Шындықты үйретейік
“Уа, Ехоба,.. сенің сөзің — түптамырымен шындық” (ЗӘБҮР 119:159, 160).
1, 2. а) Исаның өміріндегі ең маңызды іс қандай болды және неге? ә) Құдаймен жақсы қызметтес болу үшін не істеуіміз керек?
ИСА МӘСІХ алғашында ағаш ұстасы, кейін ұстаз болды (Марқа 6:3; Жохан 13:13). Ол бұл екі істі де шебер атқарды. Ұста ретінде ол ағаштан қажетті заттар жасап шығару үшін өзінде бар құралдарды қолдануды үйренді. Ал ұстаз ретінде ол Жазбалардағы білімін қолданып, қарапайым адамдарға Құдай Сөзіндегі шындықты түсіндірді (Матай 7:28; Лұқа 24:32, 45). Иса 30 жасқа толғанда, ұсталықты тастап, ұстаздық қызметіне кірісті, өйткені бұл өміріндегі ең маңызды іс екенін түсінді. Ол жерге келуінің бір себебі Құдай Патшалығы жайлы ізгі хабарды уағыздау екенін айтты (Матай 20:28; Лұқа 3:23; 4:43). Иса уағыз ісін өмірінде бірінші орынға қойды әрі өзгелердің де солай еткенін қалады (Матай 9:35—38).
2 Көбіміз ағаш ұстасы болмасақ та, барлығымыз да ізгі хабарды үйрететін тәлімгерміз. Бұл істің маңызды болғаны сонша — бұған Құдайдың өзі қатысады. Иә, Киелі кітапта: “Біз Құдаймен қызметтеспіз”,— делінген (Қорынттықтарға 1-хат 3:9; Қорынттықтарға 2-хат 6:4). Біз зәбүр жыршысының: “Уа, Ехоба,.. сенің сөзің — түптамырымен шындық”,— деген сөздерімен толықтай келісеміз (Зәбүр 119:159, 160). Сол себепті біз қызметімізде “шындық сөзін дұрыс үйретіп” жүргенімізге көз жеткізгіміз келеді (Тімөтеге 2-хат 2:15 оқыңыз). Сондықтан Киелі кітапты қолдану шеберлігін арттыруға тырысамыз. Бұл — Ехоба мен Иса және Патшалық жайлы тәлім берудегі негізгі құралымыз. Қызметімізді жақсы атқару үшін Ехобаның ұйымы басқа да тиімді құралдармен қамтамасыз етіп отыр. Біз сол құралдарды да қалай қолдану керектігін білуіміз қажет. Олардың бәрі “Тәлім беру құралдары” деп аталады.
3. Қызметте не нәрсеге баса назар аударуымыз қажет және Елшілердің істері 13:48-ге сай, бірінші кезекте кімдерді іздеп-табуымыз керек?
3 Бәлкім, сіз “Бұл құралдар неге “Тәлім беру құралдары” деп аталады, оларды неге “Уағыздау құралдары” демейміз?” деп ойлайтын шығарсыз. Негізі, “уағыздау” деген сөз қандай да бір хабарды жария ету дегенді білдіреді. Ал “тәлім беру” дегеніміз сол хабарды түсіндіруді білдіреді. Соның арқасында адам естіген хабарды ұғып, білгеніне сай әрекет етуге талпынады. Осы дүниенің соңы таяғандықтан, қалған аз уақыттың ішінде адамдармен зерттеу сабағын бастап, шындықты үйретуге бар назарымызды тігуіміз керек. Осылайша олар Мәсіхтің ізбасарлары бола алады. Бұл үшін біз “мәңгі өмірге ыңғай танытқандардың” барлығын құлшыныспен іздеп-тауып, оларға мәсіхші болуға көмектесуіміз керек (Елшілердің істері 13:44—48 оқыңыз).
4. “Мәңгі өмірге ыңғай танытқан” адамдарды қалай анықтауға болады және оларды қалай таба аламыз?
4 Біз “мәңгі өмірге ыңғай танытқан” адамдарды қалай таба аламыз? Алғашқы мәсіхшілер ондай адамдарды тек уағыздау арқылы ғана таба алған. Иса шәкірттеріне: “Қай қалаға, қай ауылға кірсеңдер де, өздеріңді және әкелген хабарларыңды қабылдауға лайық адамды іздеңдер”,— деп айтқан (Матай 10:11). Бүгінде біз де солай етуіміз керек. Әрине, егер адам ақжүрек болмаса, өркөкірек болса не Құдай туралы мүлдем білгісі келмесе, ондайлар ізгі хабарды тыңдайды деп күтпейміз. Біз ақжүрек, кішіпейіл және шындықты білгісі келетін адамдарды іздейміз. Осы іздеу жұмысын Исаның ағаш ұстасы болған кездегі жұмысымен салыстырсақ болады. Иса қандай да бір жиһаз, есік, мойынағаш не тағы басқа нәрсе жасамас бұрын, жарамды жақсы ағаш табуы қажет еді. Сосын құрал-саймандарын алып, өз қабілеттерін іске қосып, әлгі заттарды жасай алатын. Сол сияқты, біз де алдымен ақжүрек адамдарды табуымыз керек. Кейін оларға шәкірт болуға көмектесу үшін құралдарымызды қолданып, қабілеттерімізді іске қоса аламыз (Матай 28:19, 20).
5. Тәлім беру құралдарымыз жайлы нені білгеніміз абзал? Мысал келтіріңіз. (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)
5 Әрбір құрал-сайманның өз мақсаты бар. Кезінде Иса қолданған құралдарды мысалға алайық *. Оған ағашты өлшеуге, белгілеуге, кесуге, тесуге және оның пішінін келтіруге, сондай-ақ ағаштың бөліктерін өзара біріктіруге құрал-саймандар қажет болған. Сол сияқты “Тәлім беру құралдарының” ішіндегі әр басылымның өз мақсаты бар. Ендеше сол қажетті құралдарды қалай қолдана алатынымызды қарастырайық.
БІЗДІҢ КІМ ЕКЕНІМІЗДІ КӨРСЕТЕТІН ҚҰРАЛДАР
6, 7. а) Байланыс карталары қандай мақсатпен шығарылған? ә) Шақыру қағазының қандай артықшылықтары бар?
6 Байланыс карталары. Бұл құралдың пішіні шағын болса да, өте тиімді.
Оған қарап адамдар біздің кім екенімізді біледі, әрі бірден jw.org сайтына назар аударады. Осы сайтқа кіріп, адамдар біз жайлы көбірек біледі, тіпті Киелі кітапты зерттеу сабағына өтініш бере алады. Осы уақытқа дейін jw.org сайты арқылы 400 000-нан аса адам зерттеу сабағына өтініш берген. Мұндай өтінішті күн сайын жүздеген адам толтырады. Сіз де байланыс карталарының бірнешеуін қасыңызда алып жүріп, сөйлескен адамдарға берсеңіз болады.7 Шақыру қағазы. Баспа жүзінде шығарылған шақыру қағазында мынадай мәтін бар: “Біз сізді Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеуге шақырамыз”. Әрі қарай қалай зерттеуге болатынына қатысты 2 ұсыныс берілген: “көпшілікке арналған кездесулерімізде” және “сабақ жеке өзіңізбен де өткізіледі”. Сонымен шақыру қағазы біздің кім екенімізді көрсетеді, әрі “Құдайды танып-білгісі келетіндерді” бізбен бірге Киелі кітапты зерттеуге шақырады (Матай 5:3). Әрине, адам зерттеу сабағын бастасын-бастамасын, олар үшін қауым кездесуінің есігі ашық. Қауымға келгенде, олар Киелі кітап жайлы көп білуге болатынын көреді *.
8. Адамның қауымға бір рет келгенінің өзі қандай нәтиже беруі мүмкін? Мысал келтіріңіз.
8 Адамдарды қауымға, олар тіпті бір-ақ рет келсе де, шақыра бергеніміз дұрыс. Мұның қандай пайдасы бар? Жиналысқа келгенде олар біздің жалған діннен айырмашылығымызды, яғни Ехоба куәгерлері Киелі кітаптағы шындықты үйрететінін және Құдайды танып-білуге көмектесетінін өз көздерімен көреді (Ишая 65:13). Осыдан біраз жыл бұрын Құрама Штаттарда тұратын Рэй және Линда есімді бір ерлі-зайыпты сол айырмашылықты байқаған. Олар Құдайға сенетін әрі оны жақсырақ танығысы келген екен. Содан қалаларындағы барлық шіркеулерге барып көруді ұйғарыпты. Олар мүшелікке қосылмас бұрын екі жайтқа назар аудармақшы болады. Біріншісі, шіркеуден білім ала алу керек. Екіншісі, шіркеу мүшелерінің киімі Құдайға қызмет ететіндерге лайық болу керек. Осылай шіркеулердің бәрін аралап шығуға олардың бірнеше жылы кетеді, өйткені ол қалада шіркеулер өте көп еді. Бірақ бұдан қатты көңілдері қалады. Өйткені мардымды ештеңеге үйренбейді, шіркеу мүшелерінің киімі де лайықсыз болады. Тізімдеріндегі ең соңғы шіркеуге кіріп шыққан соң, Линда жұмысқа кетеді де, ал Рэй үйге қайтады. Үйіне бара жатып, ол Патшалық сарайының жанынан өтеді. Сонда ол: “Мына жақты да көре салайыншы”,— деп ойлайды. Содан ішіне кіргенде, іздегенін тапқанын түсінеді! Өйткені Патшалық сарайындағы әрбір адамнан жылулық есіп тұрды, киімдері де әп-әдемі болды. Рэй алдыңғы қатарға отырып, алған біліміне көңілі толды. Бұл жағдай елші Пауылдың сөздерін еске салады. Пауыл қауымға алғаш келетін адамның сезімін сипаттай келе, оның: “Құдай шынымен сендердің араларыңда!”— дейтінін айтқан (Қорынттықтарға 1-хат 14:23—25). Бұдан кейін Рэй әр жексенбі сайын кездесулерге барып тұрады. Кейін апта ішіндегі кездесулерге де бара бастайды. Сосын оған Линда да қосылады. Жастары 70-тен асса да, олар Киелі кітапты зерттеп, шомылдыру рәсімінен өтеді.
ӘҢГІМЕ БАСТАУҒА КӨМЕКТЕСЕТІН ҚҰРАЛДАР
9, 10. а) Буклеттерді қолдану несімен ыңғайлы? ә) “Құдайдың үкіметі жайлы естігенсіз бе?” деген буклетті қалай қолдануға болады? Түсіндіріңіз.
9 Буклеттер. Тәлім беру құралдарының ішінде 8 буклет бар. Олар қолдануға жеңіл әрі олардың көмегімен әңгіме бастау оңай. Алғашқы буклеттер 2013 жылы жарық көргеннен бері, олардың 5 миллиардтай данасы басып шығарылды. Буклеттердің пішіні бірдей. Егер олардың біреуін қолдануды үйреніп алсаңыз, қалғандарын да қолдана аласыз. Адаммен әңгіме бастау үшін буклетті қалай қолдануға болады?
10 Бәлкім, сіз “Құдайдың үкіметі жайлы естігенсіз бе?” деген буклетті қолданғыңыз келер. Ол үшін алдымен адамға мұқабасындағы сұрақты көрсетіңіз. Сосын сол беттегі үш жауаптың біреуін таңдауға мүмкіндік беріңіз. Адамның жауабы қандай болмасын, бірден буклеттің ішіндегі “Киелі кітапта бұл жайлы не делінген?” деген сұраққа назарын аударып, Даниял 2:44 пен Даниял 7:14-ті оқып беріңіз. Әңгіменің соңында буклеттің соңғы бетін ашып, ондағы “Құдайдың үкіметі билік еткенде, өмір қандай болады?” деген сұрақты көрсетіңіз. Сол сұрақты келесі әңгімеге арқау етсеңіз болады. Келесі кездескенде “Қуанышты хабар” кітапшасының 7-сабағына назар аударыңыз. Бұл кітапша — зерттеу сабағын бастауға арналған құралдардың бірі.
КИЕЛІ КІТАПҚА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ОЯТАТЫН ҚҰРАЛДАР
11. Журналдарымыз қандай мақсатпен жасалған және олар жайлы нені білгеніміз жөн?
11 Журналдар. “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналдары дүниежүзі бойынша ең көп басып шығарылатын және ең көп тілге аударылатын журналдар! Оларды әртүрлі елдегі адамдар оқитындықтан, олардың мұқабасындағы тақырыптар барлық жердегі адамдарға қызықты болатындай етіп жасалған. Біз осы журналдарды қолданып, адамдарға өмірдегі ең маңызды нәрсенің не екенін түсінуге көмектесуіміз қажет. Бұл үшін алдымен қай журналдың қандай адамдарға арналғанын біліп алуымыз керек.
12. а) “Ояныңдар!” журналы кімдерге арналған және қандай мақсатпен шығарылған? ә) Осы құралды қолданғаныңызда қандай қызықты оқиғалар болды?
12 “Ояныңдар!” журналы Киелі кітап туралы өте аз білетін не мүлдем білмейтін адамдарға арналған. Ондай адамдар Киелі кітаптың ілімдері жайлы мүлдем білмеуі мүмкін, дінге сенім артпауы немесе Киелі кітаптың жеке өмірлеріне пайдасы жоқ деп ойлауы мүмкін. “Ояныңдар!” журналының басты мақсаттарының бірі — сондай адамдарға Құдайдың бар екенін түсінуге көмектесу (Римдіктерге 1:20; Еврейлерге 11:6). Сондай-ақ бұл журнал Киелі кітаптың шынымен де “Құдай сөзі” екеніне оқырманның көзін жеткізуге көмектеседі (Салоникалықтарға 1-хат 2:13). 2018 жылда жарық көрген “Ояныңдар!” журналының алғашқы үшеуінің атаулары келесідей: “Бақытқа бастар жол”, “Отбасы жарасымының 12 құпиясы” және “Жаралы жүректің емі”.
13. а) “Күзет мұнарасының” көпшілікке арналған саны кімдерге арналған? ә) Осы құралды қолданғанда, қандай қызықты оқиғаларды бастан өткіздіңіз?
13 “Күзет мұнарасының” көпшілікке арналған саны Құдай мен Киелі кітапқа құрметпен қарайтын адамдарға Киелі кітаптың Римдіктерге 10:2; Тімөтеге 1-хат 2:3, 4). 2018 жылы шыққан “Күзет мұнарасының” алғашқы үш саны мына сұрақтарға жауап береді: “Киелі кітап ескіріп қалды ма?”, “Болашағымыз қандай болмақ?” және “Құдайға бәрібір ме?”.
ілімдерін түсінуге көмектеседі. Олардың Киелі кітаптан қандай да бір хабары болса да, оның ілімдері жайлы тура білімдері болмауы мүмкін (ӘРЕКЕТКЕ ТАЛПЫНДЫРАТЫН ҚҰРАЛДАР
14. а) Тәлім беру құралдарындағы төрт бейнеролик қандай мақсатпен шығарылған? ә) Бұл бейнероликтерді адамдарға көрсеткенде, қандай қызықты оқиғалар болғанын айтып беріңіз.
14 Бейнероликтер. Исаның күндерінде ағаш ұсталары тек қол еңбегі құралдарын қолданған. Бүгінде ағаш ұстасы электр күшімен жұмыс істейтін құралдарды да пайдаланады. Мысалы, электр арасы, электр бұрғысы мен электр ажарлағышын. Сол сияқты біз де уағызда баспа әдебиеттерімен қатар бейнероликтерді де қолданамыз. Солардың төртеуі “Тәлім беру құралдарымызға” кіреді. Олар “Киелі кітапты оқудың қандай пайдасы бар?”, “Киелі кітап зерттеу сабағы қалай өтеді?”, “Патшалық сарайында не үшін жиналамыз?” және “Ехоба куәгерлері деген кімдер?” атты бейнероликтер. Екі минутқа да жетпейтін бұл бейнероликтердің қысқа нұсқасын адамға алғаш рет барғанда көрсету өте ыңғайлы. Ал толық нұсқасын адамға қайта барғанда немесе уақыты бар адамдарға көрсетуге болады. Бұл бейнероликтер керемет құралдар. Өйткені адамдар оларды көргенде, Киелі кітапты зерттеуге және қауым кездесулеріне келуге ықыластары оянады.
15. Бейнероликтерімізді өз ана тілінде көргендері адамдарға қалай әсер етуі мүмкін? Мысалдар келтіріңіз.
15 Мысалы, бір бауырласымыз Микронезиядан көшіп келген бір әйелді кездестіреді. Оның ана тілі яп тілі екен. Сөйтіп, оған сол тілде “Киелі кітапты оқудың қандай пайдасы бар?” деген бейнероликті көрсетеді. Бейнеролик ойнай бастағанда, әлгі әйел: “Мынау менің тілімде ғой! Сене алар емеспін, бұл кісі менің тілімде сөйлеп жатыр. Қалай сөйлегеніне қарағанда, біздің аралда тұратын сияқты!”— дейді. Сосын ол jw.org сайтынан өз ана тіліндегі барлық әдебиеттерді оқып, бейнероликтерді көріп шығатынын айтады (Елшілердің істері 2:8, 11 салыстырыңыз). Ал Құрама Штаттарда тұратын бір бауырласымыз туысқанына дәл сол бейнероликтің сілтемесін жібереді. Ол кісі басқа құрлықта тұрады екен. Ол өз ана тіліндегі сол бейнероликті көріп болған соң, бауырласымызға: “Бейнероликтегі осы дүниені зұлым күш билеп отыр деген сөздер маған ерекше әсер етті. Содан мен Киелі кітапты зерттеуге өтініш толтырдым”,— деп жазып жіберіпті. Ол кісінің ісімізге тыйым салынған жерде тұратынын ескерсек, бұл оқиға шынымен де көңіл толқытарлық!
ШЫНДЫҚТЫ ҮЙРЕТЕТІН ҚҰРАЛДАР
16. Төмендегі кітапшалар қандай мақсатпен шығарылғанын айтып беріңіз: а) “Құдайды тыңдаңыз, сонда мәңгі жасайсыз”, ә) “Құдайдан келген қуанышты хабар”, б) “Бүгінде Ехоба Құдайдың еркін кім орындауда?”
16 Кітапшалар. Ал егер адам жақсы оқи алмаса не оның ана тілінде ешқандай әдебиеттеріміз болмаса ше? Ондай адамдарға шындықты қалай үйрете аламыз? Мұндай жағдайда “Құдайды тыңдаңыз, сонда мәңгі жасайсыз” деген кітапшаны қолдана аламыз. Ал “Құдайдан келген қуанышты хабар” деген кітапша — Киелі кітап зерттеу сабағын бастауға көмектесетін керемет құрал. Адамға бұл кітапшаның соңғы бетінде көрсетілген он төрт сабақты көрсетіп, олардың қайсысы көбірек қызықтыратынын сұрасаңыз болады. Кейін сол сабақты ашып, онымен зерттеуді бастасаңыз болады. Адамдарға қайта барғанда, осылай етіп көргенсіз бе? Тәлім беру құралдарының ішіне “Бүгінде Ехоба Құдайдың еркін кім орындауда?” деген кітапша да кіреді. Бұл кітапша зерттеушілерді ұйымымызбен таныстыруға арналған. Оны адаммен зерттеу барысында қалай қолдануға болатынын білгіңіз келсе, 2017 жылғы “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміздің” наурыз айындағы санын қараңыз.
17. а) Зерттеуге арналған осы екі кітаптың әрқайсысының мақсаты қандай? ә) Адам шомылдыру рәсімінен өтіп қойса да, не істеуі қажет және неге?
17 Кітаптар. Кітапшамен зерттеу сабағын бастағаннан кейін, кез келген уақытта “Киелі жазбалардан не білеміз?” кітабына көшсеңіз болады. Бұл құрал зерттеушіге Киелі жазбалардың негізгі ілімдерін жақсырақ түсінуге көмектеседі. Егер зерттеуші рухани алға басып жатса, бұл кітапты бітірген соң, “Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар” * деген кітаппен зерттеуді жалғастырсаңыз болады. Бұл кітап зерттеушіге Киелі кітап принциптерін өз өмірінде қалай қолдануға болатынын үйретеді. Есіңізде болсын, тіпті зерттеуші шомылдыру рәсімінен өтіп қойса да, бұл екі кітапты соңына дейін зерттеуі қажет. Осылай еткені зерттеушіге Ехобаға деген берік сенім дамытуға және оған адал болып қалуға көмектеседі (Қолостықтарға 2:6, 7 оқыңыз).
18. а) Тімөтеге 1-хат 4:16-ға сай, шындықты үйретуші ретінде не істеуіміз қажет және бұның нәтижесі қандай болуы мүмкін? ә) Тәлім беру құралдарын қолданғанда, қандай мақсатты көздеуіміз керек?
18 Ехоба куәгері болғандықтан, бізге мәңгілік өмірге жеткізетін “ізгі хабардың шынайы сөздерін” адамдарға үйрету міндеті жүктелген (Қолостықтарға 1:5; Тімөтеге 1-хат 4:16 оқыңыз). Бұл орайда бізге көмек болатын тәлім беруге арналған құралдарымыз бар (“ Тәлім беру құралдары” деген қоршауды қараңыз). Осы құралдарды қолданудың майталманы болуға тырысайық. Әрқайсысымыз қай кезде қандай құралды қолдануды өзіміз шеше аламыз. Бірақ біздің мақсатымыз тек әдебиет ұсыну еместігін естен шығармайық. Сондай-ақ әдебиетті ізгі хабарға қызықпайтын адамдарға ұсынбаймыз. Біздің мақсатымыз — “мәңгі өмірге ыңғай танытқандарға”, яғни Құдайды шынымен танығысы келетін ақжүрек те кішіпейіл адамдарға Исаның шәкірті болуға көмектесу (Елшілердің істері 13:48; Матай 28:19, 20).
^ 5-абзац 2010 жылғы “Күзет мұнарасының” 1 тамызындағы “Ағаш ұстасы” деген мақала мен “Ағаш ұстасының құрал-саймандары” деген қоршауды қараңыз.
^ 7-абзац Байланыс карталары мен шақыру қағаздарын қолданарда жергілікті заңи ахуалды ескеріңіз. Бұл туралы ақсақалдардан сұрасаңыз болады.
^ 17-абзац “Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар” кітабының жеңілдетілген нұсқасы қазақ тілінде жарық көргенде, сол кітапқа көшіңіз.