Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Кімге танымал болғыңыз келеді?

Кімге танымал болғыңыз келеді?

“Құдай әділетсіз емес. Ол... өзінің есіміне деген сүйіспеншіліктерің мен еңбектеріңді ұмытпайды” (ЕВРЕЙЛЕРГЕ 6:10).

ӘНДЕР: 39, 30

1. Бәріміздің қандай табиғи қалауымыз бар?

ӨЗІҢІЗ танитын әрі құрметтейтін кісі сіздің есіміңізді ұмытып қалса, онысы былай тұрсын, сізді мүлдем танымаса, не сезінер едіңіз? Біртүрлі болып қаларыңыз анық. Неге? Өйткені бәріміз де табиғатымыздан басқалар бізді таныса екен дейміз. Бірақ адамдар бізді жай ғана танып қоя салғанын қаламаймыз. Олар біздің қандай адам екенімізді, жеткен жетістіктерімізді де білсе екен дейміз (Мұсаның 4-жазбасы 11:16; Әйүп 31:6).

2, 3. Табиғи қалауымыз қалай бұрыс қалауға айналып кетуі мүмкін? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

2 Абай болмасақ, бұл табиғи қалауымыз бұрыс қалауға айналып кетуі мүмкін. Шайтанның дүниесі бізді атақ-даңқты көксеуге не құрметті адам болуға итермелейді. Осындай қалауға бой алдырсақ, мадақ пен ғибадатқа лайық көктегі Әкеміз Ехобаға тиістісін бере алмаймыз (Аян 4:11).

3 Исаның күндерінде кейбір діни жетекшілер кімге танымал болу керектігіне қатысты бұрыс көзқараста болған. Иса шәкірттерін ескертіп былай деген: “Дін мұғалімдерінен сақтаныңдар! Олар ұзын шапан киіп жүргенді, базар алаңдарында жұрттың өздеріне сәлем бергенін, мәжілісханаларда алдыңғы [немесе “ең жақсы”] орындарда отырып, ал қонақасыларда төрде жантайғанды ұнатады”. Сосын тағы былай деп қосты: “Оларға әлдеқайда қатаң үкім шығарылады” (Лұқа 20:46, 47). Ал екі ұсақ тиынды садақа еткен кедей жесір әйелді Иса мақтап, абыройын көтерді. Бұл әйелді Исадан басқа ешкім байқамаған шығар (Лұқа 21:1—4). Исаның кімге танымал болу керектігіне қатысты көзқарасы мүлдем басқаша болғаны анық. Бұл мақала бізге осы мәселеде Ехобаға ұнамды көзқарас ұстануға көмектеседі.

КІМГЕ ТАНЫМАЛ БОЛУ МАҢЫЗДЫ?

4. Ең бастысы, кімге танымал болу маңызды және неге?

4 Ең бастысы, кімге танымал болуымыз керек? Көп адамдар жоғары білім, табысты бизнес немесе спорт пен өнер жолын қуып, әлемге танымал болуға тырысады. Бірақ Пауыл кімге танымал болудың маңызды екенін айтып: “Енді Құдайды білгеннен кейін, дұрысын айтқанда, Құдай сендерді білгеннен кейін, қалайша бос, еш пайдасыз қағидаларға қайта оралып, тағы да оларға құл болғыларың келеді?”— деген (Ғалаттықтарға 4:9). Әлемнің Ең жоғарғы Билеушісі Құдайдың бізді білгені — керемет мәртебе! Ехоба біздің кім екенімізді біледі, бізді жақсы көреді және өзіне жақын болғанымызды қалайды. Ол бізді өзімен дос болсын деп жаратқан (Уағыздаушы 12:13, 14).

5. Құдай бізді жақсы білу үшін не істеуіміз керек?

5 Білетініміздей, Мұса Ехобаның досы болған. Ол Ехобадан: “Маған жолдарыңды білдіре көрші”,— деп сұрағанда, Ехоба оған: “Бұл өтінішіңді де орындаймын, өйткені сен менің ықыласыма ие болдың, мен сені жақсы білемін”,— деп жауап берген (Мұсаның 2-жазбасы 33:12—17). Бүгінде Ехоба бізге де осындай сөздер айта алады. Бірақ Мұса сияқты, Ехобаның досы болу үшін не істеуіміз керек? Бұл үшін оны жақсы көріп, оған бағышталуымыз қажет (Қорынттықтарға 1-хат 8:3 оқыңыз).

6, 7. Ехобамен достығымызды бұзып алуға не себеп болуы мүмкін?

6 Көктегі Әкеміз Ехобамен дос болып қана қоймай, сол қымбат достығымызды сақтап қалуымыз керек. Ғалатиядағы ертедегі мәсіхшілер сияқты, біз де осы дүниедегі “бос, еш пайдасыз” нәрселерге құл болуды доғаруымыз қажет, оның ішінде табыс пен атақ-даңқ та бар (Ғалаттықтарға 4:9). Ғалатиядағы мәсіхшілер Ехобаны білетін, Ехоба да оларды жақсы білетін. Бірақ Пауыл дәл осы бауырластардың бос нәрселерге қайта оралып жатқанын айтқан. Былайша айтқанда, ол: “Қалайша ақымақ та түкке тұрғысыз нәрселерге қайта оралып, тағы да оларға құл болғыларың келеді?”— деп сұраған.

7 Бізбен де осындай жағдай болуы мүмкін бе? Иә, әбден мүмкін. Шындыққа келгенде, Пауыл сияқты біз де Шайтанның дүниесінде табысты әрі танымал болудан бас тартқан шығармыз (Філіпіліктерге 3:7, 8 оқыңыз). Бәлкім, жоғары білімнен, табысты жұмыстан не көп ақша табу мүмкіндігінен бас тартқан болармыз. Музыка не спорт саласында дарынды болғандықтан, атақты әрі бай болуға мүмкіндігіміз болған шығар. Бірақ осының бәрінен біз бас тарттық (Еврейлерге 11:24—27). “Сол мүмкіндіктерді жібермегенімде, өмірім жақсырақ болар еді”,— деп, бұрын қабылдаған дұрыс шешімдеріміз үшін өкіну ақымақтық болар еді! Мұндай ойға жол берсек, осы дүниедегі “бос, еш пайдасыз” деп есептеген нәрселерге қайтып оралғымыз келуі мүмкін.

ЕХОБАҒА ТАНЫМАЛ БОЛУҒА ДЕГЕН ЫҚЫЛАСЫҢЫЗДЫ АРТТЫРЫҢЫЗ

8. Ехобаға танымал болуға деген ықыласымызды қалай арттыра аламыз?

8 Осы дүниеге танымал болуды қаламау үшін, Ехобаға танымал болуға деген ықыласымызды арттыруымыз қажет. Бұл үшін не істей аламыз? Маңызды екі жайтты назарда ұстауымыз қажет. Біріншісі, Ехоба өзіне адал қызмет ететіндерді қашан да таниды (Еврейлерге 6:10 оқыңыз; 11:6). Ехоба өзінің әрбір адал қызметшісін қымбат тұтады. Сондықтан олардың біреуін болса да елемей қоюды ол “әділетсіздік” деп санайды. Ехоба үнемі “өз меншігіндегілерді біледі” (Тімөтеге 2-хат 2:19). Ол “әділдердің істерін” де, оларды қалай құтқару керектігін де біледі (Зәбүр 1:6; Петірдің 2-хаты 2:9).

9. Ехоба өз халқын мақұлдайтынын қалай көрсетті? Мысалдар келтіріңіз.

9 Ехоба өз халқын танитынын әрі мақұлдайтынын кейде ерекше жолдармен көрсеткен (Шежірелер 2-жазба 20:20, 29). Мысалы, Ехоба өз халқын Қызыл теңізде перғауынның мықты әскерінің қолынан қалай құтқарғанын еске алайықшы (Мұсаның 2-жазбасы 14:21—30; Зәбүр 106:9—11). Бұл оқиғаның таңғаларлық болғаны сонша — адамдар 40 жылдан кейін де сол жайлы айтып жүрген (Ешуа 2:9—11). Ехобаның бұрын өз халқын жақсы көргенін және оларды құдіретті қолымен құтқарғанын есте ұстағанымыз рухымызды көтереді. Себебі жақында Магог жеріндегі Гог бізге шабуыл жасайды (Езекиел 38:8—12). Сол кезде осы дүниенің емес, Құдайдың мақұлдауына ие болуды көздегенімізге шексіз қуанатын боламыз.

Кейде Ехоба өз қызметшілерін өздері ойламаған жолмен жарылқайды

10. Тағы қандай жайтты назарда ұстауымыз қажет?

10 Назарда ұстауымыз қажет екінші жайт — Ехоба бізді танитынын ойламаған жолмен көрсетуі мүмкін. Өзгелердің қошеметіне ие болу үшін ғана жақсылық жасайтындар Ехобадан ешқандай сый алмайды. Неге? Өйткені, Иса айтқандай, бұл адамдар өзгелерден мақтау естігенде, алмақ сыйларын алып қойды (Матай 6:1—5 оқыңыз). Ал “бәрін көретін” Ехоба жақсылық жасағандары үшін құрметке бөленбеген адамдарды назардан тыс қалдырмайды. Ол олардың істерін байқайды, әрі батасын береді. Ал кейде Ехоба өз қызметшілерін ойламаған жолмен құрметке бөлейді. Кейбір мысалдарды қарастырайық.

ЕХОБА ҚАРАПАЙЫМ ҚЫЗДЫ ТАНИТЫНЫН ОЙЛАМАҒАН ЖОЛМЕН КӨРСЕТТІ

11. Ехоба Мәриямды танитынын қалай көрсетті?

11 Ехоба Мәриям есімді қарапайым қызды өзінің Ұлы Исаның анасы етіп таңдады. Мәриям Назарет деген кішкентай қалада тұрды. Бұл қала Иерусалимнен де, ондағы әдемі ғибадатханадан да алыс еді (Лұқа 1:26—33 оқыңыз). Ехоба неге бұл қызды таңдады? Жәбірейіл періште оған келіп: “Құдай саған рақымын түсірді”,— деді. Мәриям Ехобамен өте жақын дос болған, мұны туысы Елізабетке айтқан сөздерінен көруге болады (Лұқа 1:46—55). Ехоба Мәриямға назар салып жүрген, сосын адал болғаны үшін оған ойламаған жолмен батасын берді.

12, 13. Жаңа туылған Исаға қалай құрмет көрсетілді? Мәриям оны 40 күннен кейін ғибадатханаға апарғанда, Исаға тағы қалай құрмет көрсетілді?

12 Иса туылған кезде Ехоба оның туылғаны жайлы кімге айтты? Ол бұл жайлы Иерусалим мен Бетлехемдегі дәрежелі адамдар мен билеушілерге айтқан жоқ. Қайта, періштелерін жіберіп, Бетлехемнің маңында қой күзетіп жүрген қарапайым қойшыларға хабарлады (Лұқа 2:8—14). Сосын бұл қойшылар жаңа туылған сәбиді көруге келді (Лұқа 2:15—17). Исаға осылай құрмет көрсетілгенін көргенде, Жүсіп пен Мәриям таңғалған шығар. Ехобаның қалай әрекет ететіні Шайтандікіне мүлдем ұқсамайды. Шайтан жұлдызжорамалшыларды Иса мен ата-анасына жібергенде, Исаның туылғаны жайлы бүкіл Иерусалим естіді. Бұл біраз қиындық тудырды (Матай 2:3). Соның салдарынан кінәсіз бірталай бала өлтірілді (Матай 2:16).

13 Мұса Заңына сай, әйел ұл босанғаннан кейін 40 күн өткен соң Ехобаға құрбандық шалуға тиіс еді. Мәриям мен Жүсіп те осы заңды орындау үшін, Бетлехемнен Иерусалимдегі ғибадатханаға дейін 9 шақырымдай жол жүрді (Лұқа 2:22—24). Жол үстінде Мәриям: “Діни қызметкер Исаға ерекше құрмет көрсетер ме екен?”— деп ойланған болар. Исаға құрмет көрсетілді, бірақ Мәриям ойлағандай емес. Ехоба Исаның уәде етілген Мәсіх болатынын хабарлау үшін “әділ, Құдайды қастерлейтін” Шимон деген кісіні және пайғамбар болған Анна деген 84 жастағы жесір әйелді таңдады (Лұқа 2:25—38).

14. Ехоба Мәриямды қандай батаға кенелтті?

14 Исаны адалдықпен бағып-қаққаны үшін Ехоба Мәриямға әрі қарай да батасын берді ме? Иә. Құдай оның айтқан сөздері мен жасаған істерінің кейбірін Киелі кітапқа жаздырды. Иса үш жарым жыл уағыздаған кезде, Мәриям онымен бірге жүре алмаған көрінеді. Бәлкім, ол жесір болғандықтан, Назареттен кете алмаған шығар. Осылай Мәриям басқалар куә болған көптеген керемет оқиғаларды көре алмады. Бірақ Иса қайтыс болған кезде, ол қасында болды (Жохан 19:26). Кейін Исаның шәкірттеріне Елуінші күн мейрамында киелі рух қонбай тұрғанда, Мәриям солармен бірге болды (Елшілердің істері 1:13, 14). Соған қарағанда, ол да майланған шәкірттердің арасында болған болуы мүмкін. Бұл солай болса, Мәриям көкте Исамен бірге мәңгі болу мүмкіндігіне ие болды деген сөз. Бұндай тамаша сыйға ол адал қызметінің арқасында ие болғаны даусыз!

ЕХОБА ҰЛЫН МАҚҰЛДАЙТЫНЫН КӨРСЕТТІ

15. Иса жерде болған кезінде Ехоба оны мақұлдайтынын қалай көрсетті?

15 Иса діни және саяси жетекшілерден құрмет күткен жоқ. Ол үшін Ехобаның құрметі әлдеқайда маңыздырақ болды. Ехоба Ұлына үш рет көктен тікелей сөйлеп, жақсы көретінін білдірді. Бұл Исаны өте қатты жігерлендірсе керек! Ол Иордан өзенінде шомылдыру рәсімінен өткенде, Ехоба көктен: “Бұл — менің сүйікті Ұлым. Мен оған ризамын!”— деді (Матай 3:17). Осы сөздерді Исадан басқа тағы шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия ғана естіген болуы мүмкін. Шамамен Исаның өлерінен бір жыл бұрын үш елшісі Ехобаның Иса жайлы: “Бұл — менің сүйікті Ұлым. Мен оған ризамын! Оны тыңдаңдар!”— деген сөздерін естіді (Матай 17:5). Ал Исаның өлуіне бірнеше күн қалғанда, Ехоба тағы да көктен Ұлына тіл қатты (Жохан 12:28).

Ехобаның өз Ұлына қалай құрмет көрсеткенінен не білеміз? (15—17 абзацтарды қараңыз)

16, 17. Ехоба Исаға ойламаған жолмен қалай құрмет көрсетті?

16 Иса өзінің Құдайға тіл тигізуші деп айыпталып, масқара өліммен өлетінін білген. Соған қарамастан ол: “Менің емес, сенің еркің болсын”,— деп дұға еткен (Матай 26:39, 42). “Ол қорлықты елемей, азап бағанасында өлді”. Өйткені ол үшін адамдардың емес, Әкесінің мақұлдауы маңыздырақ болды (Еврейлерге 12:2). Ехоба Исаны мақұлдайтынын қалай көрсетті?

17 Иса жерде жүргенде дұға етіп: “Әке, дүние жаратылмай тұрып қасыңда болғанымда бөленген даңққа мені қайтадан бөлей көр”,— деген (Жохан 17:5). Исаның бұдан артық нәрсені қалағаны Киелі кітаптың еш жерінде айтылмайды. Ехобаның еркін жер бетінде атқарғаны үшін ол ерекше сый күткен жоқ. Бірақ Ехоба не істеді? Ол Исаға ойламаған жолмен құрмет көрсетті. Исаны қайта тірілткен соң, Ехоба оны көкте “бұрынғыдан да жоғарылатты”. Сондай-ақ оған өлмес өмір берді. Оған дейін бұндай өмірді ешкім иеленбеген еді *! (Філіпіліктерге 2:9; Тімөтеге 1-хат 6:16). Ехоба Исаға адал қызметі үшін тамаша сый берген, солай емес пе?!

18. Бізге осы дүниенің емес, Құдайдың мақұлдауына ие болуды көздеуге не көмектеседі?

18 Бізге осы дүниенің емес, Құдайдың мақұлдауына ие болуды көздеуге не көмектеседі? Келесі екі жайтты назарда ұстағанымыз көмектеседі: Ехоба өзіне адал қызмет ететіндерді қашан да таниды, әрі жиі ойламаған жолмен батасын береді. Болашақта Ехоба бізді тамаша сыйларға кенелтеді. Ал әзірге біз осы зұлым дүниедегі қиындықтарға төтеп беріп, бұл дүниенің өткінші екенін есте ұстауымыз қажет. Оның атақ-даңқы мен құрметі де құрып жоқ болады (Жоханның 1-хаты 2:17). Ал көктегі сүюші Әкеміз Ехоба оның “есіміне деген сүйіспеншілігіміз бен еңбегімізді ұмытпайды”. Өйткені ол “әділетсіз емес” (Еврейлерге 6:10). Күмән жоқ, ол бізді мақұлдайтынын көрсетеді, бәлкім, ол мұны ойымызға ешқашан кіріп-шықпаған жолмен істейтін шығар.

^ 17-абзац Бұны ойламаған жолмен берілген сый деп айтатын себебіміз — өлместік жайлы Еврей жазбаларында бірде-бір рет айтылмаған.