Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Неге “Яхты мадақтауымыз” керек?

Неге “Яхты мадақтауымыз” керек?

“Яхты мадақтаңдар!.. Оны мадақтау жағымды, әрі ол бұған лайықты” (ЗӘБҮР 147:1, сілтеме).

ӘНДЕР: 104, 152

1—3. а) 147-нші Зәбүр жыры қашан жазылғанға ұқсайды? ә) 147-нші Зәбүр жырын зерттеу барысында не білеміз?

ӘЛДЕБІРЕУДІҢ сөзіне не ісіне тамсанғанда, біз әдетте оны мақтап-мадақтап жатамыз. Ендеше, Ехоба Құдайымыз бұдан да зор мадаққа лайық емес пе?! Біз оны керемет жаратылысынан көрініс табатын құдіреті үшін және Ұлының төлем құрбандығы арқылы танытқан зор сүйіспеншілігі үшін мадақтаймыз.

2 147-нші Зәбүр жырын оқығанда, оны жазған адамның Ехобаны даңқтауға деген ыстық ықыласын анық көреміз. Ол басқаларды да өзіне қосылып Құдайды мадақтауға шақырған (Зәбүр 147:1, 7, 12 оқыңыз).

3 Бұл Зәбүр жырын кім жазғаны беймәлім. Бірақ ол Ехоба исраилдіктерді Бабылдан азат етіп, олар Иерусалимде тұрып жатқан кезде өмір сүргенге ұқсайды (Зәбүр 147:2). Ехобаның халқы қайтадан туған жерінде ғибадат ете алатыны зәбүр жыршысын Құдайды мадақтауға талпындырды. Содан кейін ол Ехобаны дәріптеуге бұдан да көп себеп келтірді. Бұл қандай себептер? Сондай-ақ бізде “Яхты мадақтаңдар!” не “Аллилуйя!” деп жар салуға нендей себептер бар? (Зәбүр 147:1, сілтеме; Аян 19:1 сілтеме).

ЕХОБА ЖҮРЕГІ ЖАРАЛЫЛАРДЫ САУЫҚТЫРАДЫ

4. Кир патша өздерін босатқанда, исраилдіктер не сезінсе керек және неге?

4 Бабыл тұтқындығында жүргенде, исраилдіктер қандай күйде болғанын елестетіп көріңізші. Тұтқында ұстап отырғандар оларды келеке-мазақ етіп: “Сионның бір әнін шырқап беріңдер”,— деді. Бірақ яһудилер ән айтатын шамада емес еді. Себебі олардың ең зор шаттығы болған Иерусалим қирап жатты (Зәбүр 137:1—3, 6). Яһудилердің жүрегі жараланып, жұбанышқа зар еді. Алайда дәл Құдайдың пайғамбарлық сөзінде айтылғандай, Ехоба өз халқына көмекке келді. Қалай? Персия патшасы Кир Бабылды жаулап алып, былай деп жар салды: “Ехоба маған... Иерусалимде өзіне арнап үй тұрғызуды тапсырды. Араларыңда оның халқына жататындар бар болса, Құдайлары Ехоба жар болып, олар Иерусалимге барсын!” (Шежірелер 2-жазба 36:23). Бұл сөздер Бабылдағы исраилдіктердің жанына қалай жай берді десеңізші!

5. Зәбүр жыршысы Ехобаның сауықтыратын күші жайлы не айтқан?

5 Ехоба жалпы Исраил халқына ғана емес, әрбір исраилдікке де жұбаныш сыйлады. Қазіргі таңда да ол осылай істейді. Зәбүр жыршысы Құдай жайында: “Жүрегі жаралы жандарды сауықтырады, Жараларын байлап таңады”,— деген (Зәбүр 147:3). Демек, тән азабын не жан азабын шеккенде, Ехоба қасымыздан табылып, бізді қамқорлайтынына сенімді бола аламыз. Ол көңілімізге медет болып, жан жарамызды сауықтыруға асық (Зәбүр 34:18; Ишая 57:15). Басымызға күн туғанда төтеп бере алуымыз үшін ол бізге даналық пен күш дарытады (Жақып 1:5).

Ехоба жұбаныш беріп, көңілімізді жайландыруға асық

6. Зәбүр 147:4-тегі сөздердің біз үшін қандай пайдасы бар? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

6 Бұдан соң зәбүр жыршысы жанарын көкке тігіп, Ехобаның “жұлдыздарды санайтынын” және олардың “әрқайсысын атымен атайтынын” айтқан (Зәбүр 147:4). Ол аспандағы жұлдыздарды көргенмен, олардың саны шын мәнінде қаншама екені жайында мүлдем бейхабар болған. Бүгінде ғалымдардың айтуынша, біздің Құсжолы галактикамызда миллиардтаған жұлдыз бар. Ал бүкіл ғаламда триллиондаған галактика болуы мүмкін! Адам баласы жұлдыздардың санына жете алмағанмен, Жаратушымызға бұл еш қиындық тудырмайды. Ол әрбір жұлдызды жақсы білетіні сонша — әрқайсысына ат берген (Қорынттықтарға 1-хат 15:41). Әр жұлдыздың қай уақытта қайда тұрғанын білетін Құдай сізді де біледі. Ол сіздің тура қай жерде, дәл қандай күйде және нақты неге мұқтаж екеніңізді әрдайым біледі!

7, 8. а) Ехоба бізді қай жағынан түсінеді? ә) Ехобаның жанашырлығын көрсететін мысал келтіріңіз.

7 Ехоба сіздің нені бастан кешіп жатқаныңызды түсінеді, әрі сізге көмектесуге құдіреті жетеді (Зәбүр 147:5 оқыңыз). Бәлкім, сіз менің жағдайым тым қиын, күресуге күшім жетпейді деп ойлайтын шығарсыз. Құдай біздің мүмкіндігіміздің шектеулі екенін түсінеді, өйткені “топырақ екеніміз оның есінде” (Зәбүр 103:14). Кемелсіз пенде болғандықтан біз бір қателікті қайта-қайта жібереміз. Кейде осы үшін салымыз суға кететін шығар. Ағат сөздер айтқанымыз, жаман қалауларға не қызғанышқа бой алдырғанымыз үшін қатты опық жеп жатамыз! Ехобада мұндай кемшіліктердің бірде-бірі болмаса да, ол бізді жақсы түсінеді, себебі “оның түсінігі түпсіз терең”.

8 Ехоба құдіретті қолымен сізге қайғыдан айығуыңызға көмектескен кездері болған ба? (Ишая 41:10, 13). Киоко есімді ізашармен болған жайтты алайық. Жаңа аумаққа тағайындалған соң, оның қатты еңсесі түседі. Алайда Ехоба оның қиындығын білетінін Киоко қалай сезді? Жаңадан ауысқан қауымында оның жанын түсіне білетін көптеген бауырластар табылды. Киокоға Ехоба былай деп жатқандай сезілді: “Мен сені ізашар болғаның үшін ғана емес, менің қызым болғаның үшін, маған бағышталғаның үшін жақсы көремін. Менің Куәгерім ретінде қуанып өмір сүргеніңді қалаймын!” Ал сіз өз өміріңізде Ехобаның “түсінігі түпсіз терең” екеніне қалай куә болдыңыз?

ЕХОБА КЕРЕГІМІЗДІ ҚАМДАЙДЫ

9, 10. Ехобаның көмектесетін ең басты жолы қандай? Мысал келтіріңіз.

9 Бәрімізге де тамақ, киім мен баспана керек. Мүмкін, сіз ертеңгі күні ас-суға жарымай қалмас па екенбіз деп уайымдайтын шығарсыз. Бірақ Ехоба жердің өнімі бәріне де жететіндей етіп жасаған, ол тіпті “қарғаның ашыққан балапандарына да азық береді” (Зәбүр 147:8, 9 оқыңыз). Егер Ехоба қарғаларды тамақтандырса, біздің тәндік қажеттіліктерімізді де қамтамасыз ететініне кәміл сенсек болады (Зәбүр 37:25).

10 Ең бастысы, Ехоба бізді сенімімізге азық болатын рухани ас-сумен қамтамасыз етеді, әрі “адам ақылынан асқан тыныштығын” сыйлайды (Філіпіліктерге 4:6, 7). Муцуо бауырлас пен әйелі өз өмірлерінде Ехобаның қолдауын сезінді. 2011 жылы Жапонияда цунами болған кезде олар үйлерінің шатырына өрмелеп шығып, әрең аман қалады. Сол күні олар бар дүние-мүлкінен айырылады. Олар түнді екінші қабаттағы қараңғы әрі суық бөлмеде өткізеді. Ал таңертең өздеріне рухани жігер беретін бірдеңе іздей бастайды. Олардың бар тапқаны 2006 жылғы “Ехоба куәгерлерінің жылнамасы” болып шығады. Кітапты парақтай бастағанда, Муцуо “Тарихтағы ең жойқын цунами” деген тақырыпшаны көріп қалады. Ол тақырыпшада 2004 жылы Суматрада жерсілкінісінің салдарынан бұрын-соңды болмаған ең жойқын цунами болғаны айтылыпты. Сондағы бауырластардың бастан өткізгендерін оқығанда, Муцуо мен әйелі жылап жібереді. Екеуі Ехоба тура өздеріне керек жігерді беріп жатқанын түсінеді. Бұған қоса, Ехоба оларға басқа жағынан да қамқорлық етеді. Жапонияның бұрыш-бұрышынан бауырластар тамақ пен киім-кешек жібереді. Бірақ оларға әсіресе қауымдарына Құдай ұйымының өкілдері келгені демеу болады. Муцуо былай дейді: “Ехоба біздің әрқайсысымыздың жанымыздан табылып, қамқорлап жатқанын сезіндім. Бұл неткен жұбаныш еді!” Құдай бірінші кезекте рухани қажеттілігімізді қамдайды, сонымен қатар тәндік қажеттілігіміздің де қамын жасайды.

ҚҰДАЙДАН КЕЛЕТІН КӨМЕКТІҢ ПАЙДАСЫН КӨРІҢІЗ

11. Құдайдың көмегінің пайдасын көру үшін не істеуіміз керек?

11 Ехоба “момындарды жоғарылатады”. Ол бізді жақсы көреді әрі қашанда қол ұшын беруге дайын (Зәбүр 147:6а). Оның көмегінің пайдасын көру үшін не істеуіміз керек? Онымен тығыз қарым-қатынаста болуымыз қажет. Бұл үшін момындық қасиетін дамытқанымыз жөн (Софония 2:3). Момындар Ехобаның кез келген әділетсіздікті түзететініне және өмірлеріндегі қайғы-қасіреттен арылтатынына сенім артады. Ехоба мұндай жандарды мейір-шапағатына бөлейді.

12, 13. а) Құдайдың көмегінің пайдасын көру үшін неден аулақ болуымыз керек? ә) Ехобаға кімдер ұнайды?

12 Алайда Ехоба “зұлымдарды жерге құлатады” (Зәбүр 147:6ә). Бұл біздің басымызға түскенін қаламас едік, солай емес пе?! Біз Құдайдың айнымас сүйіспеншілігінен айырылғымыз келмейді. Сондықтан ол жек көретінді біз де жек көруге тиіспіз (Зәбүр 97:10). Мысалы, жыныстық азғындықты жек көруіміз керек. Бұл — осыған әкелетін кез келген нәрсеге, соның ішінде порнографияға, жоламау деген сөз (Зәбүр 119:37; Матай 5:28). Бұл қиын күрес шығар, бірақ Ехобаның батасы аянбай күш салуымызға тұрады.

13 Осындай арпалыста өз күшімізге емес, Ехобаға арқа сүйеуіміз керек. Адамдар жүгінетін нәрселерге арқа сүйегеніміз оған ұнай ма? Жоқ, Ехоба “тұлпардың күшіне таңғалмайды”. Біз өзіміздің я өзгелердің күшіне сүйенуіміз керек пе? Ехоба “адамның жүйріктігіне де сүйсіне қарамайды” (Зәбүр 147:10). Олай болса, біз Ехобаға үздіксіз дұға етіп, әлсіздіктерімізді жеңуге көмектесуін сұрап жалбарынуымыз керек. Ол мұндай дұғаларды тыңдаудан ешқашан талмайды. “Ехобаға өзінен қорқатындар, Айнымас сүйіспеншілігіне үміт артатындар ұнайды” (Зәбүр 147:11). Айнымас сүйіспеншілігі зор Құдайымыз бізге жаман құмарлықтарымызды жеңуге көмектесе беретініне сенім артайық.

14. Зәбүр жыршысы не нәрсеге сенімді болды?

14 Ехоба қиындыққа тап болғанымызда міндетті түрде көмек қолын созатынына сендіреді. Иерусалимге қайта оралған исраилдіктерге Ехоба қалай жәрдемдесіп жатқанын ойлағанда, зәбүр жыршысы: “Ол қақпаларыңның ысырмаларын берік қылады, Балаларыңа бата жаудырады. Жеріңе тыныштық сыйлайды”,— деп жырлаған (Зәбүр 147:13, 14). Ехобаның қала қақпаларын берік қылатынын білгені зәбүр жыршысының көңіліне жай берді. Бұл оған Ехоба өз халқын қорғайтынына сенімділік ұялатты.

Қиындығымызды ойлап беймаза күй кешкенде, Құдай Сөзі қалай көмектеседі? (15—17 абзацтарды қараңыз)

15—17. а) Қиындықтарымыз кейде қалай әсер етуі мүмкін, бірақ Ехоба бізге көмектесу үшін өз Сөзін қалай қолданады? ә) Құдайдың сөзі бізге “лезде” көмекке келетініне қатысты мысал келтіріңіз.

15 Қиындықтарыңыз сізді беймаза күйге түсірер. Бірақ олармен күресу үшін Ехоба сізге даналық сыйлайды. Зәбүр жыршысы Құдай туралы: “Жер бетіне бұйрығын жолдайды, Оның сөзі лезде тарайды”,— деген. Сосын қар, қырау, бұршақ жайлы айта келе: “Жіберген аязына кім шыдай алады?”— деп сұраған. Кейін Ехоба “бұйрығын жіберсе, мұз еритінін” айтқан (Зәбүр 147:15—18). Біздің бәрін білетін, бәрі қолынан келетін, бұршақ пен қарды қадағалап отыратын Құдайымыз сізге кез келген қиындықты жеңуге, әлбетте, көмектеседі.

Ехоба сізге “лезде” басшылық бергенін өз өміріңізден көрдіңіз бе?

16 Бүгінгі таңда Ехоба бізге өз Сөзі Киелі кітап арқылы жол сілтейді. Зәбүр жыршысы айтқандай, Ехобаның сөзі бізге “лезде” көмекке келеді. Құдай бізге қажетті басшылықты дер кезінде береді. Киелі кітап, “адал да ақылды құлдың” әдебиеттері, JW Broadcasting арнасы, jw.org сайты, ақсақалдар мен бауырластарыңыздың көмегі қалай тиіп жатқанын ойлап көріңізші! (Матай 24:45). Ехоба сізге “лезде” басшылық беретінін өз өміріңізден көрдіңіз бе?

17 Саймона есімді әйел бауырлас Құдай Сөзінің көмегін көрген. Ол өзін түкке тұрғысыз сезініп, Ехобаның көңілінен шықпаймын деп ойлаған. Алайда жігері жасыған шақтарда ол Ехобаға үздіксіз дұға етіп, жалынып көмек сұрай берген. Сондай-ақ Киелі кітапты жеке зерттеуден қол үзбеген. Ол былай деді: “Менің ешқашан Ехобаның күші мен басшылығынсыз қалған кезім болған емес”. Бұл оған мейлінше оң көзқарас сақтауға жәрдемдесті.

18. Неге Ехобаны өзіңізге жақын сезінесіз және “Яхты мадақтаңдар!” деп жар салуға сізде қандай себептер бар?

18 Зәбүр жыршысы Ехобаның жер бетіндегі күллі халықтардың ішінен ежелгі Исраилді өз халқы етіп таңдап алғанын білген. Тек сол халыққа ғана Құдайдың “сөзі” мен “нұсқаулары” берілген еді (Зәбүр 147:19, 20 оқыңыз). Бүгінде біз де Құдайдың есімімен аталу мәртебесіне иеміз. Ехобаны білетінімізге, қолымызда оның бізге жөн сілтейтін Сөзі барына, сондай-ақ онымен тығыз қарым-қатынаста болғанымызға шексіз ризамыз. 147-нші Зәбүр жырын жазған кісі іспетті, сізде де “Яхты мадақтаңдар!” деп жар салуға әрі өзгелерді де осылай етуге шақыруға себеп жетіп артылады.