Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Әртүрлі адамдарға” жанашырлық танытайық

“Әртүрлі адамдарға” жанашырлық танытайық

ИСА шәкірттеріне қалай уағыздау керектігін үйреткенде, адамдардың бәрі бірдей тыңдай бермейтінін ескерткен (Лұқа 10:3, 5, 6). Бүгінде де адамдардың бәрі бірдей хабарымызға құлақ аса бермейді. Қызметте кезіктіретін кейбір адамдар дөрекілік танытса, кейбірі тіпті ашуға мінеді. Осындай кездері адамға жанашырлық таныту қиынға соғып, уағыздауға деген ықыласымыз су сепкендей басылатын шығар.

Жанашыр адам өзгелердің қажеттіліктері мен қиындықтарын көре біледі және оларды аяп, көмектескісі келеді. Қызметте кезіктіретін адамдарға жанашырлық танытпасақ, не болады? Құлшынысымыз жоғалады, яғни уағыздауға деген ықыласымыз бәсеңдейді. Сөйтіп, адамдарға көмектесуден қаламыз. Бойымыздағы құлшынысты отпен теңеуге болады. От лаулап жану үшін көп отын керек. Сол сияқты, құлшынысымызды жалындату үшін жанашыр болуымыз қажет (Салоникалықтарға 1-хат 5:19).

Тіпті қиын кездің өзінде көбірек жанашырлық танытуды қалай үйренсек болады? Осы орайда Ехоба мен Исадан және елші Пауылдан үлгі ала аламыз.

ЕХОБАНЫҢ ЖАНАШЫРЛЫҒЫНА ЕЛІКТЕЙІК

Мыңдаған жылдар бойы адамдар Ехоба жайлы қып-қызыл өтірік айтып келеді. Бірақ Ехоба сонда да “алғысты білмейтіндерге де, зұлымдарға да мейірім көрсетеді” (Лұқа 6:35). Қалай? Ол әрбір адамға шыдаммен қарайды. Ехоба “әртүрлі адамдар” құтқарылса екен дейді (Тімөтеге 1-хат 2:3, 4). Ехоба зұлымдықты жек көрсе де, адамдар ол үшін бағалы болып қала береді, әрі олардың ешқайсысының өлгенін қаламайды (Петірдің 2-хаты 3:9).

Шайтанның адамдарды өтірікке иландыруға қас шебер екенін Ехоба жақсы біледі (Қорынттықтарға 2-хат 4:3, 4). Көп адам бала күнінен Құдай жайлы өтірік естіп өскен. Сондықтан шындықты қабылдауға олардың ой-сезімдері жол бермейді. Бірақ Ехоба оларға қатты көмектескісі келеді. Мұны қайдан білеміз?

Мысал үшін Ниневия қаласындағы адамдарға Ехобаның қалай қарағанын еске түсірейік. Олар өте қатыгез халық болса да, Ехоба Жүніске былай деген: “Ниневияда... оңы мен солын айыра алмайтын 120 000-нан астам халық бар. Ендеше осы ұлы қаланы мен қалай аямаймын?!” (Жүніс 4:11). Өзі жайлы шындықты білмеген сол халыққа Ехобаның жаны ашыды. Сондықтан оларды ескертсін деп Жүністі жіберді.

Біз де адамдарға Ехоба сияқты қараймыз. Адамдар өте бағалы. Тіпті шындықты қабылдамайтындай көрінсе де, Ехобаға еліктеп, оларға Құдай жайлы білуге көмектесуге дайынбыз.

ИСАНЫҢ ЖАНАШЫРЛЫҒЫНА ЕЛІКТЕЙІК

Әкесі сияқты, Иса да адамдарға жаны ашыған, “өйткені олар бағушысы жоқ қойлардай азып-тозған, бейшара күйде еді” (Матай 9:36). Иса олардың неге ондай күйде екенін түсінген. Оларға діни жетекшілер жаман қарайтын, әрі жалған ілімге үйрететін. Иса өзін тыңдауға келген адамдардың көбісі әртүрлі себептермен ізбасары болмайтынын білсе де, оларға көп тәлім берді (Марқа 4:1—9).

Әлдекім алғашында тыңдамаса, көңіліңіз түспесін

Жағдайы өзгергенде адам шындыққа басқаша қарауы мүмкін

Адамдар уағыздап жүрген хабарымызды қабылдамағанда, олардың неліктен бұлай ететінін түсінуге тырысуымыз керек. Оларда Киелі кітап немесе мәсіхшілер жайлы жаман пікір қалыптасқан шығар. Бәлкім, олар мәсіхшіміз дей тұра, жаман істермен айналысатын адамдарды көрген болар. Я болмаса кейбірі ілімдеріміз жайлы жалған сөздер естіген шығар. Біреулер тіпті бізбен сөйлескен жағдайда туыстары мен таныстары келеке-мазақ етеді деп қорқуы мүмкін.

Біз кезіктіретін адамдардың кейбірі қайғылы жағдайларды бастан кешкен болуы мүмкін. Миссионер болып қызмет ететін Ким бауырластың айтуынша, ол қызмет ететін аймақта адамдар соғыстың кесірінен барларынан айырылған. Олардың болашаққа деген ешқандай үміттері жоқ екен. Әбден көңілі қалған олар ешкімге сенбейді. Бұл аймақтағы адамдар жиі Куәгерлердің уағыз ісін тоқтатуға тырысады. Тіпті бірде уағызда жүргенде Ким бауырласқа қатты күш көрсетілген.

Оған адамдардың қарсылық көрсеткеніне қарамастан, жанашырлық таныта беруге не көмектеседі? Ол Нақыл сөздер 19:11-дегі: “Терең түсінік адамды ашуға баяу етер”,— деген сөздерді үнемі есте ұстауға тырысады. Аумағындағы адамдардың қандай жайтты бастан кешкендері жайлы ойлағаны оған жанашырлық танытуға көмектеседі. Ол кезіктіретін адамдардың бәрі бірдей қарсылық көрсетпейді. Бұл аумақта оны жақсы тыңдайтын адамдар бар.

Былай деп ойланып көрсек болады: “Егер шындықты білмегенімде, маған келген Ехоба куәгерлеріне қалай қарар едім? Куәгерлер жайлы жалған ақпарат естіген болсам ше? Бәлкім, мен де оларға құлақ аспай, олардың жанашырлық танытқанына мұқтаж болар ма едім?!” Иса басқалар өзімізге қалай қарасын десек, біз де оларға солай қарауымыз керектігін айтқан. Сондықтан тіпті оңайға соқпаса да, өзгелердің ой-сезімін түсінуге тырысып, шыдамды болуымыз қажет (Матай 7:12).

ПАУЫЛДЫҢ ЖАНАШЫРЛЫҒЫНА ЕЛІКТЕЙІК

Елші Пауыл уағыздағаны үшін қатыгездік көрсеткен адамдарға да жанашырлық танытқан. Не себепті? Өйткені кезінде өзінің де қандай болғанын есте тұтты. Пауыл өзі жайлы: “Бұрын Құдайға тіл тигізуші, қудалаушы, арсыз болсам да,.. маған мейірімділік көрсетілді, себебі мен сенімім болмағандықтан білместікпен осылай әрекет еттім”,— деген (Тімөтеге 1-хат 1:13). Пауыл Ехоба мен Иса өзіне зор мейірімділік танытқанын білген. Ол уағызға қарсылық көрсететін адамдарды түсінген. Өйткені бұрын өзі де сондай адамдардың қатарынан болған.

Кейде Пауыл жалған ілімдерді қатты ұстанатын адамдарды жолықтырған. Бұл оған қалай әсер еткен? Елшілердің істері 17:16-да Пауылдың Афинада болғанда, “қаланың пұттарға толы екенін көріп, қатты ашынғаны” айтылған. Бірақ ол дәл осы тақырыпты тілге тиек етіп, адамдарға куәлік берген (Елшілердің істері 17:22, 23). “Ең болмаса, кейбіреуін құтқару үшін қолдан келгеннің бәрін істедім”,— деген ол уағыздау әдісін өзгертіп, әртүрлі ортадан шыққан адамдарға уағызын бейімдеген (Қорынттықтарға 1-хат 9:20—23).

Хабарымызды тыңдамайтын не жалған ілімдерге сенетін адамдарға уағыздаған кезде, Пауылдан үлгі алуға болады. Мұндай адамдар жайлы білетінімізге сүйене отырып, оларға “жақсылық жөнінде хабарды” жеткізе аламыз (Ишая 52:7). Дороти есімді бауырлас былай дейді: “Біздің аумағымыздағы адамдардың көбісі “Құдай тас жүрек, әрі соттауға дайын тұрады” деп ойлайды. Мен мұндай адамдарды Құдайға деген берік сенімі үшін мақтап, кейін Ехобаның сүйіспеншілігі мен оның болашаққа қатысты уәделері жайлы Киелі кітапта не делінгеніне назар аударамын”.

“ЖАМАНДЫҚТЫ ӘРДАЙЫМ ЖАҚСЫЛЫҚПЕН ЖЕҢІП ШЫҚ!”

Осы заманның ақыры жақындаған сайын, кейбір адамдардың көзқарастары “бұрынғыдан бетер” жаман бола түспек (Тімөтеге 2-хат 3:1, 13). Бірақ адамдардың уағызымызға қалай қарайтыны бізді жанашырлық пен қуаныштан айырмау керек. Ехоба бізге жамандықты “әрдайым жақсылықпен жеңіп шығуға” күш береді (Римдіктерге 12:21). Джессика есімді ізашар бауырлас Куәгерлер мен ізгі хабарды мазақ ететін өркөкірек адамдарды жиі кезіктіреді екен. Ол былай дейді: “Бұл кейде көңілімді түсіреді. Бірақ біреумен әңгіме бастағанда, іштей Ехобаға дұға айтып алып, өзі сол адамға қалай қараса, маған да солай қарауға көмектесуін сұраймын”. Осының арқасында Джессика өз сезімдеріне қадалып қалмай, адамға қалай көмектесуге болатынын ойлайды.

Біз шындықты тапқысы келетіндерді іздеуден талмаймыз

Уақыт өте кей адамдар көмегімізді қабылдап, шындықты білуі мүмкін

Біз өзімізбен бірге уағыздап жүрген бауырластарды да жігерлендіруге тырысуымыз қажет. Джессика бауырластармен қызметте жүрген кезде біреулер қарсылық көрсетсе, бұған мән бермейтінін айтады. Мұның орнына, ол жақсы нәрселер туралы, мысалы, тыңдамаған адамдар болғанына қарамастан, уағыздың жақсы нәтижелері болып жатқаны жайлы айтып береді екен.

Кей кездері уағыздау бізге қиынға соғатынын Ехоба жақсы біледі. Бірақ өзі сияқты мейірімділік танытқанымызды көргенде, ол қатты қуанады! (Лұқа 6:36). Әрине, Ехобаның бұл дүниеге танытып жатқан жанашырлығы мен шыдамдылығы мәңгілікке жалғаспайды. Осы дүниені қашан жоятынын ол нақты білетініне сенімді бола аламыз. Сол уақыт келгенше, біздің уағыз ісіміз шұғыл іс болып қала береді (Тімөтеге 2-хат 4:2). Ендеше, әрі қарай да құлшына уағыздап, “әртүрлі адамдарға” шын жүректен жанашырлық танытайық!