Оқырман сауалдары
Неге Исаның дұшпандары қол жууға бола дауласқан?
Бұл Иса мен шәкірттеріне дұшпандарының бірінші рет мін тағуы емес еді. Мұса Заңында адамды не арамдайтыны айтылған болатын. Мысалы, жыныс мүшесінен бөлінетін ірің не етеккір, алапес ауруы, өлген адам мен жануардың мәйітіне жанасу сияқты нәрселер. Заңда арамдалған адамның қалай тазара алатынына қатысты да нұсқаулар болған. Ол құрбандық шалу, жуынып-шайыну не бүрку арқылы тазара алатын (Мұсаның 3-жазбасы 11—15 тараулар; Мұсаның 4-жазбасы 19-тарау).
Раввиндер деп те аталған яһуди ұстаздары бұл заңдарға өздерінің ойлап шығарған ережелерін қосқан. Бір дерек көзіне сай, раввиндер адамды не нәрсе арамдайтынына және қалай ол басқалардың да арамдалуына себепші болатынына қатысты қосымша ұсақ-түйек ережелер орнатқан. Сондай-ақ олар ыдыстар мен бұйымдардың қандайы арамдалып, қандайы арамдалмайтынына және адамдар қайтадан тазару үшін нендей рәсімдер жасауы керектігіне қатысты да ережелер ойлап тапқан.
Дұшпандары Исаға: “Неге шәкірттерің ата-баба дәстүрін ұстанбай, арам қолмен тамақ жейді?”— деп сұраған (Марқа 7:5). Бұл парызшылдар тамақ алдындағы қол жуу гигиенасы жайлы айтып тұрған жоқ еді. Олар тамақ жемес бұрын, рәсім ретінде адамның қолына су құйылуын талап еткен. Жоғарыдағы дерек көзінде тағы былай делінген: “[Раввиндер] су құйған кезде қандай ыдыс қолдану керек, қандай сумен жуынған дұрыс, кім құю керек және қолды қай жеріне дейін жуу керектігіне қатысты да сөз таластырған”.
Адамдар ойлап тапқан бұл қосымша ережелерге Иса қалай қараған? Ол яһуди дінбасыларына былай деген: “Екіжүзділер, сендер жайлы Ишая пайғамбар: — Бұл халық мені [Ехобаны] тілдерімен ғана дәріптейді, бірақ жүректері менен алшақ. Олар маған босқа ғибадат етіп жүр, себебі адамдар шығарған ілімдерге үйретеді,— деп дұрыс айтқан. Өйткені сендер Құдай заңдарын ұстанудың орнына, адам ойынан шыққан дәстүрлерді берік ұстанасыңдар” (Марқа 7:6—8).