Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Құдайдың рақымына дән риза болайық

Құдайдың рақымына дән риза болайық

“Біз... оның рақымына молынан кенеле береміз” (ЖОХАН 1:16).

ӘНДЕР: 95, 13

1, 2. а) Исаның жүзімдік иесі туралы мысалын айтып беріңіз. ә) Бұл мысалдан жомарттық пен рақым жайлы не білеміз?

БІР КҮНІ таң сәріде жүзімдік иесі жұмысшылар жалдамақ болып базар алаңына барады. Ол жұмысшылармен қанша ақы төлейтінін келісіп, жүзімдігіне жібереді. Тағы да жұмысшылар қажет болғандықтан, ол сол күні базар жаққа бірнеше рет барады. Ол жалданғандардың бәріне әділ құн ұсынады. Кеш түскенде ол ақыларын беру үшін жұмысшыларының бәрін жинайды. Сөйтіп, күні бойы еңбектенгендеріне де, бір сағат жұмыс істегендеріне де бірдей ақы төлейді. Күні бойы жұмыс істегендер мұны көргенде, күңкілдей бастайды. Сонда жүзімдік иесі: “Мен ұсынған ақыға келісіп едіңдер ғой? Барлық жұмысшыларға ақшамды өз қалауымша беруге қақым жоқ па? Жоқ әлде менің жомарттығымды көре алмайсыңдар ма?”— дейді (Матай 20:1—15).

2 Исаның осы астарлы әңгімесі Киелі кітапта жиі кездесетін Ехобаның бір қасиетін, “рақымын”, есімізге салады [1] (21-беттегі сілтемені қараңыз). (Қорынттықтарға 2-хат 6:1 оқыңыз). Біреулерге бір-ақ сағат еңбек еткен жұмысшылар толық еңбекақыға лайық болмағандай көрінер, бірақ жұмыс беруші оларға ерекше рақымдылық көрсетті. Киелі кітапта “рақым” деп қолданылған сөз туралы бір маман былай деп жазған: “Бұл сөз, негізінен, адам лайық болмаса да, ешқандай еңбек сіңірмесе де, оған тегін, есесіне ештеңе күтпей берілген сыйды білдіреді”.

ЕХОБАНЫҢ ЖОМАРТ СЫЙЫ

3, 4. Ехоба бүкіл адамзатқа өзінің рақымын не үшін және қалай көрсетті?

3 Жазбаларға сай, Құдайдың рақымы “сый” болып табылады (Ефестіктерге 3:7). Ехоба бұл сыйды не үшін және қалай береді? Егер Ехобаның бүкіл талаптарын кемелді түрде орындағанымызда, оның рақымына лайықты болар едік. Өкінішке қарай, бұл қолымыздан келмейді. Сүлеймен патша: “Жер бетінде әрдайым жақсылық жасап, ешқашан күнә істемейтін әділ адам жоқ”,— деп жазған (Уағыздаушы 7:20). Кейінірек елші Пауыл да: “Барлығы да күнә жасады және Құдайдың ұлылығына ие болу мүмкіндігінен айырылды”,— деген. Сондай-ақ ол “күнәнің беретіні — өлім” екенін айтқан (Римдіктерге 3:23; 6:23а). Демек, бәріміз тек өлімге лайықпыз.

4 Алайда Ехоба адамзатты қатты сүйгендіктен, біз үшін “жалғыз Ұлын құрбан етіп”, өлімге қиды. Бұл — Құдайдың бізге деген теңдесі жоқ рақымы (Жохан 3:16). “Өлгені үшін ұлылық пен құрметті тәж етіп киген Иса” туралы Пауыл: “Құдайдың рақымының арқасында ол күллі адамдар үшін өлді”,— деген (Еврейлерге 2:9). Расында да, “Құдайдың сыйы — Иеміз Мәсіх Иса арқылы берілетін мәңгілік өмір” (Римдіктерге 6:23ә).

5, 6. а) Күнәнің билігінде болудың нәтижесі қандай? ә) Ал Құдай рақымының билігінде болудың нәтижесі ше?

5 Неге адам баласы күнәкар болып, өлетін күйге жетті? Киелі кітапта: “Бір кісі жасаған күнәнің кесірінен өлім патшалық етуде”,— делінген. Иә, Адам атаның ұрпағы болғандықтан, біз кемелсізбіз әрі өлеміз (Римдіктерге 5:12, 14, 17). Дегенмен күнәнің бұдан былай бізге “патшалық етуіне”, яки үстемдік етуіне, жол бермеу өз қолымызда. Егер Исаның төлем құрбандығына сенетін болсақ, бізге Ехобаның рақымы “патшалық ететін” болады. Киелі жазбаларда былай делінген: “Қаншалықты көп күнә жасалса да, Құдайдың рақымы одан да асып түсті. Не үшін? Күнәнің өліммен бірге патшалық еткеніндей, рақымның да Иеміз Иса Мәсіхтің арқасында мәңгілік өмірге жеткізетін әділдік арқылы патшалық етуі үшін” (Римдіктерге 5:20, 21).

6 Күнәкар болғанымыз өзімізді күнәға билетіп-төстетіп қоюымыз керек дегенді білдірмейді. Күнә жасап қойған жағдайда, Ехобадан кешірім сұрай аламыз. Пауыл бізге былай деп ескерткен: “Күнә сендерге үстемдік етпесін, себебі сендер заңға емес, Құдайдың рақымына бағыныштысыңдар” (Римдіктерге 6:14). Ал Құдайдың рақымына бағынышты болғанымыздың қандай пайдасы бар? Пауыл былай деген: “Бұл рақым бізді оған ұнамсыз жүріс-тұрыстан және осы дүниелік құмарлықтардан бас тартуға, сондай-ақ осы заманда есті, әділ әрі оған шын беріліп өмір сүруге үйретеді” (Титке 2:11, 12).

“ҚҰДАЙДЫҢ ТҮРЛІ ЖОЛМЕН КӨРСЕТІЛГЕН РАҚЫМЫ”

7, 8. Ехобаның рақымы “түрлі жолмен көрсетіледі” деген нені білдіреді? (Мақаланың басындағы суреттерді қараңыз.)

7 Елші Петір былай деп жазған: “Құдайдың түрлі жолмен көрсетілген рақымының үлгілі басқарушысы ретінде, әрқайсысың қай мөлшерде сый алсаңдар, оны бір-біріңе қызмет ету үшін сол мөлшерде қолданыңдар” (Петірдің 1-хаты 4:10). Құдайдың рақымы “түрлі жолмен көрсетіледі” деген нені білдіреді? Өмірде қандай қиындыққа кезікпейік, Ехоба солардың бәріне төтеп беруге көмектеседі (Петірдің 1-хаты 1:6). Құдайдың рақымы әрбір тауқыметімізге сай көрсетіледі, яғни әрбір қиыншылықты жеңу үшін не қажет болса, дәл сол беріледі.

Өмірде қандай қиындыққа кезікпейік, Ехоба әрбір қиыншылықты жеңу үшін не қажет болса, дәл соны береді

8 Елші Жохан: “Біз... оның рақымына молынан кенеле береміз”,— деп жазған (Жохан 1:16). Ехобаның рақымы түрлі жолмен көрсетілетіндіктен, біз түрлі баталарға кенелудеміз. Солардың кейбіріне тоқталайық.

9. Қалай Ехобаның рақымының игілігін көре аламыз және оған деген ризашылығымызды қалай білдірсек болады?

9 Күнәларымыз кешіріледі. Ехоба өз рақымының арқасында күнәларымызды кешіреді. Алайда ол ісімізге өкініп, күнәкар бейімділіктерімізбен талмай күрессек қана солай етеді (Жоханның 1-хаты 1:8, 9 оқыңыз). Пауыл өз заманындағы майланған мәсіхшілерге Ехоба күнәларды қалай кешіретінін айтып былай деген: “Ол бізді түнектің билігінен құтқарып, сүйікті Ұлының патшалығына енгізді. Біз оның Ұлының төлемі арқылы азат етілдік, яғни күнәларымыз кешірілді” (Қолостықтарға 1:13, 14). Құдайдың рақымынан жүрегіміз ризашылыққа толатыны сонша — оны мадақтауға талпынамыз! Ехоба күнәларымызды кешіргенінің арқасында басқа да тамаша баталарға жол ашылады.

10. Құдайдың рақымының арқасында қандай мәртебеге иеміз?

10 Құдаймен достық қарым-қатынаста бола аламыз. Күнәкар болғандықтан, дүние есігін ашқаннан бастап Құдайдың жауы болып есептелеміз. Мұны түсінген Пауыл: “Құдайға қас болған кезімізде Ұлының өлімі арқылы онымен татуластық”,— деген (Римдіктерге 5:10). Төлемнің арқасында біз Құдаймен татуласып, оның достары бола аламыз. Пауыл осы мәртебені Құдайдың рақымымен байланыстырып, майланған бауырларына былай деп жазған: “Сенім арқылы әділ деп жарияланғандықтан, Иеміз Иса Мәсіх арқылы Құдаймен тату болып қала берейік. Мәсіхке сенгеніміздің арқасында өзіміз ие болып отырған рақымға жол ашылды” (Римдіктерге 5:1, 2). Ехобамен достық қарым-қатынаста болғанымыз неткен ғанибет!

Құдай рақымының көрінісі: Ізгі хабарды есту мәртебесі (11-абзацты қараңыз)

11. Қалай майланғандар “басқа қойларды” әділдікке жеткізуде?

11 Құдайдың көз алдында әділ бола аламыз. Даниял пайғамбар ақырғы уақытта “терең түсінігі барлар”, яғни майланғандар тамтығы, “көпшілікті әділдікке жеткізетінін” айтып кеткен (Даниял 12:3 оқыңыз). Бүгінде майланғандар ізгі хабарды уағыздап, миллиондаған “басқа қойларға” Ехобаның заң-талаптарын үйретуде (Жохан 10:16). Осылайша оларға Құдайдың көз алдында әділ болуға көмектесуде. Әрине, бұл тек Ехобаның рақымының арқасында мүмкін болып отыр. Пауыл былай деп түсіндірді: “Құдайдың берген сыйы мынау — оның рақымының арқасында олар Иса Мәсіх төлеген құнның негізінде азат етіліп, әділ деп жарияланады” (Римдіктерге 3:23, 24).

Дұға ету мәртебесі (12-абзацты қараңыз)

12. Дұғаның Құдай рақымымен қандай байланысы бар?

12 Дұға арқылы Құдайдың тағына жақындай аламыз. Рақымы мол болғандықтан, Ехоба бізге дұға арқылы өзінің көктегі тағына жақындау мәртебесін беріп отыр. Елші Пауыл Ехобаның тағын “рақымдылық тағы” деп атаған, әрі бізді “еркін дұға етіп”, сол таққа жақындауға шақырған (Еврейлерге 4:16ә, сілтеме). Ехоба бұл мәртебені бізге Иса арқылы сыйлады. Пауыл былай деген: “Мәсіхтің арқасында осылай еркін сөйлей аламыз, әрі оған сенгендіктен, Құдайға сенімділікпен жақындауға жол ашылды” (Ефестіктерге 3:12). Расында да, Ехобаға дұға арқылы кез келген уақытта жақындай алатынымыз — оның шапағатының керемет көрінісі.

Мұқтаж кезімізде көрсетілетін көмек (13-абзацты қараңыз)

13. “Мұқтаж кезімізде” Құдайдың рақымы бізге қалай көмектеседі?

13 Мұқтаж кезімізде көмек аламыз. Пауыл бізді “көмекке мұқтаж кезімізде [Құдайдың] мейірімділігі мен рақымына ие болу үшін”, еркін дұға етуге талпындырған (Еврейлерге 4:16а). Қиындықтан көз ашпай, аласапыран күй кешкенде, Ехобаға жалбарынып, көмек сұрай аламыз. Қанша лайықсыз болсақ та, ол жалбарынған үнімізге құлақ асады. Ол бізге жиі бауырластар арқылы қол ұшын береді. Сондықтан біз: “Ехоба — менің көмекшім. Мен ештеңеден қорықпаймын. Адам баласы маған не істей алады?”— деп батыл айта аламыз (Еврейлерге 13:6).

14. Жанымыз қиналғанда, Ехобаның рақымының қандай пайдасын көреміз?

14 Жанымызға жұбаныш табамыз. Жанымыз қиналып, беймаза күйге түскенде, Ехобадан жұбаныш таба алатынымыз — неткен зор бата! (Зәбүр 51:17). Салоникадағы мәсіхшілер қуғын-сүргін көргенде, Пауыл былай деп жазған: “Бізді сүйіп, рақымымен мәңгілік жұбаныш әрі берік үміт берген Құдай Әкеміз және Иеміз Иса Мәсіхтің өзі сендерді жұбатып... нығайтсын” (Салоникалықтарға 2-хат 2:16, 17). Зор рақымының арқасында Ехобаның көрсетіп отырған сүйіспеншілігі мен қамқорлығын сезіну көңілімізге жұбаныш береді емес пе?!

15. Құдайдың рақымының арқасында қандай үмітке ие болдық?

15 Мәңгі өмір сүруге үмітіміз бар. Күнәкар пенде болғандықтан, үмітсіз бейбақ едік (Зәбүр 49:7, 8 оқыңыз). Алайда Ехоба бізге тамаша үміт сыйлады. Иса ізбасарларына мынадай уәде берген: “Әкемнің еркі — Ұлын көріп, оған сенген әркімге мәңгілік өмір сыйлау” (Жохан 6:40). Расымен де, мәңгілік өмір — сый әрі Ехобаның рақымының ғажап көрінісі. Мұны түсінген Пауыл: “Әртүрлі адамдардың құтқарылуына жол ашып, Құдай өз рақымын анық көрсетті”,— деген (Титке 2:11).

“ҚҰДАЙДЫҢ РАҚЫМЫН ТЕРІС ҚОЛДАНБАЙЫҚ”

16. Ертедегі мәсіхшілердің кейбірі Құдайдың рақымын қалай теріс қолданған?

16 Рас, Ехобаның рақымы арқылы көптеген баталарға ие болдық. Алайда бұл рақымды теріс пайдаланып, күнәларымызды ақтаудан аулақ болуымыз керек. Ертедегі мәсіхшілердің арасында “өздерінің өрескел қылықтарын ақтау үшін Құдайымыздың рақымын теріс қолданғандар” болған (Яһуда 4). Адалдықтан тайған бұл мәсіхшілер “күнә жасай берсек болады, Ехоба бәрін кешіре береді” деген ойда болғанға ұқсайды. Олар тіпті бауырластарды да өздерінің жеркенішті істеріне еліктіруге тырысқан. Бүгінгі таңда кімде-кім осылай істесе, ол “рақымын көрсетіп отырған Құдайдың рухын қорлайды” (Еврейлерге 10:29).

17. Петір қандай маңызды ескерту айтқан?

17 Бүгінгі күні де Шайтан кей мәсіхшілерді адастырып, “күнә жасай беруге болады, Ехоба кешіре салады” деп ойлауға түрткі болған. Рас, күнәларына өкінетіндерді Ехоба кешіруге дайын. Бірақ ол бізден күнәкар бейімділіктерімізбен барынша күреседі деп күтеді. Ехоба киелі рухтың жетелеуімен Петірге былай деп жаздырған: “Сол себепті, сүйікті бауырластар, осыны алдын ала білгендіктен, сақ жүріңдер: бұзық адамдар сендерді жаңсақ ойларымен адастырып, берік тұрған негіздеріңнен құлатпасын. Қайта, Иеміз әрі Құтқарушымыз Иса Мәсіхтің рақымына бөлене беріп, ол жайлы білімдерің арта түссін” (Петірдің 2-хаты 3:17, 18).

ҚҰДАЙДЫҢ РАҚЫМЫ ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЙДІ

18. Ехобаның рақымы бізге қандай жауапкершіліктер жүктейді?

18 Ехобаның бізге танытып отырған рақымына дән ризамыз. Сондықтан өзімізде бар сыйларды Ехобаны мадақтау үшін және өзгелерге көмектесу үшін қолдануымыз керек. Бұл — біздің борышымыз. Өзімізде бар сыйларды қалай қолдансақ болады? Пауыл былай деген: “Құдайдың рақымымен біз әртүрлі сыйға ие болдық... үлесімізге қызмет ету тиген болса, соны атқарайық; кім тәлімгерлік сыйына ие болса, тәлім берсін; кімде жігер беру сыйы болса, сонысын орындасын... кім мейірімділік көрсетіп жүрген болса, мұны қуанышпен істесін” (Римдіктерге 12:6—8). Олай болса, Ехобаның рақымына бөленіп жүргендіктен, бізде қызметте аянбай тер төгу, адамдарға Киелі кітаптан тәлім беру, бауырластарды жігерлендіру және өзімізді ренжіткендерді кешіру міндеті бар.

19. Келесі мақалада қандай жауапкершілігіміз жайлы қарастырамыз?

19 Ехобаның рақымына кенеліп отырғанымыз бізді “Құдайдың рақымы туралы ізгі хабарды жариялау арқылы түбегейлі куәлік беруге” талпындыру керек (Елшілердің істері 20:24). Бізге жүктелген бұл жауапкершілік жайлы келесі мақалада сөз қозғаймыз.

^ [1] (2-абзац) “Жаңа дүние аудармасындағы” түсіндірмеден “Рақым” сөзін қараңыз.