Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Шыдаммен күтуге ықыластысыз ба?

Шыдаммен күтуге ықыластысыз ба?

“Сендер де шыдамды болыңдар” (ЖАҚЫП 5:8).

ӘНДЕР: 78, 139

1, 2. а) Не себепті біз “Бұл қашанға дейін созылады?” деп сұрауымыз мүмкін? ә) Неге Құдайдың ежелгі адал қызметшілерінің мысалдары бізді жігерлендіреді?

“БҰЛ қашанға дейін созылады?” Кезінде Ишая пайғамбар осындай сұрақ қойған. Абақұқ пайғамбар да: “Қашанғы көмек сұраймын?”— деген (Ишая 6:11; Абақұқ 1:2). Дәуіт 13-інші Зәбүр жырын жазып жатып, осы іспеттес сұрақты төрт рет қойған (Зәбүр 13:1, 2). Иса Мәсіх те сенімнен жұрдай халықтың арасында болған кезде: “Қашанға дейін қастарыңда болмақпын?”— деп сұраған (Матай 17:17). Бүгінде біздің де көкейімізде осындай сұрақ туындайтын шығар.

2 Бұған не түрткі болуы мүмкін? Бәлкім, әділетсіздікке кезіккен шығармыз. Науқастанып қалғанымыз не қарттықтың ащы зардабы да бұған себеп болуы мүмкін. Я болмаса “ерекше қиын уақытта” өмір сүріп жатқанымыздың салдарынан стреске жиі ұшырайтын шығармыз (Тімөтеге 2-хат 3:1). Немесе айналамыздағы адамдардың теріс көзқарасы бізді шаршатып, жігерімізді құм қылып жіберген болар. Аталмыш сұрақты қоюымызға қандай себеп болмасын, кезінде осылай сұраған ежелгі адал қызметшілерін Ехобаның айыптамағаны бізге жұбаныш береді.

3. Қиын жағдайға тап болғанда, бізге не көмектеседі?

3 Төзу қиынға соғатын жағдайда болсақ, бізге не көмектеседі? Исаның бауыры Жақып киелі рухтың жетелеуімен: “Бауырластар, Иеміздің осында болатын кезі келгенше, шыдамды болыңдар”,— деп жазған (Жақып 5:7). Ендеше қай-қайсысымызға да шыдамды болу қажет. Ал шыдамдылық деген не және осы тамаша қасиетті қалай таныта аламыз?

ШЫДАМДЫЛЫҚ ДЕГЕН НЕ?

4, 5. а) Шыдамдылық деген не және біз қалай шыдамды бола аламыз? ә) Жақып шыдамды болуды мысалмен қалай түсіндірді? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

4 Киелі кітапта шыдамдылық қасиетін киелі рухтың арқасында дамытатынымыз айтылған. Құдайдың көмегі болмаса, кемелсіз адамдар аса қиын жағдайларда бұл қасиетті таныта алмайды. Шыдамдылық — Құдайдың сыйы, әрі осы қасиетті танытсақ, Ехобаға және басқаларға деген сүйіспеншілігімізді көрсетеміз. Ал шыдамды болмасақ, арамыздағы сүйіспеншілік суиды (Қорынттықтарға 1-хат 13:4; Ғалаттықтарға 5:22). Бұған қоса, шыдамдылық қиын жағдайларда оң көзқарас сақтай отырып төзуді білдіреді (Қолостықтарға 1:11; Жақып 1:3, 4). Басымызға қандай қиындық түспесін, бұл қасиет Ехобаға адалдық сақтауға көмектеседі. Сондай-ақ бізге қиянат жасалғанда, кек алудан сақтайды. Киелі кітапта қажет кезде күтуге дайын болуымыз керектігі айтылған. Бұл маңызды сабақты біз Жақып 5:7, 8-ден (оқыңыз) білеміз.

5 Неліктен Ехобаның әрекет ететін кезін күтуге ықыласты болуымыз керек? Елші Жақып біздің жағдайымызды диқанның жағдайымен салыстырған. Диқан егін егу үшін бел жазбай еңбек етсе де, ауа райына не егіндігінің тез өсіп шығуына еш ықпал ете алмайды. Оған “жерден құнды өнімді” шыдамдылықпен күту қажет. Тап солай, біз де Ехобаның уәделерін орындайтын кезін күте жүріп, көп нәрсені қадағалай алмаймыз (Марқа 13:32, 33; Елшілердің істері 1:7). Диқан іспетті, бізге де шыдамдылықпен күту қажет.

6. Миха пайғамбардан қандай үлгі ала аламыз?

6 Миха пайғамбарға, дәл біздің күндеріміздегідей, қиын жағдайларға төзуге тура келген. Ол Ахаз патшаның тұсында өмір сүрді. Ахаз өте зұлым патша еді. Соның кесірінен халық әбден бүлінген болатын. Елдегі жағдайдың ушығып кеткені сонша — Киелі кітапта олардың “жамандық істеуге епті” болып кеткені айтылған (Миха 7:1—3 оқыңыз). Миха бұл ахуалды еш өзгерте алмайтынын түсінген. Сонда ол не істей алар еді? Миха: “Мен бар назарымды Ехобаға тігемін, Құтқарушы Құдайымды шыдаммен күтемін. Құдайым менің сөзіме құлақ түреді”,— деген (Миха 7:7). Миха іспетті, бізге де “шыдаммен күту” керек.

7. Неліктен біз Ехобаның өз уәделерін орындайтын кезін жай ғана күтіп қоймауымыз керек?

7 Миханікіндей сеніміміз болса, біз Ехобаны күтуге ықыласты боламыз. Біздің жағдайымыз түрмедегі өлім жазасын күтіп отырған қылмыскердің жағдайына ұқсамайды. Ол сол күнді күтуге мәжбүр, бірақ оны тағатсыздана күтпейтіні анық. Ал біздің жағдайымыз мүлдем басқаша. Біз Ехобаны күтуге асықпыз, өйткені оның өз уақытысында мәңгілік өмір сыйлаймын деген уәдесін орындайтынын білеміз. Иә, біз “шыдамдылықпен және қуанышпен төземіз” (Қолостықтарға 1:11, 12). Сол кезді күте жүріп, Ехоба неге кешеуілдетіп жатыр деп күңкілдеуден сақ боламыз. Егер күңкілдейтін болсақ, оның ықыласынан айырыламыз (Қолостықтарға 3:12).

ШЫДАМДЫЛЫҚТЫҢ КЕРЕМЕТ ҮЛГІЛЕРІ

8. Ежелде өмір сүрген адал кісілерден не нәрсеге үйренеміз?

8 Күтуге деген ықыласымызды арттыруға бізге не көмектеседі? Ехобаның уәделерінің орындалуын шыдаммен күткен ежелдегі адал ерлер мен әйелдердің үлгілері жайлы ойлансақ болады (Римдіктерге 15:4). Олардың қаншалықты ұзақ күтуіне тура келгені, неліктен күтуге ықыласты болғаны және шыдамдылықтары үшін Ехобаның оларды қалай жарылқағаны туралы ойланғанымыз дұрыс.

Ыбырайымға немерелері Есау мен Жақып туылғанға дейін көп жылдар бойы күту қажет еді (9, 10-абзацты қараңыз)

9, 10. Ыбырайым мен Сара Ехобаны қанша уақыт күтті?

9 Ыбырайым мен Сараның мысалын қарастырайық. Олар “сенімі мен шыдамдылығының арқасында уәделерді мұра еткен” болатын. Киелі кітапта айтылғандай, “Ыбырайым шыдамдылықпен күткеннен кейін”, Ехоба оған батасын беретінін және үлкен халықтың түп атасы ететінін уәде еткен (Еврейлерге 6:12, 15). Неге Ыбырайымға шыдаммен күту қажет болды? Өйткені Құдайдың уәдесі орындалатын кезге дейін біршама уақыт өту керек еді. Б. з. б. 1943 жылдың 14 нисанында Ыбырайым мен Сара және оның үй ішіндегілердің барлығы Евфрат өзенінен өтіп, Уәде етілген жерге аяқ басты. Алайда Ыбырайымға ұлы Ысқақ дүниеге келгенге дейін 25 жыл, ал немерелері Есау мен Жақып туылғанға дейін тағы 60 жыл күту қажет еді (Еврейлерге 11:9).

10 Ыбырайым Уәде етілген жердің қанша бөлігін иеленді? Киелі кітапта жазылғандай, Ехоба “Ыбырайымға мұраға тіпті алақандай да жер бермеді, бірақ оны өзіне әрі кейінгі ұрпақтарына, әлі баласы болмаса да, иелікке беруді уәде етті” (Елшілердің істері 7:5). Ыбырайым Евфраттан өткеннен бері 430 жылдан кейін ғана, оның ұрпақтары Уәде етілген жерді иеленетін халық болды (Мұсаның 2-жазбасы 12:40—42; Ғалаттықтарға 3:17).

11. Неліктен Ыбырайым күтуге ықыласты болды және шыдамдылығы үшін ол қалай жарылқанады?

11 Ыбырайым Ехобаның өз уәделерін орындайтынына еш шүбәланбағандықтан, оны күтуге ықыласты болды. Оның Ехобаға деген сенімі мықты еді (Еврейлерге 11:8—12 оқыңыз). Құдайдың барлық уәделері көзі тірісінде жүзеге аспаса да, ол қуанышпен күтті. Алайда Ыбырайым жерде орнаған жұмақта қайта тірілгенде, нендей қуанышқа бөленері жайлы ойлап көріңізші. Ол Киелі кітаптың көп жерінен өзінің және отбасының өмірі жайлы оқығанда, таң-тамаша болады емес пе?! * Ал уәде етілген Мәсіхке қатысты Ехобаның ниетінің орындалуында маңызды рөл атқарғанын біліп, өзін қаншалықты бақытты сезінетінін елестетіп көріңізші! Әлбетте, Ыбырайым мұндай баталардың күтуге тұрарлық болғанын сезінеді.

12, 13. Неліктен Жүсіпке шыдамды болу керек еді және ол қалай оң көзқарас сақтады?

12 Ыбырайымның шөбересі Жүсіп те шыдаммен күтуге дайын болды. Ол адам айтқысыз әділетсіздіктің құрбаны болған еді. Шамамен 17 жасында бауырлары оны құлдыққа сатып жіберді. Кейіннен оған қожайынының әйелін зорламақшы болды деген жалған айып тағылып, түрмеге жабылды (Мұсаның 1-жазбасы 39:11—20; Зәбүр 105:17, 18). Құдайдың адал қызметшісі ретінде ол батаға ие болудың орнына, жазаланғандай болды. Алайда 13 жылдан соң, барлығы өзгерді. Жүсіп түрмеден босатылып, Мысырдың екінші ең ықпалды билеушісі болды (Мұсаның 1-жазбасы 41:14, 37—43; Елшілердің істері 7:9, 10).

Жүсіп Ехобаның бар жағдайды қадағалап отырғанын және оның баталары күтуге тұрарлық екенін түсінді

13 Осындай әділетсіздіктің кесірінен ол қатуланып кетті ме? Ехоба оны тастап кеткендей сезінді ме? Жоқ, ол шыдаммен күтті. Оған не көмектесті? Ехобаға деген сенімі. Жүсіп Ехобаның бар жағдайды қадағалап отырғанын түсінді. Бұл оның бауырларына айтқан мына сөздерінен көрінеді: “Қорықпаңдар, сендерді соттайтындай мен Құдай емеспін ғой! Рас, сендер маған жамандық ойладыңдар. Бірақ, өздерің көріп тұрғандай, Құдай бұны жақсылыққа айналдырып, талай адамның өмірін сақтап қалды” (Мұсаның 1-жазбасы 50:19, 20). Жүсіп Ехобаның баталары шынында да күтуге тұрарлық екенін білді.

14, 15. а) Неге Дәуіттің шыдамдылығы таңғалдырады? ә) Дәуітке шыдаммен күтуге не көмектесті?

14 Дәуіт патша да көп әділетсіздікке кезіккен. Ехоба оны бала кезінде Исраилдің патшасы етіп майлаған болатын. Алайда ол тіпті өз руына патша етіп тағайындалғанша 15 жыл күту керек болды (Самуилдің 2-жазбасы 2:3, 4). Осы уақыттың біраз бөлігінде Дәуіт Саул патшадан қашып, жасырынып жүруіне тура келді, себебі Саул оны өлтірмекші болды *. Соның кесірінен оның өз үйі де болмады. Ол жат жерде бассауғалауға, шөл даладағы үңгірлерді паналауға мәжбүр болды. Ақыр соңында, Саул қаза болды. Сөйтсе де бүкіл Исраил халқына патша болу үшін Дәуітке әлі де жеті жылдай күту керек болды (Самуилдің 2-жазбасы 5:4, 5).

15 Не себепті Дәуіт шыдаммен күтуге дайын болды? Мұның жауабын ол “Қашанғы?” деп төрт рет сұраған 13-інші Зәбүр жырында жазған. Дәуіт былай деді: “Мен сенің айнымас сүйіспеншілігіңді медет тұтамын, Құтқаруыңды ойлап шын жүректен қуанамын. Көл-көсір игілігі үшін Ехобаға арнап ән айтамын” (Зәбүр 13:5, 6). Дәуіт Ехобаның оны жақсы көретінін және оған адал болатынын білген. Ол Ехобаның кезінде өзіне қалай қол ұшын бергені жайлы ойлаған және қиындықтарына тоқтам қоятын кезді асыға күткен. Дәуіт Ехобаның баталары шынында да күтуге тұрарлық екенін білген.

Ехоба бізге өзі істегісі келмейтін нәрсені істеңдер деп жатқан жоқ

16, 17. Қалайша Ехоба Құдай мен Иса Мәсіх күтуге дайын болудың ең тамаша үлгісін көрсетті?

16 Ехоба бізге өзі істегісі келмейтін нәрсені істеңдер деп жатқан жоқ. Оның өзі шыдаммен күтуге дайын болудың ең тамаша үлгісін көрсетті (Петірдің 2-хаты 3:9 оқыңыз). Мысалы, мыңдаған жыл бұрын Едем бағында Шайтан Ехобаға әділетсіз деген айып таққан болатын. Сол себепті Ехоба өз есімінің толықтай киелі тұтылатын кезін “шыдаммен күтіп отыр”. Мұның нәтижесінде “оны тағатсыздана күтетіндердің бәрі” керемет баталарға кенелетін болады (Ишая 30:18).

17 Иса да күтуге дайын болды. Жерде болған кезінде, ол өле-өлгенше адал болып қалды. Сөйтіп, б. з. 33 жылы Иса көкте құрбандығының құнын Ехобаға ұсынды. Бірақ оған 1914 жылы билік етуін бастайтын уақытқа дейін күту қажет болды (Елшілердің істері 2:33—35; Еврейлерге 10:12, 13). Соның өзінде Исаға мыңжылдық билігі аяқталғанша, барлық жауларының жойылатын кезін әлі де күту керек (Қорынттықтарға 1-хат 15:25). Бұл, расында да, ұзақ уақыт. Десе де Ехобаның баталары күтуге тұрарлық.

БІЗГЕ НЕ КӨМЕК БОЛМАҚ?

18, 19. Шыдаммен күтуге ықыласты болуға бізге не көмектеседі?

18 Ехоба біздің шыдамдылық танытып, күтуге дайын болғанымызды қалайды. Осы орайда бізге не көмек болмақ? Құдайдан киелі рухын сұрап дұға ету қажет. Өйткені шыдамдылықты киелі рух арқылы дамытатынымыз есімізде шығар (Ефестіктерге 3:16; 6:18; Салоникалықтарға 1-хат 5:17—19). Олай болса, Ехобаға шыдаммен төзуге көмектесуін сұрап жалбарынайық!

19 Сондай-ақ Ыбырайымға, Жүсіпке және Дәуітке Ехобаның уәделерінің орындалуын шыдаммен күтуге не көмектескенін де естен шығармайық. Олар Ехобаға сенді әрі оған арқа сүйеді. Сондай-ақ өздері жайлы, қалаулары жайлы ғана ойламады. Осы кісілердің нендей баталарға кенелгені жайлы ойлансақ, шыдаммен күтуге ықыласты боламыз.

20. Біз не істеуге бел бууымыз керек?

20 Бүгінде біз өмірдің тауқыметімен күресіп жүрсек те, “шыдаммен күтуге” бел будық. Кейде біздің “Уа, Ехоба, бұл қашанға дейін созылады?” деген жанайқайымыз шығуы мүмкін (Ишая 6:11). Алайда Құдайдың киелі рухының көмегімен біз Еремия пайғамбарға еліктеп, келесі сөздеріне қосыла аламыз: “Ехоба — менің үлесім, сондықтан оны күтуге бел будым” (Еремияның зары 3:21, 24).

^ 11-абзац Мұсаның 1-жазбасының 15-ке жуық тарауы Ыбырайымның өмірі жайлы баяндайды. Сондай-ақ Мәсіхшілердің грек жазбаларының жазушылары да Ыбырайымды 70-тен аса рет атап өткен.

^ 14-абзац Саулдың билік еткеніне екі жылдан сәл асқанда, Ехоба одан бас тартты. Десе де Саул өле-өлгенше, 38 жылдан аса уақыт бойы, билік ете берді (Самуилдің 1-жазбасы 13:1; Елшілердің істері 13:21).