Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Жомарт жандар бақытты

Жомарт жандар бақытты

“Берген бақытты” (ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ 20:35).

ӘНДЕР: 76, 110

1. Ехобаның жомарт екенін не дәлелдейді?

БІР кездері бүкіл ғаламда Ехобадан басқа ешкім болмаған. Кейін ол басқаларға да өмір сыйлауды шешті. Содан көкте және жерде саналы тұлғаларды жаратты. Расында да, “бақытты Құдай” Ехоба игі нәрселерді бергенді ұнатады (Тімөтеге 1-хат 1:11; Жақып 1:17). Ол біздің де бақытты болғанымызды қалайды. Сондықтан бізді жомарттыққа үйретеді (Римдіктерге 1:20).

2, 3. а) Жомарт болғанымыз неге бізді бақытқа бөлейді? ә) Бұл мақаладан не білеміз?

2 Құдай адам баласын өзіне ұқсас етіп жаратқан (Мұсаның 1-жазбасы 1:27). Демек, Құдайда бар қасиеттерді біз де таныта аламыз. Олай болса, шынайы бақытқа қол жеткізіп, Ехобаның батасына бөлену үшін оған еліктеуіміз қажет. Бұл үшін өзгелердің мүдделерін ойлап, береген болғанымыз жөн (Філіпіліктерге 2:3, 4; Жақып 1:5). Неге бақытты болу үшін жомарт болу керек? Өйткені Ехоба бізді солай етіп жаратты. Тіпті кемелсіз болсақ та, Ехобаға еліктеп, ол сияқты жомарт бола аламыз.

3 Қазір біз Киелі кітапта жомарттық жайлы не делінгенін қарастырып, біраз нәрсеге үйренеміз. Қолымыз ашық болса, Ехобаның көңілінен шығатынымызды білеміз. Сонымен қатар жомарттықтың арқасында Ехобаның тапсырған ісін жақсы атқара алатынымызды көреміз. Жомарттық пен бақыттың арасындағы байланысты да талқылаймыз. Ал соңында неге әрдайым жомарт болудың маңызды екенін сөз етеміз.

БЕРЕГЕН БОЛСАҚ, ЕХОБАНЫҢ КӨҢІЛІНЕН ШЫҒАМЫЗ

4, 5. Ехоба мен Иса қалай жомарттық танытты және неге біз оларға еліктеуіміз қажет?

4 Ехоба біздің өзіне еліктегенімізді қалайды. Сондықтан жомарт болсақ, ол қуанады (Ефестіктерге 5:1). Ол адамдардың бақытты болғанын да қалайды. Бұған дәлел — оның бізді кереметтей етіп жаратқаны, тамаша баспанамыз жерді және ондағының бәрін біздің игілігіміз үшін жаратқаны (Зәбүр 104:24; 139:13—16). Ехоба сияқты, біз де басқаларды бақытты етуге тырыссақ, бұл оған көрсеткен құрметіміз болады.

5 Біз Ехобамен қатар Исаға да еліктейміз. Ол адам баласы үшін жомарт болудың керемет үлгісін қалдырды. Иса өзі жайлы былай деген: “Адам Ұлы... өзіне қызмет еткізуге емес, өзі қызмет етіп, көптеген адамдар үшін жанын төлем ретінде беруге келді” (Матай 20:28). Сол себепті елші Пауыл мәсіхшілерге мынадай кеңес берді: “Сендер де Мәсіх Иса сияқты ойлаңдар. [Ол] барлығынан өз еркімен бас тартып, құлдың кейпін қабылдады” (Філіпіліктерге 2:5, 7). Біз келесідей сұрақты ой елегінен өткізсек болады: “Мен Исаға бұрынғыдан да жақсырақ еліктей аламын ба?” (Петірдің 1-хаты 2:21 оқыңыз).

6. Исаның қайырымды самариялық туралы әңгімесінен не үйренеміз? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

6 Ехоба өзінің және Исаның керемет жомарттығына еліктегенімізді көргенде, бізге риза болады. Бұл үшін өзгелердің қамын ойлап, оларға көмектесудің жолдарын іздеуіміз керек. Мұның маңыздылығы Исаның қайырымды самариялық туралы әңгімесінен көрінеді (Лұқа 10:29—37 оқыңыз). Иса бұл әңгімені не үшін айтқан еді? Себебі бір яһуди кісі одан: “Мен нақты кімді сүюім керек?”— деп сұраған болатын. Сондағы Исаның жауабынан келесідей ой түйеміз: адамдар кім болмасын, қайдан болмасын, оларға көмектесуге тиіспіз. Ехобаға ұнамды болғымыз келсе, әлгі самариялық кісі сияқты жомарттық танытуымыз керек.

7. Ехобаның айтқанымен жүру ең жақсы жол екеніне сенетінімізді қалай көрсете аламыз? Түсіндіріңіз.

7 Кезінде Едем бағында көтерілген даулы мәселе жайлы ойлансақ, жомарт та кеңпейіл болудың маңыздылығын жете түсінеміз. Шайтанның айтуы бойынша, Адам мен Хауа Ехобаның тілін алмай, тек өз бастарын ойласа, анағұрлым бақытты болар еді. Содан Хауа Шайтанға иланып қалды да, өз қара басын ойлап кетіп, Құдай сияқты болғысы келді. Адам да өзін ойлап, Құдайға қарағанда Хауаға жаққысы келді (Мұсаның 1-жазбасы 3:4—6). Мұның салдары өте қайғылы болды. Иә, өзімшіл адам бақытты бола алмайды. Ал егер өзгелердің мүддесін ойлайтын жомарт адам болсақ, Ехобаның айтқанымен жүру ең жақсы жол екеніне сенетінімізді көрсетеміз.

ЕХОБАНЫҢ БІЗГЕ ТАПСЫРҒАН ІСІН АТҚАРАЙЫҚ

8. Адам мен Хауа неге өзгелердің қамын ойлау керек еді?

8 Едемде жалғыз өздері болса да, Адам мен Хауа басқалардың қамын ойлау керек еді. Өйткені Ехобаның берген тапсырмасы бойынша, олар өсіп-өніп, жер бетін толтырып, оны жұмаққа айналдыру керек болатын (Мұсаның 1-жазбасы 1:28). Ехоба жер бетіндегі әр адамның бақытты болғанын қалады. Адам мен Хауа да осыны қалап, болашақта туылатын балаларының бақытын ойлау керек-тін. Олардың бәрі жер бетін әдемі жұмаққа айналдыру үшін бірге еңбектену керек еді. Алда оларды үлкен іс күтіп тұрды!

9. Жер бетін жұмаққа айналдыру ісі неге адамзатты бақытты етпек еді?

9 Жер бетін жұмаққа айналдырып, Құдайдың еркін орындау үшін, кемелді адамзат Ехобамен де бірге еңбектену керек еді. Осылайша олар Құдайдың демалу үшін дайындаған жеріне кіре алатын (Еврейлерге 4:11). Ойлап көріңізші, бұл жұмыстан олар еш жалықпас еді! Олар өздерін ғана ойламай, өзгелердің де мүддесін ойлағандары үшін Ехоба оларға батасын молынан жаудырар еді.

10, 11. Уағыздау мен шәкірт дайындау ісін атқаруымызға не септігін тигізеді?

10 Бүгінде Ехоба бізге ерекше іс тапсырған. Бұл — уағыздау мен шәкірт дайындау ісі. Оны атқару үшін біз адамдардың қамын ойлауымыз керек. Ниетіміз дұрыс болса ғана, яғни Ехоба мен адамдарды жақсы көрсек қана, бұл істі талмай атқара аламыз.

11 Пауыл өзінің және І ғасырдағы басқа да мәсіхшілердің “Құдаймен қызметтес” екендерін айтқан. Өйткені олар адамдарға шындықты уағыздап, тәлім берген болатын (Қорынттықтарға 1-хат 3:6, 9). Біз де “Құдаймен қызметтесе” аламыз. Бұл үшін уақытымызды, күшіміз бен қолда барымызды Құдай тапсырған уағыз ісіне жұмсаймыз. Біз үшін бұл — үлкен мәртебе!

Адамға шындықты түсінуге көмектессек, зор қуанышқа бөленеміз (12-абзацты қараңыз)

12, 13. Шәкірт дайындау ісінің жемісі жөнінде не айта аласыз?

12 Уағыздау мен шәкірт дайындау ісіне уақытымыз бен күшімізді жұмсап, жомарттық танытқанымыз бізді зор қуанышқа бөлейді. Бұны зерттеу сабақтарын жүргізген көп бауырлас растай алады. Зерттеушілердің Киелі кітап ілімдерін түсінгенін, шынайы сенімдері пайда болып, өмірлерін өзгерткенін әрі білгендерін басқаларға айта бастағанын көргенде, қуанышымызда шек болмайды. Иса да 70 шәкіртінің уағыздан қуанып келіп, қызықты оқиғаларды айтып жатқандарын көргенде, қатты қуанған (Лұқа 10:17—21).

13 Дүниежүзіндегі бауырластарымыз Киелі кітаптағы хабар адамдардың өмірін жақсы жаққа өзгертіп жатқанын көргенде, төбелері көкке жетеді. Мысалы, Анна * есімді тұрмыс құрмаған бір бауырласымыз Ехобаға көбірек қызмет еткісі келген. Содан Шығыс Еуропадағы жариялаушыларға қажеттілік бар бір аймаққа көшіп барады. Ол былай дейді: “Мұнда Киелі кітапты зерттегісі келетін адамдар көп. Бұл маған қатты ұнайды. Қызметім зор қуаныш сыйлайды. Қызметтен қолым босамайтыны сонша — қиындықтарымды ойлап уайымдауға уақытым қалмайды. Өйткені зерттеп жүрген адамдарды, олардың қиындығы мен уайымы жайлы ойланамын. Оларға көмектесіп, жігерлендірудің амалын іздеймін. Осылай “алғаннан гөрі берген бақытты” деген сөздердің растығына көзім жетті” (Елшілердің істері 20:35).

Адамдар Құдай хабарына құлақ аспаса да, оны уағыздау біз үшін қуаныш

14. Адамдар тыңдамаса да, уағыз ісінен қалай қуаныш алуға болады?

14 Адамдар уағызымызды тыңдамаса да, біз бұл істен қуаныш таба аламыз. Өйткені біз оларға ізгі хабарды естуге мүмкіндік беріп жүрміз. Кезінде Ехобаның Езекиелге айтқан: “Олар тыңдасын-тыңдамасын, айтқандарымды жеткіз”,— деген сөздерін бізге де қатыстыруға болады (Езекиел 2:7; Ишая 43:10). Сонымен, адамдар Құдай хабарына құлақ аспаса да, еңбегіміз Ехоба үшін бағалы (Еврейлерге 6:10 оқыңыз). Қызмет жайлы бір бауырлас былай депті: “Біз ектік, суардық. Енді әрі қарай Ехобаның өзі өсіреді деген үмітпен дұға етеміз” (Қорынттықтарға 1-хат 3:6).

Үйме-үй жүріп, әр адамға бару арқылы оларға Патшалық хабарын естуге мүмкіндік береміз (14-абзацты қараңыз)

БАҚЫТЫМЫЗ НЕГЕ БАЙЛАНЫСТЫ?

15. Адамдар бағаласа ғана жомарт болуымыз керек пе? Түсіндіріңіз.

15 Иса біздің жомарт болып, бақытқа кенелгенімізді қалайды. Жомарт болсақ, адамдар да бізге жомарт болады. Сол себепті Иса келесідей кеңес берген: “Беріңдер, сонда жұрт сендерге де береді. Қойындарыңа нығыздап, шайқап, тасып-төгілген мөлшерде салып береді. Қандай өлшеммен өлшеп берсеңдер, сендерге де сондай өлшеммен беріледі” (Лұқа 6:38). Десе де сіздің жомарттығыңызды барлығы бірдей бағалай бермес. Бірақ сонда да беруден талмаңыз. Кім біледі, бәлкім, бір ғана жомарт ісіңіз көп игілік әкелер.

16. Кімдерге жомарт болуымыз керек және қандай ниетпен?

16 Шын жомарт адамдар жақсылық жасағанда, “кейін өзіме қайтады” деп күтпейді. Иса: “Той жасағанда, кедей-кепшік, кемтар, ақсақтар мен соқырларды шақыр. Олар саған қарымтаңды қайтара алмайтындықтан бақытты боласың”,— деген (Лұқа 14:13, 14). Киелі кітапта: “Жомарт жан жарылқанады”,— деген сөздер де бар. Ал басқа бір жерінде: “Бейшараның қамын ойлайтын адам бақытты”,— делінген (Нақыл сөздер 22:9; Зәбүр 41:1). Иә, біз өзгелерге шын ниетпен көмектескіміз келгендіктен жомарт болуымыз керек.

17. Берудің қандай жолдары бар?

17 Пауыл Исаның “алғаннан гөрі берген бақытты” деген сөздерін айтқанда, ақша не зат беруді ғана ойда тұтпаған. Берудің басқа да жолдары бар. Мысалы, біз өзгелерге жігер береміз, Киелі кітапқа жүгініп кеңес береміз және қол ұшын береміз (Елшілердің істері 20:31—35). Пауыл сөзімен де, ісімен де жомарт болудың маңыздылығын көрсеткен. Оған еліктеп біз де уақытымызды, күшімізді, көңіліміз бен сүйіспеншілігімізді аямай, жомарт болуымыз керек.

18. Жомарттық жайлы көптеген ғалымдар не дейді?

18 Адамның мінез-құлқын зерттейтін ғалымдардың да айтуынша, берегендік адамды бақытты етеді екен. Бір ғылыми мақалада өзгелерге жақсылық жасаған адамдар өздерін бақыттырақ сезінгені айтылған. Ғалымдар өзгелерге қол ұшын берсек, өмірімізге мән-мағына кіретінін айтады. Сол себепті кейбір мамандар денсаулықты жақсартып, бақыттырақ болу үшін ерікті жұмыс істеуге кеңес береді. Әрине, олардың кеңесі біз үшін жаңалық емес, себебі сүюші Жаратушымыз Ехоба жомарттықтың бақытқа жетелейтінін әрдайым айтып отырады (Тімөтеге 2-хат 3:16, 17).

ЖОМАРТ ІСТЕРІҢІЗ ЖАЛҒАСА БЕРСІН

19, 20. Сіз не себепті жомарт болғыңыз келеді?

19 Айналамыздағы адамдардың тек өз мүддесін ойлайтынын көргенде, жомарт болу әрдайым оңайға соқпайтыны рас. Бірақ Иса екі басты заңды — Ехобаны бар жүрегімізбен, бүкіл жан-тәнімізбен, барлық ақыл-ойымызбен және бар күш-қуатымызбен сүю керектігін және өзге адамды өзімізді сүйгендей сүю керектігін — еске салған (Марқа 12:28—31). Біз бұл мақалада Ехобаны жақсы көретіндер оған еліктейтінін білдік. Ехоба да, Иса да жомарт. Олар бізді де өздеріне еліктеуге шақырады, өйткені бұл бізді нағыз бақытқа бөлейтінін біледі. Егер Құдай мен адамдарға қатысты жомарт болсақ, Ехобаға құрмет танытамыз, әрі бұл өзімізге де, өзгелерге де игілік әкеледі.

20 Сіз қазірдің өзінде адамдардан, әсіресе бауырластарыңыздан, бар жақсылығыңызды аямай жүргеніңізде күмән жоқ (Ғалаттықтарға 6:10). Осы алған бетіңізден таймасаңыз, өзгелер жомарттығыңыз үшін разы болып, сізді жақсы көретін болады. Әрі бақытқа кенелесіз. Киелі кітапта: “Жомарт жан өркендейді, Өзгенің көңілін сергіткен өзі де сергиді”,— делінген (Нақыл сөздер 11:25). Күнделікті өмірімізде және қызметте өзгелердің мүддесін ойлап, мейірімділік пен жомарттық танытудың жолдары көп. Солардың кейбірін келесі мақалада талқылаймыз.

^ 13-абзац Есімі өзгертілген.