Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ескі болмысымызды шешіп тастап, қайтып кимейік

Ескі болмысымызды шешіп тастап, қайтып кимейік

“Ескі болмыстарыңды іс-әрекеттерімен қоса шешіп тастаңдар” (ҚОЛОСТЫҚТАРҒА 3:9 сілтеме).

ӘНДЕР: 83, 54

1, 2. Адамдар Ехоба куәгерлерінен нені байқап жатады?

КӨП АДАМ Ехоба куәгерлерінің ерекше екенін тілге тиек етіп жатады. Мәселен, Антон Джилл есімді жазушы Куәгерлерді нацистік Германияда жақсы қасиеттер танытқаны үшін мақтаған. Ол былай деп жазды: “Нацистер әсіресе Ехоба куәгерлеріне өшіккен еді... 1939 жылы олардың 6000-ға жуығы [концлагерьге] түсті”. Ол Куәгерлердің адам төзгісіз азап көрсе де, сенімді болуларымен, қыспаққа алынғанда сабыр сақтауларымен, Құдайларына адал болып, бірлікте болуларымен танылғанын айтып өтті.

2 Бертін келе Ехоба куәгерлері Оңтүстік Африка Республикасында тағы бір ерекшелігімен көзге түсті. Бір кездері ол жақта түрлі нәсілге жататын адамдарға, соның ішінде Куәгерлер де бар, бірге бас қосуға рұқсат етілмейтін. Десе де 2011 жылдың 18 желтоқсанында Оңтүстік Африка мен маңындағы елдерден келген түрлі нәсілді 78 000-нан аса Куәгер Йоханнесбургтің ең үлкен стадионында бір арнайы бағдарламаға жиналды. Сонда стадионның бір меңгерушісі олар жайлы былай деді: “Осы стадионда бұрын-соңды жиналғандардың ішіндегі ең үлгілісі сіздер болдыңыздар. Бәрі де тап-тұйнақтай киінген. Стадионды да жақсылап тазаладыңыздар. Ал, бәрінен бұрын, нағыз көпнәсілді ұйым екенсіздер”.

3. Біздің ұйым несімен ерекше?

3 Тіпті Куәгер емес адамдар да біздің халықаралық ұйымымыздың басқа ұйымнан ерекше екеніне көз жеткізіп жатыр (Петірдің 1-хаты 5:9). Неге біз басқа ұйымдардан қатты ерекшеленеміз? Өйткені Құдай Сөзі мен киелі рухтың көмегімен біз бойымыздағы Ехобаға ұнамайтын кез келген нәрседен арылуға барынша тырысамыз. Біз “ескі болмысты шешіп тастап”, “жаңа болмысты” киіп аламыз (Қолостықтарға 3:9 сілтеме, 10).

Адам өз өмірін түбегейлі өзгерте алады

4. Осы мақалада нені қарастырамыз және неге?

4 Ескі болмысымызды шешіп тастаған соң, оны қайтып кимеу қажет. Осы мақалада біз ескі болмысымыздан қалай арыла алатынымызды, әрі бұлай етудің неліктен аса маңызды екенін білетін боламыз. Сондай-ақ адам бұрын жаман істерге белшесінен батып кеткен болса да, өмірін түбегейлі өзгерте алатынын білеміз. Сосын көп жылдан бері шындықта жүргендер ескі болмыстарын қайтып кимеу үшін не істей алатынын да талқылаймыз. Бұл неге қажет? Өкінішке қарай, бір кездері Ехобаға қызмет еткендер қырағылықтарын жоғалтып алған. Сөйтіп, Ехобаны білгенге дейінгі ойлары мен іс-әрекеттеріне бой алдыра бастаған. Сондықтан әрқайсысымыз келесі ескертуге ден қойғанымыз жөн: “Кім нық тұрмын деп ойласа, құлап қалудан сақ болсын!” (Қорынттықтарға 1-хат 10:12).

КЕЗ КЕЛГЕН ӨНЕГЕСІЗ ЖЫНЫСТЫҚ ҚАЛАУДАН АРЫЛАЙЫҚ

5. а) Неліктен ескі болмыстан тез арада арылу қажет екеніне мысал келтіріңіз. (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.) ә) Қолостықтарға 3:5—9 тармақтарда ескі болмысқа тән қандай істер келтірілген?

5 Киіміміздің лас екенін әрі жағымсыз иісі шығып тұрғанын сезсек, не істер едік? Оны мүмкіндігінше тезірек шешіп тастамас па едік?! Тап солай, Ехоба жек көретін істермен айналысып жүргенімізді түсінсек, тез арада өзгерістер жасауға тиіспіз. Пауыл жаман әрекеттерді тізбектей келе, “[осы] сияқты нәрсенің бәрінен арылыңдар” деген. Қазір солардың екеуіне, азғындық пен арам істерге, тоқталып өтейік (Қолостықтарға 3:5—9 оқыңыз).

6, 7. а) Пауылдың сөздерінен ескі болмыстан арылу күш салуды талап ететіні қалай көрінеді? ә) Сакураның өмір салты қандай болды? Өзгеруге ол күшті қайдан тапты?

6 Азғындық. Киелі кітапқа сай, “азғындық” сөзі заңды некеде тұрмағандардың арасындағы жыныстық қатынасқа нұсқайды. Пауыл мәсіхшілердің азғындыққа итермелейтін “дене мүшелерін” “өлтірулері” қажет екенін айтқан. Бұл — бұрыс қалауларымыздан арылу үшін барынша тырмысу керек деген сөз. Бұлай ету оңайға соқпайды, бірақ бұл қолымыздан келеді!

7 Мұны Жапонияда тұратын Сакура * есімді әйел бауырластың мысалынан көре аламыз. Өсе келе ол жиі өзін жалғыз сезініп, көңілі жабырқайтын. Жалғыздық сезімінен арылу үшін ол 15 жасынан бастап жыныстық қатынасқа түсе бастайды. Ол түрлі адамдармен жақындасып, үш рет түсік жасатады. Сакура былай дейді: “Алғашында, азғындық жасағанда, өзімді қажет сезініп, біреудің махаббатына бөлендім деп ойлайтынмын. Содан бойымдағы сенімсіздік пен ішкі үрейден арылғандай болдым. Алайда өнегесіз қатынасқа түскен сайын, бұл сенімсіздік пен үрей, керісінше, үдей түсті”. Сакура 23 жасқа дейін осылай өмір сүріп келді. Ал сосын Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттей бастады. Білгендері оған қатты ұнады. Ехоба Сакураға өнегесіз өмір салтын тастауға және өзін жегідей жеген кінә мен ұят сезімінен арылуға көмектесті. Бүгінде Сакура тұрақты ізашар болып қызмет етеді. Ол енді өзін жалғыз сезінбейді. “Күн сайын Ехобаның сүйіспеншілігінің нұрына жылынып жүргенім үшін сондай бақыттымын”,— дейді ол.

АРАМ ІСТЕРДЕН АРЫЛУДЫҢ ЖОЛДАРЫ

8. Құдай алдында бізді арамдататын кейбір істер қандай?

8 Арам істер. Киелі кітапта “арам істердің” азғындықтан әлдеқайда көп нәрсені қамтитыны жазылған. Оған темекі шегу не тұрпайы қалжың айту сияқты істер жатады (Қорынттықтарға 2-хат 7:1; Ефестіктерге 5:3, 4). Сондай-ақ нәпсіні оятатын кітаптар оқу не порнография көру сияқты жеке қалғанда істелінетін жаман істер де кіреді. Мұндай қылықтар мастурбация сияқты таза емес әдетке әкеп соғуы мүмкін (Қолостықтарға 3:5) *.

9. Адам тойымсыз “нәпсіқұмарлықты” дамытса, бұл неге әкеп соғуы мүмкін?

9 Порнографияны үнемі көретін адам тойымсыз “нәпсіқұмарлықты” дамытып, жыныстық қатынасқа тәуелді болып қалады. Зерттеушілер порнографияға деген тәуелділік пен ішімдікке не есірткіге деген тәуелділіктің ұқсастығын байқаған. Сол себепті де порнография көру әдетінің салдары сорақы болатыны еш таңғалдырмайды. Солардың кейбірі — ұят сезімінің мазалауы, еңбек өнімділігінің төмендеуі, отбасы берекесінің қашуы не ажырасу, тіпті адамның өз-өзіне қол жұмсауы. Мәселен, бір жыл бойы порнография көру әуестігімен күресіп, одан арылған бір кісі қайтадан өз қадірін сезіне бастағанын айтып кеткен.

10. Рибейро порнографияның құрсауынан қалай босады?

10 Көп адам үшін порнографияның құрсауынан босау қиынның қиыны. Бірақ бұл күресте жеңімпаз болу әбден мүмкін. Бразилияда тұратын Рибейроның мысалын қарастырайықшы. Жасөспірім кезінде ол үйінен кетіп қалады да, қағаз өңдейтін зауытқа жұмысқа тұрады. Жұмысында ол порнографиялық журналдар көре бастайды. Ол былай дейді: “Бірте-бірте мен әбден әуестеніп кеттім. Құнығып кеткенім сонша, порнографиялық видео көру үшін, бірге тұрып жатқан әйелді үйден қашан кетеді екен деп отыратынмын”. Күндердің күнінде Рибейро жұмысында өңделгелі жатқан бір бума кітаптардың арасынан “Отбасы бақытының сыры” деп аталатын кітапқа көзі түседі. Кітапты алып, оқып шығады. Бұдан кейін Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттей бастайды. Бірақ порнография көру тәуелділігінен арылуға ұзақ уақыт кетеді. Арылуға оған не көмектесті? Ол былай деп түсіндірді: “Дұға ету, Киелі кітапты зерттеу мен білгенімді ой елегінен өткізгенімнің арқасында Құдайдың қасиеттеріне деген ризашылығым өсе берді. Нәтижесінде Ехобаға деген сүйіспеншілігім порнография көруге деген қалауымнан үстем болды”. Киелі кітап пен киелі рухтың көмегімен Рибейро өмір салтын өзгертіп, шомылдыру рәсімінен өтті. Қазір ол қауым ақсақалы болып қызмет етеді.

Ехобаны қатты жақсы көріп, жамандықты жек көруіміз қажет

11. Порнографияның құрсауынан азат болуға не көмектеседі?

11 Байқасақ, порнографиядан бойын аулақ ұстау үшін Рибейро тек Киелі кітапты оқып қоя салған жоқ. Ол Киелі кітаптан білгені жайлы терең ой жүгіртіп, жүрегіне әсер еткізген. Ехобаға дұға етіп, көмек сұрап жалынған. Осылардың арқасында Құдайға деген сүйіспеншілігінің артқаны сонша, порнографияға деген құмарлығынан басым түскен. Порнографияның құрсауынан азат болу үшін біз де Ехобаны қатты жақсы көруіміз және жамандықты жек көруіміз қажет (Зәбүр 97:10 оқыңыз).

АШУ, ҚОРЛЫҚ СӨЗДЕР МЕН ӨТІРІК АЙТУДАН АРЫЛАЙЫҚ

12. Стивенге ашу мен қорлық сөздерден арылуға не көмектесті?

12 Кейбір адамдар қит етсе болғаны, ашуға мініп, өзгелердің жанын жаралайтын қорлық сөздер айтады. Бұдан бүкіл отбасы зардап шегеді. Австралияда тұратын Стивен есімді отағасы бұрын балағат сөздерді көп айтып, болмашы нәрсеге ашу шақыра беретін. Ол: “Әйелім екеуміз үш рет бөлек тұрып, енді болмағанда ажырасып кетер едік”,— дейді. Кейін олар Куәгерлермен Киелі кітапты зерттей бастайды да, Стивен оқып-білгенін іс жүзінде қолдануға тырысады. Оның айтуынша, Ехобаны білмей тұрғанда бір нәрсе қитығына тисе, оны ашу қысатыны сонша, өзін тура бір жарылайын деп тұрған бомба сияқты сезінетін болған. Бірақ Киелі кітаптағы ақыл - кеңесті қолдана бастаған соң, жағдай оңала бастады. Ол былай дейді: “Жанұямыз құлпырып шыға келді. Ехобаның көмегімен қазір мен тыныштық пен сабырлыққа ие болдым”. Бүгінде Стивен — қызмет көмекшісі, ал әйелі бірнеше жылдан бері тұрақты ізашар болып қызмет етеді. Қауымындағы ақсақалдар Стивен жайлы былай дейді: “Стивен өте сабырлы, еңбекқор әрі кішіпейіл бауырлас”. Олар оның ашуланғанын ешқашан көрмепті. Стивен болмысын өз күшіммен өзгерттім деп санамайды. Ол: “Егер Ехобаның болмысымды түбегейлі өзгерту үшін берген көмегін қабыл алмағанымда, өмірімдегі керемет баталардың ешбірін де көрмес едім”,— дейді.

13. Неге ашу-ыза қауіпті? Киелі кітапта қандай ескерту бар?

13 Киелі кітап бізді ашу-ызаның, қорлық сөздер мен айқай-шудың қаупі жайлы ескертеді (Ефестіктерге 4:31). Бұлар әдетте зорлық-зомбылыққа әкеп соқтырады. Бүгінде көп адам ашу - ыза мен қатыгездікте тұрған ештеңе жоқ деген ойда. Бірақ мұндай жүріс-тұрыс, шындап келгенде, Жаратушымызды қорлайды. Осы орайда көптеген бауырластарға жүріс-тұрысын өзгертуге тура келген, осылайша жаңа болмысқа ие болған (Зәбүр 37:8—11 оқыңыз).

14. Өте қатыгез адамның момын адамға айналуы мүмкін бе?

14 Ханс есімді бауырлас Австриядағы қауымдардың бірінде ақсақал болып қызмет етеді. Сол қауымның ақсақалдар кеңесінің үйлестірушісі Ханс жайлы: “Ол қой аузынан шөп алмайтын сондай момын бауырлас”,— дейді. Бірақ бұрындары бұл қасиет оған жат болған. Жасөспірім кезінде ол ішкілікке салынып, қатыгез болып кеткен. Бірде қатты ішіп алған ол ашуға булыққаны сонша, кездесіп жүрген қызын өлтіріп қояды. Содан 20 жылға түрмеге қамалады, бірақ түрме оның болмысын өзгерте алмайды. Сосын оның анасы бір ақсақалдан баласына баруын өтінеді. Содан Ханс Киелі кітапты зерттей бастайды. Ол былай дейді: “Ескі болмыстан арылу мен үшін өте қиын болды. Ишая 55:7-дегі: “Зұлым адам жолынан қайтсын”,— деген сөздер және Қорынттықтарға 1-хат 6:11-дегі күнәкар жолдарын тастаған адамдар жайлы: “Кезінде кейбіреулерің сондай болдыңдар”,— деген сөздер маған талпыныс берді. Киелі рухы арқылы жаңа болмысқа ие болуым үшін, Ехоба маған жылдар бойы шыдаммен көмектесіп келді”. Ханс түрмеде отырғанда шомылдыру рәсімінен өтеді. Он жеті жарым жылдан кейін ол түрмеден босатылады. “Ехобаның шексіз мейірімділігі мен кешірімділігі үшін дән ризамын”,— дейді ол.

15. Ескі болмыстың тағы бір қыры қандай? Бұл жайлы Киелі кітапта не айтылған?

15 Ескі болмысқа тән іс-әрекеттердің бірі — өтірік айту. Мысалы, салықтан жалтару үшін не қолмен істегендерін мойнымен көтермеу үшін көп адам өтірік айтып жатады. Бірақ Ехоба — “шындықтың Құдайы” (Зәбүр 31:5 сілтеме). Сондықтан ол өзінің қызметшілерінен “өтірік айтпай”, “шындықты айтуды” талап етеді (Ефестіктерге 4:25; Қолостықтарға 3:9). Иә, біз тіпті айтуға ұят не қиын болған кезде де шындықты айтуымыз керек (Нақыл сөздер 6:16—19).

ОЛАР ҚАЛАЙ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ?

16. Ескі болмыстан арылуға бізге не көмектеседі?

16 Ескі болмысымыздан өз күшімізбен арылу мүмкін емес. Сакура, Рибейро, Стивен мен Ханс ескі өмір салттарын өзгерту үшін аянбай күресті. Оларға Құдай Сөзінің күші мен киелі рух көмектесті (Лұқа 11:13; Еврейлерге 4:12). Сол күштің пайдасын көру үшін, Киелі кітапты күніге оқып, ол жайлы ойлануымыз қажет. Сондай-ақ білгенімізді іс жүзінде қолдану үшін даналық пен күш сұрап үнемі дұға айтуымыз керек (Ешуа 1:8; Зәбүр 119:97; Салоникалықтарға 1-хат 5:17). Қауым жиналыстарына дайындалғанымыз және соларға қатысқанымыз да Құдай Сөзі мен киелі рухтың әсерін сезінуге көмектеседі (Еврейлерге 10:24, 25). Бұған қоса, Ехобаның ұйымы беріп отырған басқа көптеген құралдарды қолданғанымыз жақсы, мысалы журналдарымыз, JW Broadcasting арнасы, “JW Library” қосымшасы мен jw.org сайты (Лұқа 12:42).

Ескі болмысымыздан арылудың жолдары (16-абзацты қараңыз)

17. Келесі мақалада не қарастырылады?

17 Біз бұл мақалада Құдайға ұнамды болу үшін арылып, қайтадан жоламау керек жаман істердің кейбірін талқыладық. Бірақ бұлай істегеніміз жеткіліксіз. Біз жаңа болмысты киіп, оны өміріміздің ажырамас бөлігі етуіміз керек. Келесі мақалада мұны қалай істей алатынымызды сөз етеміз.

^ 7-абзац Бұл мақаладағы кейбір есімдер өзгертілген.

^ 8-абзац “Жастардың сауалдары. Пайдалы кеңестер” (1-том) (ор.) кітабының 25-тарауын қараңыз. Сондай-ақ “Құдайдың сүйіспеншілігі” кітабының 218, 219-беттеріндегі “Сен мастурбациядан арыла аласың” қосымшасын оқыңыз.