Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ақпараттың рас-өтірігіне көз жеткіздіңіз бе?

Ақпараттың рас-өтірігіне көз жеткіздіңіз бе?

“Мән-жайды тыңдамай жатып жауап қайтару — Ақымақтық әрі масқаралық” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 18:13).

ӘНДЕР: 126, 95

1, 2. а) Біз не істеуді үйренгеніміз маңызды және неге? ә) Осы мақаладан не білеміз?

БҮГІНДЕ біз естіп-білетін мәлімет сан алуан. Осы орайда бәрімізге де сол мәліметтерді саралап-салмақтап, дұрыс тұжырымға келуді үйрену керек (Нақыл сөздер 3:21—23; 8:4, 5). Әйтпесе Шайтан мен оның дүниесі бізді оп-оңай алдап кетеді (Ефестіктерге 5:6; Қолостықтарға 2:8). Ал дұрыс тұжырымға келу үшін, біз мәліметтің мән-жайын анықтауымыз керек яки оның рас-өтірігіне көз жеткізуіміз қажет. Нақыл сөздер 18:13-те: “Мән-жайды тыңдамай жатып жауап қайтару — Ақымақтық әрі масқаралық”,— делінген.

2 Біз осы мақалада ақпараттың рас-өтірігіне көз жеткізіп, дұрыс тұжырымға келу қиын болатын жағдайларды қарастырамыз. Естіп-білген мәліметті саралап-салмақтауға үйрететін Киелі кітап мысалдары мен принциптерін де білеміз.

“ӘРБІР СӨЗГЕ” СЕНЕ БЕРМЕҢІЗ

3. Неге Нақыл сөздер 14:15-тегі принципке сай әрекет етуіміз керек? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

3 Қазіргі таңда мәлімет көздері өте көп. Оған ғаламтор, теледидар мен басқа да ақпарат құралдары кіреді. Бұған қоса, достарымыз түрлі электронды хаттар мен хабарламалар, түрлі оқиғалар мен жаңалықтар жіберіп жатады. Кейде біз мәліметтің көптігінен көз аша алмай қалатын сияқтымыз. Сондықтан сақ болғанымыз өте маңызды. Әрине, біз достарымыздың ниетіне шек келтірмейміз. Алайда қандай да бір өтірікті әдейілеп тарататын не шындықты бұрмалайтын жаман ниетті адамдар бар екенін ұмытпайық. Олай болса, Киелі кітаптағы қандай принцип бізге естіп-білгенімізді саралап-салмақтауға көмектеседі? Нақыл сөздер 14:15-те: “Аңғал әрбір сөзге сенеді, Парасатты әр қадамын ойлап басады”,— делінген.

4. Філіпіліктерге 4:8, 9-да мәліметті таңдап оқуға қатысты қандай кеңес бар? Тура мәліметке жүгіну неге өте маңызды? (“ Сенім артуға болатын кейбір мәлімет көздері” деген қоршауды да қараңыз.)

4 Дұрыс тұжырымға келу үшін біз сенімді ақпарат көздеріне жүгінуіміз керек. Сол себептен не оқитынымызға өте мұқият болуымыз қажет (Філіпіліктерге 4:8, 9 оқыңыз). Күмән туғызатын жаңалық сайттарын, өсек тарататын электронды хаттарды оқып, уақытымызды босқа өткізбегеніміз жөн. Әсіресе жолдан тайғандардың ой-пікірі жазылған сайттардан аулақ болуымыз керек. Олардың мақсаты — Құдай халқының сенімін шайқалтып, шындықты бұрмалау. Сенімсіз мәлімет бұрыс шешімге әкеп соқтырады. Жалған мәлімет маған әсер етпейді деп ойламаңыз (Тімөтеге 1-хат 6:20, 21).

5. Исраилдіктер қандай жалған әңгіме естіді және бұл оларға қалай әсер етті?

5 Жалған әңгімелердің салдары өте жаман болуы мүмкін. Мұсаның заманында 12 кісі Уәде етілген жерді барлап келуге кеткен болатын. Қайтып келгенде, олардың 10-ы ол жерді жамандай бастады (Мұсаның 4-жазбасы 13:25—33). Олардың тым әсірелеп айтқан сөздерін естігенде, Ехобаның халқы үрейге бой алдырып, еңселері түсіп кетті (Мұсаның 4-жазбасы 14:1—4). Неге бұлай болды? Барлаушылардың басым бөлігі бір нәрсені айтқандықтан, халық оларға сеніп қалған шығар. Сондықтан олар қалған екі барлаушының сол жер туралы айтқан жақсы сөздеріне құлақ түрмей қойды (Мұсаның 4-жазбасы 14:6—10). Мәселенің рас-өтірігіне көз жеткізіп, Ехобаға сенім артудың орнына, олар ақымақтық жасап, әлгі өтірікке сене салды.

6. Ехобаның халқы туралы жұртты дүрліктіретін жаңалықтарды естігенде, біз неге таңғалмаймыз?

6 Ехоба куәгерлері туралы қандай да бір жаңалықтар естігенде, өте абай болуымыз керек. Шайтанның “бауырластарымызға... жала жауып жүрген айыптаушы” екенін ұмытпайық (Аян 12:10). Иса қарсыластарымыздың бізге “түрлі жала жауып жамандайтынын” ескерткен болатын (Матай 5:11). Осы ескертуге ден қоятын болсақ, Ехобаның халқы туралы жұртты дүрліктіретін жаңалықтарға аң-таң болмаймыз.

7. Қандай да бір хабарламаны жібермес бұрын не деп ойлануымыз керек?

7 Достарыңызға электронды хабарлама жібергенді жақсы көресіз бе? Жаңалықтардан бір қызықты оқиғаны көрсеңіз я болмаса елең еткізер бір жағдайды естісеңіз, оны бірден басқаларға жеткізуге дайын тұрасыз ба? Сондай хатты жібермей тұрып, былай ойланып көріңіз: “Осы әңгіменің рас екеніне көзім жетті ме? Анық-қанығын толықтай білемін бе?” Сенімді болмасаңыз, сіз өтірік мәлімет таратып жатқан болуыңыз мүмкін. Ендеше, мәліметтің рас-өтірігін білмесеңіз, оны басқаларға жібермеңіз. Өшіріп тастаңыз!

8. Кейбір елдердегі қарсыластар не істеген және қалай біз өзіміз аңдамай олардың ісіне ортақтас болып қалуымыз мүмкін?

8 Электронды хаттар мен хабарламаларды ойланбастан басқаларға жіберудің тағы бір қаупі бар. Кейбір елдерде біздің ісімізге шектеу қойылған, кейбірінде мүлде тыйым салынған. Осындай елдердегі бізге қарсы адамдар бізді қорқыту үшін я болмаса бір-бірімізге күдік тудыру үшін әдейілеп сыбыстар таратуы мүмкін. Бұрынғы Кеңес Одағында болған жағдайды мысалға алсақ болады. КГБ қызметкерлері көпшілікке танымал кейбір ер бауырластар Ехобаның халқын сатып кетті деген қауесет таратқан *. Өкінішке орай, көп бауырластар осы жалған сыбысқа сеніп, Ехобаның ұйымынан кетіп қалған. Кейінірек олардың көбісі шындыққа қайтып келді. Бірақ кейбірі сол күйі оралмады. Осы өтірік сыбыстарға бола олар сенімдерінен айырылып қалды (Тімөтеге 1-хат 1:19). Осындай өкінішті жағдайды болдырмау үшін не істеуіміз керек? Нақты көзіңіз жетпеген немесе жағымсыз жаңалықтарды таратпаңыз. Естігендеріңіздің бәріне сене бермеңіз. Рас-өтірігіне көз жеткізіңіз.

ЖАРТЫЛАЙ ШЫНДЫҚТАР

9. Тағы қандай жағдайларда тура ақпарат алу қиын болып жатады?

9 Кейде біз өтірік-шыны аралас оқиғалар естиміз. Ал кейде оқиғаның бір бөлігі ғана құлағымызға жетуі мүмкін. Сол себепті мәселеге қатысты дұрыс тұжырым жасау қиын болып жатады. Өтірік-шыны аралас әңгімелерге сенуге болмайды! Сондай әңгімелерге сеніп, алданып қалмау үшін не істесек болады? (Ефестіктерге 4:14).

10. Исраилдіктер неліктен бауырларымен соғысуға шақ қалды және ненің арқасында олар бұның алдын алды?

10 Ешуаның кезінде Иордан өңірін мекендеген исраилдіктермен болған оқиғадан өзімізге сабақ алсақ болады (Ешуа 22:9—34). Олар Иорданның арғы бетіндегі исраилдік бауырлары өзен жағасына үлкен құрбандық ошағын жасапты деген хабар естиді. Бұл рас болғанымен, олар жағдайдың анық-қанығынан бейхабар еді. Содан бауырлары Ехобаға қарсы бүлік шығарды деген ойға келіп, олармен соғысу үшін бас қосады (Ешуа 22:9—12 оқыңыз). Бірақ шайқасқа шықпас бұрын, олар істің мән-жайын біліп келу үшін бірнеше кісіні жібереді. Сөйтсе, әлгі исраилдіктер бұл құрбандық ошағын жалған құдайларға арнап соқпаған екен. Олар бұны өздерінің Ехобаға ғибадат ететіндерінің белгісі ретінде тұрғызыпты. Сол кезде исраилдіктер өздерінің бауырларымен бас салып соғыспай, алдымен мәселенің мән-жайын біліп алғандарына қатты қуанғаны сөзсіз.

11. а) Мепібошет қандай әділетсіздік көрді? ә) Дәуіт қалай бұл әділетсіздіктің алдын алар еді?

11 Кейде өзгелер біз туралы өтірік-шыны аралас сөздер таратып, содан зардап шегуіміз мүмкін. Мепібошет осындай жағдайды бастан өткізген. Дәуіт патша оған атасы Саулдың иелігіндегі жердің бәрін берген болатын (Самуилдің 2-жазбасы 9:6, 7). Бірақ сосын Дәуіт Мепібошет туралы жаман нәрсе естиді. Ол бұның ақ-қарасын ажыратпай жатып, Мепібошеттің бүкіл меншігін алып қояды (Самуилдің 2-жазбасы 16:1—4). Кейін оның өзімен сөйлесе келе, Дәуіт қателік жасағанын түсінеді. Сөйтіп, меншігінің қандай да бір бөлігін оған қайтарып береді (Самуилдің 2-жазбасы 19:24—29). Дәуіт бірауыз сөзге бола асығыс шешім қабылдамай, жағдайдың анық-қанығын асықпай біліп алғанда, Мепібошет бұл әділетсіздікті бастан кешірмес еді.

12, 13. а) Адамдар Иса туралы өтірікті таратқанда, ол не істеді? ә) Біреу біз туралы өтірік айтса, не істесек болады?

12 Біреу жұртқа сіз жайлы өтірік таратып жүрсе, не істейсіз? Исамен де, шомылдыру рәсімін жасаушы Жақиямен де солай болған (Матай 11:18, 19 оқыңыз). Иса сол кезде не істеді? Ол бүкіл уақыты мен күшін сарп етіп, адамдардың ол туралы айтқандарының бәрі де жалған екенін дәлелдеуге тырыспады. Қайта, ол жұртты бұның рас-өтірігіне көз жеткізуге шақырды. Олар оның не істеп жүргенін, не үйретіп жүргенін көрсін деді. Иса: “Даналық істерімен ақталады”,— деді (Матай 11:19, сілтеме).

13 Осы орайда Исадан керемет сабақ аламыз. Кейде өзгелер біз туралы өсек айтып, жағымсыз сөздер таратуы мүмкін. Соның кесірінен атымызға кір келеді деп уайымдайтын болармыз. Бірақ біз адамдарға шын мәнінде қандай адам екенімізді жүріс-тұрысымызбен көрсете аламыз. Исаның үлгісінен көргеніміздей, осылайша үлгілі жүріс-тұрысымызбен біз туралы айтылған өсек пен жалған айыпты жоққа шығарамыз.

ӨЗ-ӨЗІҢІЗГЕ АРҚА СҮЙЕП КЕТКЕН ЖОҚСЫЗ БА?

14, 15. Өз ақылымызға арқа сүйеп кету неге қауіпті?

14 Жоғарыда айтылып кеткендей, кейде мәселенің мән-жайына көз жеткізу қиын болады. Бізге тағы бір кедергі жасайтын нәрсе — өзіміздің кемелсіздігіміз. Бәлкім, біз көп жылдан бері Ехобаға қызмет етіп келе жатқандықтан, біраз ақыл-парасат жинаған шығармыз. Парасаттылықпен ойланатынымыз үшін адамдар бізді қатты сыйлайтын болар. Бұл бізге қалай әсер етуі мүмкін?

Киелі кітапта өз ақылымызға арқа сүйеп кетпеу керектігі ескертілген

15 Біз өз ақылымызға арқа сүйеп кетуіміз мүмкін. Мұндайда тек өзіміздің сезімдеріміз бен ой-пікіріміздің жетегінде кету қаупі бар. Қолымызда барлық айғақ болмаса да, жағдайдың мән-жайын білемін деп пайымдай бастауымыз мүмкін. Бұл өте қауіпті! Өз ақылымызға арқа сүйеп кетпеу керектігі Киелі кітапта нақты ескертілген (Нақыл сөздер 3:5, 6; 28:26).

16. Осы мысалда қандай жағдай орын алды және Қанат не деп ойлады?

16 Келесідей жағдайды елестетіп көріңізші: көп жылдан бері ақсақал болып қызмет етіп келе жатқан Қанат деген бауырлас кафеде отырады. Сол жерде ол Сәкен деген ақсақалдың өз жұбайымен емес, басқа бір әйелмен отырғанын көреді. Олар көңілді отырған сияқты. Қанат олардың жарқын-жарқын күліп, құшақтасып жатқанын көрді. Ол бірден іштей былай деп ойланып кетеді: “Енді Сәкен әйелімен ажыраса ма? Оның балаларымен не болады?” Қанат бұрын біреулермен осындай жағдайдың болғанын білетін. Сіз Қанаттың орнында болсаңыз, не ойлар едіңіз?

17. Кейінірек Қанат не білді және біз бұл жағдайдан неге үйренеміз?

17 Асықпай, ойланып көрейікші. Қанат: “Сәкен әйелінің көзіне шөп салып жүр”,— деп ойлады. Бірақ ол мәселенің мән-жайын толық біле ме? Кейінірек Қанат Сәкенге хабарласып, әлгі әйел оның туған қарындасы екенін біледі. Ол алыстан жол жүріп келген екен. Бір-бірін көрмегендеріне көп жыл болыпты. Бірақ қарындасы бірнеше сағатқа ғана келгендіктен, Сәкеннің үйіне баруға уақыттары болмапты. Ал Сәкеннің әйелі олар отырған кафеге келе алмаған екен. Қанат: “Сәкен туралы не ойлағанымды ешкімге айтпағаным қандай жақсы болды!”— деп ойлады. Бұл жағдайдан неге үйренеміз? Ехобаға қанша уақыт қызмет етпейік, дұрыс тұжырым жасау үшін біз жағдайдың мән-жайын анықтап алуымыз керек.

18. Бауырластарымыз туралы қате тұжырым жасауға не түрткі болуы мүмкін?

18 Тағы бір жағдайды алайық: сіз бір бауырласпен тіл табыса алмай жүрсіз делік. Мұндайда оған қатысы бар қандай да бір жағдайға дұрыс баға бере алмай қалуыңыз мүмкін. Араларыңыздағы келіспеушілік туралы ойлана берсеңіз, оған күдіктене бастайсыз. Ал кейін ол туралы жағымсыз бір нәрсе ести қалсаңыз, рас-өтірігін білмесеңіз де, сол әңгімеге сенгіңіз келуі мүмкін. Бұдан қандай сабақ аламыз? Егер бауырластарымыз туралы жаман ойларға бой алдырсақ, бұл біздің, ешбір негіз болмаса да, олар жайлы қате тұжырым жасауымызға түрткі болады (Тімөтеге 1-хат 6:4, 5). Сондықтан жүрегімізде қызғаныш пен іштарлықтың ұялауына жол бермейік. Ехоба біздің бауырластарымызды сүйгенімізді және оларды шын жүректен кешіргенімізді қалайтынын ешқашан естен шығармайық (Қолостықтарға 3:12—14 оқыңыз).

КИЕЛІ КІТАП ПРИНЦИПТЕРІ БІЗГЕ КӨМЕКТЕСЕДІ

19, 20. а) Мәліметті саралап-салмақтауға қандай Киелі кітап принциптері көмектеседі? ә) Келесі мақалада нені қарастырамыз?

19 Бүгінде сенім артуға тұрарлық мәліметті тауып, оны дұрыстап саралап-салмақтау оңай емес. Неге? Себебі мәліметтердің басым бөлігі толық емес не өтірік-шыны аралас болып жатады. Одан қалса, кемелсіздігіміз де бар. Осы орайда бізге не көмектеседі? Әрине, Құдай Сөзіндегі принциптер! Солардың бірінде “мән-жайды тыңдамай жатып жауап қайтару — ақымақтық” екені айтылған (Нақыл сөздер 18:13). Тағы бір принцип — рас-өтірігіне көз жеткізбей жатып, естіген әрбір нәрсеге сене бермеу (Нақыл сөздер 14:15). Сондай-ақ Ехобаға бұрыннан қызмет етіп жүрсек те, өз ақылымызға арқа сүйеп кетпеуіміз керек (Нақыл сөздер 3:5, 6). Сонымен, Киелі кітап принциптері бізді қорғасын десек, онда сенімді мәліметтерге жүгінуіміз керек. Сонда дұрыс тұжырым жасап, дана шешім қабылдай аламыз.

20 Бізге жағдайдың ақ-қарасын ажыратуға кедергі жасайтын тағы бір нәрсе бар. Пенде болғандықтан, кейде біз адамдарға қарап, сырттай тон пішуге бейімбіз. Келесі мақалада жиі біз қандай жайттарға қарап тұжырым жасайтынымызды және осындай қателікті жасамау үшін не істеу керектігін білеміз.

^ 8-абзац 2004 жылғы “Ехоба куәгерлерінің жылнамасының” (ор.) 110—112 беттерін және 2008 жылғы “Жылнаманың” (ор.) 133—135 беттерін қараңыз.