Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Шынайы байлыққа ұмтылайық

Шынайы байлыққа ұмтылайық

“Әділетсіз байлықпен өздеріңе достар табыңдар” (ЛҰҚА 16:9).

ӘНДЕР: 32, 154

1, 2. Неге осы дүниеде кедейлер әрқашан да болады?

БҮГІНГІ заманның экономикалық жүйесі қатал әрі әділетсіз. Қаншама жастар жұмыс таба алмай сабылып жүр. Ал кейбіреулер дәулетті елдерге көшу үшін өз өмірін қатерге тігуде. Тіпті бай елдердің өзінде кедей-кепшіктер жетіп артылады. Кедей мен байдың арасы барған сайын алшақтап барады. Жақын арадағы бір зерттеудің қорытындысына сай, жер тұрғындарының 1 пайызын құрайтын шіріген байлардың дәулеті қалған 99 пайыз адамның жалпы алғандағы дәулетіне тең екен. Бұдан көретініміздей, кейбірі бірталай адамның ғұмырына жететін байлықты иеленіп отырғанда, миллиардтаған адам тақыр кедейдің күйін кешуде. Иса өмірдің осы ащы шындығын айтып: “Кедейлер әрқашан қастарыңда”,— деген (Марқа 14:7). Әлемде неге мұндай теңсіздік орын алуда?

2 Иса осы дүниенің экономикалық жүйесі Құдай Патшалығы келмейінше түзелмейтінін білген. Саяси және діни жүйемен қатар, Киелі кітапта “саудагерлер” ретінде бейнеленген коммерциялық жүйе де — Шайтан дүниесінің бір бөлігі (Аян 18:3). Құдай халқы саясат пен жалған діннен өздерін аулақ ұстай алғандарымен, олардың басым көпшілігі Шайтанның дүниесіндегі сауда-саттық жүйесінен толықтай бөлініп кете алмайды.

3. Қарастыратын сұрақтарымыз қандай?

3 Мәсіхші болғандықтан, біз осы әлемнің сауда-саттық жүйесіне деген көзқарасымызды тексергеніміз абзал. Бұл үшін келесі сұрақтарды ой елегінен өткізіп көрелік: дүние-мүлкімді Құдайға деген адалдығымды көрсету үшін қалай қолдансам болады? Сауда-саттық әлемімен байланысымды азайту үшін не істеуім керек? Бүгінде Құдай халқы оған толық сенім артатыны қандай оқиғалардан көрінеді?

ӘДІЛЕТСІЗ ҮЙ БАСҚАРУШЫСЫ ТУРАЛЫ МЫСАЛ

4, 5. а) Исаның мысалындағы үй басқарушысы қандай жағдайға тап болды? ә) Иса ізбасарларына қандай кеңес берді?

4 Лұқа 16:1—9 оқыңыз. Исаның әділетсіз үй басқарушысы туралы мысалы бәрімізге де ой тастайды. Ол қожайынының дүние-мүлкін шашты деп айыпталады *. Сондықтан қожайыны оны жұмыстан шығармақ болады. Бірақ үй басқарушысы “ақыл тауып кетеді”: жұмыстан шықпас бұрын, ол кейінірек өзіне қол ұшын беретін адамдармен достасып алады. Әрине, мұнымен Иса шәкірттерін күн көру үшін әділетсіз жолмен әрекет етуге талпындырғысы келмеген. Әдетте бұлай ету “осы дүниенің адамдарына” тән. Иса бұл мысалмен бір маңызды тағылым бергісі келген.

5 Үй басқарушысы аяқастынан қиындыққа тап болғаны сияқты, Иса ізбасарларының көбісіне осы әділетсіз дүниеде ақша табу оңай болмайтынын білген. Сол себептен оларға: “Әділетсіз байлықпен өздеріңе достар табыңдар, сонда байлықтарың таусылғанда, олар [Ехоба мен Иса] сендерді мәңгілік мекендерге қабылдайды”,— деді. Исаның кеңесінен неге үйренсек болады?

6. Бүгінгі сауда-саттық жүйесі Құдайдың ниетіне кірмегенін қайдан білеміз?

6 Иса дүние-мүлікті неліктен “әділетсіз” деп айтқанын түсіндірмегенімен, Киелі кітаптан сауда-саттықтың Құдайдың ниетіне кірмегені анық көрінеді. Мысал үшін, Ехоба Едем бағында Адам мен Хауаға керегін үйіп-төгіп берген (Мұсаның 1-жазбасы 2:15, 16). Бертін келе, Құдай майланғандарға киелі рухын бергенде, “ешқайсысы қолда бар меншігін өзінікі деп есептемей, қайта, өзгелермен ортақтасты” (Елшілердің істері 4:32). Ал Ишая пайғамбар күллі адамзат жер өнімдерінің рақатын молынан көретін кез туралы айтқан (Ишая 25:6—9; 65:21, 22). Бірақ сол уақыт келгенше, Исаның ізбасарларына “ақылмен” әрекет ету керек еді: оларға мына дүниенің “әділетсіз байлығын” қолданып күн көрумен қатар, Құдайға ұнамды болу үшін күш салу қажет еді.

ӘДІЛЕТСІЗ БАЙЛЫҚТЫ ДАНАЛЫҚПЕН ҚОЛДАНУ

7. Лұқа 16:10—13 тармақтарда Иса қандай кеңес берген?

7 Лұқа 16:10—13 оқыңыз. Исаның әңгімесіндегі үй басқарушысы өз пайдасын ойлап достар тапты. Бірақ Иса ізбасарларының риясыз ниетпен көктен достар тапқанын қалады. Ол “әділетсіз байлықты” қалай қолданатынымыз Құдайға адалмыз ба, жоқ па — соны көрсететінін түсіндіргісі келген. Қолымызға түскен “әділетсіз байлықты қолдануда сенімді” екенімізді қалай көрсетсек болады?

8, 9. Кейбіреулер әділетсіз байлықты қолдануда сенімді екендерін қалай көрсетуде?

8 Дүние-мүлкімізді қолдануда сенімді екенімізді көрсетудің бір жолы — Иса пайғамбарлық еткен дүниежүзілік уағыз ісіне ерікті садақа жасау (Матай 24:14). Үндістанда тұратын бір кішкентай қыз ақша жинайтын қобдишасына біртіндеп тиын салып жүреді. Ол тіпті ойыншық та сатып алмайды. Қобдишасы толғанда, жинаған ақшасының бәрін уағыз ісіне садақа етеді. Сондай-ақ бұл елде кокос шаруашылығымен айналысатын бір ер бауырлас бар. Ол малаялам тіліндегі аударма кеңсесіне көп кокосты садақа ретінде береді. Әдетте, кеңсе кокосты бәрібір сатып алатындықтан, бауырлас ақшадан гөрі кокос садақа еткені әлдеқайда ұтымды деп есептейді. “Ақыл тауып кету” деп осыны айтыңыз! Грекиядағы бауырластар да Бетел отбасына зәйтүн майы, ірімшік пен басқа да азық-түлікті садақа етіп тұрады.

9 Басқа бір ер бауырлас Шри-Ланкадағы жекеменшігін қауым кездесулері мен конгрестер өткізу үшін және толық уақытты қызметшілерді тұрғызу үшін береді. Бауырлас үшін бұл қаржы жағынан құрбандық болғанмен, қалтасы жұқа жергілікті жариялаушылар үшін орасан зор көмек. Ал уағыз ісімізге шектеу қойылған елдерде бауырластар өз үйлерін Патшалық сарайы ретінде қолданады. Осылайша тұрмысы қарапайым ізашарлар мен басқа да бауырластар ақы төлемейтін орында жинала алады.

Құдай халқы қолда бар дүниесін өзгелердің мүддесіне жұмсайды

10. Қолымыз ашық болса, мұның әкелмек кейбір игілігі қандай?

10 Осы мысалдардан Құдай халқының “кішкене нәрседе сенімді” екені көрінеді (Лұқа 16:10). Олар қолда бар дүниесін өзгелердің мүддесіне жұмсайды. Осындай құрбандыққа барғандары Ехобаның достарын қандай сезімге бөлейді? Олар жомарттық таныту “шынайы байлықты” иемденудің бірден-бір жолы екенін түсінеді (Лұқа 16:11). Патшалық ісіне үнемі садақа жасап тұратын бір әйел бауырлас былай деп ой бөлісті: “Қолымда барды жомарттықпен бөлісе келе, жылдар өте бойымнан бір өзгерісті байқадым. Қолдағыны аямай берген сайын, адамдарға да дарқан көңілмен қарайтын болдым. Кешіруге, сабыр сақтауға, біреу көңілімді қалдырғанда не кеңесті қабылдауға келгенде, жүрегім жомарт бола түсті”. Расында да, кең болса, рухани жағынан кем болмайтындарына көбісі көз жеткізген (Зәбүр 112:5; Нақыл сөздер 22:9).

11. а) Қалайша жомарт болғанымыз “ақылмен” әрекет ететінімізді көрсетеді? ә) Қалай Құдай халқы бүгінде қаржыны тең бөлісуде? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

11 Қаражатымызды өзгелердің қызметін қолдау үшін жұмсауымызбен де “ақылмен” әрекет ететінімізді көрсетеміз. Сонда толық уақытты қызмет ете алмайтын не қажеттілік бар жерге көше алмайтын болсақ та, өзгелерге қолғабыс ете аламыз (Нақыл сөздер 19:17). Мысалы, ерікті садақамыздың арқасында рухани зор өсім болып жатқан кедей елдерде уағыздау ісіне қолдау көрсетіп, әдебиетпен қамтамасыз ету мүмкін болып отыр. Конго, Мадагаскар, Руанда секілді елдерде Киелі кітап өте қымбат тұрады. Кейде оның бағасы бір апталық не бір айлық жалақының құнына тең келеді. Бауырластарға не отбасына тамақ алатынын, не Киелі кітап сатып алатынын таңдауға тура келетін. Бұл жағдай жылдар бойы өзгермеді. Ал енді, басқалардың ерікті садақасы мен қаржыны “тең бөлісудің” арқасында Ехобаның ұйымы Киелі кітапты аударып, оны әрбір отбасы мүшесі мен рухани сусаған Киелі кітап зерттеушісіне тегін үлестіруде (Қорынттықтарға 2-хат 8:13—15 оқыңыз). Осының нәтижесінде беретіндер де, алатындар да Ехобаның досы бола алады.

САУДА-САТТЫҚ ӘЛЕМІМЕН БАЙЛАНЫСТЫ АЗАЙТУ

12. Ыбырайым Ехобаға сенім артатынын қалай көрсетті?

12 Ехобамен достасудың өзге бір жолы — сауда-саттық әлемімен байланысты азайтып, “шынайы байлыққа” ұмтылу. Сенімін серік еткен Ыбырайым Ехобаға мойынсұнды әрі шатырларда тұру үшін бақуатты Ур қаласын тастап кетті. Өйткені ол Ехобаның досы болуға ұмтылды (Еврейлерге 11:8—10). Ол дүние-мүлікке емес, шынайы байлықтың көзі Құдайға сенім артты (Мұсаның 1-жазбасы 14:22, 23). Иса осындай сенімге ие болуға шақырып, бір бай жігітке: “Егер мінсіз болғың келсе, бар да, мал-мүлкіңді сат. Түскен ақшаны кедей-кепшіктерге бер, сонда қазынаң көкте болады, ал өзің келіп, ізбасарым бол”,— деді (Матай 19:21). Бұл жігіттің Ыбырайымдікіндей сенімі жоқ еді. Десе де Ехобаға қалтқысыз сенім артқан кісілер болған.

13. а) Пауыл Тімөтеге қандай кеңес берді? ә) Бүгін біз Пауылдың кеңесін қалай қолдана аламыз?

13 Тімөтенің сенімі мықты болған. Пауыл оны “Мәсіх Исаның жақсы сарбазы” деп атаған соң, оған: “Ешбір сарбаз өзін әскери қызметке алған кісіге жағыну үшін, сауда-саттықпен айналыспайды”,— деген (Тімөтеге 2-хат 2:3, 4). Бүгінде Исаның ізбасарлары, бір миллионнан астам толық уақытты қызметшілерді қоса алғанда, Пауылдың кеңесіне мейлінше құлақ асуда. “Қарыздар жан қарыз берушінің құлы болар” деген принципті есте тұта отырып, олар жарнаманың желігі мен осы дүниенің қысымына тойтарыс беруде (Нақыл сөздер 22:7). Шайтан бар күшіміз бен уақытымызды осы әлемнің сауда-саттығына сарп еткенімізді қалайды. Кейбіреулер үй, көлік, білім алу үшін, тіпті үйлену тойын жасау үшін үлкен көлемде несие алып жатады. Сақ болмасақ, осының кесірінен жылдар бойы сол қарыздың құлы болып жүреміз. Ал егер қарапайым тұрмыс кешіп, қарыздан аулақ болып, көрпемізге қарай көсіле білсек, ақылмен әрекет етеміз. Сонда бүгінгі коммерциялық жүйеге құл болмай, Құдайға емін-еркін қызмет ете аламыз (Тімөтеге 1-хат 6:10).

14. Біз не нәрсеге бекінуіміз керек? Мысал келтіріңіз.

14 Қарапайым тұрмыс кешу үшін, Құдай Патшалығын бірінші орынға қоюымыз қажет. Бір ерлі-зайыпты бауырластың кірісі мол жеке бизнесі болған. Бірақ олар қайтадан толық уақытты қызмет еткісі келеді. Сөйтіп, бизнесін, катері мен басқа да мүліктерін сатып жібереді. Кейін Уорвиктегі (Нью-Йорк) дүниежүзілік бас басқарманың құрылысына ерікті қызметші болып барады. Олар үшін бұл ерекше жайт болды. Өйткені Бетелдегі қызы және күйеубаласымен, сондай-ақ бірнеше апта бойы күйеуінің Уорвиктегі жобаға қатысып жатқан ата-анасымен қызметтесе алды. Ал Колорадода (АҚШ) бір ізашар банкке толық емес уақытқа жұмысқа тұрады. Оның еңбегіне риза болған жұмыс берушілер бұл әйел бауырласқа толық уақыт жұмыс істеуді ұсынып, жалақысын үш есе көбейтетінін айтады. Бұл қызметіне кедергі келтіретіндіктен, бауырласымыз мұндай адам қызығарлық ұсыныстан бас тартады. Бұлар — Ехобаның қызметшілері барып жатқан көп құрбандықтың бірер мысалы ғана. Патшалықты басты орынға қоюға бекінгеніміз Құдаймен достығымызды және шынайы байлықты дүние-мүліктен де жоғары бағалайтынымызды аян етеді.

БАЙЛЫҚ ТАУСЫЛҒАНДА

15. Қандай байлық ең зор қанағат сыйлайды?

15 Дәулетке ие болғанымыз міндетті түрде Құдайдың қолдауына ие екенімізді білдірмейді. Ехоба “игі істерге бай” жандарды жарылқайды (Тімөтеге 1-хат 6:17—19 оқыңыз). Мысалы, Лючия есімді бауырлас Албанияда уағыздаушыларға қажеттілік барын біліп, 1993 жылы Италиядан сол жаққа көшіп барады *. Оның ешқандай жұмысы болмады, десе де ол Ехобаға толықтай арқа сүйеді. Ол албан тілін меңгеріп алды да, 60-тан аса адамның Құдайға бағышталуына көмектесті. Бәлкім, бәріміз де уағыздайтын аумағымызда мұндай жеміс көре бермейтін шығармыз. Дегенмен адамдарға Ехобаны танып, онымен достасуға көмектесу үшін жасаған кез келген әрекетімізді өзіміз де, олар да мәңгі бақи қымбат тұтатын болады (Матай 6:20).

Ехоба мен оның Патшалығы үшін не істемейік, бұл бізді рухани байыта түседі

16. а) Осы әлемнің сауда-саттық жүйесін алда не күтіп тұр? ә) Бұл жайт дүние-мүлікке деген көзқарасымызға қалай әсер ету керек?

16 Иса бүгінгі сауда-саттық жүйесінің жойылатынын анық көрсеткен. Ол әділетсіз байлық “таусылса” демеген, “таусылғанда” деген (Лұқа 16:9). Қазіргі соңғы күндерде кейбір банктер жабылуда, ал кей елдердің экономикасы мүшкіл күйде. Ал жақын арада бүкіл жер бетінде жағдай ушыға түспек. Шайтанның дүниесін құрайтын саяси, діни және сауда-саттық жүйесі құрдымға кетеді. Езекиел мен Софония пайғамбарлар сауда-саттық әлемін ғасырлар бойы ұстап тұрған алтын мен күмістің түкке де жарамсыз болып қалатынын алдын ала айтқан (Езекиел 7:19; Софония 1:18). Осы әлемде ғұмырымыз соңына жетіп, мына жалғанның әділетсіз байлығына бола шынайы байлықты құрбан еткенімізді түсінсек, қандай сезімде болар едік? Бәлкім, өзімізді үйіп-төгіп ақша жинау үшін өмір бақи бел жазбай жұмыс істеп, ал соңында жинағанының бәрі жасанды ақша болып шыққан адам сияқты сезінетін шығармыз (Нақыл сөздер 18:11). Иә, бұл әлемнің байлығы расында да таусылады. Сол себепті оны көкте достар табу үшін пайдаланып қалайық. Ехоба мен оның Патшалығы үшін не істемейік, бұл бізді рухани байыта түседі.

17, 18. Құдайдың достары нені асыға күтеді?

17 Құдай Патшалығы келгенде, жалға төленетін ақы, қарыз деген болмайды. Азық-түлік тегін әрі көл-көсір болады. Дәрігерлер мен медицина орталықтарына шығындалмаймыз. Ехобаның достары жер байлығының рақатын көреді. Алтын-күміс пен асыл тастар баю үшін емес, әшекей етіп тағу үшін қолданылады. Сапасы жоғары ағаштар, тастар мен металдар әсем үйлер салу үшін кеңінен пайдаланылады. Достарымыз ақша төлегендіктен емес, шын жүректен қалағандықтан көмектеседі. Біз жердің ырыс-берекесін молынан көретін боламыз.

18 Бұл — көктен достар табатындардың иеленетін құнды сыйларының бір бөлігі ғана. Жер бетіндегі Ехобаның қызметшілері Исаның: “Әкем жарылқағандар, келіңдер! Дүниенің негізі қаланғаннан бері сендер үшін Әкем даярлаған Патшалықты мұра етіңдер”,— деген сөздерін естігенде, қуаныштарында шек болмайды (Матай 25:34).

^ 4-абзац Иса үй басқарушысына тағылған айыптың рас-өтірігі жайлы ештеңе айтпаған. Негізінде, Лұқа 16:1-дегі “біреулер жеткізеді” деп аударылған грек сөзі әлдекім оған өтірік жала жапты деген ойға да меңзеуі мүмкін. Алайда Иса үй басқарушысының жұмысынан не үшін айырылып қалғанына емес, оның қалай әрекет еткеніне баса назар аударған.

^ 15-абзац Лючия Муссанетт бауырластың өмірбаянын “Ояныңдар!” (ор.) журналының мына санынан таба аласыз: 2003 жыл, 22 маусым, 18—22 беттер.