Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Бейтаныс адамдарға қайырымдылық танытуды ұмытпайық

Бейтаныс адамдарға қайырымдылық танытуды ұмытпайық

“Қонақжайлылық танытуды ұмытпаңдар” (ЕВРЕЙЛЕРГЕ 13:2).

ӘНДЕР: 124, 79

1, 2. а) Бүгінде басқа елден келгендер қандай қиындықтарға кезігеді? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.) ә) Киелі кітап мәсіхшілерді неге шақырады және қандай сұрақтарға тоқталамыз?

ОСЫДАН 30 жылдан астам уақыт бұрын Осей, әлі Ехоба куәгері болмай тұрғанда, Ганадан Еуропаға көшіп келген еді [1] (8-беттегі сілтемені қараңыз). Ол былай деп есіне алды: “Көп ұзамай-ақ ешкімнің менімен ісі жоқ екенін байқадым. Бұл жердің климатын көргенде, төбе шашым тік тұрды. Әуежайдан шыға бере өмірімде бірінші рет дірдек қағып тоңғанымда, көзіме жас келді”. Тілді үйрену қиынға соққандықтан, Осей бір жылдан астам уақыт бойы жөні түзу жұмыс таба алмай жүрді. Үйінен жырақта жүрген ол отбасын сағынып, жалғыздық сезінді.

2 Осындай жағдайда болсаңыз, өзгелердің сізге қалай қарағанын қалар едіңіз? Дау жоқ, мұндайда Патшалық сарайында сізді ұлтыңыз не нәсіліңізге қарамай, құшақ жая қарсы алған адамдарға риза болар едіңіз. Шын мәнінде, Киелі кітап шынайы мәсіхшілерді “қонақжайлылық танытуды ұмытпауға” шақырады (Еврейлерге 13:2). Түпнұсқа тілден “қонақжайлылық таныту” деп аударылған тіркес “бейтаныс адамға қайырымдылық танытуды” білдіреді. Олай болса, келесідей сұрақтарға тоқталып өтейік: Ехоба жатжерліктерге қалай қарайды? Неге бейтаныс адамдарға деген көзқарасымызды өзгерту қажет болуы мүмкін? Басқа елден келгендер қауымда өздерін жайлы сезіну үшін не істей аламыз?

ЕХОБАНЫҢ ЖАТЖЕРЛІКТЕРГЕ ДЕГЕН КӨЗҚАРАСЫ

3, 4. Мұсаның 2-жазбасы 23:9-ға сай, Құдай исраилдіктердің жатжерліктерге қалай қарағанын қалады және неге?

3 Ехоба өз халқын Мысырдың құлдығынан азат еткенде, олармен бірге көптеген жатжерліктер де шыққан еді. Оларға мейірімділік танытулары үшін Құдай исраилдіктерге бірқатар заңдар берді (Мұсаның 2-жазбасы 12:38, 49; 22:21). Жатжерліктердің өмірі оңайға соқпайтындықтан, Ехоба сүйіспеншілікпен олардың қамын жасаған. Мысалы, олар егіншілер қалдырып кеткен масақты тере алатын (Мұсаның 3-жазбасы 19:9, 10).

4 Ехоба исраилдіктерге жатжерліктерді құрметтеуді бұйырып қана қойған жоқ, қайта, оларға жатжерлік болудың қандай екенін естен шығармауды айтты (Мұсаның 2-жазбасы 23:9 оқыңыз). Олар Мысырда құлға айналмай тұрғанда-ақ, мысырлықтар оларды ұлты не діні үшін жақтырмаса керек (Мұсаның 1-жазбасы 43:32; 46:34; Мұсаның 2-жазбасы 1:11—14). Жат жердегі исраилдіктердің өмірі адам төзгісіз болды. Ехоба олардың осыны ұмытпағанын әрі араларында тұрып жатқан жатжерліктерге “өз адамдарындай” қарағанын қалады (Мұсаның 3-жазбасы 19:33, 34).

5. Шетелден келгендерге Ехоба сияқты мейіріммен қарауымызға не көмектеседі?

5 Ехоба өзгерген жоқ. Егер қауымымызға шетелден біреулер келіп жатса, Ехоба бүгінде де ондай адамдарға мейіріммен қарайтынын ұмытпайық (Мұсаның 5-жазбасы 10:17—19; Малахи 3:5, 6). Бір сәтке кідіріп, сырттан келгендер қандай қиындықтарға кезігетінін ойлап көрейікші: олар тіл жағынан қиналып, я болмаса әділетсіздік пен алалаушылықтың құрбаны болып жатқан шығар. Ендеше, оларға мейлінше жанашыр болып, қол ұшын беруге тырысайық (Петірдің 1-хаты 3:8).

БЕЙТАНЫС АДАМДАРҒА ДЕГЕН КӨЗҚАРАСЫМЫЗДЫ ӨЗГЕРТУ

6, 7. Ертедегі мәсіхшілер қанға сіңген алалаушылықты жеңе білгені неден көрінеді?

6 Ертедегі мәсіхшілер яһуди халқында кең етек алған әрі қандарына сіңген алалаушылықты жеңуді үйренді. Б. з. 33 жылы Елуінші күн мейрамында әртүрлі елден келгендер мәсіхшілікті қабылдады. Сонда Иерусалимде тұратын яһуди мәсіхшілер оларға қамқорлық көрсетіп, қонақжайлылық танытты (Елшілердің істері 2:5, 44—47). Бұдан яһуди мәсіхшілердің “қонақжайлылық” деген сөздің мағынасын жете түсінгені көрінеді, өйткені олар “бейтаныс адамдарға қайырымдылық таныта” білді.

7 Алайда сол кездері бір жағдай орын алған еді. Грекше сөйлейтін яһудилер өздерінің жесірлерін бөліп-жарды деп, еврейше сөйлейтін яһудилерге наразылық білдірді (Елшілердің істері 6:1). Бұл мәселені шешу үшін, елшілер арнайы жеті кісіні тағайындап, ешкімнің де елеусіз қалмауын қадағалады. Олар таңдаған ер кісілердің бәрінің есімдері грекше еді. Соған қарағанда, елшілер грек жесірлерінің көңілін жайландырғысы келсе керек (Елшілердің істері 6:2—6).

8, 9. а) Бойымызда алалаушылық сезімі бар-жоқтығын тексеруге қандай сұрақтар көмектеседі? ә) Біз неден арылуымыз керек? (Петірдің 1-хаты 1:22).

8 Өзіміз байқасақ та, байқамасақ та, бәрімізге мәдениетіміз қатты әсер етеді (Римдіктерге 12:2). Оның үстіне, көрші-қолаңдарымыздың, әріптестеріміз бен сыныптастарымыздың өзге ұлттың не нәсілдің адамдарын кемсітіп сөйлейтінін жиі еститін шығармыз. Осындай алалаушылық бізге де ықпал еткен жоқ па? Егер әлдебіреу ұлтымызды не мәдениетімізді келеке-мазақ етсе, не істейміз?

9 Елші Петірдің яһуди емес адамдарға алалаушылықпен қараған кезі болған. Бірақ ол біртіндеп осындай жағымсыз сезімдерден арыла алды (Елшілердің істері 10:28, 34, 35; Ғалаттықтарға 2:11—14). Біз де бойымыздан алалаушылықтың не ұлтшылдықтың титтей де болса нышанын байқасақ, одан толықтай арылу үшін барымызды салуымыз керек (Петірдің 1-хаты 1:22 оқыңыз). Бұл үшін не істей аламыз? Мына жайтты жадымызда ұстауға тиіспіз: қай ұлттан шықпайық, бәріміз де күнәкар пендеміз, сондықтан ешқайсысымыз да құтқарылуға лайықты бола алмаймыз (Римдіктерге 3:9, 10, 21—24). Олай болса, өзімізді өзгеден артық санауға еш себеп жоқ! (Қорынттықтарға 1-хат 4:7). Бізде елші Пауылдікіндей көзқарас болу керек. Ол майланған мәсіхшілердің “бөтен не жатжерлік емес”, қайта, “Құдай отбасының мүшелері” екенін айтқан (Ефестіктерге 2:19). Алалаушылық сезімінен арылуға барынша күш салсақ, жаңа болмысқа ие бола аламыз (Қолостықтарға 3:10, 11).

БЕЙТАНЫС АДАМДАРҒА ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ТАНЫТУ

10, 11. Қалай Бағоз жатжерліктерге Ехоба сияқты қарады?

10 Әділ кісі Бағоз жатжерліктерге Ехоба сияқты қараған. Орақ кезінде егістігін көруге барғанда, ол Моаб елінен келген Рут деген жатжерлік әйелді байқайды. Ол жұмысшылардың соңынан бел жазбай масақ теріп жүрген еді. Мұса Заңы бойынша, Руттың бұған толық құқығы бар-тын. Соған қарамастан оның масақ теруге рұқсат сұрағанын естігенде, Бағоз қатты таңғалып, оған тіпті байланған баулардан қалған масақты да жинауға рұқсат береді (Рут 2:5—7, 15, 16 оқыңыз).

11 Бағоздың келесі әрекетінен оның Руттың қамын ойлап, жатжерлік ретінде қиын жағдайын түсінгені көрінеді. Ол танаптағы жігіттер тиіспес үшін, Рутқа жұмысшы қыздарының қасында жүруді айтады. Тіпті өз жұмысшыларына сияқты, оған да жеткілікті мөлшерде тамақ пен су бергізеді. Бағоз осы байғұс жатжерлік әйелге құрметпен сөйлеп, оның қамкөңілін орнықтырады (Рут 2:8—10, 13, 14).

12. Қайырымдылық танытқанымыз бейтаныс адамдарға қалай әсер етуі мүмкін?

12 Бағоз Рутқа тек енесі Нағимаға көрсеткен айнымас сүйіспеншілігі үшін ғана емес, Ехобаға қызмет етуді бастап, оның қанатының астынан пана іздегені үшін де қамқорлық жасады. Осылай ол Ехобаның айнымас сүйіспеншілігіне еліктеген болатын (Рут 2:12, 20; Нақыл сөздер 19:17). Бүгінгі таңда біз де қайырымдылық таныту арқылы “әртүрлі адамдардың” шындықты біліп, Ехоба өздерін қаншалықты жақсы көретінін сезінулеріне көмектесе аламыз (Тімөтеге 1-хат 2:3, 4).

Басқа елден келгендерді Патшалық сарайында құшақ жая қарсы аламыз ба? (13, 14-абзацты қараңыз)

13, 14. а) Патшалық сарайына келген шетелдіктерді неге жылы қарсы алуымыз керек? ә)  Өзге мәдениеттің адамымен ыңғайсызданбай сөйлесуге не көмектеседі?

13 Патшалық сарайына келген шетелдіктерді жылы қарсы алуымызбен оларға қайырымдылық көрсетеміз. Басқа елден жуырда келген иммигранттар кейде ұялып, ешкіммен араласпай, өздерімен-өздері жүретінін байқаған шығармыз. Мәдениетіне немесе әлеуметтік жағдайына байланысты олар өздерін басқа ұлттың не нәсілдің өкілдерінен төмен санауы мүмкін. Сондықтан біз оларға өзіміз барып амандасып, шын жүректен көңіл бөлуіміз керек. Өзіміз түсінетін тілде JW Language қосымшасы бар болса, олардың тілінде сәлемдесуді үйреніп алсақ болады (Філіпіліктерге 2:3, 4 оқыңыз).

14 Бәлкім, сіз өзге мәдениеттің адамымен сөйлесуге ыңғайсызданатын шығарсыз. Мұндай сезімді жеңу үшін өзіңіз жайлы айтып берсеңіз болады. Сонда ортақ нәрселеріңіз сіз ойлағаннан да көп екенін көресіз. Сондай-ақ әр мәдениеттің жағымды да, жағымсыз да тұстары бар екенін байқайсыз.

ОЛАРҒА ӨЗДЕРІН ЖАЙЛЫ СЕЗІНУГЕ КӨМЕКТЕСЕЙІК

15. Жаңа жерге үйреніп жатқандарды түсінуімізге не көмектеседі?

15 Басқаларға қауымда өздерін жайлы сезінуге көмектесу үшін: “Егер мен басқа елде болсам, адамдардың маған қалай қарағанын қалар едім?”— деп ойланып көрейік (Матай 7:12). Жаңа жерге үйреніп жатқан адамдарға шыдамдылық танытқанымыз жөн. Бастапқыда олардың ой қалпын, іс-әрекеттерін толық түсінбеуіміз мүмкін. Мұндайда олар біздің мәдениетімізге бейімделеді деп күтпей, оларды қалай бар, солай қабылдайық (Римдіктерге 15:7 оқыңыз).

Жаңа жерге үйреніп жатқан адамдарға шыдамдылық танытайық

16, 17. а) Өзге мәдениеттің адамдарын жақынырақ білу үшін не істей аламыз? ә) Қауымымыздағы иммигранттарға қандай көмек ұсына аламыз?

16 Шеттен келгендердің елі мен мәдениеті жайлы біліп алсақ, олармен жақын араласу оңайырақ болады. Отбасылық ғибадат кезінде қауымымыздағы не аумағымыздағы иммигранттардың мәдениеті жайлы ізденіс жүргізіп көрсек болады. Олармен жақынырақ танысудың тағы бір жолы — үйімізге қонаққа шақыру. Ехоба басқа ұлттарға “сенім есігін” ашқаны сияқты, біз де шетелден келген “сенімі бір бауырластарымызға” үйіміздің есігін ашқанымыз абзал (Елшілердің істері 14:27, сілтеме; Ғалаттықтарға 6:10; Әйүп 31:32).

Басқа елден келгендерге қонақжайлылық танытамыз ба? (16, 17-абзацты қараңыз)

17 Басқа елден қоныс аударған отбасылармен аралассақ, біздің мәдениетімізге үйрену үшін қаншалықты күш салып жатқандарын көріп, бағалайтын боламыз. Бәлкім, оларға тілді меңгеруге көмек қажет екенін байқайтын шығармыз. Сондай-ақ оларға басқа да жолдармен, мысалы жұмыс не баспана табуға, көмектесерміз. Іс жүзіндегі мұндай көмек бауырластарымызға айтарлықтай пайдасын тигізуі мүмкін (Нақыл сөздер 3:27).

18. Құрмет пен ризашылық білдіруге келгенде, иммигранттар кімге еліктей алады?

18 Әрине, басқа елден көшіп келген бауырластар да жаңа мәдениетке бейімделу үшін өз тарапынан күш салғандары абзал. Рут осы жағынан жақсы үлгі көрсеткен. Біріншіден, ол жаңа елдің салт-дәстүріне құрмет көрсетіп, масақ теруге рұқсат сұраған (Рут 2:7). Рут масақ теру құқығын алға тартып, жұрт өзіне бірдеңе беруге міндетті деп ойламаған. Екіншіден, ол басқалардың қайырымдылығына ризашылық білдіруге асық болған (Рут 2:13). Иммигранттар осындай жақсы көзқарас танытар болса, сенімі бір бауырластары мен басқа да жергілікті адамдар оларға құрмет көрсетуі әбден мүмкін.

19. Басқа елден келгендердің өздерін жайлы сезінуіне қам жасауымызға қандай себептер бар?

19 Ехобаның зор рақым танытып, әртүрлі ортадан шыққан адамдарға ізгі хабарды естуге қам жасап жатқанына қаншалықты қуанамыз десеңізші! Кейбіреулерінің өз елдерінде жүргенде Киелі кітапты зерттеуге не қауым кездесулеріне барып тұруға мүмкіндіктері болмаған шығар. Ал қазір олар Құдай халқымен еркін араласа алады. Ендеше, өздерін бөтен сезінбеулері үшін біз оларға көмектесуіміз керек. Ақшамыз бен мүмкіндігіміз шектеулі болғанына қарамастан, оларға қайырымдылық танытсақ, Ехобаның сүйіспеншілігіне еліктейміз. Олай болса, “Құдайға еліктеп”, арамыздағы басқа елден келгендерге жылы шырай танытуға барынша тырысайық! (Ефестіктерге 5:1, 2).

^ [1] (1-абзац) Есімі өзгертілген.