Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

БІЗДІҢ МҰРАҒАТТАН

“Конгресс тағы қашан болады екен?”

“Конгресс тағы қашан болады екен?”

1932 жылдың қараша айының аяқ жағы. Мехико қаласы. Бір миллионнан астам тұрғыны бар бұл қала ығы-жығы боп жатыр. Осыдан бір апта бұрын мұнда алғашқы бағдаршамдар орнатылды. Бірақ адамдардың көтеріңкі көңіл күйлеріне себеп болған басқа да бір жайт бар. Камераларын ұстаған тілшілер теміржол бекетінде тұрып, ерекше бір қонақты күтуде. Бұл не қылған қонақ екен? Бұл Күзет мұнарасы қоғамының президенті Джозеф Ф. Рутерфорд еді. Жергілікті Куәгерлер де Рутерфорд бауырласымызды құшақ жая қарсы алғалы тұр. Ол мұнда үш күндік конгреске келе жатқан еді.

“Алтын ғасыр” журналында былай делінген болатын: “Бұл конгресс Мексикада шындықты тарату ісіндегі елеулі оқиға ретінде тарих қойнауына енетіні сөзсіз”. Бірақ бұл шағын конгресс еді, өйткені оған небәрі 150 адамдай қатысты. Олай болса, бұл конгресс несімен елеулі болды?

Бұл конгреске дейін Мексикада шындық аса тарала қоймаған еді. 1919 жылдан бері мұнда кішігірім конгрестер өткізілгенмен, сол жылдан кейін қауымдар саны азайып кетті. 1929 жылы Мехикода филиал ашылған кезде жағдай оңалатындай көрінгенмен, өсімге кедергі жасаған жайттар әлі де болды. Мысалы, ұйымымыз кітап таратушыларға (сол кездері ізашарлар осылай аталатын) уағыздап жүріп сауда-саттықпен айналыспау жайлы нұсқау бергенде, бір кітап таратушының ашуланғаны сонша, шындықты тастап, өзінің Киелі кітапты зерттеу тобын ашып алған. Сондай-ақ осы кездері бұрыс істері үшін филиал бақылаушысын да алмастыру керек-тін. Иә, Мексикадағы адал Куәгерлер жігерге мұқтаж болды.

Рутерфорд бауырластың сол конгресте айтқан жігерлендірерлік екі баяндамасы мен радио арқылы берілген бес лекциясы бұл адал жандардың рухын көтерді. Сол кезде Мексикада ізгі хабарды тарату үшін бауырластар радиостансыларды алғаш рет қолданды. Сол конгрестен кейін уағыз ісінде басшылық ететін филиал бақылаушысы ретінде басқа бауырлас тағайындалды. Енді Куәгерлердің бойын құлшыныс кернеп, Ехобаның мақұлдауымен уағыз ісін әрі қарай жалғастырды.

1941 жылғы конгресс, Мехико

Келесі 1933 жылы Мексикада екі конгресс өткізілді: біреуі Веракрус қаласында, екіншісі Мехикода. Бауырластар тынбай уағыздаумен болды, бұның жақсы нәтижесін де көрді. Мысалыға, 1931 жылы мұнда 82 жариялаушы болса, 1941 жылға дейін бұл сан он есеге өсті. 1941 жылы өткен теократиялық конгреске шамамен 1000 адам келді.

“ОЛАР КӨШЕЛЕРДІ БАСЫП АЛДЫ”

1943 жылы Куәгерлер Мексиканың 12 қаласында өткізу жоспарланған “Азат болған халық” атты конгресті жарнамалай бастады *. Бұл үшін олар “сэндвич” плакаттарды киіп жүрді. Екі жағы бар бұл плакаттар адамның иығына кигізілетін. Сонда плакаттың бір жағы алдында, бір жағы арқасында тұратын. Куәгерлер осындай плакаттарды 1936 жылдан бері дүйім жұртқа конгрестерін жарнамалау үшін қолданып келген болатын.

1944 жылғы журналдан алынған кескін: “сэндвич” киіп алған бауырластарымыздың Мехико қаласындағы шеруі

Мехикода плакаттармен жүргізілген жарнамалау ісі жемісті болғаны сонша, жергілікті бір журналда конгреске қатысқан Куәгерлер жайлы былай деп жазылған еді: “[Конгрестің] алғашқы күні оларға көп адамды шақыру керектігі айтылды. Ал келесі күні жиналған жерлеріне сыймай қалды” (“La Nación” журналы). Куәгерлердің бұл жетістігі католик шіркеуінің қитығына тиді, содан олар қарсылық көрсетті. Бірақ бауырластар еш қорықпады. Олар әрі қарай конгресті жарнамалай берді. Аталмыш журналдың басқа бір мақаласында: “Олар бүкіл қала тұрғындарының көзіне ілікті”,— делініп, бауырластарымыздың “жарнама “сэндвичтеріне” айналып шыға келгені” жазылған болатын. Сол мақалада Мехиконың көшелерінде жүрген бауырластарымыздың суреті келтіріліп, астында: “Олар көшелерді басып алды”,— деген жазу болды.

“ЦЕМЕНТТІ ЕДЕННЕН ӘЛДЕҚАЙДА ЖҰМСАҚ ӘРІ ЖЫЛЫ” БОЛҒАН ТӨСЕК

Сол жылдары Куәгерлердің көбіне Мексикада өткізілген сол бірнеше конгреске қатысу үшін үлкен құрбандықтар жасау керек болды. Көп бауырластар шалғай ауылдардан келді. Бұл ауылдар теміржолдан, тіпті кәдімгі жолдан алыста орналасқан еді. Сондықтан сол теміржолға жетіп, әрі қарай конгреске бару үшін, оларға қашырмен жүруге немесе көп күн бойы жаяу жүруге тура келді.

Куәгерлердің көбі кедей тұратын, сондықтан конгреске баруға әрең дегенде шамалары жетті. Онда жетіп алған соң, олардың көбі жергілікті бауырластардың үйінде тоқтады. Бауырластар оларға сүйіспеншілік пен қонақжайлылық танытты. Ал басқалары Патшалық сарайларында түнеп шықты. Бірде 90-ға жуық бауырлас филиалдағы кітап қораптарының үстінде ұйықтады. “Жылнамада” айтылғандай, бауырластар бұған ризашылықтарын білдіріп, бұл қораптардың “цементті еденнен әлдеқайда жұмсақ әрі жылы” болғанын атап өтті.

Бұл Куәгерлер үшін бауырластарымен бас қоса алғандары жасаған барлық құрбандықтарына татыды. Бүгінде Мексикадағы 850 000-нан аса Куәгер де осындай рух танытады *. 1949 жылғы “Жылнамада” айтылғандай, бауырластарымызға көп нәрсесін құрбан етуге тура келсе де, Ехобаға ғибадат ету ісінде құлшыныстары еш бәсеңдемеген. Барып қайтқан әрбір конгресінен кейін “олар ұзақ уақыт бойы көбіне сол жайлы сөйлесіп жүрді”. Бауырластардың көкейінде: “Конгресс тағы қашан болады екен?”— деген сұрақ жүретін. Орталық Америкадағы біздің мұрағаттан.

^ 9-абзац 1944 жылғы “Жылнамада” айтылғандай, бұл конгрестің арқасында Ехоба куәгерлері Мексикада танымал болды.

^ 14-абзац Мексикада 2016 жылы Еске алу кешіне 2 262 646 адам қатысты.