Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Дүние-мүлікті емес, Патшалықты іздейік

Дүние-мүлікті емес, Патшалықты іздейік

“[Құдайдың] Патшалығын іздей беріңдер, сонда сендерге бұлар қосылып беріледі” (ЛҰҚА 12:31).

ӘНДЕР: 40, 98

1. Қажеттілік пен қалаудың айырмашылығы қандай?

АДАМҒА көп нәрсе керек емес, әйтсе де оның қалауында шек жоқ. Көпшілік осы екеуінің, яғни қажеттілік пен қалаудың, айырмашылығын біле бермейтін көрінеді. “Қажеттілік” деп күн көруге керекті нәрселерді айтамыз. Мысалы, бұған тамақ, киім-кешек пен баспана жатады. Ал “қалау” — алғыңыз келетін, бірақ өмір сүру үшін аса қажет емес нәрселер.

2. Адамдар нені қалап жатады?

2 Адамдардың тілек-қалауы тұратын жеріне қарай әртүрлі болып келеді. Кейбір дамушы елдерде жұрт ұялы телефон, қарапайым көлік не бір телім жер алсам екен дейді. Ал дамыған елдерде тұрғындар қымбат киім, үлкендеу үй не қымбатырақ көлікті армандайды. Қалай болған күнде де, абай болмасақ, біз қажет болсын-болмасын, қалтамыз көтерсін-көтермесін, көбірек заттар алуды көксеп, дүниеқұмарлықтың шырмауына түсіп қалуымыз мүмкін.

ДҮНИЕҚҰМАРЛЫҚТЫҢ ШЫРМАУЫНА ТҮСІП ҚАЛМАЙЫҚ

3. Дүниеқұмарлық деген не?

3 Дүниеқұмарлық деген не? Бұл — адамның бар есіл-дертінің Құдаймен қарым-қатынасында емес, дүние-мүлікте болуы. Дүниеқұмарлықтың түптамыры адамның қалауында, өмірде нені басты орынға қойып, неге ұмтылатынында жатыр. Ондай адам мал-мүлік жинауға құнығып кетеді. Тек қалтасы қалың, қымбат заттар алатын адамдар ғана емес, кедейлер де дүниеқұмар болып кетуі мүмкін. Осылайша олар өмірлерінде Патшалықты бірінші орынға қоюды доғарады (Еврейлерге 13:5).

4. Шайтан “көздің қалауын” қалай қолданады?

4 Шайтан бізді көп мал-мүлік жинасақ қана, өмірдің рақатын көре аламыз дегенге сендіргісі келеді. Бұл үшін ол осы дүниенің сауда-саттық жүйесін және “көздің қалауын” шебер қолданады (Жоханның 1-хаты 2:15—17; Мұсаның 1-жазбасы 3:6; Нақыл сөздер 27:20). Біз күнде жаңа тауарларды сатып алуға үгіттейтін жарнамаларды көріп, естиміз. Қандай да бір затты дүкен сөресінде көздің жауын алып тұрғаны үшін не жарнамасын көргеніңіз үшін ғана сатып алған кезіңіз болған ба? Бәлкім, кейінірек ол заттың сізге шын мәнінде қажет емес екенін түсінген шығарсыз. Мұндай керексіз заттарды ала берсек, өмірімізді қиындатып жібереміз. Соларға басымыз байланып, Киелі кітапты зерттеу, қауым кездесулеріне дайындалу және бару, үнемі қызметке атсалысу сияқты рухани істерден көңіліміз алаңдап кетуі мүмкін. Елші Жоханның: “Осы дүние мен оның қалауы өтеді де кетеді”,— деген ескертуін жадымыздан шығармайық.

5. Күш-қайратымызды дүние-мүлік жинауға жұмсасақ не болуы мүмкін?

5 Шайтан біздің Ехобаға емес, байлыққа қызмет еткенімізді қалайды (Матай 6:24). Бар күш-қайратымызды дүние-мүлік жинауға жұмсайтын болсақ, өміріміздің мәні кетеді. Біздің көңіліміз қалуы не қаржылай қиындықтарға тап болуымыз ықтимал. Бұдан да жаманы, Ехобаға және оның Патшалығына деген сеніміміз шайқалуы мүмкін (Тімөтеге 1-хат 6:9, 10; Аян 3:17). Иса диқан жайлы мысалында айтып кеткендей, “алдамшы байлық пен басқа да құмарлықтар” жүректі шырмап алып, Патшалық жайлы хабарды тұншықтырып, өнімсіз етеді (Марқа 4:14, 18, 19).

6. Барухтың мысалынан қандай сабақ аламыз?

6 Еремия пайғамбардың хатшысы болған Барухты еске түсіріп көрейікші. Иерусалимнің күйреуі жақындап қалғанда, ол құндылығы ұзаққа бармайтын “ұлы нәрселерге” ұмтыла бастады. Бірақ Ехоба оған қала жойылғанда тек өмірін ғана сақтап қалатынын уәде етті (Еремия 45:1—5). Барух бұдан басқа ештеңе күтпеу керек еді. Ехоба қаладағы ешкімнің де дүние-мүлкін аман алып қалайын деп жатқан жоқ-тын (Еремия 20:5). Шайтанның дүниесі жойылатын кез жақындап келе жатқандықтан, қазір өзімізге мал-мүлік жинайтын уақыт емес. Жинап-терген заттарымыздың ешқайсысын да, жанымызға қаншалықты қымбат болмасын, зор алапаттан өзімізбен бірге алып өтеміз деп ойламауымыз керек (Нақыл сөздер 11:4; Матай 24:21, 22; Лұқа 12:15).

Қазір мал-мүлік жинайтын уақыт емес

7. Қазір нені қарастырамыз және неге?

7 Олай болса, өмірдегі ең маңызды нәрсеге назар тіге отырып, қалайша өзіміздің де, отбасымыздың да қамын ойлай аламыз? Дүниеқұмарлықтан қалай аулақ бола аламыз? Күнделікті қажеттіліктерімізді қатты уайымдай бермеуге не көмектеседі? Бұл ретте Иса өзінің Таудағы уағызында керемет кеңес берген (Матай 6:19—21). Қазір Матай 6:25—34 тармақтарды оқып, талдау жасайық. Сонда дүние-мүлікті емес, Патшалықты іздей беруіміз керектігіне көзіміз жете түседі (Лұқа 12:31).

ЕХОБА ҚАЖЕТІМІЗДІ БЕРЕДІ

8, 9. а) Неге қажеттілігімізді ойлап, тым қатты уайымдамауымыз керек? ә) Иса адам баласы мен олардың қажеттіліктері жайлы не білген?

8 Матай 6:25 оқыңыз. Иса шәкірттерінің не ішіп-жейміз, не киеміз деп уайымдайтынын білгендіктен, Таудағы уағызында оларға: “Уайымдауды қойыңдар!”— деген. Иса олардың бұл нәрселер жайлы неге мазаланбау керектігін түсінсе екен деді. Өйткені адам тіпті керек деген нәрсенің өзін тым қатты уайымдаса, ойы бөлініп, өмірдегі әлдеқайда маңызды нәрселерден алаңдап кетуі мүмкін. Иса шәкірттерінің қамын ойлағаны сонша — сол уағызында осы қауіпті бейімділік жөнінде төрт рет ескерткен (Матай 6:27, 28, 31, 34).

9 Неге Иса бізге не ішіп-жейтінімізді, не киетінімізді уайымдамауды айтқан? Бұл өмірге қажетті нәрселер емес пе? Әрине, солай! Бұларды алатын қаражатымыз болмай жатса, бірден уайымдай бастайтынымыз түсінікті-ақ. Иса мұны білген. Ол адамдардың күнделікті тұрмыста нені қажет ететінін жақсы түсінген. Сондай-ақ “соңғы күндері” шәкірттерінің ерекше қиын уақытта өмір сүретінін білген (Тімөтеге 2-хат 3:1). Шынында да, бүгінде жұмыссыздық, қымбатшылық, азық-түлік тапшылығы мен жоқшылық кең етек алған. Алайда Иса “жан тамақтан, ал тән киімнен әлдеқайда артық” екенін де айтқан.

10. Ізбасарларына дұға етуді үйреткенде, Иса ненің әлдеқайда маңызды болу керектігін айтқан?

10 Бұның алдында Иса шәкірттеріне дұғада көктегі Әкелерінен тәндік қажеттіліктері жайлы сұрауды үйреткен болатын. Олар: “Бүгінгі күнге қажетті нанымызды бере көр”,— деп дұға ете алатын (Матай 6:11). Тағы бір жолы да Иса оларға: “Күн сайын қажетті нанымызды бере көр”,— деп дұға етуді айтқан (Лұқа 11:3). Бірақ бұл тәндік қажеттіліктеріміз бар ой-санамызды жаулап алу керек дегенді білдіре ме? Жоқ. Дәл сол үлгілі дұғасында Иса ізбасарларына Құдай Патшалығының келуін сұрау әлдеқайда маңызды екенін үйреткен (Матай 6:10; Лұқа 11:2). Ол шәкірттерінің көңілін тыныштандыру үшін, қалай Ехоба бүкіл жаратылысының қамын ойлайтынына назар аударған.

11, 12. Ехоба құстардың қамын ойлайтынынан не білеміз? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

11 Матай 6:26 оқыңыз. Біз “әуеде ұшқан құстарға” назар салуымыз керек. Құстар кіп-кішкентай жаратылыс болса да, көп тамақ жейді. Егер де құстың үлкендігі адамдікіндей болғанда, бізден де көп тамақтанар еді. Құстар жеміс-жидек, дәнді дақыл, құрт-құмырсқамен қоректенеді. Бірақ олар тамағын табу үшін жер өңдеп, егін екпейді. Оларға қажетінің бәрін Ехоба береді (Зәбүр 147:9). Әрине, ол құстардың азығын тұмсығына салып бермейді. Олар тамақты өздері іздеп табуы керек, бірақ олар ешқашан қорексіз қалмайды.

12 Иса көктегі Әкесінің құс екеш құстың қамын ойласа, адам баласын одан бетер қамқорлайтынына еш күмәнданбаған (Петірдің 1-хаты 5:6, 7) [1]. (9-беттегі сілтемені қараңыз.) Әрине, Ехоба тамақты аузымызға салып бермейді. Бірақ егін егіп, нанымызды жеу үшін, я болмаса күнделікті қажетімізді сатып алу үшін қам-қарекет жасасақ, батасын береді. Ал қаражатымыз да, азығымыз да болмаған кезде, ол басқаларды қолда барын бізбен бөлісуге талпындыруы мүмкін. Ехоба құстарды баспанамен де қамтамасыз етеді. Бұл үшін оларға ұя салу қабілетін әрі оған қажетті заттарды берген. Тап солай, ол біздің отбасымызға да ыңғайлы баспана табуға көмектеседі.

13. Біз құстардан әлдеқайда артық екенімізге қандай дәлел бар?

13 Ехоба құстарды тамақтандыратынын айтқан соң, Иса шәкірттеріне: “Ал сендер олардан әлдеқайда артық емессіңдер ме?!”— деді (Лұқа 12:6, 7 салыстырыңыз). Мұны айтқанда ол жақында күллі адамзат үшін жанын қиятынын ойда тұтса керек. Шынында да, Иса өмірін құстар не жан-жануарлар үшін емес, біз үшін қиды. Осылайша мәңгі өмір сүруімізге жол ашты (Матай 20:28).

14. Уайымшыл адам не істей алмайды?

14 Матай 6:27 оқыңыз. Неге Иса уайымшыл адам өмірін бір сәтке де ұзарта алмайды деп айтқан? Өйткені күнделікті қажеттіліктерімізді шамадан тыс уайымдау ғұмырымызды ұзартуға көмектеспейді. Керісінше, еңсемізді басқан сарыуайымнан ауырып, тіпті өліп кетуіміз мүмкін.

15, 16. а) Ехоба даладағы лалагүлдерді қалай қамқорлайтынынан не білеміз? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.) ә) Қандай сұрақтар жайлы ойланып көруіміз керек және неге?

15 Матай 6:28—30 оқыңыз. Бір киер әдемі киімнің, әсіресе уағызға шыққанда, қауым кездесуіне не конгреске барғанда киетін киімнің болғанын кім қаламайды дейсіз?! Дегенмен “киімді ойлап уайымдаудың” қажеті бар ма? Иса шәкірттерінің назарын тағы да Ехобаның жаратылысына аударды. Ол “даладағы лалагүлдерді” мысалға келтірді. Мұндағы лалагүлдерге гладиолус, гиацинт, ирис, қызғалдақ сияқты гүлдер жатса керек. Бұл гүлдер жіп иіріп, өздеріне киім тоқымайды. Бірақ олар көздің жауын алатыны сонша — “тіпті Сүлеймен патша бар сән-салтанатында солардың біріндей киінген емес”!

16 Бұдан кейін Исаның не дегеніне көңіл аударыңызшы: “Дала гүлін Құдай осылай киіндірсе, сендерді де киіндіреді емес пе, сенімі аздар-ау?!” Әлбетте, киіндіреді! Алайда Исаның шәкірттеріне сенім жетіспеді (Матай 8:26; 14:31; 16:8; 17:20). Олар сенімдерін нығайтып, Ехобаға көбірек арқа сүйеулері керек еді. Ал біз ше? Ехобаның бізді қамқорлағысы келетініне әрі қамқорлай алатынына қаншалықты сенеміз?

Ехоба бізді қамқорлайтынына сенеміз бе?

17. Ехобамен қарым-қатынасымызды не нәрсе суытуы мүмкін?

17 Матай 6:31, 32 оқыңыз. Ехобаны білмейтін адамдардың көбісі өз өмірлерін көп ақша табу мен дүние-мүлік жинауға арнайды. Біз де солай етсек, Құдаймен қарым-қатынасымызды суытып аламыз. Ехоба біздің Әкеміз екенін әрі бізді жақсы көретінін білеміз. Сондықтан оның айтқанын істесек, яғни Патшалықты өмірімізде бірінші орынға қойсақ, ол бізден бар жақсыны аямайтынына сенімдіміз. “Құдайға шын берілгендігіміз” бізді “ішер ас, киер киім және баспана болса, соны қанағат етуге” талпындыру керек (Тімөтеге 1-хат 6:6—8).

ҚҰДАЙ ПАТШАЛЫҒЫ ӨМІРІҢІЗДЕ БАСТЫ ОРЫНДА ТҰР МА?

18. Ехоба әрбіріміз жайлы не біледі және ол біз үшін не істейді?

18 Матай 6:33 оқыңыз. Патшалықты өмірімізде бірінші орынға қойсақ, Ехоба қажетіміздің бәрін “қосып береді”. Бұған неге сенімді бола алатынымызды Иса алдыңғы тармақта түсіндіріп, былай деген: “Бұлардың бәрі сендерге қажет екенін көктегі Әкелерің біледі ғой”. Ехоба бізге не керек екенін тіпті өзімізден бұрын біледі (Філіпіліктерге 4:19). Қай киіміміздің тозғалы жатқаны оған мәлім. Бізге қандай тамақ, отбасымызға қандай баспана қажет екенін де жақсы біледі. Ехоба бізді шынымен керек нәрсемен қамтамасыз етеді.

19. Неге ертеңгі күнді ойлап уайымдамауымыз керек?

19 Матай 6:34 оқыңыз. Иса бұл тармақта шәкірттеріне уайымдамау керектігін екінші рет айтқан. Ол біздің Ехобаға толықтай арқа сүйей отырып, бір күннің ғана қамын жегенімізді қалаған. Егер адам ертеңгі күнді ойлап, қатты уайымдай берсе, ол Құдайдан гөрі өзіне сенім артып кетуі мүмкін. Ал бұл Құдаймен қарым-қатынасына нұқсан келтіреді (Нақыл сөздер 3:5, 6; Філіпіліктерге 4:6, 7).

ПАТШАЛЫҚ БАСТЫ ОРЫНДА ТҰРСА, ЕХОБА ҚАЛДЫРМАЙДЫ

Патшалықтың қамын көбірек ойлау үшін өміріңізді қарапайым ете аласыз ба? (20-абзацты қараңыз)

20. а) Қызметіңізге қатысты қандай мақсат қоя аласыз? ә) Өміріңізді қалай қарапайым ете аласыз?

20 Дүние-мүлікке ұмтыламын деп, Ехобаға толық қызмет етуге күш-қуатымыз жетпей жүрсе, қандай өкінішті болар еді?! Біз Ехобаға ең жақсыны беруіміз керек. Мысалы, жариялаушыларды қажет ететін қауымға ауыса аласыз ба? Ізашарлық қызметті бастай аласыз ба? Ал ізашар болып жүрсеңіз, неге Патшалықты жариялаушыларға арналған мектепке баруды мақсат етпеске? Бетелге не аударма кеңселеріне аптасына бірнеше күн ерікті қызметші ретінде көмектесе аласыз ба? Бәлкім, Жергілікті жобалау және құрылыс бөлімінде ерікті қызметші болып, Патшалық сарайларын соғуға уақыт бөле алатын шығарсыз? Патшалықтың істеріне көбірек уақыт пен күш жұмсай алу үшін, қарапайым өмір сүру жайлы ойланып көріңіз. Бұған қатысты кеңестерді “ Қарапайым өмір салтына көше аласыз ба?” деген қоршаудан табуға болады. Не істеуге болатыны жайлы Ехобаға дұға етіп, мақсатыңызға қол жеткізу үшін қажетті өзгерістер жасаңыз.

21. Ехобаға жақындай түсуімізге не көмектеседі?

21 Иса бізге дүние-мүлікті емес, Патшалықты іздеуді үйреткен. Егер осыған құлақ ассақ, қажетімізді ойлап, сарыуайымға салынбаймыз. Сонымен қатар Ехобаға жақындай түсеміз, өйткені ол бізді қамқорлығына алатынына сенім артамыз. Сондай-ақ қалауымызды тізгіндеуді үйреніп, қалтамыз көтерсе де, көзіміз қалаған не осы дүние ұсынған әр нәрсені ала бермейміз. Егер өмірімізді қазірдің өзінде қарапайым етсек, бұл Ехобаға адалдық сақтауға әрі алдағы “шынайы өмірді берік ұстануға” көмектеседі (Тімөтеге 1-хат 6:19).

^ [1] (12-абзац) Ехоба кейде өз қызметшілерінің ас тапшылығын көруіне неге жол беруі мүмкін екенін түсіну үшін, 2014 жылдың 15 қыркүйегіндегі “Күзет мұнарасының” 22-бетіндегі “Оқырман сауалдарын” қараңыз.