Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Жағдайыңыз өзгерсе де, жантыныштығынан айырылмаңыз

Жағдайыңыз өзгерсе де, жантыныштығынан айырылмаңыз

“Жанымды тыныштандырамын, жұбатамын” (ЗӘБҮР 131:2).

ӘНДЕР: 128, 129

1, 2. а) Табан астынан болған өзгерістер бізге қалай әсер етуі мүмкін? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.) ә) Зәбүр 131-ге сай, жантыныштығын сақтауға бізге не көмектеседі?

БЕТЕЛДЕ 25 жылдан аса уақыт қызмет еткеннен кейін Ллойд пен Александра танапқа ізашар ретінде тағайындалды. Алғашында олардың бұған көңілдері түсті. Ллойд былай дейді: “Мен Бетелдегі қызметімді қатты жақсы көретінмін. Өзімді Бетелден басқа жерде елестете алмайтынмын. Бұл өзгерістің не себепті болғанын санаммен түсінсем де, сол кездері өзімді жиі керексіз сезінетінмін”. Ллойд бірде өзін жақсы сезінсе, бірде ұнжырғасы түсіп кететін.

2 Өмірімізде біз күтпеген жайттар орын алып тұрады. Осындайда бойымызды уайым билеп, жанымыз күйзелуі мүмкін (Нақыл сөздер 12:25). Өзгерістерді қабылдау не оларға бейімделу қиын болған кезде, жантыныштығын сақтау үшін не істесек болады? (Зәбүр 131:1—3 оқыңыз). Бұл мақалада Ехобаның ежелдегі және бүгіндегі қызметшілерінің мысалдарын қарастырамыз. Өмірлері табан астынан өзгергеніне қарамай, олар жантыныштығын сақтап қала алған.

“ҚҰДАЙ ТЫНЫШТЫҒЫНЫҢ” КӨМЕГІ

3. Қалайша Жүсіптің өмірі күрт өзгерді?

3 Жүсіп жайлы ойланып көрейікші. Ол Жақыптың ең сүйікті ұлы еді. Сондықтан бауырлары Жүсіпке қызғанышпен қарап, оны 17 жасында құлдыққа сатып жіберді (Мұсаның 1-жазбасы 37:2—4, 23—28). Жүсіп 13 жылдай уақыт Мысырда жапа шекті. Алғашында ол құл болды, ал кейіннен түрмеде отырды. Ол жанындай жақсы көретін әкесінен жырақта жүрді. Оның қиындықтардың кесірінен үмітсіз күй кешіп, қатуланып кетуіне болар еді. Бірақ Жүсіпке бұндай сезімдерге бой алдырмауға не көмектесті?

4. а) Жүсіп түрмеде отырғанда не істеді? ә) Ехоба Жүсіптің дұғасына қалай жауап берді?

4 Жүсіп түрмеде отырған кезде бар назарын Ехобаның өзіне қалай көмектесіп жатқанына аударған болса керек (Мұсаның 1-жазбасы 39:21; Зәбүр 105:17—19). Бәлкім, ол жас кезінде көрген пайғамбарлық мәні бар түстері жайлы ойланған шығар. Сөйтіп, Ехобаның өзімен бірге екенін түсінгенде, жаны жай тапқан болар (Мұсаның 1-жазбасы 37:5—11). Ол жиі Ехобаға ішіндегісін ақтарып дұға еткен болуы мүмкін (Зәбүр 145:18). Ал Ехоба Жүсіптің дұғасына жауап беріп, қандай жағдай орын алмасын “оған жар болатынына” сендірді (Елшілердің істері 7:9, 10) *.

5. “Құдай тыныштығы” бізге қалайша қызметімізді жалғастыра беруге көмектеседі?

5 Жағдайымыз қаншалықты қиын болмасын, “ой-санамызды” қорғап, көңілімізді жайландыратын “Құдайдың тыныштығына” ие бола аламыз (Філіпіліктерге 4:6, 7 оқыңыз). Бойымызды уайым билеп, көңіліміз жабырқаған кездері “Құдайдың тыныштығы” бізге күш береді. Сонда біз берілмей, Ехобаға әрі қарай да қызмет ете береміз. Ал қазір осындай жағдайды бастан өткерген кейбір бауырластардың оқиғаларына назар аударайық.

ЕХОБАДАН КӨМЕК СҰРАҢЫЗ

6, 7. Қалай дұғаларымыз қайтадан жантыныштығына ие болуға көмектеседі? Мысал келтіріңіз.

6 Райан мен Джульетта енді арнайы ізашар болмайтындарын білгенде, көңілдері түсті. Райан былай дейді: “Біз бірден Ехобаға дұға еттік. Бұл жағдайды біз Ехобаға сенім артудың ерекше мүмкіндігі деп қабылдадық. Қауымымыздағы көп бауырлас шындыққа жаңадан келген еді. Сондықтан біз сенім танытуда оларға жақсы үлгі болайықшы деп дұға еттік”.

7 Ехоба олардың дұғаларына қалай жауап берді? Райан былай дейді: “Дұғадан кейін бірден бойымыздағы уайым мен жағымсыз сезімдерден арылдық. Ехобаның тыныштығы жүрегіміз бен ой-санамызды қорғады. Оң көзқарас таныта берер болсақ, Ехоба бізді әрі қарай да қолдана алатынын түсіндік”.

8-10. а) Уайымға салынғанда Құдай рухы бізге қалай көмектесе алады? ә) Бар назарымызды қызметке тіксек, Ехоба бізге қалай көмектесуі мүмкін?

8 Киелі рух бізге жантыныштығын сақтауға көмектеседі. Сондай-ақ ол бізді өмірдегі ең маңызды нәрселерді түсінуге көмектесетін Киелі кітап тармақтарына жетелейді (Жохан 14:26, 27 оқыңыз). Бетелде шамамен 25 жылдай қызмет еткен Филип пен Мэридің мысалын қарастырып көрейік. Төрт айдың ішінде екеуінің де аналары және Филиптің бір туысы қайтыс болды. Оның үстіне, олар Мэридің науқас әкесіне күтім жасаулары керек еді.

9 Филип сөзін былай деп жалғады: “Бірде мен “Күзет мұнарасының” зерттеуге арналған санында келтірілген Қолостықтарға 1:11-ге көзім түсті. Мен қиындықтарға төзуге тырысып жүрсем де, маған бір нәрсенің жетіспейтінін түсіндім. Мен бәріне жай ғана емес, “шыдамдылықпен және қуанышпен төзуім” керек еді. Бұл тармақ маған қуанышты болуым қандай да бір жағдайға емес, киелі рухтың өміріме қалай әсер етіп жатқанына байланысты екенін есіме салды”.

10 Филип пен Мэри бар назарларын қызмет етуге аударғандықтан, Ехоба оларды көптеген жолмен жарылқады. Бетелден кеткеннен кейін көп ұзамай екеуі де зерттеу сабақтарын бастапты. Зерттеушілері Киелі кітапты зор ықыласпен зерттеп, рухани қадамдар жасады. Мэри былай деп бөлісті: “Зерттеушілеріміз біз үшін зор бата болды. Ехоба бізге бәрі жақсы болады деп жатқандай болды”.

ЕХОБАНЫҢ БАТАСЫНА КЕНЕЛУ ҮШІН ӘРЕКЕТ ЕТІҢІЗ

Өмірімізде өзгерістер орын алғанда, Жүсіпке қай жағынан еліктей аламыз? (11—13 абзацтарды қараңыз)

11, 12. а) Ехобаның батасына кенелу үшін Жүсіп не істеді? ә) Ехоба Жүсіпті қалай жарылқады?

11 Өміріміз табан астынан өзгерген кезде, уайымға қатты беріліп, проблемаларымыздан басқа еш нәрсені ойламай кетуіміз мүмкін. Жүсіптің де солай етуіне болар еді. Бірақ ол өз жағдайында қолынан келгеннің бәрін істеуге тырысты. Ол Потифардың үйінде ынты-шынтысымен жұмыс істеді. Кейіннен түрме бастығы қандай тапсырма бермесін оларды жан сала атқарды (Мұсаның 1-жазбасы 39:21—23).

12 Бір күні түрмеге түскен перғауынның екі қызметшісі Жүсіптің қарамағына өтті. Жүсіп оларға мейірімділікпен қарады. Олар өздерін еркін сезінгендіктен, Жүсіпке уайымдары мен түнде көрген түсініксіз түстері жайлы айтып берді (Мұсаның 1-жазбасы 40:5—8). Сол кезде Жүсіп бұл әңгіменің неге әкелетінін білген жоқ. Бірақ содан екі жыл өткеннен кейін ол бостандыққа шығып, Мысырдың беделді билеушісіне айналды. Одан тек перғауын ғана жоғары тұрды (Мұсаның 1-жазбасы 41:1, 14—16, 39—41).

13. Кез келген жағдайда Ехобаның батасына ие болу үшін не істегеніміз жөн?

13 Жүсіп сияқты біз де өзіміз ықпал ете алмайтын жағдайларға тап болуымыз мүмкін. Бірақ сондай жағдайда шыдамдылық танытып, қолымыздан келгенді істей берер болсақ, Ехобаның батасына ие боламыз (Зәбүр 37:5). Тіпті түсініксіз күй кешіп, жағдайымызды уайымдасақ та, үмітсіз не “дәрменсіз күйде” қалмаймыз (Қорынттықтарға 2-хат 4:8, сілтеме). Осындай кезде барымызды салып қызмет етсек, Ехоба жанымыздан табылады.

БАР НАЗАРЫҢЫЗ ҚЫЗМЕТТЕ БОЛСЫН

14-16. Өмірінде әртүрлі өзгерістер болса да, қалайша Філіп қызметтен қол үзбеді?

14 Ізгі хабарды жариялаушы Філіп өмірінде көптеген өзгерістер орын алса да, бар назарын қызметке тіккен. Осы жағынан ол бізге керемет үлгі қалдырды. Бірде ол Иерусалимде жаңа қызметке тағайындалды (Елшілердің істері 6:1—6). Кейін жағдай толығымен өзгерді. Степан өлтірілгеннен кейін мәсіхшілер аяусыз қуғын-сүргінге ұшырап, Иерусалимнен жан-жаққа бытырап кетті. Сол кезде Філіп қызметінен қол үзгісі келмегендіктен, Самария қаласына барды. Өйткені Самарияда ізгі хабарды естімеген көп адам бар еді (Матай 10:5; Елшілердің істері 8:1, 5).

15 Філіп Құдайдың рухы қайда жетелесе, сол жерге баруға дайын болды. Сондықтан Ехоба оны ізгі хабарды әлі естімеген адамдар бар жерлерге жіберді. Көптеген яһудилер самариялықтарға менсінбей қарайтын. Алайда Філіп алалаушылық танытпай, оларға бар ынтасымен ізгі хабарды жеткізді. Ал самариялықтар оны “ұйып тыңдады” (Елшілердің істері 8:6—8).

16 Кейін Құдайдың рухы Філіпті көптеген өзге ұлт адамдары тұратын Азот пен Кесария қалаларына бағыттады. Ол сол жерлерде уағыздауы керек еді (Елшілердің істері 8:39, 40). Сосын Філіптің өмірінде тағы бір өзгеріс орын алды. Ол бір жерде тұрақтап, отбасын құрып, балалы-шағалы болды. Філіп өмірінде қандай өзгеріс орын алса да, қызметтен қол үзбеді. Ал Ехоба Філіп пен оның отбасын жарылқап отырды (Елшілердің істері 21:8, 9).

17, 18. Өмірімізде өзгерістер орын алғанда, назарымызды қызметке тіккеннің қандай пайдасы бар?

17 Жағдайымыз өзгергенде, назарымызды қызметке аударғанымыз қуанышты сақтап қалуға көмектеседі. Бұған көптеген толық уақытты қызметшілердің көздері жеткен. Мысалы, Оңтүстік Африкадағы Осборн және Полайт есімді ерлі-зайыптыны алайық. Олар Бетелден кеткеннен кейін жарты күндік жұмыс пен тұратын жерді тез тауып аламыз деп ойлаған. Бірақ Осборн былай дейді: “Өкінішке қарай, жұмыс біз ойлағандай тез табыла қоймады”. Ал Полайт: “Біз үш ай бойы жұмыс таба алмадық. Жиған-терген ақшамыз да жоқ еді. Біраз қиналып қалдық”,— деп қосты.

18 Осындай қиын шақта Осборн мен Полайтқа не көмектесті? Осборн былай дейді: “Қауыммен бірге қызметке шыққанымыз уайымға берілмей, оң көзқарас сақтауға көмектесті”. Олар үйде отырып уайымдаудың орнына қызметке барынша атсалысуды жөн көрді. Бұл оларға зор қуаныш сыйлады! Олар жұмыс табуға барынша тырысты, ақырында іздегендерін тапты.

ЕХОБАҒА ТОЛЫҚТАЙ СЕНІМ АРТЫҢЫЗ

19-21. а) Бізге жантыныштығын сақтауға не көмектеседі? ә) Күтпеген өзгерістерге бейімделудің қандай пайдасын көреміз?

Өзгерістерге бейімделгеніміздің арқасында Ехобамен достығымыз нығаяды

19 Сонымен өз жағдайымызда қолымыздан келгеннің бәрін істеп, Ехобаға толығымен арқа сүйесек, қандай жағдай орын алмасын жантыныштығын сақтап қала аламыз (Миха 7:7 оқыңыз). Өзгерістерге бейімделгеніміздің арқасында Ехобамен достығымыздың нығайғанын түсінеміз. Жоғарыда айтылған Полайт былай дейді: “Бетелден танапқа тағайындалғанның арқасында қиын жағдайда да Ехобаға арқа сүйеудің не екенін түсіндім. Ехобамен қарым-қатынасым шынымен де нығая түсті”.

20 Алдыңғы абзацтарда айтылған Мэри әлі де өзінің қарт әкесіне күтім жасай жүріп, ізашарлық қызметін атқаруда. Ол былай дейді: “Мен бір нәрсені уайымдаған кезде кідіріп, дұға етіп, сабыр сақтау керектігін түсіндім. Ең бастысы, мен барлық уайымымды Ехобаға тапсыруды үйрендім. Ал болашақта Ехобаға сенім артудың маңыздылығы одан бетер артпақ.”

21 Ллойд пен Александра өзгерістер орын алғанда сенімдерінің күтпеген жолмен сыналғанын айтты. Бірақ олар бұл сынақтардың арқасында біраз нәрсеге үйренді. Енді олар қиындыққа кезіккенде, мықты сенімдерінің арқасында жұбанышқа ие бола алады. Сондай-ақ олар өздерінің адам ретінде де жақсара түскендерін байқады.

Күтпеген өзгерістер бізге күтпеген баталар әкелуі мүмкін! (19—21 абзацтарды қараңыз)

22. Өз жағдайымызда қолымыздан келгеннің бәрін істей берсек, не нәрсеге сенімді болсақ болады?

22 Өміріміз табан астынан өзгеруі мүмкін. Мысалы, біз басқа қызметке тағайындалатын шығармыз, денсаулығымыз нашарлайтын шығар немесе отбасымызда жаңа жауапкершіліктер пайда болар. Бірақ қандай жағдай орын алмасын, Ехоба қамыңызды ойлайтынына және қажет кезінде көмектесетініне сенімді болыңыз (Еврейлерге 4:16; Петірдің 1-хаты 5:6, 7). Өз жағдайыңызда қолыңыздан келгеннің бәрін істей беріңіз. Көктегі Әкеңіз Ехобаға дұға етіп, оған толықтай арқа сүйеуді үйреніңіз. Сонда өміріңізде қандай жағдай орын алмасын, Ехобадан келетін жантыныштығына ие бола аласыз.

^ 4-абзац Біраз жылдан кейін Жүсіп: “Құдай менің шеккен бар азабымды... ұмыттырды”,— деп, тұңғыш ұлына Манаса деген есім берді. Жүсіп ұлын Ехобаның жұбаныш ретінде берген сыйы деп түсінді (Мұсаның 1-жазбасы 41:51, сілтеме).