Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨМІРБАЯН

Өнеге болған жандардың ізімен келемін

Өнеге болған жандардың ізімен келемін

“Менің жасым нешеде екенін білесің бе?”деп сұрағанымда, Исак Марей: “Иә, өте жақсы білемін”,— деп жауап берді. Ол Колорадо штатында тұратын маған Нью-Йорк штатының Паттерсон қаласынан телефон шалған еді. Сіздерге әңгіменің мән-жайын айтып берейін...

МЕН АҚШ-тың Канзас штатындағы Уичито қаласында 1936 жылы 10 желтоқсанда туылдым. Төрт баланың алдымын. Уильям мен Джин есімді ата-анам Ехобаның адал қызметшілері болды. Әкем серіктестік қызметшісі, яғни бүгіндегі ақсақалдар кеңесінің үйлестірушісі қызметін атқаратын. Анам шындықты өз анасы Эмма Вагнерден естіген. Әжем көп адамға шындықты білуге көмектесті, соның ішінде Гертруд Стил бауырлас та бар. Ол кейін Пуэрто-Рикода миссионер болып қызмет етті *. Мен осы жандардың бәрін үлгі тұтып өстім.

ӨШПЕС ҮЛГІЛЕР

Әкем көше қиылысында журналдар ұсынып тұр

Бес жасымда әкем екеуміз бір сенбінің кешінде “Күзет мұнарасы” мен “Жұбаныш” (қазір “Ояныңдар!”) журналын көшеде ұсынып тұрдық. Ол уақытта еліміз Екінші дүниежүзілік соғысқа барынша араласып жатқан еді. Бір кезде қасымызға ішіп алған дәрігер келіп, мәсіхшілік бейтараптық сақтағаны үшін әкемді сужүрек, әскерден жалтарған қашқын деп қорлай бастады. Ол бетін тура әкемнің бетіне тақап: “Ей, қорқақ! Кәне, бетімнен бір пермейсің бе?!”— деді. Мен қатты қорқып кеттім, бірақ әкеме өте риза болдым. Ол қаумалап қалған жұртқа әрі қарай журналдарын ұсына берді. Сосын әлгі кісі жанымыздан өтіп бара жатқан бір әскери қызметкерге: “Не қарап жүрсіңдер, мына сужүрекке бірдеңе істесеңдерші!”— деп ақырды. Мас екенін байқаған әскери қызметкер оған: “Үйіңе барып, есіңді жи!”— деді. Сөйтіп, екеуі де кетіп қалды. Сол кезде әкеме зор батылдық бергені үшін Ехобаға қатты ризамын. Қалада әкемнің екі шаштаразы бар-тын, әлгі дәрігер сонда келіп тұратындардың бірі еді.

Ата-анаммен Уичитодағы конгреске бара жатқан кезіміз, 1940 жылдар

Сегіз жасымда әке-шешем шаштараздары мен үйін сатып, кішігірім жылжымалы үй соғып алды. Кейін біз жариялаушыларға көбірек қажеттілік бар жерге, Колорадо штатындағы Гранд-Джанкшен қаласының маңына көшіп бардық. Анам мен әкем ізашар болып қызмет етті және жарты күн ауыл шаруашылығында жұмыс істеді. 1948 жылы 20 маусымда әкем мені және шындықты қабылдаған басқа да адамдарды тау өзенінде шомылдыру рәсімінен өткізді. Арамызда Билли Николс пен әйелі де бар еді, олар кейінірек аудандық қызметке тағайындалды. Олардың ұлы мен келіні де сондай қызмет атқарды.

Біз Патшалық ісіне белсене атсалысатын көптеген бауырластармен, әсіресе Стилдер отбасымен, тығыз араласып, рухани әңгіме-дүкен құратынбыз. Сол отбасындағы Дон мен Эрлин, Дэйв пен Джулия, Сай мен Марта менің өмірімде өшпес із қалдырды. Олар маған Патшалықты бірінші орынға қою өмірді шынымен мағыналы әрі қуанышты ететінін көрсетті.

КӨШІП-ҚОНУЫМ

19 жасымда досымыз Бад Хасти мені оңтүстік Құрама Штаттарда бірге ізашарлық қызмет етуге шақырды. Аудандық бақылаушы бізден Луизиана штатындағы Растон қаласына көшуді сұрады. Ол жерде бірнеше бауырлас рухани әлсіреп қалған екен. Ол бізге ешкім келмесе де, апта сайын барлық қауым кездесулерін өткізіп тұруды айтты. Содан екеуміз жиналыс өткізетін жер тауып, дайындадық. Біз барлық кездесулерді өткізетінбіз, алайда біраз уақытқа дейін екеуміз ғана болдық. Бағдарлама бөліктерін кезектесіп өткіздік. Біріміз жүргізсек, екіншіміз барлық сұрақтарға жауап беріп отыратынбыз. Ал көрініс болғанда, екеуміз де сахнаға шығатынбыз, бірақ бізді тыңдайтын ешкім болмайтын! Сөйтіп жүргенде, бір қарт әйел бауырлас келе бастады. Ақырында Киелі кітапты зерттеп жүрген бірнеше адам және қауымға келмей кеткен кейбір бауырластар кездесулерге келетін болды. Көп ұзамай санымыз өсіп, бір қауым болдық.

Бір күні Бад екеуміз Мәсіхтің Шіркеуінде діни қызмет атқаратын кісіні жолықтырдық. Ол мен білмейтін жазба орындарын сөз етті. Бұл ойымнан кетпей, нанымым жайлы тереңірек ойлануға талпындырды. Оның сұрақтарына жауап табу үшін бір апта бойы түннің бір уағына дейін көз майымды тауысып ізденіс жүргіздім. Соның арқасында Ехобамен жеке қарым-қатынасым нығайды және сондай діни қызметкермен тағы да кездессем ғой деп ойладым.

Көп кешікпей, аудандық бақылаушы менен Арканзас штатындағы Эль-Дорадоға көшіп, сондағы қауымға көмектесуімді өтінді. Ол жерден Колорадоға қайта-қайта жол жүріп тұруыма тура келді, өйткені әскерге шақыру комиссиясы мені шақыртып қоймады. Бір жолы көлігіммен бірнеше ізашар болып сапарға шықтық. Техаста бір апат болып, көлігімнің быт-шыты шығып, мүлде жарамсыз болып қалды. Біз бір ер бауырласты шақырттық, ол бізді үйіне, кейін жиналысқа апарды. Кездесуде біздің апатқа ұшырағанымыз жайлы хабарландыру жасалған соң, бауырластар бізге мейірімділікпен қаржы жағынан көмектесті. Бұған қоса, әлгі ер бауырлас көлігімді 25 долларға сатып берді.

Сөйтіп, біз Уичитоға көлікпен жетіп алдық. Ол жерде Док деп атайтын отбасымыздың досы Е. Ф. Маккартни ізашар ретінде қызмет ететін. Оның Фрэнк пен Франсис деген егіз ұлы — әлі күнге дейін менің ең жақын достарым. Олар маған ескі көліктерін 25 долларға сатты, ал мен қирап қалған көлігіме тура сонша ақша алған едім. Сол кезде Патшалықты бірінші орынға қойсам, Ехоба керегімді беретініне алғаш рет анық көзім жетті. Сол барғанымда Маккартнилер отбасы мені Бетель Крейн есімді бір керемет қызбен таныстырды. Оның анасы Рут бауырлас Веллингтондағы (Канзас штаты) өте құлшынысты Ехоба куәгері еді, ол 90-ға таяғанша ізашар болып қызмет ете берді. Бетель екеуміз бір жыл өтпей, 1958 жылы шаңырақ көтеріп, бірге Эль-Дорадода ізашарлық қызмет атқардық.

ЖАҢА ТАҒАЙЫНДАЛУЛАР

Өзіміз көріп өскен өнегелі жандарға еліктегіміз келгендіктен, Ехобаның ұйымы қайда жіберсе, сонда барамыз деп ұйғардық. Біз Арканзас штатындағы Уолнат-Риджке арнайы ізашар болып тағайындалдық. Ал 1962 жылы Ғалақат мектебінің 37-сыныбына шақырылғанда, шат-шадыман болдық. Дон Стилдің де сол сыныпқа шақырылғанын білгенде, қуанып қалдық. Мектептен соң біз Кенияның астанасы Найробиге тағайындалдық. Әрине, Нью-Йоркті қатты қимадық, дегенмен Найроби әуежайында бізді күтіп алған бауырластарды көргенде, төбеміз көкке жетті!

Қызметте Крис пен Мэри Каниялармен бірге (Найроби)

Кенияға тез-ақ үйреніп, ондағы қызметті ұнатып кеттік. Біздің алғаш Киелі кітапты зерттеген адамдарымыз Крис пен Мэри Каниялар болды. Бүгінде олар Кенияда толық уақытты қызметтерін жалғастыруда. Келесі жылы біз Угандадағы Кампала қаласына тағайындалдық. Біз сол елдегі ең алғашқы миссионерлер болдық. Бұл бір қызықты жылдар еді, өйткені Киелі кітап шындығына сусағандар көптеп табылып, кейіннен бауырластарымыз болды. Үш жарым жыл қызмет еткен соң, біз балалы болу үшін Африкадан Құрама Штаттарға қайтып кеттік. Африкадан кеткен күні тамағымызға өксік тығылып, Нью-Йорктен кеткендегіден бетер қимастық сезіндік. Біз Африкадағы адамдарды қатты жақсы көріп кеттік, сондықтан күндердің бір күнінде қайта келеміз деп үміттендік.

ЖАҢА ЖАУАПКЕРШІЛІК

Біз шығыс Колорадоға, әке-шешеміз жаққа көшіп бардық. Содан көп ұзамай тұңғыш қызымыз Кимберли дүниеге келді, ал 17 айдан кейін екінші қызымыз Стефани туылды. Ата-ана болу міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарадық. Екі қарлығашымызға шындықты үйретуге барынша күш салдық. Өзімізге үлгі болған жандарға еліктеуге тырыстық. Жақсы үлгі көріп өскені балаға игі ықпал ететінін білгенбіз, алайда бұл олардың өскенде де Ехобаға қызмет ете беретініне кепілдік бермейді. Өкінішке орай, інім мен бір қарындасым шындықтан кетіп қалды. Бірақ олар өздеріне үлгі қалдырған өнегелі жандардың ізімен қайтадан жүреді деп үміттенемін.

Қыздарымызды бағып-қағу бізге қуаныш сыйлайтын, әрдайым отбасы болып бір нәрсемен айналысуға тырысатынбыз. Колорадодағы Аспен деп аталатын атақты шаңғы курортына жақын тұрғандықтан, ара-тұра шаңғы тебуге шығатынбыз. Қырға апаратын арнайы көтергішке мінгенде, қыздармен әңгімелесудің жақсы сәті түсетін. Сондай-ақ бірге табиғатқа шығып, шатыр құрып, түнде отты айнала отырып та әңгіме құратынбыз. Кішкентай болса да, олар үлкейгенде немен айналысатыны немесе қандай адамға тұрмысқа шыққысы келетіні жайлы айтатын. Біз олардың санасы мен жүрегіне рухани құндылықтарды ұялатуға тырысып бақтық. Оларды толық уақытты қызметті мақсат етуге және сондай мақсаты бар адамға ғана тұрмысқа шығуға талпындырып отырдық. Тым жас кездерінде неке құрмағандары дұрыс екенін де түсіндіруден талмадық. “Басың бос болсын сенің, кем дегенде 23-ке дейін” деген сөзді саналарына құйып отыратынбыз.

Ата-анамызға еліктеп, біз де отбасы болып қауым кездесулеріне баруға және уағызға шығып тұруға тырыстық. Сондай-ақ реті келгенде, толық уақытты қызметтегі бауырластарды үйімізге тоқтауға шақыратынбыз. Миссионерлік қызметті қалай жақсы көргенімізді де жиі айтып отырдық. Күндердің күнінде төртеуміз түгел Африкаға барып қайтсақ деген арман-тілегіміз болды. Қыздарымыз онда қатты барғысы келетін.

Біз отбасылық ғибадатты үзбей өткізетінбіз. Мектепте болатын жағдайларды алдын ала көрініс қылып көрсететінбіз, қыздар болса Куәгердің рөлін ойнап сұрақтарға жауап беретін. Осылай үйренгендері оларға қызық болатын. Бұл өздерін сенімді ұстауға көмектесті. Алайда өсе келе, кейде олар отбасылық зерттеуге қатысқылары келмей, бұрқылдай бастайтын. Бір жолы, күйініп кеткен мен қыздарға “өз бөлмелеріңе барыңдар, зерттеу болмайды” дедім. Мұны күтпеген олар сасып қалып, зерттеу өткіміз келеді деп жылай бастады. Олардың бойында рухани нәрселерге деген ризашылық сезімін дамытып жатқанымызға сонда көзіміз жетті. Кейін олар зерттеуді жақсы көріп кетті, өз ой-пікірлерін де ашық айтатын болды. Кейде олардың қандай да бір Киелі кітап ілімімен келіспейтіндерін есту, әрине, ауыр тиетін. Бірақ біз олардың шын мәнінде не сезінетінін білуге тырыстық. Ақылға салып, бірге ой жүгірткен соң, олар Ехобаның белгілі бір жайтқа қатысты көзқарасымен келісетін.

ӨЗГЕРІСТЕРГЕ ҮЙРЕНУ

Көзді ашып-жұмғанша, қыздарымыз бойжетті. Құдайдың ұйымынан алған нұсқаулардың көмегімен оларға Ехобаны жақсы көруді барынша үйреттік. Қос қызымыз да мектептен кейін ізашарлық қызметті бастап, өздерін қамтамасыз ететіндей мамандық игеріп алғандарына өте қуандық. Олар басқа екі әйел бауырласпен бірге Теннесидегі Кливленд қаласына қажеттілік бойынша көшіп кетті. Оларды қатты сағынғанымызбен, өмірлерін толық уақытты қызметке арнап жатқандарына риза едік. Бетель екеуміз қайтадан ізашар болдық, ал кейін бұл бізге аудандық бақылаушының орынбасары ретінде қызмет етуге және конгреспен байланысты жұмыстарды атқаруға жол ашты.

Теннесиге көшпес бұрын қыздарымыз филиалды көріп қайту үшін Англияның Лондон қаласына барып келді. Сол кезде 19 жасар Стефани Пол Нортон есімді жас бетелдікпен танысты. Кейінгі сапарларында Кимберли ол жігіттің әріптесі Брайан Ллуэллинді кездестірді. 23-ке толған соң, Стефани Полға тұрмысқа шықты. Ал келесі жылы Кимберли 25 жасында Брайанға қосылды. Сөйтіп, кем дегенде 23 жасқа дейін бастары бос болды. Олардың осындай жақсы таңдауларына қатты қуандық.

Пол, Стефани, Кимберли және Брайанмен бірге (Малавидегі филиал, 2002 жыл)

Қыздарымыздың айтуынша, біздің және ата-әжелерінің үлгілері оларға, тіпті қаржылай қысылған кезде де, “Патшалықты бірінші орынға қоюға” көмектеседі екен (Матай 6:33). 1998 жылдың сәуірінде Пол мен Стефани Ғалақат мектебінің 105-сыныбына шақырылып, сосын Африканың Малави еліне тағайындалды. Сол уақыттары Брайан мен Кимберли Лондондағы Бетелге тағайындалып, кейіннен Малави Бетеліне ауыстырылды. Біздің қуанышымызда шек жоқ еді, өйткені балаларымыз үшін бұдан артық өмір жолы бар ма?!

ТАҒЫ БІР ТАҒАЙЫНДАЛУ

2001 жылдың қаңтарында маған, алғы сөзімде айтып кеткендей, Исак Марей бауырлас қоңырау шалды. Аударма топтарына қызмет көрсету бөлімінің бақылаушысы болған ол бауырластар дүниежүзіндегі аудармашыларға ағылшынды жақсырақ түсінуге көмектесетін курс дайындап жатқанын айтты. 64 жаста болсам да, олар мені тәлімгер болуға дайындамақшы еді. Әйелім екеуміз бұл жайлы дұға етіп, шешелерімізден ақыл сұрадық. Жастары ұлғайған олар өздеріне енді қараса алмайтынымызды білсе де, шақырудан бас тартпағанымызды қалады. Мен қайта қоңырау шалып, бұл тамаша тапсырманы қуана орындайтынымызды айттым.

Кейін анама қатерлі ісік деген нақтама қойылды. Мен оның қасында қалып, оған қарайтын қарындасым Линдаға көмектесетінімізді айттым. Сонда анам: “Қой, қарақтарым. Бармасаңдар, мен өзімді одан бетер жаман сезінемін”,— деді. Линда да солай деді. Олардың жанқиярлықтарына, сондай-ақ сол жақтағы бауырластардың жәрдеміне ризашылығымыз шексіз еді. Паттерсондағы Күзет мұнарасының білім орталығына кеткен күннің ертесіне Линда бізге қоңырау шалып, анамның қайтыс болғанын айтты. Анам қалағандай, біз жаңа қызметімізге кірісіп кеттік.

Алғашқы тағайындалған жеріміз Малавидегі Бетел екенін, яғни қыздарымыз бен күйеубалаларымыз қызмет етіп жатқан жер екенін білгенде қуанғанымыз-ай! Осылайша төрт көзіміз түгел жиналғанымыз бір керемет болды! Бұдан кейін біз Зимбабведе, сосын Замбияда курс өткіздік. Курстарды өткізгенімізге үш жарым жыл өткен соң, біз Малавиге оралып, бейтараптық сақтағаны үшін қудаланған Куәгерлердің оқиғаларын жазумен айналыстық *.

Немерелерімізбен қызметте жүрміз

2005 жылы тағы да қияр да қимай Африкамен қош айтыстық. Біз Базальтқа, Колорадодағы үйімізге қайтып, ізашарлық қызметімізді жалғастырдық. 2006 жылы Маккензи мен Елизабет есімді екі қызын тәрбиелеп өсіру үшін, Брайан мен Кимберли қасымызға көшіп келді. Пол мен Стефани әлі Малавиде. Пол филиал комитетінде қызмет етеді. Қазір 80-ге келіп қалдым, өзіммен қызметтескен жас жігіттердің кезінде мен атқарған жауапкершіліктерді атқарып жүргендерін көру мен үшін зор бақыт! Балаларымыз бен немерелеріміздің игілігі үшін, біз өзімізге өнеге болған тұлғаларға барынша еліктеуге тырыстық. Мұның жемісін көру неткен қуаныш!

^ 5-абзац Стилдер отбасындағы кей бауырластардың миссионерлік қызметі жайлы көбірек білу үшін “Күзет мұнарасын” (ағ.) қараңыз (1956 жыл, 1 мамыр, 269—272 беттер; 1971 жыл, 15 наурыз, 186—190 беттер).

^ 30-абзац Солардың бірі Трофим Нсомба бауырлас жайлы 2015 жылдың 15 сәуіріндегі “Күзет мұнарасының” 14—18 беттерінен оқи аласыз.