Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Оқырман сауалдары

Оқырман сауалдары

Неге Матай мен Лұқа Исаның жердегі өмірінің бастапқы кезеңін әртүрлі етіп сипаттаған?

Матайдың ізгі хабарында Исаның туылуы мен өмірінің бастапқы кезеңі жайлы жазғандары Лұқанікінен өзгеше, себебі екі жазушы екі адамның ойлары мен бастан өткергендеріне назар аударған.

Матай кітабында Жүсіппен байланысты оқиғаларға баса мән берілген. Онда Жүсіп Мәриямның аяғы ауыр екенін білгенде не істегені, періштенің түсінде оған бар жайтты түсіндіруі және оның періштенің нұсқауларына сай әрекет еткені жайлы баяндалады (Матай 1:19—25). Сондай-ақ періштенің түсінде Жүсіпті ескертіп, отбасымен Мысырға қашуды бұйырғаны әрі оның қалай құлақ асқаны туралы жазылған. Сосын тағы бір түсінде періштенің оған Исраилге оралуды айтқаны, әрі Жүсіптің Исраилге қайтып, отбасымен Назаретке қоныс тепкені де сөз етіледі (Матай 2:13, 14, 19—23). Матай өз ізгі хабарының алғашқы екі тарауында Жүсіптің есімін 11 рет, ал Мәриямдікін 7-ақ рет атап кеткен.

Ал Лұқаның кітабында Мәриямның жағдайына көңіл бөлінген. Онда Мәриямға Жәбірейіл періштенің келгені, Мәриямның туысы Елізабетке барғаны және Ехобаны мадақтап айтқан сөздері жазылған (Лұқа 1:26—56). Бұған қоса, Шимон Исаның болашақта қандай қиындықтарға ұшырайтынын Мәриямға айтқаны сипатталады. Содан соң Лұқа Исаның 12 жасында отбасымен ғибадатханаға барғандағы оқиғасын да айтып өтеді. Осы кезде де Лұқа Жүсіптің емес, Мәриямның айтқан сөздерін келтірген әрі бұл жағдайдың Мәриямға қатты әсер қалдырғанын да жазған (Лұқа 2:19, 34, 35, 48, 51). Ізгі хабарының алғашқы екі тарауында Лұқа Мәриямның есімін 15 рет, ал Жүсіптің атын 4 рет қана атайды. Демек, Матай көбінесе Жүсіптің не ойлап, не істегені жайлы айтса, Лұқа Мәриямға баса назар аударады.

Екі Ізгі хабардың арасында Исаның ата-баба шежіресіне де қатысты өзгешелік бар. Матай Жүсіптің әулетін тізіп шығады, осылайша Жүсіптің асырап алған баласы ретінде Исада Дәуіттің патшалық билігіне заңды құқық болғанын көрсетеді. Неге? Өйткені Жүсіп Дәуіт патшаның ұрпағы болған, яғни Дәуіт ұлы Сүлейменнің әулетінен шыққан (Матай 1:6, 16). Алайда Лұқа Мәриямның шежіресін келтірген, осылайша Исаның, “адам ретінде”, Дәуіттің патшалық билігіне табиғи құқығы болғандығын айқын көрсеткен (Римдіктерге 1:3). Неге? Өйткені Мәриям Дәуіт патшаның ұрпағы болған, яғни Дәуіт ұлы Натанның әулетінен тараған (Лұқа 3:31). Бірақ неге Лұқа кітабындағы шежіреде Мәриям әкесі Елінің қызы ретінде аталып өтпеген? Себебі ресми құжаттарда, негізінен, отбасындағы ер кісілердің аттары ғана жазылатын. Сондықтан Лұқа өз тізімінде Жүсіпті Елінің ұлы деп атағанда, адамдар оны Елінің күйеубаласы деп түсінген (Лұқа 3:23).

Матай мен Лұқа жазған Ізгі хабарларда келтірілген Исаның шежіресі оның Құдай уәде еткен Мәсіх екенін дәлелдейді. Исаның Дәуіт патшаның ұрпағы екендігі көпшілікке танымал болғаны сонша, парызшылдар мен саддукейлердің өздері мұны жоққа шығара алмаған. Матай мен Лұқаның аталмыш шежірені жазып қалдырғаны біздің де сенімімізді нығайтады әрі Құдайдың басқа да уәделері орындалатынына сенімділігімізді арттырады.