Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨМІРБАЯН

Ехобаның айтқанын істеп, мол батаға кенелдім

Ехобаның айтқанын істеп, мол батаға кенелдім

Күйеуім екеуімізге және ағам мен жеңгеме арнайы тапсырма берілген еді. Сонда бірден: “Біз дайынбыз!”— дедік. Неге бұл тапсырманы орындауға келістік? Ехоба бізді қалай жарылқады? Алдымен өзім жайлы кішкене баяндап кетейін.

МЕН 1923 жылы Йоркширдегі (Англия) Хэмсворт қалашығында дүниеге келдім. Отбасында екі бала болдық, мен және ағам. Ағамның есімі — Боб. Жасым 9-да болғанда, әкеміз бір кітаптарды оқи бастады, онда жалған дін адамдарды қалай алдайтыны түсіндірілген болатын. Оқып-білгені әкеме қатты әсер етті. Ол дінбасыларын өздері үйреткен нәрселерін өздері ұстанбайтыны үшін жақтырмайтын. Бірнеше жыл өткен соң, үйімізге Боб Аткинсон есімді кісі келіп, Рутерфорд бауырластың бір баяндамасын тыңдатты. Сонда біз бұл баяндама мен бұрынырақ әкем оқыған кітаптардың бір жерден екенін түсіндік. Әке-шешем Аткинсон бауырласты күн сайын кешкі асқа шақырып, Киелі кітапқа қатысты көп сұрақтар қоятын. Ол бізді бірнеше шақырым жердегі бір бауырластың үйінде өтетін кездесуге шақырды. Содан біз кездесулерге үзбей баратын болдық. Сөйтіп, Хэмсвортта бір шағын қауым құрылды. Көп ұзамай біздің үйде аймақтық қызметшілер (бұрынғы кезде аудандық бақылаушылар осылай аталатын) тоқтап тұратын, сондай-ақ жақын арадағы қауымдардағы ізашарларды бірге тамақтануға шақыратынбыз. Сол бауырластар маған жақсы жағынан ықпал етті.

Сол кездері отбасымыз жеке кәсібін ашты. Бірақ әкеміз ағама: “Егер сен ізашар болғың келсе, бұл істі жабамыз”,— деді. Боб келісе кетті. Сөйтіп, ол 21 жасында ұядан ұшып, ізашар болды. Екі жылдан кейін, жасым 16-ға толғанда, мен де ізашарлықты бастадым. Демалыс күндері басқалармен уағыздайтынмын, ал жұмыс күндері жиі жалғыз қызмет ететінмін. Патефонды, куәлік беру парақшасын қолданатынмын. Куәлік беру парақшасы дегеніміз Киелі кітап жайлы қысқа да нұсқа хабар жазылған бір жапырақ қағаз еді. Ехобаның баталарының бірі — менімен зерттеген бір әйелдің рухани қадамдар жасағаны болды. Кейінірек сол әйелдің көп туысы да шындыққа келді. Ал келесі жылы Мэри Хеншэль есімді бауырласпен бірге арнайы ізашар болып тағайындалдым. Бізді Чешир графтығындағы тіркелмеген аймаққа жіберді.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әйелдер соғыстың мүддесі үшін жұмыс істеу керек болды. Кейбір дін қызметкерлері соғысқа барудан босатылғандықтан, біз де арнайы ізашар ретінде босатылатын шығармыз деп ойладық. Бірақ судьялар бұнымен келіспеді, содан мені 31 күнге түрмеге қамады. Ал келесі жылы 19-ға толғанымда, соғысты қолдауға ар-ұжданым жібермегендіктен, сотқа тағы да 2 рет баруға тура келді. Дегенмен екі жағдайда да биліктегілер мені жібере салды. Осыларды бастан өткеріп жүргенде, маған киелі рухтың көмектесіп жатқанын және Ехоба осы арқылы мені нығайтып жатқанын білдім (Ишая 41:10, 13).

АРТУР МЭТЬЮЗБЕН ТАНЫСУЫМ

Артур Мэтьюзбен 1946 жылы таныстым. Ол соғысқа бармағаны үшін 3 ай түрмеде отырып, енді шыққан болатын. Түрмеден шыға сала, ол Хэмсвортта арнайы ізашар болып қызмет ететін бауыры Денниске барады. Әкелері оларға кішкентай кездерінен бастап Ехоба жайлы тәлім берген екен. Сөйтіп, олар жасөспірім кезінде шомылдыру рәсімінен өтіпті. Кейін екеуі бірге ізашарлық қызметті бастаған. Бірақ көп ұзамай Деннисті Ирландияға тағайындапты. Осылай Артур серіксіз қалған екен. Осы еңбекқор ізашардың жүріс-тұрысына қарап, әке-шешем оны ұнатып қалыпты. Содан оны үйде тұруға шақырған екен. Үйге барған кездерімде ас ішіп болған соң, Артур екеуіміз ыдыс жуатынбыз. Кейін бір-бірімізге хат жаза бастадық. 1948 жылы Артур тағы үш айға түрмеге қамалды. Ал 1949 жылдың қаңтарында отау құрдық. Біздің мақсатымыз толық уақытты қызметтен мүмкіндігінше қол үзбеу болды. Ақшамызды үнемдеп жарататынбыз. Бұған қоса, демалыс күндерімізде жеміс жинап азын-аулақ ақша таптық. Ехобаның арқасында ізашарлығымызды жалғастыра алдық.

Хэмсвортта үйленгеннен көп ұзамай, 1949 жыл

Бір жылдан сәл асқанда біз Солтүстік Ирландияға тағайындалдық. Алдымен Арма қалашығына, сосын Ньюри қалашығына бардық. Тұрғындардың басым бөлігі католиктер болатын. Бұл аймақта діни алалаушылық кең тарағандықтан, уағыз айтқанда абай болып, парасаттылық танытуымыз керек болды. Ал кездесулеріміз біз тұрған жерден 16 шақырым жердегі бір бауырластардың үйінде өтіп жүрді. Кездесуге сегіз адамдай келетін. Кейде сол үйде түнеп шығатынбыз. Еденде ұйықтайтынбыз. Ал таңертең үлкен дастарқан басына жиылып, мәз-мейрам болатынбыз. Қазір сол аймақта Куәгерлердің саны көп екені зор қуаныш сыйлайды.

“БІЗ ДАЙЫНБЫЗ!”

Ағам Боб пен жеңгем Лотти Солтүстік Ирландияда арнайы ізашар болып қызмет етіп жүргеніне біраз болатын. 1952 жылы төртеуміз де Белфастта өткен облыстық конгреске қатыстық. Бәріміз қонақжай бір бауырластың үйінде тоқтадық. Сол үйде Британияда филиал қызметшісі болған Прайс Хьюз бауырлас та тұрақтады. Бір кеште бәріміз жаңадан шыққан “Құдайдың жолы — сүйіспеншілік” атты кітапшасын талқыладық. Бұл кітапша Ирландияның тұрғындарына арнап шығарылған болатын. Хьюз бауырлас Ирландия Республикасындағы католиктерге уағыздау қиын екенін түсіндірді. Ол жақта бауырластарды тұрып жатқан жерлерінен кетуге мәжбүрлеп, діни қызметкерлер адамдарды бауырластарымызға қарсы айдап салған екен. Хьюз бауырлас былай деді: “Бізге көлігі бар ерлі-зайыптылар қажет, олар осы елде арнайы кітапшаны тарату науқанына қатысса екен дейміз” *. “Біз дайынбыз!”— деп жауап бергеніміз сол кез еді.

Ізашарлармен бірге мотоциклде отырмыз

Дублинде ізашарлар жылдар бойы адал қызмет етіп келе жатқан Рутланд “мамамыздың” үйінде тоқтайтын. Біз де біршама уақыт сонда тұрдық. Сол жерде кейбір мүлкімізді саттық. Сосын төртеуміз Бобтың мотоцикліне отырып алып, көлік іздеуге шықтық. Сөйтіп, қолданыстағы күйі жақсы бір көлікті таптық. Ешқайсысымыз көлік айдауды білмегендіктен, сатушы кісіден оны үйге жеткізіп беруін өтіндік. Артур сол кеш бойы төсекте отырып, көлік жүргізгенсіп дайындалумен болды. Ал келесі күні таңертең ол көлікті гараждан шығарамын деп әлек болып жатқанда, Милдред Уиллет (кейінірек Джон Барр бауырласқа тұрмысқа шыққан) есімді миссионер келіп қалды. Ол көлік айдай алатын. Содан ол бізге көлік айдауды үйретті де, жолға шығуға дайын болдық.

Көлігіміз бен трейлеріміз

Енді бізге тұратын жер іздеу қажет болды. Бауырластар бізге трейлерде тұрмағандарың жөн деген еді, өйткені қарсыластар оған өрт қоюы мүмкін еді. Сондықтан біз үй іздей бастадық, бірақ бірде-біреуін таппадық. Сол күні төртеуміз көлікте түнеп шықтық. Келесі күні бар тапқанымыз қолдан жасалған трейлер болды, оның ішінде кішігірім екіқабатты кереует бар екен. Сол трейлер бас тірер үйіміз болды. Бір қызығы, трейлерді қоятын жер іздеп бас қатырмадық, өйткені жергілікті фермерлер бізге жылы қабақ танытып өз жеріне қоюға рұқсат беретін еді. Біз трейлерді бір орынға қойып, одан 16—24 шақырымдай жерде уағыздап жүретінбіз. Ал жаңа жерге көшкенде, бұдан алдын трейлер тұрған жерге барып уағыздайтынбыз.

Біз Ирландия Республикасының оңтүстік-шығысындағы барлық үйлерді аралап шықтық. Аса көп қарсылыққа кезікпедік. 20 000-нан астам кітапша тараттық, ал қызығушылық білдірген адамдардың аты-жөнін Британиядағы филиалға жіберіп отырдық. Қазір Ирландияда жүздеген Куәгердің болғаны неткен бата десеңізші!

АНГЛИЯҒА ОРАЛЫП, СОСЫН ШОТЛАНДИЯҒА БЕТ АЛДЫҚ

Бірер жыл өткен соң, біз оңтүстік Лондонға тағайындалдық. Бірнеше апта өткеннен кейін, Британия филиалындағы бауырластар Артурға хабарласып, ертесінде-ақ аудандық қызметті бастауды айтты! Бір аптаның ішінде арнайы дайындықтан өте сала, Шотландиядағы ауданымызға жол тарттық. Сондықтан Артурдың баяндама дайындайтын уақыты өте аз болды. Бірақ ол Құдайға деген қызметте кез келген тапсырманы, қанша қиын болса да, қуана-қуана істейтін. Оның үлгісі мені қатты жігерлендіретін. Аудандық қызмет екеумізге қатты ұнады. Қауымға тіркелмеген аймақта жылдар бойы қызмет еткеннен кейін, соншама көп бауырластың арасында жүргеніміз біз үшін зор бата болды.

Артур 1962 жылы Ғалақат мектебіне шақырылғанда, үлкен шешім қабылдау керек болды. Мектеп бағдарламасы он айға созылмақ еді, ал мен шақырылмағандықтан, онымен бірге бара алмайтынмын. Десе де біз Артурдың мектепке барғаны дұрыс деп шештік. Ізашар серіксіз қалғандықтан, филиал мені Хэмсвортқа қайта арнайы ізашар ретінде тағайындады. Бір жылдан соң Артур қайтып келгенде, біз облыстық қызметке тағайындалдық. Біздің аумаққа Шотландия, Англияның солтүстігі, Солтүстік Ирландия кіретін.

ИРЛАНДИЯДАҒЫ ЖАҢА ТАҒАЙЫНДАЛУ

1964 жылы Артур Ирландия Республикасындағы Бетелге филиал қызметшісі болып тағайындалды. Аралаушылық қызметті қатты жақсы көргендіктен, Бетелге барар алдында біраз уайымдадым. Өткен жылдарға қарап, Бетелде қызмет ету мәртебесі берілгеніне өте ризамын. Жүктелген тапсырманы аса істегің келмесе де, оны қолға алсаң, Ехоба әрқашан да батасын төгеді деп ойлаймын. Бетелде кеңселік жұмыс істедім, әдебиеттерді қорапқа жинадым, ас дайындадым, тазалық жұмысын атқардым. Сол уақыт аралығында облыстық қызметті де атқардық. Соның арқасында елдің әр шетіндегі бауырластармен таныстық. Осының және кезінде бізбен зерттеп, рухани қадамдар жасаған зерттеушілермен көріскеннің арқасында Ирландиядағы бауырластармен ынтымағымыз нығая түсті. Бұл — керемет бата!

ИРЛАНДИЯДАҒЫ ЕХОБА КУӘГЕРЛЕРІ ҮШІН АЙТУЛЫ ОҚИҒА

1965 жылы Ирландияның Дублин қаласында бірінші рет халықаралық конгресс өтті *. Ол жақта қатты қарсылық болса да, конгресс өте керемет өтті. 3948 адам келіп, 65-і шомылдыру рәсімінен өтті. Шетелдерден келген 3500 бауырлас Дублиндегі үйлерде тоқтады. Әр үйдің қожайынына алғыс хат жіберілді. Олар да үйлерінде тоқтаған бауырластардың әдепті жүріс-тұрысын мақтады. Ирландияға бұл елеулі өзгеріс жақсы жағынан ықпал етті.

Артур 1965 жылы конгреске келген Норр бауырласты қарсы алып жатыр

Артур 1983 жылы гэль тілінде “Менің Киелі кітап әңгімелері жазылған кітабым” басылымының шыққанын жариялап тұр

1966 жылы оңтүстік және солтүстік Ирландиядағы теократиялық іс бірігіп, Дублин филиалының қарамағына өтті. Ал аралдың өзінде, керісінше, адамдар дін мен саясатқа бола жік-жікке бөлініп кеткен еді. Католиктердің шындыққа көптеп келіп жатқанын және кезінде протестант болған бауырластарымен Ехобаға иық тіресе қызмет етіп жүргендерін көріп, қайран қалдық.

МҮЛДЕ БАСҚА ТАҒАЙЫНДАЛУ

2011 жылы Британия мен Ирландия филиалдары бірігіп, біз Лондондағы Бетелге тағайындалғанда өміріміз түбегейлі өзгерді. Сол кездері Артурдың денсаулығы сыр бергендіктен, мен оны уайымдай бастадым. Ол Паркинсон ауруына шалдықты. Өкінішке орай, 2015 жылдың 20 мамырында 66 жыл бойы серігім болып келген жарым қайтыс болды.

Соңғы жылдары қатты қайғырып, жан күйзелісіне түстім. Бұрын Артур әрқашан жанымнан табылушы еді. Оны қатты сағындым! Бірақ осындай жағдайлардан өткенде, Ехобаға жақындай түсесің. Адамдар Артурды қаншалықты жақсы көргенін білгенде, қуанып кетемін. Маған Ирландия, Британия, тіпті Құрама Штаттардағы бауырластардан хаттар келіп жатады. Осы хаттармен қоса, Артурдың бауыры Деннис пен абысыным Мэвис, олардың қыздары Рут пен Джуди маған зор демеу болып келеді.

Мені Ишая 30:18 қатты жігерлендіреді. Онда былай делінген: “Ехоба сендерге ықыласын түсіру үшін шыдаммен күтіп отыр. Ол сендерге мейірім таныту үшін түрегеледі. Өйткені Ехоба — әділдік орнататын Құдай. Оны тағатсыздана күтетіндердің бәрі бақытты”. Ехоба бүкіл қиындықтарымызды шешіп беретін уақытты күтіп отырғаны және жаңа дүниеде бізге өте қызықты тапсырмалар беретіні көңіліме жай береді.

Өткенді ойласам, Ехобаның Ирландиядағы уағыз ісінде жетекшілік етіп, жарылқағанына көзім жетеді! Осы істе үлесімді қоса алғаным — мен үшін асқан мәртебе. Расында да, Ехобаның айтқанын істесек, әрқашан батасын көреміз!

^ 12-абзац 1988 жылғы “Ехоба куәгерлерінің жылнамасының” (ағ.) 101, 102-беттерін қараңыз.

^ 22-абзац 1988 жылғы “Ехоба куәгерлерінің жылнамасының” (ағ.) 109—112 беттерін қараңыз.