Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Бір-бірімізді... іс жүзінде әрі шын жүректен сүйейік”

“Бір-бірімізді... іс жүзінде әрі шын жүректен сүйейік”

“Бір-бірімізді сөз жүзінде не ауызбен ғана емес, іс жүзінде әрі шын жүректен сүйейік” (ЖОХАННЫҢ 1-ХАТЫ 3:18).

ӘНДЕР: 72, 124

1. Сүйіспеншіліктің ең асқақ түрі қандай және сіз оны қалай сипаттар едіңіз? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

ЕХОБА — сүйіспеншіліктің Қайнары (Жоханның 1-хаты 4:7). Сүйіспеншіліктің ең асқақ түрі әділ принциптерге негізделген. Киелі кітапта сүйіспеншіліктің бұл түрі грекше “агапи” деп аталады. Бұл сөздің мағынасына әлдекімді жақын тарту, оған деген ыстық сезім де кіреді. Бірақ бұл жай сезіммен ғана шектелмейді. Адамның мұндай сүйіспеншілігі өз пайдасын көздемей, өзгенің игілігі үшін риясыздықпен әрекет еткенінен көрінеді. Осындай сүйіспеншіліктің арқасында ол адамдарға жақсылық жасауға талпынады. Сүйіспеншіліктің бұл түрі бізді қуанышқа бөлеп, өмірімізге мән береді.

2, 3. Ехоба адамзатқа риясыз сүйіспеншілігін қалай көрсетті?

2 Ехоба Адам мен Хауаны жаратпай тұрып-ақ, адамзатқа сүйіспеншілік көрсеткен. Ол жерді тіршілікке қажеттінің бәрімен толтырып жаратты. Бірақ Ехоба жерді жай ғана тіршілік ететін орын емес, өмірдің рақатын көруге мүмкіндік беретін баспана етті. Ехоба бұны өзі үшін емес, біз үшін істеді. Баспанамыз дайын болғанда, ол адам баласын жаратып, оған жұмақ орнаған жерде мәңгі өмір сүру мүмкіндігін сыйлады.

3 Кейінірек Ехоба адамзатқа ең керемет жолмен риясыз сүйіспеншілік танытты. Адам мен Хауа қарсы шықса да, Ехоба олардың үрім-бұтағынан тарайтын кейбір адамдардың өзін жақсы көретініне нық сенімді болды. Сондықтан оларды аман алып қалу үшін өз Ұлын төлем құрбандығы етіп берудің қамын жасады (Мұсаның 1-жазбасы 3:15; Жоханның 1-хаты 4:10). Төлем уәде етілген сәттен бастап Ехоба оны төленіп қойылғандай қарастырды. Арада 4000 жыл өткен соң, ол жалғыз Ұлын адамзат үшін қиды (Жохан 3:16). Ехобаның осындай сүйіспеншілігі үшін алғысымыз шексіз!

Оңай болмаса да, сүйіспеншілік танытыңыз

4. Кемелсіз адамдардың риясыз сүйіспеншілік таныта алатынын қайдан білеміз?

4 Кемелсіз болсақ та, біз риясыз сүйіспеншілік таныта аламыз ба? Иә, таныта аламыз. Өйткені Ехоба бізді өзіне ұқсас етіп жаратты, яғни өзіне еліктей алатындай қабілетпен жаратты. Әрине, кейде риясыз сүйіспеншілік таныту оңай болмаса да, бұл қолымыздан келеді. Мысалы, Әбіл өзінде бар ең жақсыны риясыз көңілмен Құдайға тарту еткенде, ол сүйіспеншілік танытты (Мұсаның 1-жазбасы 4:3, 4). Нұхты адамдар тыңдамаса да, ол Құдай хабарын жылдар бойы талмай уағыздауымен риясыз сүйіспеншілік танытты (Петірдің 2-хаты 2:5). Ыбырайым сүйікті баласы Ысқақты құрбандыққа шалуға дайын болуымен Құдайға деген сүйіспеншілігі өте мықты екенін көрсетті (Жақып 2:21). Осы адал кісілер іспетті біз де, оңай болмаса да, сүйіспеншілік танытқымыз келеді.

ШЫНАЙЫ СҮЙІСПЕНШІЛІК НЕНІ БІЛДІРЕДІ?

5. Шынайы сүйіспеншілікті қалай таныта аламыз?

5 Киелі кітапта шынайы сүйіспеншілікті “сөз жүзінде не ауызбен ғана емес, іс жүзінде әрі шын жүректен” таныту керектігі айтылған (Жоханның 1-хаты 3:18). Әрине, сүйіспеншілігімізді сөзбен білдіре аламыз (Салоникалықтарға 1-хат 4:18). Бірақ кейде “мен сені жақсы көремін” деп айта салу жеткіліксіз. Біз сол сөздердің растығын іс жүзінде көрсетуіміз қажет. Мысалы, бауырластарымыздың ішер асы мен киер киімі болмай қалса, олар үшін құр жылы сөздер аздық болады (Жақып 2:15, 16). Сондай-ақ Ехобаны және адамдарды жақсы көргендіктен, біз уағыздайтын адамдардың көп болуын сұрап дұға етіп қана қоймаймыз, өзіміз де жан сала уағыз ісіне қатысамыз (Матай 9:38).

6, 7. а) “Шынайы сүйіспеншілік” деген не? ә) Жасанды сүйіспеншіліктің кейбір мысалдары қандай?

6 Елші Жоханның сөздеріне сай, біз бір-бірімізді “іс жүзінде әрі шын жүректен сүюіміз” керек. Сондықтан біздің сүйіспеншілігіміз “екіжүзді” емес, “шынайы” болуы тиіс (Римдіктерге 12:9 сілтеме; Қорынттықтарға 2-хат 6:6). Кейде адам сүйіспеншілік танытып жатқандай сыңай білдіруі мүмкін. Бірақ оның сүйіспеншілігін шын жүректен шығып жатыр дей алмаймыз. Ниеті де күмәнді. Мұндай жасанды сүйіспеншіліктің түк те құны жоқ. Өйткені екіжүзді сүйіспеншілік деген қасиет жоқ.

7 Жасанды сүйіспеншіліктің кейбір мысалдарын қарастырайықшы. Едем бағында Хауамен сөйлескенде, Шайтан оған бар жақсыны тілейтіндей болып көрінді. Бірақ шын мәнінде ол өз қара басын ойлап, екіжүзді әрекет етті (Мұсаның 1-жазбасы 3:4, 5). Дәуіт билік басында отырғанда, Ахитопел есімді досы болды. Бірақ ол өз пайдасын ойлап, Дәуітті сатып кетті. Оның ісі шынайы дос болмағанын дәлелдеді (Самуилдің 2-жазбасы 15:31). Бүгінде жолдан тайғандар мен қауымға іріткі салушылар “майда сөйлеп, жағымпазданып” жатады (Римдіктерге 16:17, 18). Олар өзгелердің қамын ойлағандай сыңай танытуы мүмкін. Бірақ сайып келгенде, олар өз қара бастарын ойлайды.

8. Қандай сұрақтарды ой елегінен өткізуіміз керек?

8 Жасанды сүйіспеншілік — барып тұрған сорақы нәрсе. Өйткені мұндай сүйіспеншілік адамдарды алдау үшін танытылады. Біз адамдарды алдай алатын шығармыз, бірақ Ехобаны алдау мүмкін емес. Иса екіжүзділікпен әрекет ететін адамдардың “аяусыз жазаланатынын” айтқан (Матай 24:51). Ехобаның қызметшілері ретінде біз ешқашан екіжүзді болғымыз келмесі анық. Сондықтан келесі сұрақтарды ой елегінен өткізсек болады: “Менің сүйіспеншілігім шынайы ма? Жоқ әлде өзімшіл не алдампаз болып жүрмін бе?” Қазір екіжүзді емес, “шынайы сүйіспеншілік” танытудың тоғыз жолын қарастырайық.

“ІС ЖҮЗІНДЕ ӘРІ ШЫН ЖҮРЕКТЕН СҮЮДІҢ” ЖОЛДАРЫ

9. Шынайы сүйіспеншілік бізді не істеуге талпындырады?

9 Жақсылығыңызды ешкім байқамаса да, басқаларға қуана қызмет етіңіз. Біз басқаларға ешкім білмейтіндей етіп жақсылық жасауға ықыласты болуымыз керек (Матай 6:1—4 оқыңыз). Анани мен Зәпира мұндай көзқарасты ұстанбады. Олар жасаған садақасы жайлы өзгелер білсе екен деді әрі қанша бергендері жайлы өтірік айтты. Сондай екіжүзділіктері үшін кейін жазаланды (Елшілердің істері 5:1—10). Біз бауырластарымызды шын жақсы көрсек, жұрттың көзіне түсуді қаламастан, оларға қуана-қуана жақсылық жасаймыз. Осы орайда Басқарушы кеңеске рухани ас-су дайындауға көмектесетін бауырластардан үйренеріміз көп. Олар өзгелердің назарын өздеріне аудармайды және қандай жобамен жұмыс істегендерін өзгелерге мәлім етпейді.

10. Басқаларға қалай құрмет көрсете аламыз?

10 Құрмет көрсетіңіз (Римдіктерге 12:10 оқыңыз). Иса елшілерінің аяғын жуу арқылы құрмет көрсетудің тамаша үлгісін қалдырды (Жохан 13:3—5, 12—15). Біз де Иса сияқты кішіпейіл болып, өзгелерге қызмет ету үшін аянбай күш салуымыз керек. Әлгі әрекетімен Исаның не үйреткісі келгенін елшілер бірден түсінбесе де, киелі рухқа бөленгеннен кейін мұның мәнін ұқты (Жохан 13:7). Біз өзіміздің білімді не дәулетті болғанымызға, мәртебелі тапсырмаларымыздың барына бола өзгелерден артықпыз деп ойламасақ, басқаларға құрмет көрсеткеніміз (Римдіктерге 12:3). Ал біреуді көзімізше мақтап жатса, қызғанбаймыз, қайта, ішімізден сол мақтауға біз де лайықпыз деп ойласақ та, оның қуанышына ортақтасамыз.

11. Неге мақтау сөздеріміз шын көңілден шығуы керек?

11 Шын көңілден мақтаңыз. Өзгелерді мақтаудың мүмкіндіктерін іздеңіз. Мақтау сөз адамдарға қанат бітіретінін бәріміз де жақсы білеміз (Ефестіктерге 4:29). Бірақ біз сөздеріміздің шын жүректен шыққанын қалаймыз, әрі басқаларға жағымпазданғымыз келмейді. Біз шын мәнінде айтқымыз келмеген нәрсені айтпауымыз керек, я болмаса қажетті кеңесті беру жауапкершілігінен қашқақтамаймыз (Нақыл сөздер 29:5). Мысалы, егер адамды мақтап алып, бірақ сыртынан оны сынап-мінейтін болсақ, бұл екіжүзділікке жатады. Елші Пауыл бауырластарды шын жүректен сүйген. Қорынттағы мәсіхшілерге хат жазғанда, ол олардың жақсы жақтарын айтып мақтаған (Қорынттықтарға 1-хат 11:2). Ал қатаң кеңес беру керек болғанда, мұның себебін оларға мейірімділікпен әрі анық етіп түсіндірген (Қорынттықтарға 1-хат 11:20—22).

Көмекке зәру кезде бауырластарға қол ұшын беруімізбен сүйіспеншілік пен жомарттық көрсетеміз (12-абзацты қараңыз)

12. Қонақжай болғанда шынайы сүйіспеншілікті қалай көрсете аламыз?

12 Қонақжай болыңыз. Ехоба бізден бауырластарға жомарт болуды талап етеді (Жоханның 1-хаты 3:17 оқыңыз). Бірақ қонақжай болғанда да ниетіміз дұрыс болу керек. Өзімізді былай деп тексеріп көрсек болады: “Үйіме тек жақын достарымды не қауымда өзім беделді деп санайтын адамдарды ғана шақырамын ба? Жақсылығымды қайтарады-ау деген адамдарды ғана шақырамын ба? Әлде жақсы танымайтын не есесіне ештеңе қайтара алмайтын бауырластарға қолым ашық па?” (Лұқа 14:12—14). Ал егер бауырласымыз ақылсыз шешім қабылдағанның салдарынан көмекке мұқтаж болып қалса, не істейміз? Я болмаса шақырған қонағымыз бізге ешқашан алғыс айтпайтын болса ше? Мұндай кездері Ехоба бізге былай дейді: “Бір-біріңе наразылықсыз қонақжайлылық көрсетіңдер” (Петірдің 1-хаты 4:9). Қолда барымызды таза ниетпен берер болсақ, бұл өзімізге қуаныш сыйлайды (Елшілердің істері 20:35).

13. а) Қай кезде бізге көбірек шыдамдылық қажет? ә) Әлсіздерге көмектесу үшін не істей аламыз?

13 Әлсіздерді қолдап-демеңіз. Киелі кітаптың: “Әлсіздерді қолдаңдар, барлық адамдарға төзімді болыңдар”,— деген талабы арқылы сүйіспеншілігіміздің шынайылығы сыналады (Салоникалықтарға 1-хат 5:14). Бір кездері әлсіз болған бауырластар кейін сенімдерінде нық тұрған. Кейбіреулері болса біздің төзімді болып, сүйіспеншілікпен көмектескенімізге мұқтаж. Оларға қалай қол ұшын берсек болады? Киелі кітапты қолданып оларды жігерлендіре аламыз, уағызға шақыра аламыз не оларды жай құлақ салып тыңдай аламыз. Сондай-ақ бауырластарды “күшті” не “әлсіз” деп бөле салмауымыз керек. Қайта, әрқайсысымыздың да күшті де, әлсіз де жақтарымыз бар екенін мойындауымыз қажет. Тіпті елші Пауыл да әлсіздіктері бар екенін мойындаған (Қорынттықтарға 2-хат 12:9, 10). Барлығымыз да өзара көмекке, жігерге зәруміз.

14. Бауырластармен тату болу үшін не істеуге даяр болуымыз керек?

14 Тату болыңыз. Бауырластар арасындағы татулық өте бағалы. Егер біреу бізді дұрыс түсінбей қалса не болмаса бізді ренжітіп қойса, татулық сақтау үшін барымызды салуымыз керек (Римдіктерге 12:17, 18 оқыңыз). Біреуді ренжітіп қойсақ, кешірім сұрай салғанымыз жеткілікті шығар. Бірақ кешірімді шын жүректен сұрауымыз қажет. Мысалы, “ренжімейсің ғой” дегеннен гөрі өз қатемізді мойындап, “сені сөзіммен ренжітіп қойғаным үшін кешірші” дегеніміз жөн болар еді. Некеде татулық сақтау әсіресе маңызды. Күйеу мен әйелі басқалардың алдында бір-бірін сүйетіндей сыңай танытып, бірақ оңашада бір-бірімен сөйлеспей, ауыр сөздер айтып не тіпті қол көтергендері дұрыс емес.

15. Шын жүректен кешіргенімізді қалай көрсетеміз?

15 Кеңпейілмен кешіріңіз. Біреу біздің көңілімізге тисе, біз оны кешіріп, реніш сақтамаймыз. Адам бізді ренжіткенін білмесе де, осылай еткеніміз жөн. “Сүйіспеншілікпен бір-біріңе төзімділік танытыңдар, өзара тату болып, киелі рух арқылы иемденген бірліктеріңді сақтап қалуға барынша ұмтылыңдар”,— деген кеңеске құлақ ассақ, өзгелерді кеңпейілмен кешіреміз (Ефестіктерге 4:2, 3). Адамға шын жүректен кешірім ету үшін, оның жасаған әрекетін ұмытуымыз қажет. Себебі сүйіспеншілік “кек сақтамайды” (Қорынттықтарға 1-хат 13:4, 5). Ал егер көңіліміздің түбінде реніш сақтап жүрсек, бауырласпен ғана емес, Ехобамен де қарым-қатынасымызға қауіп төнеді (Матай 6:14, 15). Бізді ренжіткен адам үшін дұға етсек, оны шын пейілмен кешіргенімізді дәлелдейміз (Лұқа 6:27, 28).

16. Ехобаға деген қызметіміздегі мәртебелі жауапкершіліктерге қалай қарағанымыз дұрыс?

16 Өз пайдаңызды құрбан етіңіз. Егер ұйымда арнайы қызметке тағайындалсақ, “өзіміздің емес, өзгенің игілігін ойлау” арқылы шынайы сүйіспеншілік көрсетеміз (Қорынттықтарға 1-хат 10:24). Мысалы, қызмет көрсетушілер конгресс өтетін жерге бәрінен ерте келетіндіктен, өздеріне не отбасына ең жақсы орындарды алып қойғысы келетін шығар. Алайда сондай бауырластардың көбісі өздерінің қарауына тапсырылған бөліктердегі ыңғайсыздау орындарды алады. Осылайша олар риясыз сүйіспеншіліктерін көрсетеді. Оларды қалай үлгі тұта аламын деп ойлайсыз?

17. Бауырлас ауыр күнә жасаған жағдайда, шынайы сүйіспеншілік оны не істеуге талпындырады?

17 Жасырын күнәні мойындап, одан арылу. Ауыр күнә жасаған кейбір бауырластар оны жасыруға тырысқан. Олар ұялғандықтан не басқалардың көңіліне қаяу түсіргісі келмегендіктен осылай еткен болар (Нақыл сөздер 28:13). Бірақ күнәні жасыру сүйіспеншілікке жатпайды, өйткені өзіне де, басқаларға да зиянын тигізеді. Қалайша? Ехоба қауымға киелі рухын төкпей қоюы мүмкін, ал бұның нәтижесінде қауымның тыныштығы бұзылады (Ефестіктерге 4:30). Ендеше, ауыр күнә жасаған болса, мәсіхшінің шынайы сүйіспеншілігі оны ақсақалдарға барып, қажетті көмекті қабылдауына қозғау салады (Жақып 5:14, 15).

18. Шынайы сүйіспеншілік қаншалықты маңызды?

18 Сүйіспеншілік — барлық қасиеттердің ең бастысы (Қорынттықтарға 1-хат 13:13). Соның арқасында адамдар кімдердің Исаның нағыз ізбасары болып, сүйіспеншіліктің Қайнары Ехобаға шынымен еліктейтінін көре алады (Ефестіктерге 5:1, 2). Пауыл сүйіспеншілігі болмаса, өзінен еш пайда жоқтығын айтқан (Қорынттықтарға 1-хат 13:2). Олай болса, бәріміз бір-бірімізді “ауызбен ғана емес, іс жүзінде әрі шын жүректен сүйейік”!