Оқырман сауалдары
Мәсіхшінің басқа адамдардан қорғану үшін атыс қаруын, мысалы тапанша не мылтықты, қолдануына бола ма?
Өзін-өзі қалай қорғайтынын шешкенде мәсіхшілер Киелі кітаптағы принциптерді ұстанады. Ал бұл принциптерден түйеріміз — мәсіхшілердің өзгелерден қорғану үшін тапанша, мылтық не басқа да қару түрлерін қолданғаны дұрыс болмайды. Қазір төмендегі жайттарға ой тастайық:
Ехоба үшін адам өмірі қасиетті. Зәбүр жыршысы Дәуіт Ехоба жайында: “Өмірдің қайнар көзі сенде”,— деген (Зәбүр 36:9). Сондықтан мәсіхші өзімді не мүлкімді қорғаймын деп ұйғарса, ол қантөгістен, яғни өзге адамның өліміне жауапты болудан аулақ болу үшін қолынан келгеннің барлығын жасайды (Мұсаның 5-жазбасы 22:8; Зәбүр 51:14).
Әрине, адам өзін қорғау үшін қолданған кез келген затпен біреуді өмірінен айыруы мүмкін. Алайда қарумен, мейлі абайсызда не қасақана болсын, адам өлтіру анағұрлым оңай *. Сондай-ақ шабуылдаушы адам онсыз да қызу қанды болып тұрғандықтан, ол қаруды көрсе, қауіпті жағдай одан бетер ушығып, біреу болмаса біреу қаза болуы мүмкін.
Иса өлер алдындағы түні шәкірттеріне семсер алуды айтқанда, оны өздерін қорғай алулары үшін алдыртқан жоқ (Лұқа 22:36, 38). Бұлай еткен себебі, Иса оларға сабақ бергісі келді: оның ізбасарлары, тіпті қарулы тобырмен бетпе-бет келсе де, қатыгездікке жүгінбеуі тиіс (Лұқа 22:52). Петір семсерін қолданып жоғарғы діни қызметкердің құлына бас салғанда, Иса Петірге бұйырып: “Семсеріңді қынабына сал!”— деді. Кейін тіпті осы таңдағы мәсіхшілерге де басшылық болатын мына принципті айтты: “Қолына семсер алғандардың бәрі семсерден өледі” (Матай 26:51, 52).
Миха 4:3-те пайғамбарлық етілгендей, Құдай халқы “семсерлерінен соқа, найзаларынан орақ соғады”. Шынайы мәсіхшілер бейбітсүйгіштігімен танымал. Олар Құдайдың елші Пауыл арқылы берген “жамандыққа жамандықпен қайтармаңдар” және “барлық адамдармен тату болыңдар” деген бұйрықтарына құлақ асады (Римдіктерге 12:17, 18). Пауыл неше түрлі қиын жағдайларға ұшыраса да, тіпті “қарақшылардан басына қауіп төнсе” де, өзін қорғау үшін ешқашан Киелі кітап принциптерінен аттап кетпеді (Қорынттықтарға 2-хат 11:26). Қайта, ол Құдайға сенім артты және Киелі кітаптағы дана кеңестің “қару-жарақтан гөрі артық” екенін білді (Уағыздаушы 9:18).
Мәсіхшілерге дүние-мүліктен гөрі өмірлері әлдеқайда артық. Біз білетініміздей, адамның “өмірі дүниесінің молдығына байланысты емес” (Лұқа 12:15). Сондықтан қаруы бар тонаушыға ақырын сөйлегеніміз әсер етпесе, біз Исаның: “Зұлым адамға қарсыласпа”,— деген кеңесіне сай әрекет етеміз. Бұл оның алғысы келгенінің бәрін алуына кедергі жасамауды білдіруі мүмкін (Матай 5:39, 40; Лұқа 6:29) *. Әрине, ең жақсысы, қылмыскерлердің көзіне түсіп, жемтігіне айналмау. Егер біз Киелі кітаптың кеңесіне құлақ ассақ әрі “дүние-мүлікке мақтанудан” аулақ болсақ, олардың бізге шабуылдау қаупін азайтамыз (Жоханның 1-хаты 2:16). Бұған қоса, көршілеріміздің бізді бейбітсүйгіш Ехоба куәгері ретінде танығаны да қорғаныш болады (Нақыл сөздер 18:10).
Мәсіхшілер өзгелердің ар-ұжданын құрметтейді (Римдіктерге 14:21). Егер қандай да бір бауырластың өзгелерден қорғану үшін қару ұстап жүргенін білсе, бұл кейбір бауырластарды аң-таң қалдыруы не тіпті сүріндіруі мүмкін. Қаруды иемденуге заңды құқымыз болғанменен, бауырластарды жақсы көретіндіктен біз ешқашан да оларды сүріндіретін нәрсе істегіміз келмес еді (Қорынттықтарға 1-хат 10:32, 33; 13:4, 5).
Мәсіхшілер үлгілі болуға тырысады (Қорынттықтарға 2-хат 4:2; Петірдің 1-хаты 5:2, 3). Егер бауырлас өзгелерден қорғану үшін қару ұстап жүрген болса, ақсақалдар оған Киелі кітаптан кеңес береді. Ал егер ол қаруды өзінде қалдыруды шешсе, ол жақсы үлгі көрсетпейді. Сондықтан қауымда ол ешбір жауапкершіліктер мен мәртебелі міндеттерді атқара алмайды. Бұл жайт жұмыс бабымен қару ұстап жүрген мәсіхшіге де қатысты. Оның басқа жұмыс іздестіргені әлдеқайда жақсы болар еді *.
Мәсіхші өзін, отбасын, дүние-мүлкін қалай қорғайтынын, сонымен қатар қандай жерге жұмысқа тұратынын өзі шешуі керек. Бірақ сол шешімін Киелі кітап принциптеріне жүгіне отырып қабылдауы қажет. Даналығы зор Құдайымыз бұл принциптерді бізді сүйгендіктен берді. Сол себепті Ехобамен тығыз қарым-қатынастағы мәсіхшілер өздерін басқалардан қорғау үшін қару ұстамауды шешеді. Егер Құдайға сенім артатын және өмірде Киелі кітап принциптерін қолданатын болса, олар мәңгілік бойы шынайы қауіпсіздікте өмір сүретіндерін біледі (Зәбүр 97:10; Нақыл сөздер 1:33; 2:6, 7).
^ 3-абзац Мәсіхші азық ету мақсатымен аң аулау үшін не жабайы аңдардан қорғану үшін қару (мысалы, винтовка немесе бытыралы мылтық) ұстауды шешуі мүмкін. Дегенмен қаруды қолданбаған жағдайда ол оның оғын шығарып тастауы керек, бәлкім тіпті қарудың өзін де бөлшектеп қоятын шығар, әрі қауіпсіз де құлыптаулы жерде ұстауы тиіс. Ал егер мәсіхші қару ұстауға тыйым салынатын, я болмаса үкімет қару иемденуді шектеп не қадағалап отыратын жерде тұрып жатса, ол жергілікті заңға бағынады (Римдіктерге 13:1).
^ 6-абзац Қалай біреу өзін зорлықтан қорғай алатынын білу үшін 1993 жыл, 8 сәуірдегі “Ояныңдар!” (ор.) журналындағы “Қалай мұның алдын алуға болады?” деген мақаланы қараңыз.
^ 2-абзац Қару ұстауды талап ететін жұмыс жайлы көбірек білу үшін мына мақалаларды қараңыз: “Күзет мұнарасы” (ор.), 1 қараша, 2005 жыл, 31-бет; 1 ақпан, 1984 жыл, 18, 19-беттер.