Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Сіз Ехобаға көз тігесіз бе?

Сіз Ехобаға көз тігесіз бе?

“Уа, көктегі тағында отырған Құдай, Мен өзіңе көз тігемін” (ЗӘБҮР 123:1).

ӘНДЕР: 143, 124

1, 2. Ехобаға көз тігу деген нені білдіреді?

БІЗ “ерекше қиын уақытта” өмір сүріп жатырмыз (Тімөтеге 2-хат 3:1). Ехоба осы зұлым дүниені жойып, жер бетіне тыныштық орнатқанша, өмір одан сайын қиындай түспек. Сол себептен біз: “Көмек пен нұсқау алу үшін кімге көз тігемін?”— деп ойлануымыз қажет. Бәлкім, біз кідірместен: “Ехобаға”,— деп жауап беретін шығармыз. Бұл — керемет жауап.

2 Ехобаға көз тігу деген нені білдіреді? Қиындыққа кезіккенде, Ехобаға көз тігу үшін не істеуіміз керек? Көптеген уақыт бұрын бір Киелі кітап жазушысы көмекке зәру кезімізде Ехобаға көз тігу қаншалықты маңызды екенін түсіндіріп кеткен (Зәбүр 123:1—4 оқыңыз). Ол Ехобаға көз тігетін адам қожайынына көз тігетін құлға ұқсайтынын айтқан. Мұны қалай түсінуге болады? Құл қожайынына көз тігеді, басқаша айтқанда, ол тамақ беріп, қауіп-қатерден қорғайды деп күтеді. Сондай-ақ құл қожайыны не істеуді бұйыратынын түсініп, кейін соны орындау үшін де үнемі қожайынынан көз алмайды. Сол сияқты, біз де Ехоба не істегенімізді қалайтынын түсіну үшін Құдай Сөзін күнде мұқият зерттеп, кейін соған сай әрекет етуіміз қажет. Осылай көмекке мұқтаж кезімізде Ехобаның қол ұшын беретініне көз жеткізе аламыз (Ефестіктерге 5:17).

3. Ехобадан назарымыз ауып кетуіне не себеп болуы мүмкін?

3 Ехобаға әрдайым көз тігуіміз керектігін білсек те, кейде алаңдап кетуіміз мүмкін. Исаның жақын досы Мартамен солай болған. Бірде ол “әуре-сарсаңға” түсіп, алаңдап кетті (Лұқа 10:40—42). Марта сияқты адал адамның өзі қасында болған Исадан назарын тайдырып алса, біздің де алаңдап кетуіміз оп-оңай. Ехобаға көз тігуден бізді не алаңдатуы мүмкін? Бұл мақалада өзгелердің іс-әрекеті бізді қалай алаңдатуы мүмкін екенін қарастырамыз. Сондай-ақ Ехобадан назарымыз ауып кетпеу үшін не істей алатынымызды көреміз.

ЗОР МӘРТЕБЕДЕН АЙЫРЫЛЫП ҚАЛҒАН АДАЛ КІСІ

4. Мұсаның Уәде етілген жерге кірмей қалғаны неге бізді таңғалдыруы мүмкін?

4 Ехобаның нұсқауларын күтіп, оған көз тіккен адамдардың бірі — Мұса. Киелі кітапта Мұсаның “көзге көрінбейтін Тұлғаны көріп тұрғандай берік болғаны” айтылған (Еврейлерге 11:24—27 оқыңыз). Онда тағы: “Исраилде бұдан кейін Мұса сияқты пайғамбар болған жоқ. Ехоба онымен ерекше тығыз қарым-қатынаста болған”,— делінген (Мұсаның 5-жазбасы 34:10). Ехобаның жақын досы болса да, Мұса Уәде етілген жерге кіру мәртебесінен айырылып қалды (Мұсаның 4-жазбасы 20:12). Неге бұлай болды?

5—7. Исраилдіктер Мысырдан шыққаннан кейін көп ұзамай қандай жағдай болды және Мұса не істеді?

5 Исраилдіктердің Мысырдан шыққанына екі ай болар-болмас, бір жағымсыз жағдай орын алды. Бұл кезде олар Синай тауына әлі жетпеген де еді. Халық ішетін су болмағаны үшін шағымдана бастады. Олар Мұсаға қарсы күңкілдеп, ашуға мінгенде, Мұса Ехобаға дауыстап сиынып: “Мына халыққа не істеймін? Олар мені таспен атқылауға дайын тұр”,— деді (Мұсаның 2-жазбасы 17:4). Сол кезде Ехоба оған нақты нұсқау берді. Ол Мұсаға қолындағы таяғымен Хорибтегі жартасты ұруды бұйырды. Киелі кітапта: “Мұса Исраил ақсақалдарының көзінше осылай істеді”,— делінген. Содан жартастан су ағып, исраилдіктер шөлдері қанғанша су ішті. Осылай бұл қиындықтың шешімі табылды (Мұсаның 2-жазбасы 17:5, 6).

6 Киелі кітапта айтылғандай, Мұса бұл жерді Масса деп атады. Бұл атау “сынау” дегенді білдіреді. Мұса сол жерді Мериба деп те атады. Оның мағынасы — “ұрыс-жанжал”. Мұса “исраилдіктер өзіне ұрысқандықтан, сондай-ақ “Ехоба біздің арамызда ма, жоқ па?” деп Ехобаны сынағандықтан”, жерге осындай атаулар берген (Мұсаның 2-жазбасы 17:7).

7 Мерибада болған жағдайға Ехоба қалай қарады? Ол исраилдіктерді тек Мұсаға емес, өзіне және билігіне қарсы шықты деп қарастырды (Зәбүр 95:8, 9 оқыңыз). Халық осылай етуімен үлкен қателік жасады. Ал Мұса бұл жағдайда дұрыс әрекет етті. Ол Ехобаға көз тігіп, оның берген нұсқауларын мұқият орындады.

8. Исраилдіктердің шөл даладағы көшіп-қонуы аяқталып қалғанда қандай жағдай болды?

8 Шамамен 40 жылдан кейін осындай жағдай тағы қайталанды. Ол кезде исраилдіктердің шөл даладағы көшіп-қонуы аяқталып қалған еді. Олар Уәде етілген жердің шегарасына жақын орналасқан Қадеш деген жерге қоныстанды. Бұл жер де Мериба деген атпен танылып кетті *. Неге? Өйткені исраилдіктер судың жоқтығына шағымданып, қайтадан күңкілдеді (Мұсаның 4-жазбасы 20:1—5). Бірақ бұл жолы Мұса үлкен қателік жіберді.

9. Ехоба Мұсаға қандай нұсқау берді, бірақ Мұса не істеді? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

9 Халық бүлік шығарған кезде Мұса қалай әрекет етті? Нұсқау алу үшін ол қайтадан Ехобаға көз тікті. Бірақ бұл жолы Ехоба Мұсаға жартасты ұруды бұйырған жоқ. Ол Мұсаға қолына таяқ алып, халықты жартастың қасына жинауды, сосын жартасқа қарап сөйлеуді бұйырды (Мұсаның 4-жазбасы 20:6—8). Мұса Ехоба айтқандай істеді ме? Жоқ. Оның ашуға булыққаны сонша — ол халыққа айғайлап: “Ей, бүлікшілер, тыңдаңдар! Бізге мына жартастан су шығарып бер деп тұрсыңдар ма?”— деді. Сосын ол таяғымен жартасты екі рет ұрды! (Мұсаның 4-жазбасы 20:10, 11).

Мұса Ехоба берген жаңа нұсқауларға мойынсұнбады

10. Мұсаның әрекетіне Ехоба қалай қарады?

10 Ехоба Мұсаға қатты ашуланды (Мұсаның 5-жазбасы 1:37; 3:26). Не себепті? Бәлкім, мұның бір себебі — Мұсаның Ехоба берген жаңа нұсқауларға мойынсұнбағаны шығар.

11. Мұсаның жартасты соққаны неге халықты “Ехоба керемет жасаған жоқ” деген ойға итермелеген болуы мүмкін?

11 Ехобаның ашулануына тағы бір жайт себеп болуы мүмкін. Алғашқы Мерибадағы алып жартастар гранитті жартастар болған. Мұндай жартасты қандай мықты адам ұрса да, ешкім су шығады деп күтпес еді. Ал екінші Мерибадағы жартастар мүлдем өзгеше болған. Олардың көбісі әктасты жартастар тобына жатқан. Әдетте мұндай жартастар жұмсақ болатындықтан, жиі суды сіңіріп алады. Кейін бұл сулар жартастың етек жағына жиналады. Сондықтан адамдар жартасты ойып, ішіндегі суды ала алады. Олай болса, Мұса жартасқа қарап сөйлемей, оны ұрған кезде, халық не деп ойлап қалуы мүмкін еді? Су Ехоба керемет жасағандықтан емес, өздігінен ақты деп ойлап қалуы мүмкін бе еді *? Біз мұны нақты айта алмаймыз.

МҰСА ҚҰДАЙҒА БАҒЫНБАДЫ

12. Ехобаның Мұса мен Харонға ашулануына тағы не себеп болуы мүмкін?

12 Ехобаның Мұса мен Харонға сонша ашулануына тағы бір себеп болуы мүмкін. Мұса халыққа: “Бізге мына жартастан су шығарып бер деп тұрсыңдар ма?”— деген. Ол “бізге” деуімен өзіне және Харонға нұсқаған болса керек. Оның осы сөздерінен Ехобаға деген ешқандай құрмет байқалмады. Өйткені ол бұл кереметті толықтай Ехоба жасайтынын айтпады. Зәбүр 106:32, 33-те былай делінген: “Олар Мериба суының маңында да Құдайды ашуландырды, Солардың кесірінен Мұса жапа шекті. Халық Мұсаның ашуына тиді, Сондықтан ол қызбаланып ағат сөйледі” * (Мұсаның 4-жазбасы 27:14). Мұса Ехобаға тиесілі құрметті танытпады. Ехоба Мұса мен Харонға: “Екеуің... бұйрығыма бағынбадыңдар”,— деді (Мұсаның 4-жазбасы 20:24). Бұл ауыр күнә еді!

13. Ехобаның Мұсаны жазалау жолы неге дұрыс әрі әділ болды?

13 Мұса мен Харон халықты жетелеп жүрген адамдар болғандықтан, Ехоба олардан көп нәрсе талап етті (Лұқа 12:48). Кезінде бір ұрпақ түгелімен өзіне қарсы шыққандықтан, Ехоба оларға Уәде етілген жерге кіруге рұқсат етпеген еді (Мұсаның 4-жазбасы 14:26—30, 34). Ехобаның мойынсұнбаушылық танытқан Мұсаны да тура осылай жазалағаны дұрыс әрі әділ болды. Ехоба басқа бүлікшілермен қатар Мұсаны да Уәде етілген жерге кіргізбеді.

БАҒЫНБАУҒА СЕБЕПШІ БОЛҒАН ЖАЙТ

14, 15. Мұсаның Ехобаға бағынбауына не себеп болды?

14 Мұсаның Ехобаға бағынбауына не себеп болды? Зәбүр 106:32, 33-тегі келесі сөздерге қайта назар аударып көрейік: “Олар Мериба суының маңында да Құдайды ашуландырды, Солардың кесірінен Мұса жапа шекті. Халық Мұсаның ашуына тиді, Сондықтан ол қызбаланып ағат сөйледі”. Бүлік Ехобаға қарсы болғанмен, бұған Мұса ашуланды. Ол ұстамдылық танытпай, салдарын ойлап жатпастан сөйледі.

15 Мұса өзгелердің іс-әрекетіне алаңдап кеткендіктен, Ехобадан назарын тайдырып алды. Халық бірінші рет судың жоқтығына күңкілдегенде, Мұса дұрыс әрекет еткен еді (Мұсаның 2-жазбасы 7:6). Исраилдіктер көп жыл бойы Ехобаға қарсы шыға бергендіктен, Мұса шаршап, халықтың әрекеті оның қитығына тие бастаған шығар. Бәлкім, ол Ехобаны даңқтау туралы ойлаудың орнына, тек қана өз сезімдерін ойлап кеткен болар.

Біз Ехобадан көз алмай, үнемі оған мойынсұнуымыз керек

16. Мұсаның іс-әрекеті жайлы неге ойланып жүргеніміз дұрыс?

16 Мұса сияқты адал пайғамбардың өзі Ехобадан назарын тайдырып, күнә жасаған болса, бізбен де солай болуы ғажап емес. Мұса Уәде етілген жердің табалдырығында тұрған еді. Біз де бүгінде жаңа дүниенің табалдырығында тұрмыз (Петірдің 2-хаты 3:13). Әрине, біз осы ерекше мәртебеден айырылып қалғымыз келмес еді. Бірақ жаңа дүниеге кіру үшін біз Ехобадан көз алмай, үнемі оған мойынсұнуымыз керек (Жоханның 1-хаты 2:17). Ендеше, Мұсаның қателігінен қандай сабақ аламыз?

ӨЗГЕЛЕРДІҢ ІС-ӘРЕКЕТІ СІЗДІ АЛАҢДАТЫП ЖҮРМЕСІН

17. Біреу қитығымызға тигенде қалай ұстамды бола аламыз?

17 Біреулер қитығыңызға тигенде, ұстамды болыңыз. Кейде біз бір қиын мәселеге қайта-қайта кезіге беруіміз мүмкін. Бірақ Киелі кітапта: “Жақсылық жасаудан еш талмайық. Себебі шаршап қалмасақ, өз уақытында оның өнімін орамыз”,— делінген (Ғалаттықтарға 6:9; Салоникалықтарға 2-хат 3:13). Біреу немесе бірдеңе қайта-қайта қитығымызға тиген кезде, сөйлемес бұрын ойланып аламыз ба? Ашуымызды жүгендейміз бе? (Нақыл сөздер 10:19; 17:27; Матай 5:22). Өзгелер ашуымызды келтіргенде, бәрін “Құдайдың қаһарына қалдыруды” үйренуіміз қажет (Римдіктерге 12:17—21 оқыңыз). Бұл нені білдіреді? Ашуға бой алдырудың орнына, Ехоба қажет деп тапса, мәселемізді шешеді деп шыдаммен күтуіміз керек. Ехобаға көз тікпей, “өзіміз үшін кек алуға” тырыссақ, бұл Ехобаға құрмет танытпағандық болар еді.

18. Нұсқауларды ұстануға қатысты нені есте ұстауымыз қажет?

18 Соңғы нұсқауларды мұқият ұстаныңыз. Ехоба берген соңғы нұсқауларды барынша ұстанамыз ба? Біз бәрін бұрынғысынша өзіміз үйреніп қалғандай істей бермеуіміз керек. Қайта, Ехобаның өз ұйымы арқылы берген кез келген жаңа нұсқауын бірден ұстануымыз қажет (Еврейлерге 13:17). Сондай-ақ біз мұқият болып, “жазылғандарды ғана ұстануға” тиіспіз (Қорынттықтарға 1-хат 4:6). Ехобаның нұсқауларын нақты ұстанатын болсақ, одан назарымызды тайдырып алмаймыз.

Өзгелердің қателігі Мұсаға қалай әсер еткенінен қандай сабақ алуымыз керек? (19-абзацты қараңыз)

19. Өзгелердің қателігі Ехобамен достығымызды бұзып жүрмес үшін не істей аламыз?

19 Өзгелердің қателігі Ехобамен достығыңызды бұзып жүрмесін. Ехобадан назарымызды тайдырмайтын болсақ, өзгелердің іс-әрекетіне бола онымен достығымызды бұзбаймыз, ашуға да бой алдырмаймыз. Әсіресе кімдер осылай ету керек? Мұса сияқты, Құдай ұйымында жауапкершілігі бар бауырластар. Әрине, құтқарылу үшін әрқайсысымыз да көп күш салып, Ехобаға мойынсұнуымыз керек (Філіпіліктерге 2:12). Дегенмен жауапкершілігіміз неғұрлым көп болса, Ехоба соғұрлым көп талап етеді (Лұқа 12:48). Егер Ехобаны шынымен жақсы көрсек, біз ештеңеге сүрінбейміз және ештеңе де бізді оның сүйіспеншілігінен айыра алмайды (Зәбүр 119:165; Римдіктерге 8:37—39).

20. Біз не істеуге бел бууымыз керек?

20 Біз ерекше қиын уақытта өмір сүріп жатқандықтан, “көктегі тағында отырған” Ехобаға көз тігуіміз керек. Сонда ол біздің не істегенімізді қалайтынын түсіне аламыз. Сондай-ақ біз өзгелердің іс-әрекеттерінің Ехобамен достығымызды бұзуына ешқашан жол бермеуіміз керек. Мұсамен болған жағдайдан біз осындай маңызды сабақ аламыз. Өзгелердің қателігіне ашуланбай, қайта, Ехоба өз “ықыласын түсіргенше”, одан көз алмауға бел буайық (Зәбүр 123:1, 2).

^ 8-абзац Бұл Мериба Репедимге жақын маңдағы Масса деп те аталатын Мериба емес. Екі жердің де Мериба аталуының себебі — сол екі жерде исраилдіктер ұрыс-жанжал шығарды (“Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасының” Ә3 қосымшасындағы картаны қараңыз).

^ 11-абзац Бір ғалымның айтуынша, яһудилердің ел аузында қалған әңгімесіне сай, бүлікшілер Мұса жартастың ішінде су бар екенін білген деп тұжырымдағандықтан, бұл жағдайды керемет деп қарастырмаған. Сондықтан олар басқа жартасты ұрып, тағы бір рет керемет жасауды сұраған. Әрине, бұл жай әңгіме ғана.

^ 12-абзац “Күзет мұнарасындағы” “Оқырман сауалдарын” (ор.) қараңыз (1989 жыл, 1 қаңтар).