Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Еш қорықпа! Мен саған көмектесемін!”

“Еш қорықпа! Мен саған көмектесемін!”

ТҮНДЕЛЕТІП жолда жалғыз келе жатқаныңызды елестетіңізші. Бір кезде әлдекімнің ізіңізге түсіп, артыңыздан қалмай келе жатқанын байқайсыз. Сіз тоқтасаңыз, ол да тоқтайды. Тезірек адымдасаңыз, ол да тездетеді. Сонда жақын жердегі досыңыздың үйіне қарай жүгіре жөнелесіз. Досыңыз есігін ашып, үйіне кіргізгенде, қауіптен құтылғаныңызға риза болып, “уһ” деп деміңізді аласыз.

Мүмкін, басыңыздан мұндай жағдай өтпеген де шығар. Дегенмен өмірдің басқа уайым-қайғысы тынышыңызды алуы мүмкін. Мәселен, қандай да бір жаман әдетпен күресіп, қайталап қоя беретін шығарсыз. Я болмаса сабылып қанша іздесеңіз де, жұмыс таппай қиналып жүрген боларсыз. Немесе қартаю мен қарттықтың әлегін уайымдап, көңіліңізді мұң меңдейтін болар. Бәлкім, мазаңызды қашыратын басқа да жайттар бар шығар.

Жанымызды не нәрсе жегідей жемесін, осындай сәтте мұң-шерімізді тыңдап, қол ұшын беруге асық досымыз болғанға не жетсін! Сіздің осындай жан досыңыз бар ма? Әрине! Ол — Ехоба Құдай. Ишая 41:8—13 тармақтарға сай, Ехоба Ыбырайымға қандай дос болған болса, сізге де дәл сондай дос болады. 10, 13-тармақтарда Ехоба әрқайсысымызға мынадай уәде береді: “Еш қорықпа, мен саған жар боламын. Еш абыржыма, мен сенің Құдайыңмын. Мен сені нығайтамын, саған көмектесемін, Әділдігіме сай, оң қолыммен сүйемелдеймін... Өйткені Мен, Құдайың Ехоба, оң қолыңнан ұстап тұрмын, Саған: — Еш қорықпа! Мен саған көмектесемін!— деймін”.

“ОҢ ҚОЛЫММЕН СҮЙЕМЕЛДЕЙМІН”

Ехобаның бұл сөздері жанымызға жұбаныш сыйлайды. Оның осы уәдесі нені білдіретінін елестетіп көріңізші. Тармақта сіз Ехобаның оң қолынан ұстап, қасында келе жатырсыз деп айтылмаған. Олай болғанда, Ехоба оң қолымен сіздің сол қолыңыздан ұстаған болар еді. Бірақ ол өзінің “оң қолымен” сіздің “оң қолыңыздан” мықтап ұстап, сізді қиын жағдайдан тартып шығарып жатқандай болады. Ехоба оң қолыңыздан ұстағанда, “Еш қорықпа! Мен саған көмектесемін!”— деп, сізді қайраттандырады.

Ехобаны өзіңізді жақсы көретін Әке әрі Дос деп білесіз бе? Қиын шақтарда арқа сүйер тірегіңіз болатынына сенесіз бе? Ехоба шынымен де сіздің қамыңызды ойлайды әрі қол ұшын беруге асық. Өмірдің небір қиын белестеріне тап болғанда, ол өзіңізді қорғансыз сезінбесе екен дейді. Өйткені сізді жанына сондай қымбат тұтады. Ехоба, расында да, “қиын кезде жаныңыздан табылар көмекшіңіз” (Зәбүр 46:1).

ӨТКЕННІҢ ӨКІНІШІ ӨЗЕКТІ ӨРТЕГЕНДЕ

Кейбіреулер өткен қателіктері үшін жанын жегідей жеп, Құдай мені кешірді ме екен деп дал болады. Сіз де осындай күй кешсеңіз, адал кісі Әйүп жайлы ойланып көріңізші. Ол жас шағында күнә жасағанын айтқан (Әйүп 13:26). Зәбүр жыршысы Дәуіт те өзін осылай сезініп, Ехобаға: “Жас күнімдегі күнәларым мен заңсыздықтарымды еске ала көрме”,— деп жалбарынған (Зәбүр 25:7). Кемелсіз болғандықтан бәріміз де “күнә жасадық және Құдайдың ұлылығына ие болу мүмкіндігінен айырылдық” (Римдіктерге 3:23).

Ишая кітабының 41-тарауындағы жұбаныш сөздер о баста исраилдіктерге арнап жазылған. Күнәлары ауыр болғаны сонша — Ехоба оларды жазалап, Бабылға жер аудартатынын айтқан (Ишая 39:6, 7). Әйтсе де Құдай өз істеріне өкініп, өзіне бет бұратындарды азат ететінін уәде еткен! (Ишая 41:8, 9; 49:8). Ехоба бүгінде де шын жүректен өкініп, өзінің ықыласына бөленгісі келетіндерге сүйіспеншілігі мен мейір-шапағатын молынан төгеді (Зәбүр 51:1).

Такуя * есімді ер бауырластың мысалын көрейік. Ол бұрын порнография көру және мастурбациямен айналысу әдетімен күрескен. Бірақ талай рет өзін ұстай алмай қалған. Сондай сәттерде ол қандай күй кешті? “Өзімді жексұрын сезінетінмін. Алайда Ехобадан жалбарынып кешірім сұрағанымда, ол мені мүшкіл халімнен шығарып алатын”,— дейді Такуя. Ехоба мұны қалай істеген? Такуяның қауымындағы ақсақалдар оған жаман әдетіне бой алдырған кезде өздеріне хабарласа алатынын айтқан. “Оларға телефон шалу оңайға соқпайтын,— деп мойындады Такуя.— Бірақ өз-өзімді жеңіп, олармен хабарласқан кезде, бойыма біраз күш-қайрат бітетін”. Кейін ақсақалдар аудандық бақылаушы келгенде, Такуяға бақташылық сапар жасауды ұйымдастырады. Аудандық бақылаушы оған: “Менің мұнда келгенім кездейсоқтық емес. Ақсақалдар осында келгенімді қалады. Осы бақташылық сапар үшін олар сені таңдады”,— деді. “Күнә жасап жүрген мен едім, ал ақсақалдар арқылы қол ұшын берген — Ехобаның өзі”,— дейді Такуя. Ақырында, ол жаман әдетінен арылып, кейін тұрақты ізашар болды. Ал қазір филиалда қызмет етеді. Құдай осы бауырласқа көмектескеніндей, сізге де сүрінген шағыңызда демеу болады.

ЖҰМЫС ІЗДЕП САБЫЛҒАНДА

Жұмыссыз қалу да адамды сарыуайымға батырады. Кейбіреулер жұмыс таба алмай, табандарынан тозады. Ешкім жұмысқа алмай жатқанда, адамның нендей күй кешетіні түсінікті-ақ. Мұндай кезде біреулер өздерін түкке тұрғысыз сезініп жатады. Ехоба бұл жағдайда сізге қандай көмек бере алады? Ол сізге бірден керемет жұмыс тауып бермейтін шығар, бірақ Дәуіттің келесі сөздерін еске түсіруіңізге көмектеседі: “Кезінде мен жас болдым, енді қартайдым, Бірақ Құдайдың әділді тастап кеткенін не оның балаларының нан сұрап жүргенін еш көрмедім” (Зәбүр 37:25). Иә, Ехоба сізді аса бағалы санайды және “әділдігіне сай, оң қолын” ұсынып, өзіне әрі қарай қызмет етуіңіз үшін қажеттінің бәрін береді.

Жұмысыңыздан айырылып қалсаңыз, Ехоба қалай көмектесуі мүмкін?

Колумбияда тұратын Сара Ехобаның қолы қысқа еместігіне өзі куә болды. Ол өте танымал, беделді компанияда толық уақытты жұмыс істеп, көп ақша табатын. Бірақ Ехобаға көбірек қызмет еткісі келгендіктен, жұмысын тастап, ізашарлық қызметті бастайды. Алайда жарты күндік жұмыс таба алмай, біраз қиналады. Ол балмұздақ сататын шағын дүкен ашады. Бірақ жұмысы жүрмей, ақшасы таусылып, дүкенді жабуға тура келеді. “Содан бері үш жыл өтсе де, Ехобаның арқасында бәріне төзе алдым”,— дейді Сара. Ол қымбат дүние мен ең қажетті дүниелердің ара-жігін ажырата білуді, сондай-ақ ертеңгі күнді уайымдамауды үйренеді (Матай 6:33, 34). Сөйтіп жүргенде, бұрынғы бастығы Сараны жұмысқа қайта шақырады. Сара оған тек жарты күн ғана жұмыс істей алатынын және қауым кездесулері мен конгрестерге баруға мүмкіндік берсе ғана жұмысқа келісетінін айтады. Қазір Сараның табысы бұрынғыдай болмаса да, ізашарлық қызметін жалғастыра алуда. Осындай қиын шақтарда ол Ехобаның аялы алақанын сезгенін айтады.

ҚАРТТЫҚТЫҢ ӘЛЕГІН УАЙЫМДАҒАНДА

Көп адамды мазалайтын тағы бір жайт — қарттыққа аяқ басу. Олар зейнетке шыққан соң, ақшалары алаңсыз өмір кешуге жете ме деп уайымдайды. Сондай-ақ қартайған сайын денсаулықтарын ойлап, мазалары кетеді. Ехобаға мына бір жалбарыныш сөздерді Дәуіт патша айтқан болса керек: “Қартайғанымда менен бас тартпашы, Бойымнан қауқарым кеткенде тастамашы” (Зәбүр 71:9, 18).

Егде тартқан Ехобаның қызметшілері болашақты ойлап, уайым-қайғыға салынбас үшін не істеу керек? Олар Құдайға деген сенімдерін күшейтіп, қажетімен қамтамасыз ететініне кәміл сенулері керек. Әрине, бұрын шалқып өмір сүрген болса, енді қарапайым өмір кешуді үйреніп, барға қанағат етулері қажет болатын шығар. Олар тіпті “семіз бұқа етінен” гөрі “көкөніс жегені” денсаулықтары үшін анағұрлым пайдалы екенін түсінер (Нақыл сөздер 15:17). Көздеген мақсатыңыз Ехобаға қызмет ету болса, ол қартайған шағыңызда да сізді қалдырмайды.

Хосэ мен Роуз және Тони мен Уэнди

Ехобаға 65 жылдан аса толық уақыт қызмет етіп келе жатқан Хосэ мен Роузды алайық. Осы жылдары көрген қиындықтары аз емес еді. Екеуі Роуздың әкесіне күні-түні қараған кездері болды. Сондай-ақ Хосэ қатерлі ісікке шалдығып, оған ота жасауға әрі химиялық терапия қабылдауға тура келді. Ехоба осы адал ерлі-зайыптыға қалай оң қолын созды? Ол Тони мен Уэнди деген мәсіхші ерлі-зайыптыны қолданды. Олардың ізашарларға тегін тұруға бергісі келген үйлері бар еді. Тони жоғары сыныпта оқып жүргенде, терезеден үнемі Хосэ мен Роуздың уағыздап жүргенін көретін. Ол бұл бауырластардың құлшынысына тәнті боп, қатты әсер алған. Хосэ мен Роуздың бүкіл өмірлерін Ехобаға қызмет етуге арнағанын көрген Тони мен Уэнди үйлерін соларға ұсынады. Міне, соңғы 15 жыл бойы олар 85-ке таяп қалған Хосэ мен Роузға қамқорлық көрсетіп келеді. Хосэ мен Роуз оларды Ехобадан келген сый деп біледі.

Ехоба сізге де: “Еш қорықпа! Мен саған көмектесемін!”— деп уәде береді. Ол сізге де “оң қолын” созып тұр. Ал сіз оның қолынан ұстайсыз ба?

^ 11-абзац Кейбір есімдер өзгертілген.