Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Күн сайын Ехобамен бірге еңбектенейік

Күн сайын Ехобамен бірге еңбектенейік

“Біз Құдаймен қызметтеспіз” (ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 1-ХАТ 3:9).

ӘНДЕР: 64, 111

1. Ехобамен бірге еңбектенудің қандай жолдары бар?

ЕХОБА адамдарды жаратқанда, олармен қызметтес болып, бірге еңбектенуді қалады. Қазіргі таңда адамзат кемелсіз болса да, адал адамдар күн сайын Ехобамен қызметтес бола алады. Мысалы, біз Патшалық жайлы ізгі хабарды уағыздау мен шәкірт дайындау ісіне қатысу арқылы “Құдаймен қызметтес” бола аламыз (Қорынттықтарға 1-хат 3:5—9). Құдіреті шексіз Жаратушы бізді осындай өте маңызды іске таңдап алғаны неткен мәртебе десеңізші! Алайда уағыз ісі Ехобамен бірге еңбектенудің жалғыз жолы емес. Бұл мақалада біз Ехобамен бірге еңбектенудің басқа да жолдарын көреміз. Дәлірек айтсақ, үй ішіндегілер мен қауымдағы бауырластарға көмектесу арқылы, қонақжай болу арқылы, ұйымымыздың дүниежүзі бойынша атқарып жатқан жобаларына қатысу арқылы және қызметіміздің аясын кеңейту арқылы (Қолостықтарға 3:23).

2. Неге біз ешқашан өзімізді өзгелермен салыстырмауымыз керек?

2 Осы мақаланы зерттеу барысында келесі маңызды жайтты ұмытпайық: бес саусақ бірдей еместей, біз де бірдей емеспіз. Жасымыз, денсаулығымыз, жағдайымыз бен қабілетіміз де әртүрлі. Сондықтан өзіңіздің Ехоба үшін атқаратын ісіңізді басқалардікімен салыстырмаңыз. Елші Пауыл былай деген: “Әркім өз іс-әрекетін тексерсін, сонда өзін басқалармен салыстырмай, өз істеріне қуанады” (Ғалаттықтарға 6:4).

ҮЙ ІШІНДЕГІЛЕР МЕН ҚАУЫМДАҒЫ БАУЫРЛАСТАРҒА КӨМЕКТЕСІҢІЗ

3. Отбасының қамын ойлайтын адамды неге Ехобамен қызметтесіп жүр деуге болады?

3 Ехоба бізден отбасымыздың қамын ойлауды талап етеді. Мысалы, сіз отбасын асырау үшін жұмыс істеп, ақша тауып жүрген шығарсыз. Көптеген аналар болса, үйде қалып, кішкентай балаларына қарап отыр. Ата-анаңыз өздерін қамқорлай алмайтын болса, оларға күтім жасап жүрген боларсыз. Бұл өте маңызды істер. Киелі кітапта былай делінген: “Туыстарының, әсіресе үй ішінің, қамын ойламайтын адам сенімнен бас тартқан, ол Құдайға сенбейтін адамнан да жаман” (Тімөтеге 1-хат 5:8). Сіздің отбасылық міндеттеріңіз болса, Ехобаға өзіңіз қалағандай қызмет ете алмай жүрген шығарсыз. Бірақ көңіліңіз түспесін! Өйткені отбасының қамын жасап жүргеніңізді көріп Ехоба қуанады (Қорынттықтарға 1-хат 10:31).

4. Ата-аналар Патшалықты қалай бірінші орынға қоя алады және бұның нәтижесі қандай болады?

4 Мәсіхші ата-аналар балаларына рухани мақсаттар қоюға көмектесу арқылы Құдаймен қызметтес бола алады. Көптеген ата-ана осылай істеп жүр де. Соның арқасында балалары кейін Ехобаға толық уақытты қызмет етуді бастап, тіпті үйден жырақта қызмет еткен. Олардың кейбірі миссионер болса, өзгелері жариялаушылар тапшы жерлерге барып, ізашар болып қызмет етуде. Ал басқалары Бетелде қызмет етіп жүр. Әрине, балалары алыста болғандықтан, ата-аналары олармен өздері қалағандай көп көрісе алмайды. Бірақ балалары қайда болмасын, ата-аналары оларды Ехобаға әрі қарай қызмет ете беруге талпындырады. Өйткені балаларының Ехобаны өмірлерінде басты орынға қойғандарына қатты қуанады (Жоханның 3-хаты 4). Сол ата-аналардың көбісі өздерін Самуилді Ехобаға “аманат” қылып берген Ханна сияқты сезінеді. Осылай Ехобамен бірге еңбектенуді олар құрмет санайды (Самуилдің 1-жазбасы 1:28).

5. Қауымдағы бауырластарға қалай көмектесе аласыз? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

5 Егер отбасыңызда шұғыл шаруаларыңыз болмаса, науқас я қарт бауырластарға, не көмекке мұқтаж басқа бауырластарға көмектесе аласыз ба? Я болмаса оларға күтім жасап жүрген адамдарға қол ұшын бере аласыз ба? Қауымыңызда кімге сондай көмек керектігін ойлап көріңіз. Мысалы, қарт ата-анасына қарап жүрген әйел бауырлас бар шығар. Ол басқа да істермен айналыса алу үшін, сіз оның ата-анасымен отыра тұра аласыз ба? Я болмаса біреуді қауым кездесулеріне не дүкенге апарып-әкеле алатын шығарсыз немесе ауруханада жатқан бауырластың жағдайын біліп қайта алатын шығарсыз. Солай етсеңіз, Ехоба сіз арқылы қандай да бір бауырластың айтқан дұғасына жауап беруі мүмкін. Осылай Құдаймен бірге еңбектенесіз (Қорынттықтарға 1-хат 10:24 оқыңыз).

ҚОНАҚЖАЙ БОЛЫҢЫЗ

6. Біз қонақжайлылықты қалай таныта аламыз?

6 Құдаймен бірге еңбектенетіндер өздерінің қонақжайлылығымен танымал. Киелі кітапта “қонақжайлылық” деп аударылған грек сөзі бейтаныс адамға мейірімділік таныту дегенді білдіреді (Еврейлерге 13:2). Құдай Сөзінде қонақжайлылық танытқан адамдардың мысалдары бар. Оларға қарап, мейірімділік танытуды үйренеміз (Мұсаның 1-жазбасы 18:1—5). Мүмкіндік барда біз “сенімі бір бауырластарға” да, өзгелерге де қол ұшын бере аламыз, әрі беруіміз керек те (Ғалаттықтарға 6:10).

7. Толық уақытты қызметшілерге қонақжайлылық танытқанның қандай пайдасы бар?

7 Толық уақытты қызметшілерге уақытша тұратын баспана қажет болса, оларға қонақжайлылық танытып, Ехобамен қызметтес бола аласыз ба? (Жоханның 3-хаты 5, 8 оқыңыз). Осылай етсек, оның пайдасын олар да, біз де көреміз. Киелі кітапта бұл “өзара жігерлену” деп аталған (Римдіктерге 1:11, 12). Олаф деген бауырластың оқиғасын қарастырайық. Жас кезінде Олафтың қауымына салтбасты аудандық бақылаушы келіп, оған тұрақтайтын жер қажет болады. Бірақ қауымда көмектесе алатын ешкім табылмайды. Сонда Олаф Куәгер емес ата-анасымен сөйлесіп, аудандық бақылаушыны үйлеріне қонақ етуге рұқсат сұрайды. Олар рұқсат береді, бірақ Олафтың диванда жатуға тура келетінін айтады. Олаф келісе кетеді және осындай құрбандыққа барғанына ол еш өкінбейді. Өйткені аудандық бақылаушымен өткізген бір аптасы тамаша болады. Күніге таңертең бірге тұрып, таңғы ас үстінде көптеген қызықты тақырыптарда әңгімелеседі. Аудандық бақылаушы Олафты қатты жігерлендіргені сонша, ол толық уақытты қызметті бастайды. Ол соңғы 40 жыл ішінде бірнеше елде миссионер болып қызмет етті.

8. Өзгелер бірден ризашылық білдірмесе де, не себепті мейірімді болуымыз керек? Мысал келтіріңіз.

8 Біз бейтаныс адамдарға түрлі жолмен мейірімділік таныта аламыз. Бір мысалды қарастырайық. Испаниядағы бір бауырлас Эквадордан көшіп келген Эсика есімді әйелмен Киелі кітапты зерттейді. Бір күні зерттеу барысында әлгі әйел жылап жіберіп, көз жасын тыя алмайды. Бауырлас оның неге жылап жатқанын сұрайды. Сонда ол Испанияға көшпей тұрып жоқшылық көргенін айтып береді. Тіпті бір күні қызына қара судан басқа берер тамағы қалмапты. Сонда Эсика кішкентай қызын ұйықтатып жатып, көмек сұрап Құдайға дұға еткен екен. Көп ұзамай Эсикаға екі Куәгер келіп, оған журнал берген. Бірақ ол журналды жыртып тастап, оларға: “Осы журналдарың қызыма тамақ болады дейсіңдер ме?”— деп ұрысып беріпті. Бауырластар оны жұбатуға тырысқанмен, мұнысынан түк шықпаған. Кейінірек бауырластар оның есігінің алдына бір кәрзеңке азық-түлік тастап кетіпті. Сол кезде Құдай өзінің дұғасына жауап бергенін түсінбепті. Енді соны есіне алып жылаған екен. Содан Эсика Ехобаға қызмет етуді шешті. Иә, бұған әлгі екі әйел бауырластың берегендігі себепші болғаны сөзсіз (Уағыздаушы 11:1, 6).

ҰЙЫМНЫҢ ЖОБАЛАРЫНА ҚАТЫСУҒА ЕРІК БІЛДІРІҢІЗ

9, 10. а) Исраилдіктер қандай жолдармен ерікті қызмет атқара алатын? ә) Бүгінде ер бауырластар қауымға қалай көмектесе алады?

9 Ежелгі исраилдіктерде ерікті қызмет атқарудың мүмкіндігі көп болған (Мұсаның 2-жазбасы 36:2; Шежірелер 1-жазба 29:5; Нехемия 11:2). Бүгінгі таңда да бауырластарға ерікті түрде көмектесудің мүмкіндігі аз емес. Бұл үшін сіздің уақытыңыз, қаражатыңыз бен қабілетіңіз қажет болады. Мұндай ерікті іске қатысқанда, қуанышыңыз артып, Құдайдың батасына ие боласыз.

10 Құдай Сөзі қауымдағы ер кісілерді қызмет көмекшісі және ақсақал болып қызмет етуге шақырады. Осылай олар Ехобамен бірге еңбектене алады (Тімөтеге 1-хат 3:1, 8, 9; Петірдің 1-хаты 5:2, 3). Мұндай бауырластар өзгелерге рухани істерде де, іс жүзінде де көмектескісі келеді (Елшілердің істері 6:1—4). Ақсақалдар сізден қауымда қызмет көрсетуші болуды, әдебиетке, учаскелерге, Патшалық сарайын күтіп ұстауға қатысты істерде көмегіңізді сұраған ба? Я болмаса басқа істе жәрдем сұраған болар. Осылай қолғабыс еткен бауырластар зор қанағат сезінген.

Ұйымның жобаларына қатысатын ерікті қызметшілер жиі жаңа достар тауып жатады (11-абзацты қараңыз)

11. Бір бауырлас құрылыс жобаларына қатысқанның қандай пайдасын көрген?

11 Құрылыс жобаларына қатысуға ерік білдірген бауырластар жиі жаңа достар тауып жатады. Марджи есімді әйел бауырлас 18 жыл бойы Патшалық сарайларын соғу жобаларына қатысқан екен. Сол жобаларда ол жас қыз бауырластарға көңіл бөліп, оларды құрылыс ісіне үйретіпті. Марджи осындай жобалар кезінде ерікті қызметшілер бір-бірін жігерлендіре алатынын айтады (Римдіктерге 1:12). Оның айтуынша, сондай жобаларда танысқан достары оған қиындық көрген кездері зор қолдау көрсетіпті. Сіз құрылыс жобаларына қатысып көргенсіз бе? Онда қызмет ету үшін қандай да бір салада білікті болу шарт емес.

12. Апаттан кейін қандай көмек көрсете аласыз?

12 Ехобамен қызметтесудің тағы бір жолы — табиғи апаттан зардап шеккен бауырластарға жәрдемдесу. Мысалы, оларға қаржылай көмек көрсетуге болады (Жохан 13:34, 35; Елшілердің істері 11:27—30). Я болмаса апат болған жерде тазалау не жөндеу жұмыстарымен айналыса аламыз. Польшадағы Габриэла есімді әйел бауырластың үйіне су тасқынының кесірінен қатты зақым келіпті. Сонда ол жақын арадағы қауымнан көмекке келген бауырластарды көріп, қатты қуанып кетеді. Сол жағдайды еске алып, ол апатта жоғалтқан дүние-мүлкін ойлап уайымдамайтынын, керісінше, ие болған баталарына қуанатынын айтады. “Қауымның мүшесі болу ерекше мәртебе, әрі қуаныш пен бақыт сыйлайды. Басымнан өткен осы оқиғадан соған көзім жетті”,— дейді Габриэла. Апаттан кейін бауырластардың көмегін көрген көптеген бауырластар да осы сөздерге қосылады. Ехобамен бірге еңбектене жүріп, осы бауырластарға көмектескен еріктілер де зор қуанышқа бөленіп, терең қанағат сезінген (Елшілердің істері 20:35; Қорынттықтарға 2-хат 9:6, 7 оқыңыз).

13. Ерікті қызмет Ехобаға деген сүйіспеншілігімізді қалайша нығайтады? Мысал келтіріңіз.

13 Стефани және онымен бір аймақта тұратын жариялаушылар да Құдаймен бірге еңбектенудің бір жолын тауыпты. Олар соғыс болып жатқан елдерден Құрама Штаттарға бассауғалап келген Куәгерлерге көмектескен екен. Сол босқындарға үй мен жиһаз табуға қол ұшын берген. Стефани былай дейді: “Олардың дүниежүзілік бауырластық үшін білдірген ризашылықтарын естіп, қуанғандарын көргенде, жүрегіміз елжіреп кетті. Олар бізді көмектесіп жатыр деп ойлайды. Бірақ шындығына келгенде, біз оларға емес, олар бізге көмектесті. Өйткені олардың сүйіспеншілігін, бірлігі мен сенімін, сондай-ақ Ехобаға қалай арқа сүйейтінін көргенде, біздің де Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз кәдімгідей нығайып қалды. Бұған қоса, Құдай ұйымының жасап жатқан игіліктері үшін де ризашылығымыз тереңдей түсті”.

ҚЫЗМЕТ АЯСЫН КЕҢЕЙТЕЙІК

14, 15. а) Ишая пайғамбар қандай рух танытты? ә) Ишаяның сол рухын мәсіхшілер қалай таныта алады?

14 Сіз Ехоба үшін көбірек еңбектенгіңіз келе ме? Онда жариялаушылар аз жерге көшіп бара алар ма едіңіз? Әрине, жомарттық таныту үшін міндетті түрде басқа жаққа көшудің қажеті жоқ. Десе де кей бауырластардың мұндай мүмкіндігі бар, әрі олар Ишая пайғамбардікіндей рух танытады. Ехоба: “Кімді жіберейін? Біз үшін кім барады?”— деп сұрағанда, Ишая: “Мен бармын! Мені жібер!”— деген (Ишая 6:8). Ал сіз ше? Ехобаның ұйымына көмектесуге дайынсыз ба? Дайын болсаңыз, мүмкіндігіңіз бар ма? Ендеше, қай жағынан көмектесе алатыныңызды қарастырайық.

15 Уағыздау мен шәкірт дайындау ісіне қатысты Иса былай деген: “Жинайтын егін көп, бірақ жұмысшылар аз. Сондықтан егіннің Иесінен оны жинауға жұмысшылар жіберуін өтініңдер” (Матай 9:37, 38). Сіз жариялаушылар аз жерде ізашар болып қызмет ете аласыз ба? Я болмаса басқа біреудің қызмет ете алуы үшін, оған көмектесе аларсыз? Жариялаушылар қажет жерлерде ізашар болып қызмет етуді көп бауырластар Құдайға және адамдарға деген сүйіспеншілік көрсетудің керемет жолы деп біледі. Сіз үшін қызмет аясын кеңейтудің бұдан да басқа жолдары бар ма? Солай етсеңіз, зор қуанышқа бөленесіз.

16, 17. Қызмет аясын кеңейтудің тағы қандай жолдары бар?

16 Бетелде қызмет етуге не құрылыс жобаларына қатысуға дайынсыз ба? Бұл қызмет түрлерін уақытша қызметші ретінде я болмаса аптасына бір не бірнеше күн атқаруға болады. Жұмыс тәжірибесі басқа салада болса да, кез келген жерде, кез келген істі атқаруға дайын бауырластар Ехобаның ұйымына әрдайым қажет. Көмек қажет жерде қызмет ету үшін құрбандыққа баруға дайын әркімді Ехоба қатты бағалайды (Зәбүр 110:3).

17 Қызметте жақсара түсу үшін, арнайы оқудан өткіңіз келе ме? Онда неге Патшалықты жариялаушыларға арналған мектепке өтініш толтырмасқа? Бұл мектепте толық уақытты қызмет етіп жүрген толысқан ер және әйел бауырластарға тәлім беріледі. Сол тәлімнің арқасында олар Құдайдың ұйымы үшін көбірек іс атқара алады. Бұл мектепте оқыған бауырластар қай жаққа тағайындалса, сол жаққа баруға дайын болулары тиіс. Сіз осылай Ехобаға көбірек қызмет етуге дайынсыз ба? (Қорынттықтарға 1-хат 9:23).

18. Күн сайын Ехобамен бірге еңбектенудің қандай игілігі бар?

18 Біз Ехобаның халқы болғандықтан жомарттық, ізгілік, мейірімділік пен сүйіспеншілік танытамыз. Әр күні өзгелердің қамын ойлаймыз. Бұл бізге қуаныш, тыныштық пен бақыт сыйлайды (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Жағдайымыз қандай болмасын, Ехобаға еліктеп жомарт болсақ, әрі онымен бірге еңбектене берсек, қуанышымыз еш үзілмейді! (Нақыл сөздер 3:9, 10).