Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Тағайындалған ер бауырластар, Тімөтеден үлгі алыңыздар

Тағайындалған ер бауырластар, Тімөтеден үлгі алыңыздар

БЫЛТЫРҒЫ жылы дүниежүзі бойынша мыңдаған ер бауырлас ақсақал я қызмет көмекшісі болып тағайындалды. Сіз де солардың бірі болсаңыз, Ехобаға және бауырластарыңызға қызмет етудің осындай мүмкіндігі үшін қуанышты шығарсыз.

Қуанышпен қатар аздап қобалжитын да боларсыз. Бұл — кәдімгі нәрсе. Джейсон есімді жас ақсақал былай дейді: “Алғаш тағайындалған кезімде, өзіме жүктелген жаңа жауапкершіліктерді ойлап қатты уайымдадым”. Ежелде Мұса да, Еремия да Ехобадан жаңа тапсырма алған кезде, бұл қолымнан келмейді деп ойлаған (Мұсаның 2-жазбасы 4:10; Еремия 1:6). Бұл сезім сізге де таныс болса, қалай сенімділікті арттырып, алға баса беруге болады? Тімөтенің үлгісін қарастырайық. Одан үйренеріміз көп (Елшілердің істері 16:1—3).

ТІМӨТЕНІ ҮЛГІ ТҰТЫҢЫЗ

Елші Пауылмен алғаш рет сапарға шыққанда, Тімөтенің жасы жиырмаларда болғанға ұқсайды. Осы шақыруды алған кезде, жас болған Тімөтеге тәлім беруге және кеңес беруге қабілеті мен тәжірибесі жетіспейтіндей көрінген шығар (Тімөтеге 1-хат 4:11, 12; Тімөтеге 2-хат 1:1, 2, 7). Әйтсе де ол алға басуын доғармады. Содан арада он жыл өткен соң, Пауыл філіпіліктерге жазған хатында: “Иеміз Иса қаласа, жақында сендерге Тімөтені жібермек ойым бар”,— деді. Неге бұлай еткелі жатқанын түсіндіріп, Пауыл: “Ол сияқты менімен ниеттес... басқа ешкімім жоқ”,— деген (Філіпіліктерге 2:19, 20).

Тімөте не себепті ақсақалдар үшін тамаша үлгі? Мұның алты себебін қарастырайық.

1. Ол шын жүректен адамдардың қамын ойлаған. Пауыл Філіпідегі бауырластарға Тімөте жайлы: “Ол... шын көңілден қамдарыңды ойлайды”,— деп жазған (Філіпіліктерге 2:20). Тімөте сол бауырластардың Ехобаға етене жақын болғанын қалады. Сол үшін ол уақыты мен күшін аямай, оларға көмектесуге дайын болды.

Ақсақал болып қызмет етіп жатқанына 20 жылдан асқан Уильям жаңа ақсақалдарға үнемі былай деп жүреді: “Бауырластарды жақсы көріңдер. Ұйымдастыру жағынан гөрі бауырластардың қажеттіліктеріне көбірек көңіл бөліңдер”. Кейбір автобус жүргізушілері жолаушыларды мінгізуді емес, аялдамаларға уақтылы баруды ғана ойлайды. Мұндай жүргізуші сияқты болмаңыз.

2. Ол Ехоба тапсырған қызметті басты орынға қойған. Пауыл айтқандай, Тімөте “Иса Мәсіхтің емес, өз мүдделерін ойлаған” адамдардан айрықшаланған (Філіпіліктерге 2:21). Пауыл айналасындағы бауырластардың жеке шаруаларына тым көп мән беретінін байқаған. Кейде олар өздерінің мүдделерін Ехобаға қызмет етуден де жоғары қойған. Бірақ Тімөте өйтпеді. Көбірек қызмет етудің мүмкіндігі туа қалғанда, ол: “Мен бармын! Мені жібер!”— деген Ишая іспетті рух танытты (Ишая 6:8).

Жеке бастың қажеттіліктері мен қауымның қажеттіліктерін ойлауда қалай тепе-теңдікті сақтай аласыз? Біріншіден, Пауылдың мына кеңесін ұстаныңыз: “Ненің маңыздырақ екеніне көз жеткізіңдер” (Філіпіліктерге 1:10). Ехоба тапсырған қызметті бірінші орынға қойыңыз. Екіншіден, тым көп уақыт пен күш алатын істерден аулақ болыңыз. Пауыл Тімөтеге: “Сен жастық шаққа тән қалаулардан аулақ бол, қайта,.. әділдік, сенім, сүйіспеншілік пен татулыққа ұмтыл”,— деген (Тімөтеге 2-хат 2:22).

3. Ол тер төгіп қызмет еткен. Пауыл Тімөте жайлы: “Ол ізгі хабарды таратуда әкесіне қолғабыс еткен баладай менімен бірге қызмет етіп келеді”,— деген (Філіпіліктерге 2:22). Тімөте жалқау болмаған. Ол Пауылмен бірге аянбай қызмет еткен, ал бұнысы олардың достықтарын да нығайтқан.

Бүгінде Ехобаның ұйымында атқаратын жұмыс өте көп. Бұл жұмыс қанағат сыйлайды. Әрі бауырластарға да жақындай түсесіз. Сондықтан “Иеміздің ісінде әрқашан көп еңбектеніңіз” (Қорынттықтарға 1-хат 15:58).

4. Ол білгеніне сай әрекет еткен. Пауыл Тімөтеге былай деп жазған: “Сен менің үйреткендеріме ден қойдың, өмір салтымды, мақсатым, сенімім, шыдамдылығым, сүйіспеншілігім мен табандылығымды үлгі тұттың” (Тімөтеге 2-хат 3:10). Тімөте біліп-үйренгенін іс жүзінде қолданған, сондықтан көп жауапкершілікке ие болған (Қорынттықтарға 1-хат 4:17).

Көп жыл бойы ақсақал болып қызмет етіп келе жатқан Том есімді бауырластың мысалын алайық. Кезінде оған бір тәжірибелі ақсақал көңіл бөліп, жақсылап үйреткен екен. Том былай дейді: “Мен онымен үнемі ақылдасып, берген кеңесін қолданатынмын. Соның арқасында өзіме деген сенімділігім тез артты”. Бәлкім, сіз де өзіңіз үлгі тұтатын тәжірибелі ақсақалдың көмегіне жүгіне аларсыз?

5. Ол жаттыға берді. Пауыл Тімөтеге: “Құдайға шын берілгендік дамытуды мақсат етіп, жаттыға бер”,— деп кеңес берген (Тімөтеге 1-хат 4:7). Спортшының жаттықтырушысы болса да, ол өзі жаттыға беруі керек. Пауыл Тімөтені тағы былай деп талпындырды: “Өзгелердің алдында оқуды, оларға насихат айтуды, тәлім беруді бар ықыласыңмен жалғастыра бер... Осылар туралы ой жүгірт, өзіңді соларға арна, осылайша жетістіктерің жұрттың бәріне анық көрінетін болсын” (Тімөтеге 1-хат 4:13—15).

Сіз де біліміңізді арттырып, қабілеттеріңізді шыңдай беріңіз. Киелі кітапты тыңғылықты зерттеңіз, ұйымнан келген соңғы басшылықтармен танысып отырыңыз. Өзіңізге тым сенімді болмаңыз. Кез келген мәселені тыңғылықты зерттемей-ақ шешуге тәжірибем жетеді деп ойламаңыз. Тімөте сияқты, “өзіңізге және беріп жатқан тәліміңізге әрдайым ден қойыңыз” (Тімөтеге 1-хат 4:16).

6. Ол Ехобаның рухына арқа сүйеді. Тімөтенің қызметі жайлы айтқанда, Пауыл оны: “Өзіңе сеніп тапсырылған қазынаны бойымыздағы киелі рухтың көмегімен аман сақта”,— деп ескерткен (Тімөтеге 2-хат 1:14). Иә, Тімөте Құдайдың рухына арқа сүйеу керек болды.

Көп жыл бойы ақсақал болып қызмет ететін Дональд былай дейді: “Тағайындалған бауырластар Құдаймен қарым-қатынастарын қатты бағалау керек. Осылай ететін бауырластардың “күш-қуаттары арта” береді. Құдай рухын сұрап дұға етсе және рухтың жемісін дамыта берсе, олар бауырластары үшін нағыз бата болады” (Зәбүр 84:7; Петірдің 1-хаты 4:11).

ҚЫЗМЕТІҢІЗДІ БАҒАЛАЙ БІЛІҢІЗ

Сіз сияқты жаңадан тағайындалған ақсақалдар мен қызмет көмекшілерінің Ехобаға деген қызметтерінде алға басып жатқанын көріп, қуанып қаламыз. Жоғарыда аталып өткен Джейсон былай дейді: “Ақсақал болып қызмет етіп келе жатқаннан бері мен көп нәрсеге үйрендім, сенімділігім де арта түсті. Қазір мен осы қызметімнің қуанышын көріп жүрмін, әрі оны керемет мәртебе санаймын!”

Сіз әрі қарай да алға баса бересіз бе? Егер Тімөтені үлгі тұтсаңыз, сіз де аяулы бауырластарыңыз үшін нағыз бата боласыз!