Оқырман сауалдары
Неге Ехоба куәгерлерінің басылымдарын басқа сайттарға не әлеуметтік медиаға салу ешкімге рұқсат етілмейді?
Біздің басылымдарымыз ақысыз берілетіндіктен, кейбір адамдар оларды басқа сайттарға не әлеуметтік медиаға да жүктеуге болады деп ойлайды. Бірақ бұл үлкен қиындықтар туғызуы мүмкін, әрі біздің сайттарымыздың Пайдалану тәртібіне * қайшы келеді. Сол Пайдалану тәртібінде “сайттың мәліметтерін Ғаламторға (кез келген сайтқа, файл алмастыру сервистеріне, видео алмастыру сервистеріне, немесе әлеуметтік желілерге) салу” ешкімге рұқсат етілмейтіні анық айтылған. Ал сайтымыздың мәліметтеріне не кіреді? Суреттер, электронды әдебиеттер, сауда таңбалары, әуендер, фотосуреттер, мәтіндер мен бейнероликтер. Мұндай ережелер не үшін қажет?
Біздің сайттарымыздағы барлық мәліметтердің авторлық құқығы бар, яғни олардың бәрі заңмен қорғалған. Бұл — маңызды шара, өйткені мәліметтерді заңсыз қолданыстан сақтайды. Жолдан тайғандар мен біздің іс-шарамызға зиян келтіргісі келетін адамдар басылымдарымызды кейде өздерінің сайттарына салып жатады. Сондағы мақсаты — Ехоба куәгерлері мен басқа да адамдарды сайттарына назар аударту. Бірақ олар сайттарына адамға күмән ұялататын басқа да мәліметтер салып қояды (Зәбүр 26:4; Нақыл сөздер 22:5). Сондай-ақ біздің мәліметтерімізді я jw.org логотипімізді өздерінің жарнамаларына, мобильді қосымшаларына немесе сататын тауарларына орналастырып қоятындар да бар. Бірақ мәліметтеріміз бен логотипіміз заңмен қорғалғандықтан, біз сотқа жүгініп, оларды жауапқа тарта аламыз (Нақыл сөздер 27:12). Алайда кей адамдарға, тіпті бауырластарға да, басылымдарымызды басқа сайттарға салуға не jw.org логотипімізді сауда-саттық үшін қолдануға рұқсат берсек, сот біздің құқығымызды қорғамауы мүмкін.
Басылымдарымызды jw.org сайтынан емес, басқа жақтардан жүктейтін болсақ, бұл қауіпті болуы мүмкін. Ехоба рухани ас-суды тек “адал да ақылды құл” арқылы береді (Матай 24:45). Ал “адал да ақылды құл” бұл үшін келесі ресми сайттарды ғана қолданады: www.pr418.com, tv.pr418.com және wol.pr418.com. Мобильді құрылғыға арналған ресми қосымшаларымыз да үшеу-ақ, бұлар JW Language®, JW Library® және JW Library Sign Language®. Аталмыш сайттар мен қосымшаларда ешқандай жарнама да, Шайтан дүниесінің ештеңесі де жоқ. Ал егер басылымдарымызды басқа сайттан не қосымшадан жүктейтін болсақ, бұл қауіпті, өйткені ондағы мәлімет қандай да бір жолмен өзгертілуі мүмкін (Зәбүр 18:26; 19:8).
Егер басылымдарымызды пікірлер қалдыруға болатын сайттарға жүктеп салсақ, жолдан тайғандар мен өзге де адамдар мұны пайдаланып, Ехобаның ұйымын сынап-мінеуден тайынбайды. Ал кейін бауырластардың кейбірі сол адамдармен дауласа бастап, нәтижесінде Ехобаның аты одан бетер қаралануы мүмкін. Ғаламтордағы мұндай айтыс-тартыс әлдекімнің көзқарасын түзетіп, шындықты түсіндіруге көмектесетін жөнді әдіс емес (Тімөтеге 1-хат 6:3—5; Тімөтеге 2-хат 2:23—25). Ал кей адамдар ұйымның атынан я Басқарушы кеңестің құрамындағы бауырластардың атынан деп, сайттар мен әлеуметтік медиада тіркеу жазбаларын (аккаунт) ашады. Бірақ бұл өтірік. Басқарушы кеңестің ешбір мүшесінде жеке өзінің веб-парақшасы я әлеуметтік медиада тіркеу жазбасы жоқ.
Адамдардың назарын jw.org сайтына аударғанда, “ізгі хабардың” уағыздалуына үлес қосамыз (Матай 24:14). Біздің сайттарымыз бен қосымшаларымыз жақсарған үстіне жақсаруда. Біз әр адам солардың игілігін көрсе екен дейміз. Сондықтан басылымдарымыздың бір данасын электронды хат арқылы жіберуге я болмаса сайтымыздың сілтемесін жіберуге рұқсат береміз. Осылайша біз адамдарды рухани ас-судың жалғыз арнасына, “адал да ақылды құлға” бағыттаймыз.
^ 1-абзац Пайдалану тәртібінің сілтемесін jw.org сайтының негізгі бетінің төменгі жағынан таба аласыз. Ондағы ережелер біздің сайттарымыздағы барлық мәліметке қатысты берілген.