ӨМІРБАЯН
Ехоба шешіміме мол батасын берді
1939 жыл. Біз түн ортасында тұрып, АҚШ-тағы Миссури штатының оңтүстік-шығысындағы Джоплин қаласына жол жүрдік. Осы шағын ғана қалаға жету үшін бір сағаттан аса уақыт кетті. Келген соң, білдіртпей әрбір үйдің есігіне буклеттер қалдырып кеттік. Буклеттерді таратып болған соң, бірден көлігімізге отырып, басқа топтардағы бауырластарға бардық. Бұл таң атып келе жатқан уақыт еді. Сол күні түнделетіп қызметке шығуымызға, кейін қаладан тездетіп кетіп қалуымызға не себеп болды дерсіз. Бұл жайлы сіздерге кейінірек айтып берейін.
МЕН 1934 жылы дүниеге келдім. Бұл кезде ата-анамның Киелі кітап зерттеушілері (Ехоба куәгерлері) болғанына 20 жыл болған еді. Олардың есімдері — Фред пен Эдна. Олар менің жүрегіме Ехобаға деген сүйіспеншілік ұялатты. Сол үшін мен оларға дән ризамын. Біз Канзас штатындағы Парсонс деген шағын қалада тұрдық. Қауымымыздағы әрбір бауырлас дерлік майланған болатын. Біз қауымнан қалмай, қызметке белсенді атсалысатынбыз. Ал сенбі күндері түстен кейін көшеде куәлік беретінбіз. Бүгінде бұл қызмет түрі көпшілік орындарда уағыздау деп аталады. Кейде біз қызметте жүріп шаршап қалатынбыз, бірақ әкем бізге қызметтен кейін үнемі балмұздақ алып беретін.
Кішкентай қауымымыздың уағыздайтын аумағы өте үлкен еді. Оған бірнеше қалашықтар мен көптеген фермалар кіретін. Кейбір фермерлер бізге әдебиеттеріміз үшін ақша берудің орнына, өздері өсірген көкөністер, жұмыртқа, кейде тіпті тірі тауық беретін. Әкем әдебиеттеріміз үшін алдын ала садақа беріп қоятындықтан, біз адамдардың бергендерін азық ете алатынбыз.
АРНАЙЫ НАУҚАНДАР
Бала кезімде ата-анам патефонмен уағыздайтын. Мен кішкентай болғандықтан оны қолдана алмайтын едім. Бірақ ата-анама оны ойнатуға көмектескеніме мәз болатынмын. Біз патефонның көмегімен адамдарға қайта барғанда не зерттеу сабағын өткізгенде, Рутерфорд бауырластың баяндамаларын ойнататынбыз.
Әкем көлігінің төбесіне дауыс зорайтқышын орнатып қойды. Бұл құрылғы қызметімізге көп пайдасын тигізді. Біз адамдардың назарын аударту үшін алдымен әуен ойнататынбыз, сосын Киелі кітапқа негізделген баяндама қоятынбыз. Содан кейін қызығушылық танытқан адамдарға әдебиеттер ұсынатынбыз.
Бірде көлігімізді Канзас штатының Черривейл қаласындағы бір саябаққа қойдық. Өйткені жексенбі күндері ол жерге демалуға көп адам келетін. Бірақ артынша полиция қызметкерлері келіп, көлігімізді саябақтың сыртына ғана қоя алатынымызды айтты. Сонда әкем көлікті саябақтың жанындағы көшеге қойды. Ол жерден де саябақтағы
адамдар бағдарламаны жақсы ести алды. Әкеммен және Джерри ағаммен бірге қызметте болған осындай қызықты оқиғалар маған қатты ұнайтын.Сол жылдары ісімізге қатты қарсы адамдар тұратын жерлерде арнайы науқандар ұйымдастырдық. Мақаланың басында сөз етілгендей, біз сол қалаларға түн ортасында барып, адамдардың есігіне байқатпай буклеттер қалдыратынбыз. Сосын ешкімді полиция қызметкерлері ұстап алмағанына көз жеткізу үшін қаланың сыртында кездесетінбіз.
Қызметімізге бояу қосқан тағы бір уағыз түрі — ақпараттық шерулер өткізу еді. Біз үстімізге жазуы бар үлкен плакаттар киіп алып, қаланы айналып шығатынбыз. Бірде бауырластар қаламызға келіп, “Дін — тор және алдау” деген жазуы бар плакатпен шеру өткізді. Олар шеруді біздің үйден бастап бір жарым шақырымдай жол жүріп, қайтадан үйге оралды. Қуанышымызға орай, оларға ешкім бөгет болмады. Қайта, көп адам бұл жайтты қызық көрді.
БАЛА КЕЗІМДЕГІ КОНГРЕСТЕР
Біз жиі Техас штатында өтетін конгрестерге баратынбыз. Әкем теміржол компаниясында жұмыс істегендіктен, конгрестерге пойызбен тегін баратынбыз. Сол кезде туыстарымызды да көріп қайтатынбыз. Анамның ағасы Фред Висмар мен жеңгесі Эулалия осы штаттың Темпл қаласында тұратын. Нағашы ағам Фред 1900 жылдардың басында шындықты біліп, шомылдыру рәсімінен өткен. Менің анама және басқа бауырларына шындықты айтқан сол нағашы ағам екен. Орталық Техаста тұратын бауырластар Фред ағамды өте жақсы білетін. Өйткені ол бұрын аймақтық қызметші (қазір аудандық бақылаушы деп аталады) болып қызмет еткен. Ол өте мейірімді, ашық-жарқын және құлшынысы зор кісі болатын. Мен үшін оның үлгісі ерекше еді.
1941 жылы біз пойызбен Миссуридегі Сент-Луисте өткен үлкен конгреске бардық. Конгресте барлық балалар сахнаның алдыңғы қатарына отырғызылды. Біз Рутерфорд бауырластың “Патшаның балалары” деп аталатын баяндамасын ұйып тыңдадық. Баяндамадан кейін барлық 15 000 бала бір ерекше тосын сый алды. Рутерфорд бауырлас пен оның көмекшілері әрқайсысымызға “Балалар” деп аталатын жаңа кітаптың бір-бір данасын тарту етті.
1943 жылдың сәуірінде Канзастағы Коффивилл қаласында өткен “Әрекет етуге шақыру” деп аталатын конгреске бардық. Сол конгресте барлық қауымдарда енді теократиялық қызмет мектебі өтетіні хабарланды. Сондай-ақ осы жаңа мектепке арналған 52 сабақтан тұратын буклет те берілді. Сол жылдың аяғында мен осы мектепте алғашқы баяндамамды айттым. Аталмыш конгресте мен үшін тағы бір ерекше жағдай орын алды. Мен осы конгресте, фермадағы мұздай тоғанда шомылдыру рәсімінен өттім.
БЕТЕЛДІК ҚЫЗМЕТ АРМАНЫМ ЕДІ
Мен мектепті 1951 жылы бітіріп, болашағым жайлы ойлай бастадым. Джерри ағам Бетелде қызмет еткен болатын. Менің де бетелдік қызметке деген ықыласым зор еді. Содан өтініш қағазын толтырып, көп ұзамай Бетелге шақырылдым. Сөйтіп, 1952 жылдың 10 наурызынан бастап сол жерде қызмет ете бастадым. Осы дана шешімнің арқасында өмірімді Құдайға толықтай арнай алдым.
Бетелге барған соң, баспада қызмет етемін деп үміттенген едім. Бірақ бұл үмітім ешқашан орындалмады. Мен даяшы болдым, ал кейінірек асханада қызмет еттім. Жұмысым маған қатты ұнайтын, сол жерде мен көп нәрсеге үйрендім. Біз кезек-кезек жұмыс істейтінбіз, сондықтан күннің ортасында демалатын едім. Мен жиі Бетелдің кітапханасына барып, сондағы көптеген кітаптардың көмегімен жеке зерттеу өткізетінмін. Осының арқасында сенімім мен Ехобамен достығым әжептәуір нығайды. Содан Бетелде мүмкіндігінше көп уақыт қызмет етуге бел будым. Джерри 1949 жылы Бетелден кетіп, Патрисиаға үйленген болатын. Бірақ олар Бруклинде тұрғандықтан, Бетелде жаңадан қызмет етіп жүрген жылдары маған демеу беріп, қолдау көрсетті.
Филиалдағы бауырластар бетелдік баяндамашылардың тізіміне жаңа баяндамашыларды қосты. Тізімдегі бауырластар Бруклиннен
320 шақырым қашықтыққа дейін жол жүріп, қауымдарда баяндама айтып, бауырластармен уағызға шығуы керек еді. Ол уақытта менің Бетелде қызмет етіп жатқаныма көп уақыт болмаған. Мен де бұл тізімге іліктім. Қауымдарға сапар жасай бастағанда аз-маз қобалжыдым. Ол кездері көпшілікке арналған баяндама бір сағатқа созылатын. Әдетте мен қауымдарға пойызбен баратынмын. 1954 жылдың қысы ерекше есімде қалыпты. Жексенбі түстен кейінгі уақыт еді. Мен пойызбен Нью-Йоркке қайтқалы жатқан едім, әрі Бетелге кеш түспей тұрып жетуім керек еді. Бірақ қатты дауыл тұрып, қар борап кетті. Содан пойыздың электр қозғалтқышы істен шығып, Нью-Йоркке дүйсенбі таңғы бесте бір-ақ жеттім. Сосын Бруклинге метромен жетіп, асханадағы жұмысыма бірден кірістім. Мен жұмысқа сәл кешігіп келдім. Түнімен ұйықтамадым, қатты шаршағаным да бар еді. Бірақ бұл алған қуанышыма қарағанда түк емес еді. Өйткені қауымдармен қызметтесіп, көптеген жаңа бауырласпен таныстым.Бетелде қызмет еткен алғашқы жылдары радиостансымыз (WBBR) арқылы апта сайын өткізілетін Киелі кітап зерттеу бағдарламасына да қатыстым. Бұл радиостансы Колумбия-Хайтс көшесі, 124 ғимараттың екінші қабатында орналасқан еді. Бетелде көп жылдан бері қызмет етіп келген Александр Х. Макмиллан бауырлас та осы бағдарламаны өткізуге қатысатын. Біз оны Мак бауырлас деп атайтынбыз. Ол кісі көптеген қиындықты бастан өткерсе де, еш берілмеген. Оның ауыз толтырып айтар адалдығы Бетелдегі жас ер бауырластарға таптырмас үлгі болды.
1958 жылы басқа қызметке тағайындалып, Ғалақат мектебінің түлектерімен қызметтесе бастадым. Сол құлшынысты бауырластарға визаларын алып, тағайындалған елдеріне жетіп алуға көмектесетінмін. Ұшақпен жол жүру ол уақытта қымбат еді, сондықтан миссионерлердің басым бөлігі Африка мен Азияға жүк кемесімен баратын. Жылдар өте ұшақпен ұшу арзандағанда, миссионерлердің көбі тағайындалған елдеріне ұшақпен баратын болды.
ЖЕР-ЖЕРДЕГІ КОНГРЕСТЕР
1961 жылы Еуропада халықаралық конгрестер өтпек еді. Мен 1960 жылы сол конгрестерге Құрама Штаттардан баратын бауырластарға ұшақтар жалдауға кірістім. Өзім Германияның Гамбург қаласында өткен конгреске бардым. Конгрестен кейін бетелдік үш бауырласпен бірге көлік жалдап, Германиядан Италияға бардық. Сонда Римдегі Бетелге соқтық. Кейін Францияға, сосын Пиреней тауларынан өтіп, Испанияға бардық. Ол кезде Испанияда ісімізге тыйым салынған еді. Барселонадағы бауырластарға жолығып, оларға әдебиеттер бердік. Қағазға әдемілеп оралған әдебиеттеріміз тура бір сыйлықтай көрінді. Бұл бір тамаша басқосу болды! Сосын бұл жерден Амстердамға жол жүріп, әрі қарай Нью-Йоркке ұшып кеттік.
1963 жылы дүниежүзі бойынша өтетін “Мәңгілікке жалғасатын ізгі хабар” деп аталатын бірқатар халықаралық конгреске 583 бауырлас бармақ еді. Мен 1962 жылы сол бауырластардың конгреске барып-қайтар жолын ұйымдастыруға тағайындалдым. Олар Еуропа, Азия мен Тынық мұхитының
оңтүстік елдеріне, кейін Гавайидің Гонолулу қаласына, ал соңында Калифорниядағы Пасадина қаласына баратын еді. Сондай-ақ бұл бауырластар Киелі кітап оқиғалары орын алған жерлер — Ливан мен Иордания елдеріне экскурсия жасамақ еді. Біздің бөлім делегаттарға ұшаққа билет алуға, визаларын жасауға және қонақүйлерге орналасуға көмектесті.ЖОЛСЕРІГІМ
1963 жыл мен үшін тағы бір себеппен ерекше болды. Сол жылдың 29 маусымында мен Лайла Роджерс есімді бауырласқа үйлендім. Ол да Миссури штатынан еді, әрі 1960 жылдан бері Бетелде қызмет ететін. Үйленгенімізге бір апта болғанда, Лайла екеуміз жоғарыда аталып кеткен конгрестерге бармақ болдық. Сөйтіп, Грекия, Египет пен Ливан елдеріне сапар жасадық. Осы жерлерден кейін ұшақпен Иорданияға бет алдық. Бұл жерде ісімізге тыйым салынғандықтан, билік өкілдері Ехоба куәгерлеріне виза бермейтін. Сондықтан Иорданияға келгенде бізді не күтіп тұрғанын білмедік. Бірақ әуежайда “Бауырластар, қош келдіңіздер!” деген жазу ұстап тұрған бір топ бауырластарымызды көргенде, таңғалып, қатты қуанып кеттік! Сондай-ақ Ыбырайым, Ысқақ пен Жақып өмір сүрген, Иса мен оның елшілері уағыздаған жерлерді көріп таң-тамаша болдық. Мәсіхшілік “жердің қиыр шетіне дейін” осы жерлерден бастап тараған еді (Елшілердің істері 13:47). Осындай Киелі кітап оқиғалары орын алған жерлерді көргенде, ерекше сезімге бөлендік.
Лайла 55 жылдан бері маған адалдықпен қолдау көрсетіп келеді. Испания мен Португалияда ісімізге тыйым салынған уақытта сол жердегі қауымдарға бірге сапар жасадық. Ондағы бауырластарға әдебиеттер мен басқа да қажетті заттарды жеткізіп, оларды жігерлендіріп қайттық. Тіпті Испаниядағы Кадис қаласында қамауда отырған бауырластарымызға барып қайтуға мүмкіндігіміз болды. Сол бауырластарыма баяндама айтып, жігер бере алғаныма қатты қуандым.
1963 жылдан бастап мен Африка, Австралия, Оңтүстік пен Орталық Америка, Еуропа, Азия, Гавайи, Жаңа Зеландия мен Пуэрто-Рикодағы халықаралық конгрестерге баратын бауырластардың барып-қайтар жолдарын ұйымдастырдым. Лайла екеуміз естен кетпес конгрестерге қатыстық. Солардың бірі — 1989 жылы Польшадағы Варшавада өткен конгресс. Конгреске Ресейден көптеген бауырластар келді. Бұл олардың қатысқан алғашқы конгресі еді. Сол жерде біз Кеңес Одағында сенімі үшін көп жыл бойы қамауда отырған бауырластармен көрістік.
Сондай-ақ мен дүниежүзіндегі Бетел отбасыларына және миссионерлерге сапар жасауға тағайындалдым. Бұл қызметім маған қатты ұнайтын. Соңғы рет біз Оңтүстік Кореяға сапар жасап, Сувон қаласында түрмеде отырған 50 бауырласты көріп қайттық. Бұл бауырластар оң көзқарас танытып, Ехобаға еркін қызмет ете алатын уақыттарын тағатсыздана күтіп жүр екен. Оларды көріп, бір марқайып қалдық (Римдіктерге 1:11, 12).
ӨСІМДІ КӨРІП ҚУАНАМЫН
Мен Ехобаның жылдар бойы өз халқына батасын төккеніне куә болдым. 1943 жылы шомылдыру рәсімінен өткенімде, 100 000-дай жариялаушы
бар еді. Қазір 240 елде 8 000 000-нан аса Ехоба куәгері бар. Осындай өсімнің болуына Ғалақат мектебінің түлектері зор үлес қосты. Сол миссионерлермен қызметтесе алғаныма, тағайындалған елдеріне жетулеріне көмектесе алғаныма қатты қуанамын.Жас кезімде өмірімді Ехобаға қызмет етуге арнап, Бетелге өтініш қағазын толтырғаныма сондай қуанамын. Ехоба осы жылдардың бәрінде мені молынан жарылқап келеді. Бетелдік қызметімізді есептемегенде, Лайла екеуміз 50 жылдан астам уақыт бойы Бруклинде бірнеше қауыммен бірге уағыз ісіне қатысып, көптеген шынайы достар таптық. Бұл бізге зор бақыт әкелді.
Мен жұбайым Лайланың демеуімен Бетелде қызмет етіп келемін. Мұнда хаттармен байланысты жұмыстарды атқарамын. 84 жастан асқаныма қарамастан, әлі де көмегім тиіп жатқанына қуанамын.
Ехобаның керемет ұйымының бір мүшесі болу неткен мәртебе! Сондай-ақ Малахи 3:18-дегі сөздердің растығына көзіміз жетуде. Онда былай делінген: “Сол кезде әділ мен зұлымның, Құдайға қызмет ететін мен қызмет етпейтіннің арасындағы айырмашылықты тағы да көресіңдер”. Расында да, Шайтанның дүниесі күннен күнге нашарлап барады. Адамдар еш үмітсіз, бақытсыз күй кешуде. Бірақ Ехобаны жақсы көретін және оған қызмет ететін адамдар ерекше қиын уақытта өмір сүріп жатса да, бақытты өмір сүруде. Олардың болашаққа деген мызғымас үміттері бар. Өзгелерге ізгі хабарды айту шынымен де мәртебе! (Матай 24:14). Жақында Құдай Патшалығы зұлым дүниені жойып, орнына жұмақ орнатады. Біз сол кездің келуін асыға күтудеміз! Сонда жер бетіндегі әрбір адамның денсаулығы мықты болып, мәңгілік бойы бақытты ғұмыр кешеді.