайдаланып, Құдайдың тілін алмаған кезде, алғашқы некенің іргесі шайқалды. “Ежелгі жылан”, яғни Шайтан Ібіліс Хауаны алдап, оған “жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың” жемісін жесе, ерекше білімге ие болатынын айтты. Ол Хауаны сол ағаштан жесе, ненің жақсы, ненің жаман екенін өзі шеше алады дегенге сендіргісі келді. Хауа күйеуімен ақылдаспай тұрып жемісті жеуімен Адамды отағасы ретінде сыйламайтынын көрсетті. Ал Адам ата Құдайды тыңдаудың орнына, әйелі ұсынған жемісті жеді (Аян 12:9; Мұсаның 1-жазбасы 2:9, 16, 17; 3:1—6).

5. Адам мен Хауаның Ехобаға берген жауаптарынан қандай сабақ аламыз?

5 Ехоба оларды жауапқа тартқанда, Адам ата әйелін кінәлап: “Өзің берген әйел маған сол ағаштың жемісін ұсынды, сондықтан жедім”,— деді. Ал Хауа болса өзін алдаған жыланға бәрін жаба салды (Мұсаның 1-жазбасы 3:12, 13). Осылай Адам мен Хауа болмашы себептер айтып, өздерінің тілазарлығын ақтауға тырысты. Сол себептен Ехоба осы бүлікшілерге үкім шығарды. Бұл — біз үшін маңызды ескерту! Неке баянды болу үшін, ерлі-зайыптылардың екеуі де Ехобаға мойынсұнып, істеген ісін өз мойнымен көтере білуі керек.

6. Мұсаның 1-жазбасы 3:15-ті қалай түсіндірер едіңіз?

6 Шайтанның Едем бағындағы бүлігіне қарамастан, Ехоба адамзатқа жарқын болашаққа деген үміт сыйлады. Бұл үміт жайлы Киелі кітаптың алғашқы пайғамбарлығында жазылған (Мұсаның 1-жазбасы 3:15 оқыңыз). Осы пайғамбарлық бойынша, “әйелдің ұрпағы” Шайтанды күйретпек. Мұндағы “әйел” көктегі сансыз көп әділ рухани жаратылыстарға нұсқайды. Ехоба олармен ерекше тығыз қарым-қатынаста болғандықтан, олар әйелге теңелген. Құдай көктегі осы ұйымнан Шайтанды күйрететін біреуді жібермек еді. Бұл ұрпақ алғашқы адам жұбы жоғалтқан баталарға қайта жол ашып, мойынсұнғыш адамзатқа Ехобаның о бастағы ниетіне сай, жер бетінде мәңгі өмір сүруге мүмкіндік бермек еді (Жохан 3:16).

7. а) Адам мен Хауаның бүлігі некеге қандай кесірін тигізіп келеді? ә) Киелі кітапта күйеулер мен әйелдерге қатысты қандай талап жазылған?

7 Адам ата мен Хауа ананың бүлігі өз некелеріне де, одан кейін құрылған барлық некеге де кесірін тигізді. Мысалы, Хауа ана мен одан тараған әйел затының бәрі дүниеге перзент әкелгенде, қатты азап шегіп, қиналатын болды. Әйелдер күйеулерінің сүйіспеншілігі мен көңіл бөлгеніне аса зәру болып, ал күйеулер оларға үстемдік етуде, бүгінде өзіміз көріп жүргендей, кейде тіпті қорлық көрсетуге дейін барады (Мұсаның 1-жазбасы 3:16). Киелі кітапта Ехоба күйеулерден басшылықты сүйіспеншілікпен жүргізуді, ал әйелдерден отағаларына бағынуды талап етеді (Ефестіктерге 5:33). Егер мәсіхші ерлі-зайыптылар “бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып”, бірлесе әрекет етсе, көп қиындықтың басы шешіледі.

НЕКЕНІҢ АДАМ АТАДАН ТОПАН СУҒА ДЕЙІНГІ ТАРИХЫ

8. Адам атадан Топан суға дейінгі некенің тарихы қандай?

8 Адам ата мен Хауа ана көз жұмбас бұрын, дүниеге ұл-қыздар әкелді (Мұсаның 1-жазбасы 5:4). Олардың тұңғыш ұлдары Қабыл туысқан қарындасына үйленді. Ал Қабылдан тараған Ләмех Киелі кітапта екі әйел алған алғашқы адам ретінде сипатталған (Мұсаның 1-жазбасы 4:17, 19). Адам атадан Нұхтың күндеріне дейін Ехобаға санаулы адам ғана ғибадат еткен. Олардың арасында Әбіл, Енох, Нұх пен оның отбасы болған. Нұхтың заманында, Киелі кітапта айтылғандай, “періштелер адам қыздарының сұлу екенін көріп, таңдағандарын әйелдікке ала берген”. Табиғатқа жат сол некелерден нефилим деп аталған қатыгез алыптар дүниеге келген. Сол кезде “адам баласының жер бетінде жасаған зұлымдығы орасан зор” еді, сондай-ақ “олардың есіл-дерті жамандық істеу” болатын (Мұсаның 1-жазбасы 6:1—5).

9. Нұхтың заманындағы зұлымдармен Ехоба не істеді және сол кездегі жағдайдан қандай сабақ аламыз?

9 Ехоба зұлым адамдарды түгел жою үшін жер бетіне топан су жіберетінін айтты. “Әділдікті уағыздаушы” Нұх жұртқа төніп келе жатқан сол апат туралы ескертті (Петірдің 2-хаты 2:5). Бірақ ешкім Нұхтың сөзін елеген де жоқ. Өйткені үйленіп, тұрмыс құруды қоса алғанда, күнделікті күйбең тірліктен қолдары мүлдем босамады. Иса біздің күндерімізді Нұхтың заманына теңеген (Матай 24:37—39 оқыңыз). Бүгінде адамдардың көбісі Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарға құлақ аспайды. Біз де зұлым дүние жойылар алдында уағыздап жүрміз. Олай болса, Топан судың кезіндегі жағдайдан қандай сабақ аламыз? Неке құру, балалы болу сияқты жайттар бар көңілімізді жаулап алып, Ехобаның күні жақын екенін ұмыттырып жүрмесін.

НЕКЕНІҢ ТОПАН СУДАН ИСАНЫҢ КҮНДЕРІНЕ ДЕЙІНГІ ТАРИХЫ

10. а) Көп халықтар жыныстық азғындыққа қалай қараған? ә) Ыбырайым мен Сара некеде қандай үлгі көрсетті?

10 Нұхтың да, оның үш ұлының да бір-бір әйелі болған. Алайда Топан судан кейін көп әйел алу кең етек ала бастады. Көптеген халықтың мәдениетінде жыныстық азғындық өмір салтына, тіпті діни жоралғылардың бір бөлігіне айналды. Ыбырайым мен Сара Қанаханға көшіп барғанда, бұл өлке некені қадір тұтпайтын азғын адамдарға толы еді. Содом мен Ғомора тұрғындары азғындыққа белшесінен батқандықтан, Ехоба сол қалаларды жойып жіберді. Ыбырайым болса отбасына жақсы отағасы болды. Ал Сара мойынсұнғыш әйел ретінде тамаша үлгі қалдырды (Петірдің 1-хаты 3:3—6 оқыңыз). Ыбырайым баласы Ысқақтың Ехобаға ғибадат ететін қызға үйленуіне қам жасады. Ысқақ та баласы Жақыпқа солай етті. Нәтижесінде, Жақыптың ұлдарынан Исраилдің 12 руы тарады.

11. Мұса Заңы исраилдіктерді қалай қорғаған?

11 Кейінірек Ехоба Исраил халқымен келісім жасасты. Ол кезде некеге қатысты, соның ішінде көп әйел алуға қатысты, жайттар Мұса Заңымен қадағаланған. Бұл Заң жалған тәңірге құлшылық ететіндермен қыз алысып, қыз берісуге тыйым салу арқылы исраилдіктерді рухани жағынан қорғады (Мұсаның 5-жазбасы 7:3, 4 оқыңыз). Некеде қиын мәселелер туындаған жағдайда, ақсақалдар көмекке келетін болған. Сондай-ақ көзге шөп салу, қызғаныш пен күдік туындаған жағдайға қатысты да заңдар бар еді. Ажырасуға рұқсат етілгенмен, ерлі-зайыптының әрқайсысын қорғайтын ережелер орнатылған-ды. Мысалы, күйеуі “әйелінің қандай да бір ұнамсыз қылығы” үшін ажыраса алатын (Мұсаның 5-жазбасы 24:1). Мұндай “ұнамсыз қылыққа” не жататыны Киелі кітапта нақты айтылмаған, десе де бұған болмашы қателіктер жатпаған деп тұжырымдау қисынды (Мұсаның 3-жазбасы 19:18).

ЖАРЫҢЫЗҒА ЕШҚАШАН ОПАСЫЗДЫҚ ЖАСАМАҢЫЗ

12, 13. а) Малахидің күндерінде кейбіреулер әйелдеріне қалай қараған? ә) Егер бауырлас өзге біреудің зайыбына кетіп қалса, салдары қандай болады?

12 Малахи пайғамбардың күнінде көптеген яһуди ер адамдар кез келген нәрсені сылтауратып, жастай үйленген қосағымен ажыраса берген. Олар мұны жастау не жатжерлік әйелдерге үйлену үшін істеген болса керек. Исаның кезінде де яһуди ерлері “кез келген себеппен” әйелдерімен айырылыса берген (Матай 19:3). Ехоба мұндай ажырасуларды жек көрген (Малахи 2:13—16 оқыңыз).

13 Бүгінде Ехобаның халқының арасында некедегі опасыздыққа жол жоқ. Әйтсе де мұндай жағдай оқта-текте орын алуы мүмкін. Мысалы, шомылдыру рәсімінен өткен ер не әйел бауырлас өзге біреудің зайыбымен азғындық жасап, кейін соған үйлену үшін ажырасты делік. Егер адам бұнысына өкінбесе, қауымның рухани тазалығы үшін қауымнан шығарылады (Қорынттықтарға 1-хат 5:11—13). Қауымға қайта қабылданбас бұрын, ол “өкінетінін лайықты жемістерімен” көрсетуі тиіс (Лұқа 3:8; Қорынттықтарға 2-хат 2:5—10). Адамның қауымға қашан қабылданатынына қатысты нақты уақыт белгіленбеген. Күнә жасаған адамға өзінің шын өкінгенін дәлелдеу үшін бір не бірнеше жыл кетуі мүмкін. Тіпті қауымға қабылданған күнде де, ол бәрібір “Құдайдың төрелік тағының алдында тұратын” болады (Римдіктерге 14:10—12; 2006 жылғы “Күзет мұнарасының” (ор.) 15 қыркүйектегі санының 29, 30-беттерін қараңыз).

МӘСІХШІЛЕР АРАСЫНДАҒЫ НЕКЕ

14. Мұса Заңының жалпы мақсаты қандай болды?

14 Исраил халқы 1500 жылдан астам уақыт бойы Мұса Заңымен өмір сүрді. Ондағы әділ принциптер Құдай халқына отбасындағы және басқа да мәселелерді шешуге көмектесті, сондай-ақ бұл Заң халықты Мәсіхке жетеледі (Ғалаттықтарға 3:23, 24). Иса өлген кезде, Мұса Заңы күшін жойып, Құдай жаңа шара жасады (Еврейлерге 8:6). Бұл шараға сай, Мұса Заңында рұқсат етілген кейбір жайттар енді мәсіхшілерге рұқсат етілмеді.

15. а) Мәсіхшілер үшін некеге қойылатын талап қандай? ә) Ажырасуды ойлаған мәсіхші қандай жайттарды ескеру керек?

15 Бірде парызшылдар Исаға некеге қатысты сұрақ қойды. Иса өз жауабында Құдай Мұса Заңында исраилдіктерге ажырасуға рұқсат еткенімен, оның әуел бастағы ниеті ондай емес екенін айтты (Матай 19:6—8). Осылайша Иса Құдайдың Едем бағында некеге қатысты қойған талабы енді мәсіхшілер үшін қайтадан өз күшіне енетінін көрсетті (Тімөтеге 1-хат 3:2, 12). “Біртұтас” болған ерлі-зайыптылар бір-бірінен ажырамаулары керек-тін. Олардың Құдайға және бір-біріне деген сүйіспеншіліктері шаңырақтарын шайқалтпай, берік ұстап тұру керек еді. Жыныстық азғындықтан басқа себеппен ажырасқан жұбайлар қайта некеге тұра алмайтын (Матай 19:9). Әрине, адам көзіне шөп салған, бірақ мұнысына өкінген жарын кешіруі мүмкін. Кезінде Ошия пайғамбар зинақорлыққа барған әйелі Гомерді кешірген. Тап солай, Ехоба да рухани азғындық жасаған Исраил халқына рақымшылық танытқан (Ошия 3:1—5). Бұған қоса, адам зайыбының опасыздық жасағанын біле тұра, онымен жыныстық қатынасқа түссе, бұл оның кінәлі жарын кешіргенін білдіреді. Бұл жағдайда ажырасуға Киелі кітапқа негізделген себеп енді жоқ.

16. Иса салтбастылық жайлы не деді?

16 Шынайы мәсіхшілерге жыныстық азғындық себебімен ғана ажырасуға болатынын көрсеткен соң, Иса салтбасты болып өмір сүру “сыйы барлар” туралы айтты. Сосын: “Кім осылай өмір сүре алатын болса, солай етсін”,— деп қосты (Матай 19:10—12). Бүгінде көп адам Ехобаға ешбір алаңсыз қызмет ету үшін салтбастылық өмірді таңдаған. Бұлары, әлбетте, мақтауға тұрарлық!

17. Мәсіхшіге неке құру-құрмауды шешуге не көмектеседі?

17 Мәсіхшіге неке құру-құрмауды шешуге не көмектеседі? Ол салтбастылық сыйын дамыта ала ма, жоқ па — соны шешіп алуы керек. Елші Пауыл салтбасты болып қалуға кеңес берген. Әйткенмен ол: “Азғындық кең тарағандықтан, әр еркектің өз әйелі, ал әр әйелдің өз күйеуі болсын”,— деп те айтқан. Кейін: “Бірақ өздеріне ие бола алмаса, некеге тұрсын. Себебі құштарлық отына күйіп-жанғанша, некеге тұрғандары дұрыс”,— деген. Адам жыныстық құштарлықтың жетегінде кетіп, мастурбациямен айналысудан не жыныстық азғындықтан сақтану үшін неке құруды ұйғаруы мүмкін. Алайда некеге тұру үшін жас шамасын да ескеру қажет. Пауыл тағы былай деген: “Егер әлдекім құштарлық сезімін жүгендей алмайтындай сезінсе, әрі албырт шақтан өткен болса, өз қалауына сай некелессін. Бұл — күнә емес. Ондайлар некеге тұрсын” (Қорынттықтарға 1-хат 7:2, 9, 36; Тімөтеге 1-хат 4:1—3). Әйтсе де жастық шаққа тән жыныстық құштарлыққа бола адамның неке құрғаны дұрыс емес. Мұндай адам некедегі жауапкершіліктерді мойнына алатындай толысқан болмауы мүмкін.

18, 19. а) Мәсіхшілердің некесі қалай бастау алу керек? ә) Келесі мақалада не қарастырылады?

18 Мәсіхшілердің некесі шомылдыру рәсімінен өткен әрі Ехобаны жан-тәнімен жақсы көретін ер мен әйелден құрылу керек. Олардың бір-бірін жақсы көретіндері сонша — өмір бойы жұптары жазылмай ғұмыр кешуге ынтық болулары қажет. “Тек Иеміздің ізбасарымен” отау құру керек деген кеңесіне құлақ асқаны үшін Ехоба оларды сөзсіз жарылқайды (Қорынттықтарға 1-хат 7:39). Үйленген соң, әрі қарай да Киелі кітаптың кеңестеріне құлақ аса берсе, отбасыларының іргесі берік, шаңырағы биік болады.

19 Бүгінде біз “соңғы күндері” өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан некені баянды етуге қажетті қасиеттер көп адамның бойынан табыла бермейді (Тімөтеге 2-хат 3:1—5). Келесі мақалада айналадағы қиындықтарға қарамастан мәсіхшілерге некені бақытты да баянды етуге көмектесетін Киелі кітаптағы құнды принциптерді қарастырамыз. Бұл оларға мәңгілік өмірге жетелейтін жолмен жүре беруге көмектеседі (Матай 7:13, 14).