Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехобаның уәделеріне деген сенімімізді көрсетейік

Ехобаның уәделеріне деген сенімімізді көрсетейік

“Сенім дегеніміз... көрінбейтін нәрселердің шын мәнінде бар екенінің айқын дәлелін көру” (ЕВРЕЙЛЕРГЕ 11:1).

ӘНДЕР: 54, 43

1. Сеніміміз болғанына неге риза болуымыз керек?

СЕНІМ — асыл қасиет. Жұрттың бәрінде бірдей сенім жоқ (Салоникалықтарға 2-хат 3:2). Ал Ехоба өз қызметшілерінің әрқайсысына сенім дарытып отыр (Римдіктерге 12:3; Ғалаттықтарға 5:22). Сенімі барлардың бәрі бұған дән риза болып, мұны аса жоғары бағалаулары керек.

2, 3. а) Сеніміміз болса, мұның қандай пайдасын көреміз? ә) Қазір қандай сұрақтарды қарастырамыз?

2 Ехоба адамзат үшін өзінің аяулы Ұлын берді. Исаға сенім білдірген адамның күнәсі кешіріледі. Ал бұл, өз кезегінде, Ехобамен мәңгі бақи дос болуға жол ашады (Жохан 6:44, 65; Римдіктерге 6:23). Ехобаның рақымы неткен зор десеңізші! Күнәкар пенде болғандықтан тек өлімге лайық болсақ та, ол бойымыздан жақсы нәрсені көрді (Зәбүр 103:10). Сөйтіп, бізге Иса мен оның құрбандығы туралы ізгі хабарды ашты. Исаға сенім білдіріп, соңынан ере бастағанда, бізде мәңгілік өмірге деген үміт пайда болды (Жоханның 1-хаты 4:9, 10 оқыңыз).

3 Алайда сенім дегеніміз нақты нені білдіреді? Бұл Ехобаның біз үшін не істегенін және алда не істейтінін санамен қабылдап қана қоюды білдіре ме? Бұдан да маңыздысы, сенімімізді қандай жолдармен көрсетуіміз керек?

“ЖҮРЕГІҢІЗДЕ СЕНІМ БОЛСЫН”

4. Неге сенім Құдайдың ниетін ақылмен ұғып қоюды ғана білдірмейді?

4 Сенім — Құдайдың ниетін ақылмен ұғынып қоюдан да көп нәрсені білдіреді. Ол — адамды Құдайдың еркіне сай әрекет етуге талпындыратын қуатты күш. Құдайдың құтқару шарасына деген сенім бізге өзгелермен ізгі хабарды бөлісуге қозғау салады. Елші Пауыл былай деген: “Егер Исаның Иеміз екенін аузыңмен жарияласаң әрі жүрегіңде Құдайдың оны өлімнен қайта тірілткеніне деген сенімің болса, онда құтқарыласың. Өйткені адам жүрегіндегі сенімі арқылы әділдікке ие болады, ал сенімін аузымен жариялау арқылы құтқарылады” (Римдіктерге 10:9, 10; Қорынттықтарға 2-хат 4:13).

5. Сеніміміздің болғаны неге аса маңызды және оны қалай берік ете аламыз? Мысал келтіріңіз.

5 Құдайдың жаңа дүниесінде мәңгі өмір сүруіміз сеніміміздің болуына және оны қаншалықты берік етіп сақтайтынымызға байланысты. Сенім өсімдік сияқты. Өсімдік жайқалып өсуі үшін оны суғарып отыруымыз қажет. Егер жеткілікті су құймасақ, ол солып, ақырында өліп қалады. Тап солай, егер қараусыз қалдырсақ, сеніміміз де солып, өліп қалады (Лұқа 22:32; Еврейлерге 3:12). Ал тиісінше көңіл бөліп отырсақ, “сеніміміз берік” болып, одан сайын “нығая” түседі (Титке 2:2; Салоникалықтарға 2-хат 1:3).

КИЕЛІ КІТАПТА СЕНІМ ҚАЛАЙ СИПАТТАЛАДЫ?

6. Еврейлерге 11:1-де сенім қандай екі жолмен сипатталған?

6 Сенімнің сипаттамасын Еврейлерге 11:1-ден (оқыңыз) табуға болады. 1) Сенім — “негіз бар болғандықтан, үміттенгеннің жүзеге асатынына берік сену”. Мұндағы “үміттенген” нәрсеге Құдайдың болашаққа қатысты уәделері де жатады. Мысалы, біз зұлымдық атаулы жойылып, жаңа дүние орнайтынына сенімдіміз. 2) Сенім — “көрінбейтін нәрселердің шын мәнінде бар екенінің айқын дәлелін”, немесе нанымды айғағын, көру. Біз көзімізбен көрмесек те, Ехоба Құдайдың, Иса Мәсіхтің, періштелер мен Патшалықтың көкте бар екенін білеміз (Еврейлерге 11:3). Құдайдың уәделеріне және көрінбейтін нәрселерге шынымен сенетінімізді қалай көрсете аламыз? Өмір сүру қалпымызбен және сөзіміз бен ісіміз арқылы. Мұнсыз сеніміміз толыққанды бола алмайды.

7. Сенімнің болуы нені білдіретіні Нұхтың мысалынан қалай көрінеді? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

7 Еврейлерге 11:7-де Нұхтың сеніміне назар аударылған. Біз одан неге үйрене аламыз? Нұх жайлы елші Пауыл: “Құдай әлі көзге көрінбеген нәрселер туралы ескерткеннен кейін, Нұх сенімі болғандықтан Құдайдан қорқатынын көрсетіп, үй ішін құтқару үшін кеме салды”,— деген (Еврейлерге 11:7). Нұх алып кеме соғуымен сенімін көрсетті. Көршілері одан мұндай үлкен құрылысты неліктен жүргізіп жатқанын сұрағанында күмән жоқ. Сонда Нұх үндемей қалды ма немесе менде істерің болмасын деді ме? Әлбетте, жоқ. Киелі кітапта оның “әділдікті уағыздаушы” болғаны айтылған (Петірдің 2-хаты 2:5). Ол Құдайдың зұлымдарды жою үшін топан су жіберетінін адамдарға ескерткен. Сірә, ол Құдайдың аузынан шыққан мына сөздерді дәл қайталап айтса керек: “Мен бүкіл тіршілік атаулыны жоюды ұйғардым, өйткені адамдардың кесірінен жер беті зұлымдыққа толды... Мен жер бетіне топан су қаптатып, аспан астындағы кеудесінде демі бардың бәрін құртамын. Жер бетіндегінің бәрі жойылады”. Сосын Нұх жұртқа құтқарылу үшін не істеу керектігін де түсіндіріп, Құдайдың кемеге кіріңдер деген бұйрығын жеткізгені шүбәсіз (Мұсаның 1-жазбасы 6:13, 17, 18).

8. Жақып сенім жайлы не деді?

8 Жақып та сенім жайлы жазған. Ол мұны елші Пауылдың еврейлерге жазған хатынан көп ұзамай жазса керек. “Сенің сенімің бар болса, менің істерім бар. Іс-әрекетсіз сеніміңді көрсет, ал мен сенімімді іс-әрекетіммен көрсетейін”,— деді Жақып (Жақып 2:18). Ол сенімнің жай иланып қоя салуды емес, іс-әрекетті де білдіретінін түсіндірген. Бұл айырмашылықты көрсету үшін, жын-перілер Құдайдың бар екеніне сенетінін, бірақ оған деген сенімдері жоқ екенін айтқан. Сенімнен жұрдай олар тіпті Құдайдың еркіне қарсы шығады (Жақып 2:19, 20). Ал сенімі бар адам, керісінше, ізгі істерімен Құдайға жаққысы келеді. Ыбырайым осылай еткен. Ол туралы Жақып былай деген: “Әкеміз Ыбырайым өз ұлы Ысқақты құрбандық орнына жатқызғаннан кейін әділ деп жарияланды емес пе? Көрдің бе, оның істері сенімімен қатар жүрді, әрі істері арқылы сенімі кемеліне жетті”. Бұдан соң әрекетсіз сенімнің бекер екенін айтып: “Рухсыз тәннің өлі болатынындай, іс-әрекетсіз сенім де өлі”,— деді (Жақып 2:21—23, 26).

9, 10. Ұлға сену деген нені білдіреді?

9 Отыздан аса жыл өткен соң, елші Жохан өзінің Ізгі хабары мен үш хатын жазды. Киелі кітапты жазған басқа кісілер іспетті, ол да сенімнің не екенін жақсы білген. Өз жазбаларында ол кейде “сену” я “сенім таныту” деп аударылатын грек етістігін қолданған.

10 Мысалы, Жохан: “Кім Ұлға сенсе, мәңгілік өмірді иеленеді, ал кім оған мойынсұнбаса, өмірге ие болмай, Құдайдың қаһарына ұшырайды”,— деп түсіндірген (Жохан 3:36). “Ұлға сену” деген Исаға мойынсұнуды білдіреді. Негізі, Жоханның жазбаларынан Иса мәңгілік өмірге ие болу үшін өзіне және Әкесіне сенім танытуымыз керектігін айтқаны жиі байқалады (Жохан 3:16; 6:29, 40; 11:25, 26; 14:1, 12).

11. Шындықты ашқаны үшін Ехобаға ризашылығымызды қалай көрсете аламыз?

11 Ехоба киелі рухын қолданып, бізге шындықты ашқанына және ізгі хабарға сенім танытуға көмектескеніне дән риза болуымыз қажет (Лұқа 10:21 оқыңыз). Ал ризашылығымызды қалай көрсете аламыз? “Сеніміміздің Бас жетекшісі әрі Жетілдірушісі” Иса арқылы өзімен жақын қарым-қатынаста болуға мүмкіндік бергені үшін Ехобаға әрдайым алғыс айтып отыруымыз керек (Еврейлерге 12:2). Сондай-ақ дұға ету және Құдай Сөзін зерттеу арқылы сенімімізді бекемдей түсуіміз қажет (Ефестіктерге 6:18; Петірдің 1-хаты 2:2).

Өзгелерге уағыздаудың мүмкіндігін қалт жібермеу арқылы сеніміңізді көрсетіңіз (12-абзацты қараңыз)

12. Сенімімізді қандай жолдармен көрсетуіміз қажет?

12 Ехобаның уәделеріне деген берік сенімімізді іс-әрекетпен көрсете беруіміз қажет. Бұл үшін, мысалы, Құдай Патшалығы туралы уағыздау мен шәкірт дайындау ісіне атсалысуды доғармаймыз. Сонымен қатар “бәріне, әсіресе сенімі бір бауырластарға, жақсылық жасай береміз” (Ғалаттықтарға 6:10). Бұған қоса, “ескі болмысымыздан іс-әрекеттерімен қоса арылуға” талмай күш саламыз, себебі Ехобамен арамызға еш сызат түсіргіміз келмейді (Қолостықтарға 3:5, 8—10).

ҚҰДАЙҒА СЕНУ — “НЕГІЗІМІЗДІҢ” БІР БӨЛІГІ

13. “Құдайға сену” қаншалықты маңызды және неге?

13 Киелі кітапта: “Сенім болмаса, Құдайға ұнау мүмкін емес. Өйткені Құдайға жақындайтын әркім оның бар екеніне және өзін шын жүректен іздейтіндерге сый беретініне сену керек”,— делінген (Еврейлерге 11:6). Киелі жазбалардан көрінетіндей, “Құдайға сену” адамның шынайы мәсіхші болуына әрі осы жолда нық тұруына қажетті “негіздің” бір бөлігі болып табылады (Еврейлерге 6:1). Дегенмен “Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмау” үшін, біз сенімімізді басқа да маңызды қасиеттермен толықтыруымыз керек (Петірдің 2-хаты 1:5—7 оқыңыз; Яһуда 20, 21).

14, 15. Неге тек сенім ғана емес, сүйіспеншіліктің де болғаны маңызды?

14 Грек жазбаларын жазушылар сенім туралы жүздеген рет айтқан. Мәсіхшілерге тән қасиеттердің ішінде мұншалықты жиі айтылғаны жоқ шығар. Бұл сенім ең маңызды қасиет дегенді білдіре ме?

15 Пауыл сенімді сүйіспеншілікпен салыстырып, былай деген: “Тауларды жылжыта алатындай сенімім болып, бірақ сүйіспеншілігім болмаса, онда менен еш пайда жоқ” (Қорынттықтарға 1-хат 13:2). Ал Иса болса “Мұса Заңындағы ең басты заң” — Құдайды сүю екенін айтқан (Матай 22:35—40). Сүйіспеншіліктің аясына Құдайға ұнамды көптеген маңызды қасиеттер, соның ішінде сенім де, кіреді. Мысалы, Киелі кітапта “сүйіспеншілік... бәріне сенетіні” айтылған. Демек, сүйіспеншілік бізге Киелі кітаптағы Құдайдың айтқандарының бәріне сенуге көмектеседі (Қорынттықтарға 1-хат 13:4, 7).

16, 17. Киелі кітапта сенім мен сүйіспеншілік туралы не айтылған, бірақ олардың ең бастысы қайсысы және неге?

16 Сенім де, сүйіспеншілік те маңызды болғандықтан, Киелі кітапты жазғандар жиі осы екі қасиетті қатар айтқан. Пауыл бауырластарды “сенім мен сүйіспеншілікті сауыт қылып киюге” шақырған (Салоникалықтарға 1-хат 5:8). Ал Петір Иса туралы: “Сендер оны ешқашан көрмесеңдер де, сүйесіңдер. Қазір де көріп жүрген жоқсыңдар, сонда да оған сенесіңдер”,— деп жазған (Петірдің 1-хаты 1:8). Жақып майланған бауырластарына: “Құдай осы дүниелік тұрғыдан кедейлерді сенімге бай болсын әрі өзін сүйетіндерге уәде еткеніндей, Патшалықтың мұрагерлері болсын деп таңдап алды емес пе?”— деген (Жақып 2:5). Жохан болса: “[Құдайдың] өсиеті мынау: оның Ұлы Иса Мәсіхтің есіміне сенуіміз және ол өсиет еткендей, бір-бірімізді сүюіміз керек”,— деп жазған (Жоханның 1-хаты 3:23).

17 Бірақ Пауыл былай деп те айтқан: “Сонымен, қалатыны үш нәрсе: сенім, үміт, сүйіспеншілік. Ал бұлардың ең бастысы — сүйіспеншілік” (Қорынттықтарға 1-хат 13:13). Болашақта Құдайдың жаңа дүниеге қатысты уәделеріне бұдан былай сенім танытудың қажеті болмайды, өйткені олар жүзеге асады, үмітіміз де ақталады. Алайда Құдайға және өзгелерге деген сүйіспеншілігіміз ешқашан толастамайды, тіпті мәңгілік бойы арта береді.

СЕНІМНІҢ АЙҚЫН КӨРІНІСІ

18, 19. Сенімі болғандықтан Құдай халқы қандай нәтижеге қол жеткізді және бұл үшін мадаққа кім лайық?

18 Бүгінде Ехобаның халқы Құдай Патшалығына сенім танытып, оған қолдау көрсетеді. Сондай-ақ олар бір-біріне сүйіспеншілік танытады. Өйткені Құдай рухының өз өмірлеріне ықпал етуіне жол береді (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Осының нәтижесінде дүниежүзі бойынша 8 миллионнан астам бауырлас өз қауымдарында бірлік пен ынтымақта қызмет етуде. Расында да, сенім мен сүйіспеншіліктің неткен айқын көрінісі!

19 Әрине, бұл адамның емес, тек Құдайдың арқасында мүмкін болып отыр. Бұл үшін ол мадаққа лайық (Ишая 55:13). Ехоба “сеніміміз арқылы құтқаруға” жол ашқаны үшін кеудемізді ризашылық сезімі кернейді (Ефестіктерге 2:8). Ол әлі де көп адамға өзіне сенім танытуға көмектесе бермек. Ақырында, бүкіл Жер шары Ехобаны мәңгі бақи дәріптейтін кемелді де әділ, бақытты адамдарға толады!