Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Үміттенгеніңіздің жүзеге асатынына” сеніміңіз берік болсын

“Үміттенгеніңіздің жүзеге асатынына” сеніміңіз берік болсын

“Сенім дегеніміз — негіз бар болғандықтан, үміттенгеннің жүзеге асатынына берік сену” (ЕВРЕЙЛЕРГЕ 11:1).

ӘНДЕР: 81, 134

1, 2. а) Біздің үмітіміз бен осы дүниедегі адамдардың үмітінің қандай айырмашылығы бар? ә) Осы мақалада қандай сұрақтарға тоқталамыз?

ШЫНАЙЫ МӘСІХШІЛЕРДЕ неткен керемет үміт бар! Майланғандарға не “басқа қойларға” жатпайық, бәріміз де Құдайдың о бастағы ниетінің орындалуы мен есімінің киелі тұтылуын көруге асықпыз (Жохан 10:16; Матай 6:9, 10). Дүниеде адам баласы үшін бұдан асқан үміт жоқ! Біз сондай-ақ “жаңа аспанда” немесе “жаңа жерде” мәңгі өмір сүруге үміттенеміз (Петірдің 2-хаты 3:13). Сол уақыт келгенше, Құдай өз халқын қалай әрі қарай да рухани өркендете түсетінін көргіміз келеді.

2 Осы дүниедегі адамдар да бір нәрсеге үміттенеді, бірақ үміттерінің ақталатынына күмәндануы мүмкін. Мәселен, құмар ойын ойнайтын миллиондаған адам лотереядан ұтамын деп үміттенеді, бірақ бұған сенімді бола алмайды. Ал нағыз сенім мәсіхшілік үмітіміздің “негіз бар болғандықтан, жүзеге асатынына берік сенуді” білдіреді (Еврейлерге 11:1). Үмітіміздің жүзеге асатынына берік сену үшін не істей аламыз? Мұндай берік сенімнің қазір қандай пайдасы бар?

3. Құдайдың уәделері орындалатынына неге сенеміз?

3 Сенім — туа бітетін қасиет емес. Оған ие болу үшін, Құдай рухының жүрегімізге әсер етуіне жол беруіміз қажет (Ғалаттықтарға 5:22). Киелі рух Ехобаны жақыннан танып білуімізге көмектеседі. Оның құдіреті шексіз әрі дана Құдай екенін түсінгенде, оған уәделерін түгел орындауға ештеңе бөгет бола алмайтынына көзіміз жетеді. Ехоба өз уәделерінің жүзеге асатынына сенімді болғаны сонша — олар туралы орындалып қойғандай сөйлеген. Сондықтан да ол өзінің Сөзінде: “Бұлар орындалды!”— деп айтқан (Аян 21:3—6 оқыңыз). Біз Ехобаның әрдайым сөзінде тұратынын білеміз. Өйткені ол — “адал Құдай”. Осы себептен де оның келешекке қатысты айтқандарының бәріне сенеміз (Мұсаның 5-жазбасы 7:9).

ҚҰДАЙДЫҢ ЕЖЕЛДЕГІ СЕНІМІ БЕРІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРІ

4. Құдайдың ежелгі қызметшілері не нәрсеге үміттенген?

4 Еврейлерге арналған хаттың 11-тарауында Ехобаның уәделеріне берік сенген 16 ер мен әйелдің есімі келтірілген. Олардан бөлек, “сенімдері арқылы Құдайдың ықыласына ие болған” басқа да көп адам жайлы айтылған (Еврейлерге 11:39). Осы адал кісілердің барлығы Ехоба уәде еткен “ұрпақты” күткен. Олар осы ұрпақ Құдайдың жауларының бәрін құртып, жер бетін қайтадан жұмаққа айналдыратынын білген (Мұсаның 1-жазбасы 3:15). Сондай-ақ Құдайдың бұл қызметшілері Ехоба өздерін қайта тірілтетініне кәміл сенген. Әрине, олар көкке тірілеміз деп күткен жоқ, өйткені ол кезде Иса көктегі өмірге әлі жол ашпаған еді (Ғалаттықтарға 3:16). Олар жер бетіндегі гүл жамылған жұмақта мәңгі жасауға үміттенді (Зәбүр 37:11; Ишая 26:19; Ошия 13:14).

5, 6. Ыбырайым мен оның үй іші не нәрсеге назар тіккен және олар сенімдерін қалай берік сақтаған? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

5 Еврейлерге 11:13-те Ехобаның осы адал қызметшілері жайында былай делінген: “Бұлардың бәрі Құдайдың уәде еткендеріне ие болмаса да, сенімдерін жоғалтпай дүниеден өтті. Бірақ соларды алыстан көріп қуанды”. Олар болашақтағы жаңа дүниеге көз тігіп, өздерін сол жерде жүргендей елестеткен. Солардың бірі — Ыбырайым. Иса оның сол уақытты “көремін деп, қатты қуанғанын” айтқан (Жохан 8:56). Сара, Ысқақ, Жақып пен басқалар жайлы да осылай деуге болады. Олар “сәулетшісі де, құрылысшысы да Құдайдың өзі болған” Патшалықтың жер бетіне билік ететін кезіне назар тіккен (Еврейлерге 11:8—11).

6 Ыбырайым мен оның әулеті сенімдерін қалай берік сақтаған? Олар Ехоба жайлы білуді тоқтатпаған. Кейде Құдай оларға періштелер, аян не түс арқылы тіл қатқан. Сонымен қатар олар Құдай туралы үлкен кісілерден және көне құжаттардан білсе керек. Ыбырайым мен оның әулеті Құдайдың уәделерін ешқашан ой-саналарынан шығармаған, әрі олар жайлы ойланып-толғануды ұнатқан. Осының арқасында Ехоба өз сөзінде тұратынына олардың титтей де күмәні болмаған. Сондықтан тіпті қиындық пен қуғын-сүргін көргенде де, олар Құдайға адал болып қалған.

7. Сенімімізді берік ету үшін Ехоба немен қамтамасыз етіп отыр, ал біз не істеуіміз керек?

7 Сенімімізді берік етіп сақтауға бізге не көмектеседі? Ехоба өзінің болашаққа қатысты уәделері жайлы білуіміз үшін бізге Киелі кітапты берген. Онда Құдай бақытты болуымыз үшін не істеуіміз керектігін көрсеткен. Міне, сол үшін де біз Жазбаларды күнде оқып, ондағы нұсқауларға құлақ асуымыз қажет (Зәбүр 1:1—3; Елшілердің істері 17:11 оқыңыз). Бұдан бөлек, Ехоба “адал да ақылды құл” арқылы бізді ұдайы рухани ас-сумен қамтамасыз етіп тұрады (Матай 24:45). Құдайдың ежелдегі қызметшілері секілді, біз де Ехобаның уәделері жөнінде үнемі оқып, терең ой жүгіртіп отыруымыз керек. Сонда Құдайға адалдық сақтап, Патшалықтың бүкіл жер бетіне билік ететін уақытын асыға күтетін боламыз.

Ехоба дұғамызға қалай жауап беріп жатқанын көргенде, сеніміміз күшейе түседі

8. Дұға қалай сенімімізді бекемдейді?

8 Ежелгі Құдайдың қызметшілеріне сенімдерін берік сақтауға тағы не көмектескен? Олар Ехобаға дұға еткен әрі дұғаларына жауап алған сайын, сенімдері нығая берген (Нехемия 1:4, 11; Зәбүр 34:4, 15, 17; Даниял 9:19—21). Тура солай, біз де Ехобаға ішіміздегіні ақтара аламыз. Өйткені ол бізді естіп, қиындыққа қуанышпен төтеп беруге көмектесетінін білеміз. Ал Құдай дұғамызға жауап бергенде, сеніміміз бекемделе түседі (Жоханның 1-хаты 5:14, 15 оқыңыз). Сенім киелі рух жемісінің бір бөлігі болғандықтан, біз, Иса айтқандай, дұғада Құдай рухын “сұрай беруіміз” қажет (Лұқа 11:9, 13).

9. Жеке қажеттілігімізден басқа, тағы не жайында дұға етуіміз керек?

9 Алайда Ехобадан тек өзімізге қажеттіні ғана сұраумен шектелмеуіміз керек. Оның біз үшін жасаған “қаншама керемет ісіне” алғыс білдіріп, оны күн сайын мадақтағанымыз жөн (Зәбүр 40:5). Сонымен қатар дұғамыздан “түрмеде отырған бауырластарды... есте ұстайтынымыз” көрінуі қажет. “Басшылықты қолға алғандарды” да ұмытпағанымыз абзал. Ехобаға айтқан дұғаларымыз жауапсыз қалмай жатқанын көргенде, сеніміміз күшейген үстіне күшейіп, өзімізді оған жақын сезінеміз (Еврейлерге 13:3, 7).

ОЛАР СЕНІМДЕРІНЕН ТАЙМАҒАН

10. Құдайдың көптеген қызметшісіне батылдық танытуға және Құдайға деген сенімдерінен таймауға не көмектесті?

10 Еврейлерге арналған хаттың 11-тарауында елші Пауыл есімі аталмаған көптеген Құдайдың қызметшілері төтеп берген қиындықтар туралы айтып өткен. Мысалы, ол сенімі берік әйелдер өз ұлдарын жоғалтқанын айтқан. Бірақ балалары қайта тіріліп, олармен қауышқан. Сосын елші: “Ал басқалар болса азапталып өлтірілді, өйткені анағұрлым жақсы қайта тірілуге жету үшін сенімдерінен бас тартқан жоқ”,— деді (Еврейлерге 11:35). Құдайдың қайта тірілуге қатысты берген уәдесіне берік сенгендіктен, көбісі небір қиындықтарға төзіп, Құдайға деген сенімдерінен таймаған. Олар болашақта Ехоба өздеріне қайтадан өмір сыйлап, жер бетінде мәңгі жасайтындарын білген. Мысалы, Набутай мен Зәкәрия Құдайға мойынсұнғандары үшін таспен атқыланып өлтірілді (Патшалар 1-жазба 21:3, 15; Шежірелер 2-жазба 24:20, 21). Ал Даниял аш арыстандардың орына тасталды. Оның үш досы болса лаулаған отқа лақтырылды. Бірақ Ехобаға деген мінсіздіктерін кір шалдырғысы келмеген олар өлуге дайын болды. Бұл адал қызметшілер Құдай өздеріне күш дарытып, азапқа төзуге көмектесетініне нық сенді (Даниял 3:16—18, 20, 28; 6:13, 16, 21—23; Еврейлерге 11:33, 34).

11. Сенімдері үшін кейбір пайғамбарлар қандай қиындықтарға кезікті?

11 Сенімдері үшін Михая, Еремия секілді пайғамбарлар “келеке-мазаққа ұшырап... түрмеге жабылды”. Ал Ілиястай қызметшілер “шөл далада, таулы-тасты жерлерде қаңғып жүріп, үңгірлер мен апандарды паналады”. Олардың бәрі де қиындықтарға төзіп, Құдайға адал болып қалды, өйткені “негіз бар болғандықтан, үміттенгендерінің жүзеге асатынына берік сенді” (Еврейлерге 11:1, 36—38; Патшалар 1-жазба 18:13; 22:24—27; Еремия 20:1, 2; 28:10, 11; 32:2).

12. Қиындыққа төтеп беруде ең жақсы үлгі қалдырған кім және оған не көмектесті?

12 Бәрінен де ең ауыр азап шеккен — Иса Мәсіх. Оған қиындыққа төтеп беруге не көмектесті? Пауыл: “Өзін күтіп тұрған қуаныш үшін ол қорлықты елемей, азап бағанасында өлді, сосын Құдай тағының оң жағына отырды”,— деп жазды (Еврейлерге 12:2). Артынан ол мәсіхшілерді Исаның үлгісі жөнінде “жақсылап ойлануға” шақырды (Еврейлерге 12:3 оқыңыз). Исаға ұқсап, бірінші ғасырдағы мәсіхшілердің көбісі мінсіздіктерінен таймағаны үшін азапталып өлтірілді. Солардың бірі Антипас еді (Аян 2:13). Мұндай мәсіхшілердің Құдайдың жер бетінде өмір сүруге үміттенген ежелгі қызметшілерінен айырмашылығы — олар өз сыйларын алып қойған (Еврейлерге 11:35). 1914 жылы Иса Патша болғаннан кейін біраз уақыттан соң, өлім ұйқысындағы майланған мәсіхшілер көктегі өлмес өмірге тірілді. Олар Исамен бірге адамзатқа билік жүргізеді (Аян 20:4).

БҮГІНГІ ТАҢДАҒЫ СЕНІМІ БЕРІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР

13, 14. Рудольф Грайхен қандай сынақтарға кезіккен және оған Құдайға адалдық сақтауға не көмектесті?

13 Бүгінде Құдайдың миллиондаған қызметшісі Исаның ізімен жүріп келеді. Олар Құдайдың уәделері жайлы ой жүгіртіп, сынақтарда сүрінбей, адалдық сақтауда. Мысалы, 1925 жылы Германияда туылған Рудольф Грайхен бауырласты алайық. Бала кезінде оның ата-анасы Киелі кітапқа негізделген суреттерді үй қабырғасына іліп қойған екен. Ол былай деп есіне алды: “Бір суретте қасқыр мен қозының, лақ пен қабыланның, бұзау мен арыстанның тату-тәтті тұрғаны және оларды бір кішкентай бала бастап келе жатқаны салынған еді” (Ишая 11:6—9). Бұл сурет Рудольфқа жердегі жұмақ туралы көп ойланып, сенімін нығайтуға көмектесті. Осының арқасында ол көп жыл бойы нацистік гестапоның, ал кейіннен Шығыс Германиядағы коммунистік Штазидің тарапынан аяусыз қудалау көрсе де, Ехобаға адалдық сақтап қалды.

14 Рудольфтың көрген азабы бұл ғана емес еді. Оның анасы Равенсбрюктегі концлагерьде сүзек ауруынан көз жұмады. Ал әкесінің сенімі әлсіреп, ақырында Ехоба куәгері болудан бас тарту туралы құжатқа қол қояды. Бірақ Рудольф сенімін берік сақтады. Түрмеден шыққан соң, ол аудандық бақылаушы болып қызмет етті. Кейін Ғалақат мектебіне шақырылды. Ол Чилиге тағайындалып, аудандық бақылаушы ретінде қайтадан қызметін жалғастырды. Рудольфтың қиыншылығы мұнымен бітпеді. Ол Чилиде Пэтси деген миссионер бауырласқа үйленгеніне бір жыл болғанда, нәрестелері қайтыс болады. Кейінірек асыл жары Пэтси де небәрі 43 жасында өмірден озады. Осындай тауқыметтерге қарамастан, Рудольф Ехобаға қызмет ете берді. Тіпті егде тартып, денсаулығы нашарласа да, ол тұрақты ізашар әрі ақсақал ретінде қызмет етті. Бұл бауырластың өмірбаянын 1997 жылдың 1 тамызындағы “Күзет мұнарасының” (ор.) 20—25 беттерінен оқи аласыз. [1] (20-беттегі сілтемені қараңыз.)

15. Қудалауға қарамастан, Ехобаға қуанышпен қызмет етіп жүрген кейбір бауырластарды мысалға келтіріңіз.

15 Көптеген бауырластарымыз қатты әрі толассыз қудалауға қарамастан, Ехобаға қуанышпен қызмет етуде. Мәселен, Эритрея, Сингапур мен Оңтүстік Кореяда жүздеген бауырласымыз қолына “семсер алудан” бас тартқаны үшін темір тордың ар жағында отыр (Матай 26:52). Олардың арасында Эритреядағы абақтыда 20 жылдан аса уақыт отырған Исаак, Негеде мен Паулос бар. Түрмеде олар көп қорлық көрді. Осы уақытқа дейін олардың я отбасын құруға, я қарт ата-анасына қарауға мүмкіндігі болған жоқ. Сонда да олар Ехобаға адал болып, сенімдерін берік сақтап келеді. Тіпті түрме күзетшілері оларға құрметпен қарайтын болды. Біздің jw.org сайтымыздағы осы бауырластардың суретіне қарасақ, қиналып жүрсе де, жүздері жарқын екенін көреміз.

Қауымыңыздағы бауырластар қалай сенімдерін берік сақтап жүр? (15, 16-абзацты қараңыз)

16. Берік сенім сізге не істеуге көмектеседі?

16 Ехобаның қызметшілерінің көбісі осы бауырластар сияқты түрмеге жабылып не аяусыз жәбір көріп жатқан жоқ. Алайда жоқшылықтың, табиғи апаттың не азаматтық соғыстың зардабын тартып жатқандар аз емес. Өзге біреулері Ехобаға қызмет ету үшін Ыбырайым, Ысқақ, Жақып пен Мұсаның үлгісіне еліктеп, атақ-даңқтан және байлықтан бас тартуда. Бауырластарға Ехобаға қуана қызмет етуге не көмектеседі? Ехобаға деген сүйіспеншіліктері мен оның уәделеріне деген берік сенімдері. Олар Ехобаның болашақта бүкіл әділетсіздіктің орнын толтырып, өзінің адал қызметшілерін әділдік орнаған жаңа дүниеде мәңгі өмірмен жарылқайтынын біледі (Зәбүр 37:5, 7, 9, 29 оқыңыз).

17. Қалай сенімімізді берік сақтай аламыз және келесі мақалада не талқыланады?

17 Бұл мақаладан біз қалайша сенім дегеніміз “негіз бар болғандықтан, үміттенгеннің жүзеге асатынына берік сенуді” білдіретінін көрдік. Мұндай сенімге ие болу үшін, біз Ехобаға дұға етіп, оның уәделері жөнінде ұдайы ой жүгіртуіміз керек. Сонда кез келген сынақтан сүрінбей өте аламыз. Ал келесі мақалада сенімге тағы не жататыны талқыланады.

^ [1] (14-абзац) Бұған қоса, Словакиядағы Андрей Ханактың “Сынақтар үмітімді сөндіре алмады” атты өмірбаянын 2002 жылдың 22 сәуіріндегі “Ояныңдар!” (ор.) журналынан оқып көріңіз.