Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Сіз Ехобаның жағындасыз ба?

Сіз Ехобаның жағындасыз ба?

“Ехоба Құдайларыңнан қорқыңдар, соған ғана қызмет етіп, етене жақын болыңдар” (МҰСАНЫҢ 5-ЖАЗБАСЫ 10:20).

ӘНДЕР: 28, 32

1, 2. а) Ехобаның жағында болу неліктен даналықтың белгісі? ә) Бұл мақалада біз не талқылаймыз?

ЕХОБАҒА етене жақын жүру — даналықтың нышаны. Одан асқан құдіретті де дана ешкім жоқ, әрі ешкім ол сияқты сүйіспеншілік танытпайды! Әрине, біз оған әрқашан да адал болып, оның жағында жүргіміз келеді (Зәбүр 96:4—6). Бірақ Құдайға ғибадат еткен кейбір адамдар оның жағында қалмады.

2 Бұл мақалада біз Ехобаның жағындамын дей тұра, ол жек көретін істермен айналысқан адамдардың мысалын қарастырамыз. Олардың мысалынан алатын маңызды сабағымыз Ехобаға адал болып қалуға көмектеспек.

ЕХОБА ЖҮРЕГІМІЗДЕГІНІ КӨРЕДІ

3. Неге Ехоба Қабылға көмектесуге тырысты және ол оған не деді?

3 Қабыл жайлы ойланып көрейікші. Ол жалған тәңірлерге құлшылық еткен жоқ, сөйте тұра Ехоба оның ғибадатын қабыл алмады. Неге? Өйткені Ехоба оның жүрегіндегі зұлымдыққа деген бейімділікті көрді (Жоханның 1-хаты 3:12). Ехоба Қабылды ескертіп былай деді: “Егер жақсылыққа бет бұрсаң, менің ықыласыма ие боласың ғой. Ал жақсылыққа бет бұрмасаң, онда біліп қой, босағаңды күнә жағалап жүр, ол сені иемденуді көксейді. Бірақ одан үстем болар ма екенсің?!” (Мұсаның 1-жазбасы 4:6, 7). Ехобаның сөздерінен анық көрінетіндей, егер Қабыл өкініп, Құдайдың жағына шыққанда, ол да Қабылдың жағында болар еді.

4. Ехобаның жағына шығудың мүмкіндігі туғанда Қабыл не істеді?

4 Қабыл ой қалпын өзгерткенде, Ехоба оның ғибадатын қайта қабылдар еді. Бірақ ол Құдайдың тілін алмады, содан оның бұрыс ой қалпы мен құмарлығы бұрыс әрекетке әкеп соқты (Жақып 1:14, 15). Жастау болған кезінде Қабыл Ехобаға қарсы шығамын деп еш ойламаған шығар. Алайда ол Құдайдың ескертуін елемей, Құдайға қарсы бас көтеріп, тіпті өз інісін өлтірді.

5. Қандай ойлар бізді Ехобаның ықыласынан айыруы мүмкін?

5 Қабыл сияқты, бүгінде қандай да бір мәсіхші Ехобаға ғибадат етемін деп, бірақ шын мәнінде Ехоба жек көретін істерді істеп жүруі мүмкін (Яһуда 11). Ол қызметке және қауымға жүйелі түрде барып тұратын шығар. Сөйте тұра өнегесіз ойлар мен ашкөз қалауларға беріліп, жеккөрініш сезімінің жетегінде жүруі мүмкін (Жоханның 1-хаты 2:15—17; 3:15). Мұндай ойлардың күнәға әкеп соғуы ғажап емес. Өзгелер біздің не ойлап, не істеп жүргенімізді білмесе де, Ехоба біледі. Егер толықтай оның жағына шықпасақ, ол бұны көреді (Еремия 17:9, 10 оқыңыз).

6. Ехоба бұрыс қалауларымызды жеңуге қалай көмектеседі?

6 Тіпті шалыс қадам басқанда да, Ехоба бізден бірден теріс айналып кетпейді. Егер қауіпті жолға ауытқып бара жатсақ, Ехоба бізді шақырып: “Маған бет бұрыңдар, сонда мен де сендерге бет бұрамын”,— дейді (Малахи 3:7). Ол біздің күресіп жүрген әлсіздіктеріміз бар екенін жақсы түсінеді. Бірақ ол біздің нық тұрып, жамандыққа қарсы тұрғанымызды қалайды (Ишая 55:7). Егер осылай етсек, ол бізге көмектесіп, бұрыс қалауларымызды жеңуге қажетті күш береді (Мұсаның 1-жазбасы 4:7).

АЛДАНЫП ҚАЛМАҢЫЗ

7. Сүлеймен Ехобамен достық қарым-қатынасын қалай жоғалтып алды?

7 Жас кезінде Сүлейменнің Ехобамен қарым-қатынасы жақсы еді. Құдай оған асқан даналық дарытып, Иерусалимде салтанатты ғибадатхана соғуды тапсырды. Бірақ Сүлеймен Ехобамен достық қарым-қатынасын жоғалтып алды (Патшалар 1-жазба 3:12; 11:1, 2). Құдай Заңында патшаның “жүрегі бұзылып кетпес үшін, көп әйел алуға” тыйым салынатын (Мұсаның 5-жазбасы 17:17). Сүлеймен осы заңға мойынсұнбады. Ақырында оның 700 әйелі және 300 кәнизагы болды (Патшалар 1-жазба 11:3). Олардың көбісі жалған тәңірлерге табынатын жатжерліктер еді. Осылай Сүлеймен жатжерліктерге үйленіп, тағы бір заңды бұзды (Мұсаның 5-жазбасы 7:3, 4).

8. Сүлеймен қандай сорақы істер жасады?

8 Сүлеймен бірте-бірте Ехобаның заңдарын жақсы көруден қалды. Ақырында ол өте сорақы істерге барды. Әйел тәңірі Аштарға және Хамос құдайына арнап құрбандық шалатын орын тұрғызды, сөйтіп әйелдерімен бірге сол жалған тәңірлерге құлшылық етті. Бір қызығы, бұл орындарды ол кезінде өзі соққан Иерусалимдегі ғибадатханаға қарама-қарсы орналасқан тауда соқты (Патшалар 1-жазба 11:5—8; Патшалар 2-жазба 23:13). Бәлкім, Сүлеймен: “Ғибадатханада Ехобаға құрбандықтар шалып жүрсем, ол барлық жаман істеріме көз жұмады”,— деп ойлап, өз-өзін алдаған болар.

9. Сүлейменнің Құдай берген ескертулерге құлақ аспағанының салдары қандай болды?

9 Ехоба күнәға ешқашан көз жұмып қарамайды. Киелі кітапта Сүлеймен жайлы: “Ехобадан теріс айналып кеткені үшін, Ехоба оған қаһарланды”,— делінген. Құдай Сүлейменге көмектесуге тырысқан болатын. Ехоба оған екі рет көрініп, “бөтен құдайларға құлшылық етпе деп бұйырған еді, бірақ ол құлақ аспады”. Нәтижесінде Сүлеймен Құдайдың ықыласы мен қолдауынан айырылып қалды. Ехоба оның ұрпағының Исраил халқына түгелдей билік етуіне жол бермеді және олар жүздеген жылдар бойы талай қиындықтарды бастан өткерді (Патшалар 1-жазба 11:9—13).

10. Ехобамен жақсы қарым-қатынасымызды не бұзуы мүмкін?

10 Егер Құдайдың талаптарын түсінбейтін я сыйламайтын адамдармен достассақ, олар біздің ойымызға жаман ықпал етіп, Ехобамен достығымызға зақым келтіреді. Мұндай адамдар қауымда да болуы мүмкін, әйтсе де олардың Ехобамен қарым-қатынастары берік емес. Сондай-ақ достарымыздың арасында Ехобаға ғибадат етпейтін туыстарымыз, көршілеріміз, әріптестеріміз бен сыныптастарымыз болуы мүмкін. Егер Ехобаның талаптарына сай өмір сүрмейтін адамдармен көп уақыт өткізер болсақ, олардың ықпалының кесірінен Құдаймен жақсы қарым-қатынасымызды жоғалтып алуымыз әбден мүмкін.

Бірге уақыт өткізетін адамдарыңыз Ехобамен қарым-қатынасыңызға қалай әсер етеді? (11-абзацты қараңыз)

11. Достар таңдауға не көмектеседі?

11 Қорынттықтарға 1-хат 15:33 оқыңыз. Әрине, адамдардың көбісінде жақсы қасиеттер бар. Ехобаға ғибадат етпейтін адамдардың бәрі бірдей жаман істермен айналыса бермейді. Бәлкім, сіз де сондай адамдарды танитын шығарсыз. Бірақ бұл адамдар біз үшін жақсы орта ма? Ойланып көріңізші, олар сіздің Ехобамен қарым-қатынасыңызға қалай әсер етеді? Құдайға жақындай түсуге көмектесе ме? Олар үшін өмірде не маңызды? Әңгімелері не жайлы? Айтатындары тек сәнді киім, ақша, телефон, планшет, ойын-сауық сияқты нәрселер ме? Олар өзгелерді жиі сынап-мінемей ме? Тұрпайы да әдепсіз қалжыңдар айтқанды ұната ма? Иса: “Адамның жүрегі неге толы болса, аузы соны айтар”,— деп ескерткен (Матай 12:34). Егер бірге уақыт өткізетін адамдарыңыз Ехобамен қарым-қатынасыңызға зақым келтіріп жатқанын аңғарсаңыз, бірден әрекет етіңіз! Олармен өткізетін уақытты шектеңіз, қажет болса, достығыңызды үзіңіз (Нақыл сөздер 13:20).

ЕХОБА БІЗДЕН АДАЛДЫҚТЫ ТАЛАП ЕТЕДІ

12. а) Мысырдан шыққан исраилдіктерге көп ұзамай Ехоба не деді? ә) Құдай адал болуды талап еткенде, исраилдіктер қалай жауап берді?

12 Ехоба исраилдіктерді Мысырдан азат еткеннен кейін олармен болған жағдайдан да жақсы сабақ аламыз. Синай тауының етегінде жиналған халыққа Ехоба өзін қалай танытқаны өте әсерлі болды! Олар қара бұлт пен түтінді және найзағайдың ойнағанын көріп, күн күркірі мен кернейдікіндей аса қатты дауыс естіді (Мұсаның 2-жазбасы 19:16—19). Сосын Ехоба: “Өзіме қалтқысыз берілуді талап ететін Құдаймын”,— деді. Ол өзін жақсы көріп, заңдарын орындайтын адамдарға адал болатынын уәде етті (Мұсаның 2-жазбасы 20:1—6 оқыңыз). Ехоба исраилдіктер өзінің жағында болса, ол да олардың жағында болатынын мәлімдеді. Егер сіз де сол халықтың арасында болсаңыз, Ехобаның сөздері сізге қалай әсер етер еді? Бәлкім, сіз де сол исраилдіктердің: “Ехобаның айтқандарының бәрін де орындаймыз!”— деп айтқан сөздеріне қосыларсыз (Мұсаның 2-жазбасы 24:3). Бірақ көп ұзамай исраилдіктердің Құдайға деген адалдығын сынға алған бір жағдай болды. Қандай жағдай?

13. Исраилдіктердің адалдығы қалай сыналды?

13 Құдай құдіретінің өте әсерлі көрінісінен кейін, исраилдіктер қатты қорыққан еді. Содан Мұса халық үшін Ехобамен сөйлесуге Синай тауына көтеріліп кетті (Мұсаның 2-жазбасы 20:18—21). Арада уақыт өтіп жатты, ал Мұса әлі қосқа оралған жоқ еді. Халық басшысыз шөл далада қалып кеткендей көрінді. Енді олар не істемек? Олар адами басшы Мұсаға тым көп сенім артып үйреніп қалғанға ұқсайды. Бойларын уайым билеп, олар Харонға: “Кәне, бізді бастап жүретін құдай істеп бер. Өйткені бізді Мысырдан алып шыққан анау Мұсамен не болғанын білмейміз”,— деді (Мұсаның 2-жазбасы 32:1, 2).

14. Исраилдіктер өздерін қалай алдады және бұл Ехобаға қалай әсер етті?

14 Исраилдіктер пұттарға табынудың дұрыс емес екенін жақсы білген (Мұсаның 2-жазбасы 20:3—5). Бірақ олар сонда да әп-сәтте алтын бұзауға табынып кетті! Ехобаның заңына мойынсұнбаса да, олар әлі де Ехобаның жағындамыз деп ойлап, өздерін алдады. Харон тіпті бұзауға табынуды “Ехобаға арналған мейрам” деп атады! Сонда Ехоба не істеді? Ол Мұсаға халықтың “азғындыққа салынып”, “нұсқаған жолдан тайып кеткенін” айтты. Ехобаның ашуланғаны сонша — бүкіл халықты жойып жібермекші болды (Мұсаның 2-жазбасы 32:5—10).

Ехоба исраилдіктерге өз жағына шығуға мүмкіндік берді

15, 16. Мұса мен Харон толықтай Ехобаның жағында екендерін қалай көрсетті? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

15 Ехоба мейірімді Құдай болғандықтан, халықты жоямын деген райынан қайтты. Сөйтіп, исраилдіктерге өз жағына шығуға мүмкіндік берді (Мұсаның 2-жазбасы 32:14). Пұттың алдында улап-шулап, ән айтып, би билеп жатқан халықты көргенде, Мұса алтын бұзауды қиратып, ұнтақтап тастады. Сосын: “Кім Ехобаның жағында болса, сол қасыма келсін!”— деп айқайлады. “Сонда оның қасына леуіліктер түгел жиналды” (Мұсаның 2-жазбасы 32:17—20, 26).

16 Харон алтын бұзауды жасаса да, өкініп, басқа леуіліктермен бірге Ехобаның жағына шықты. Бұл адал кісілер күнәкарлардың жағында емес екенін анық көрсетті. Бұнысы дана шешім болды, өйткені дәл сол күні алтын бұзауға табынған мыңдаған адам өлім құшты. Ал Ехобаның жағында болғандар аман қалды, әрі Құдай оларға батасын беретінін уәде етті (Мұсаның 2-жазбасы 32:27—29).

17. Пауылдың алтын бұзау жайлы жазғанынан не білеміз?

17 Бұдан қандай сабақ аламыз? Елші Пауыл: “Бұл бізге сабақ болды. Сондықтан солар сияқты... пұтқа табынушы болмайық”,— деген. Ол мұндай оқиғалар “замандардың соңында өмір сүріп жатқан біздерге ескерту ретінде жазылып қалдырылғанын” айтты. Сосын: “Кім нық тұрмын деп ойласа, құлап қалудан сақ болсын!”— деп ескертті (Қорынттықтарға 1-хат 10:6, 7, 11, 12). Пауылдың сөздерінен көретініміздей, тіпті Ехобаға ғибадат ететіндердің өздері жаман іске ортақтасып кетуі мүмкін. Олар тіпті Ехобаның мақұлдауына иеміз деп ойлауы мүмкін. Дегенмен әлдекімнің жай ғана Ехобаның досы болғысы келетіні немесе Ехобаға адалмын деп ойлағаны оның шын мәнінде Ехобаның мақұлдауына ие екенін білдірмейді (Қорынттықтарға 1-хат 10:1—5).

18. Ехобадан бізді не нәрсе алшақтатуы мүмкін және оның салдары қандай болады?

18 Исраилдіктер Мұсаның Синай тауынан өздері күткен уақытта түспегенін көріп, уайымдай бастады. Осы заманның ақыры өзіміз ойлаған уақытта келмей жатқанын көргенде, біз де уайымдай бастауымыз мүмкін. Содан Ехобаның болашаққа қатысты уәделері жақын арада орындалмайды немесе бұл біз үшін жай ғана арман деп ойлап, Ехобаның емес, өзіміздің қалауымызға көбірек назар аудара бастауымыз мүмкін. Сақ болмасақ, Ехобадан алшақтай бастап, ойымызға кіріп-шықпаған істермен айналысуымыз ғажап емес.

19. Біз әрқашан нені есте ұстауымыз керек және неге?

19 Ехоба бізден өзіне толықтай мойынсұнуды және тек өзіне ғана ғибадат етуді талап етеді (Мұсаның 2-жазбасы 20:5). Неге? Өйткені ол бізді жақсы көреді. Егер Ехобаның айтқанын істемесек, демек Шайтанның айтқанымен жүргеніміз. Ал бұл өзімізге кесірін тигізеді. Пауыл: “Ехобаның да, жындардың да тостағанынан бірдей іше алмайсыңдар! Ехобаның да, жындардың да дастарқанынан бірдей жей алмайсыңдар!”— деген (Қорынттықтарға 1-хат 10:21).

ЕХОБАҒА ЕТЕНЕ ЖАҚЫН БОЛЫҢЫЗ

20. Қателік жасасақ та, Ехоба бізге қалай көмектеседі?

20 Қабыл мен Сүлейменнің және исраилдіктердің өкініп, жүріс-тұрысын өзгертуге мүмкіндігі болды (Елшілердің істері 3:19). Ехоба қателік жібергеніне бола адамдардан бірден теріс айналмайтыны анық. Ол Харонды кешірді ғой. Бүгінде Ехоба бізді бұрыс істерден қорғау үшін сүйіспеншілікпен ескертулер береді. Бұл үшін ол Киелі кітапты, басылымдарды, тіпті бауырластарды қолданады. Оның ескертулеріне ден қойсақ, ол мейірімін түсіретініне сенімді бола аламыз.

21. Ехобаға деген адалдығымыз сынға алынғанда не істеуіміз керек?

21 Ехоба рақымын белгілі бір мақсатпен көрсетеді (Қорынттықтарға 2-хат 6:1). Бұл бізге “ұнамсыз жүріс-тұрыстан және осы дүниелік құмарлықтардан бас тартуға” мүмкіндік береді (Титке 2:11—14 оқыңыз). Осы дүниеде Ехобаға деген адалдығымызды сынға алатын жағдайлар әрдайым болады. Сондықтан толықтай Ехобаның жағында болыңыз, ал бұл “Ехоба Құдайдан қорқуды, соған ғана қызмет етіп, етене жақын болуды” білдіретінін ұмытпағайсыз! (Мұсаның 5-жазбасы 10:20).