Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Олар жалған діннің құрсауынан босады

Олар жалған діннің құрсауынан босады

“Менің халқым,.. одан шық!” (АЯН 18:4).

ӘНДЕР: 101, 93

1. Құдай халқы Ұлы Бабылдың тұтқындығынан босатылмақ болғанын қайдан білеміз және қандай сұрақтардың жауабын аламыз?

ӨТКЕН мақаладан біз адал мәсіхшілердің қалай Ұлы Бабылдың тұтқындығына түскенін білдік. Бірақ, бір қуантарлық жайт, олар мәңгі бақи тұтқын болып қала бермейтін еді. Өйткені егер олар жалған діндер империясының ықпалынан ешқашан шыға алмайтын болса, Құдайдың “Менің халқым, одан шық!” деген бұйрығының еш мәні болмас еді (Аян 18:4 оқыңыз). Ендеше, біз Құдай халқының Бабылдың уысынан қашан толықтай босағанын білуге асықпыз! Бірақ алдымен мына сұрақтардың жауабын алуымыз қажет: Киелі кітап зерттеушілері 1914 жылға дейін-ақ Ұлы Бабылға қатысты не нәрсеге бекінген еді? Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде бауырластар уағыз ісінде қаншалықты белсенді болды? Сол уақыттары Құдай халқы түзетуді қажет еткендіктен Бабылдың тұтқынына айналды ма?

“БАБЫЛДЫҢ ҚҰЛАУЫ”

2. Алғашқы Киелі кітап зерттеушілері Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін-ақ қандай көзқарас ұстанды?

2 Бірінші дүниежүзілік соғыстан (1914—1918) көптеген жыл бұрын Чарлз Тейз Расселл мен басқа да Киелі кітап зерттеушілері мәсіхшілер әлемінің Киелі кітаптағы шындықты үйретпейтінін аңғарды. Сондықтан жалған дінмен еш байланыспауды шешті. Тіпті сонау 1879 жылдың қарашасындағы “Сион күзет мұнарасында” олар өздерінің Жазбаларға негізделген көзқарасын тіке айтып былай деді: “Исаның пәк қалыңдығымыз дейтін, бірақ, шын мәнінде, осы дүниемен (аңмен) бірлесіп, оған қолдау көрсететін әрбір шіркеуді, жазбалардың тілімен айтқанда, жезөкше шіркеу (Ұлы Бабылды айтып тұр) деп айыптауға тиіспіз” (Аян 17:1, 2 оқыңыз).

3. Бұдан былай жалған дінге еш қатысы жоқ екендерін көрсету үшін Киелі кітап зерттеушілері қандай батыл әрекетке барды? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

3 Құдайға адал ерлер мен әйелдер әрі қарай да жалған діни ұйымдарды қолдайтын болса, Құдайдың батасына ие болмайтындарын түсінді. Сондықтан көбісі енді шіркеудің мүшесі болғысы келмейтіндерін айтып, шіркеулеріне хаттар жазып жіберді. Кейбірі тіпті хаттарын бүкіл шіркеудің алдында оқып берді. Ал жұрт алдында оқуға рұқсат етілмеген жерлерде олар шіркеудің әрбір мүшесіне хат жолдады. Олар бұдан былай жалған дінмен еш ортақтасқысы келмейтіндерін анық көрсетті! Бұған дейінгі заманда олар бұндай батыл әрекеті үшін өлім құшар еді. Алайда 1870 жылдары көптеген елде үкіметтер шіркеуді бұрынғыдай қолдап-қолпаштауын қойды. Енді адамдар жазаланамыз деп қорықпастан, діни мәселелерді еркін талқыға салып, шіркеумен келіспейтіндерін ашық білдіре алды.

4. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Киелі кітап зерттеушілері Ұлы Бабылға қатысты не істеп жатты?

4 Киелі кітап зерттеушілері жалған дінді қолдамайтындарын тек отбасына, достарына және шіркеу мүшелеріне ғана айтып қоя салмау керектігін түсінді. Олар Ұлы Бабылдың діни жезөкшелігін бүкіл әлемге жария еткісі келді! Сөйтіп, 1917 жылдың желтоқсаны мен 1918 жылдың басы аралығында бірнеше мың ғана Киелі кітап зерттеушілері “Бабылдың құлауы” деген мақаласы бар буклеттің 10 000 000 данасын құлшына таратып шықты! Бұл буклет мәсіхшілер әлемінің бетпердесін ашып, батыл әшкереледі. Сонда шіркеу жетекшілерінің қаһарға мінгені айтпаса да түсінікті! Бұдан еш сескенбеген Киелі кітап зерттеушілері алған беттерінен қайтпады. Олар “билеуші ретінде Құдайға мойынсұну” шешіміне бекем болды (Елшілердің істері 5:29). Бұдан қандай ой түйеміз? Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде бұл адал мәсіхшілер Бабылдың тұтқындығына түскен жоқ, қайта, жалған діннің құрсауынан босап жатты, әрі өзгелерге де солай етуге көмектесіп жатты.

БІРІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫС КЕЗІНДЕГІ ҚҰЛШЫНЫС

5. Неге Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде бауырластарымыз өте құлшынысты болды деп айта аламыз?

5 Бұрындары Бірінші дүниежүзілік соғыс барысында құлшыныспен уағыздамағандықтан, Құдай өз халқына ықыласын түсірмеді деп ойлағанбыз. Сондықтан да Ехоба Ұлы Бабылдың оларды аз уақытқа тұтқынға алуына жол берді деп тұжырымдадық. Алайда 1914—1918 жылдары қызмет еткен адал бауырластардың айтқандарынан сол кезде Құдай халқы уағыз ісін доғармау үшін топ ретінде барын салғаны анық болды. Сол кездегі теократиялық тарихымызды анығырақ түсінгеніміз Киелі кітапта айтылған кейбір оқиғаларды ұғынуға көмектеседі.

6, 7. а) Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Киелі кітап зерттеушілері қандай қиындықтарға кезікті? ә) Киелі кітап зерттеушілері белсенді болғанын қайдан білеміз?

6 Шындығында, Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Киелі кітап зерттеушілері керемет куәлік берген. Бірақ бұл оңайға соқпады, өйткені бірталай кедергі болды. Солардың екеуіне тоқталып өтейік. Біріншіден, сол уақыттары олар көбінесе Киелі кітапқа негізделген басылымдарды үлестірумен айналысқан еді. Ал 1918 жылдың басында үкімет “Құпия жүзеге асты” деген кітапқа тыйым салған кезде, бауырластардың көпшілігіне уағыздау қиынға соқты. Олар тек Киелі кітаппен ғана уағыздауды әлі жақсы білмейтін, әрі “Құпия жүзеге асты” кітабы өздерінің орнына “сөйлейтініне” арқа сүйеп қалған-ды. Ал екінші жайт — 1918 жылы испан тұмауының жаппай таралуы. Бұл жойқын індет жариялаушылардың ары-бері еркін жүріп-тұруына тосқауыл болды. Бірақ осы және басқа да қиындықтарға қарамастан, Киелі кітап зерттеушілері уағыз ісін қолдан келгенше жалғастыра берді.

Киелі кітап зерттеушілерінің құлшынысы күшті болған! (6, 7-абзацты қараңыз)

7 1914 жылы Киелі кітап зерттеушілерінің шағын тобы “Жаратылыс фотодрамасын” жарыққа шығарды. Жылжымалы суреттері әуенмен сүйемелденген бұл фотодрама сол уақыт үшін керемет жетістік еді. Бұл “Драмада” адамзаттың жаратылысынан бастап, Мәсіхтің мыңжылдық билігінің соңына дейінгі оқиғалар көрсетілді. Сол 1914 жылдың өзінде оны 9 000 000-нан астам жұрт тамашалады. Ойлап қарасаңыз, бұл қазіргі дүниежүзіндегі Ехоба куәгерлерінің санынан асып түседі! Ал басқа есепке сай, 1916 жылы Құрама Штаттардағы көпшілікке арналған кездесуге 809 393 адам қатысқан, ал 1918 жылы олардың саны 949  444-ке жеткен. Расында да, Киелі кітап зерттеушілерінің құлшынысы күшті болған!

Жауапты бауырластар Киелі кітап зерттеушілерін рухани аспен қамтамасыз етіп, жігерлендіру үшін еш аянбады

8. Жауапты бауырластар соғыс кезінде Киелі кітап зерттеушілерін қалай нығайтты?

8 Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде жетекшілікті қолға алған бауырластар жан-жақтағы Киелі кітап зерттеушілерін рухани аспен қамтамасыз етіп, жігерлендіру үшін еш аянбады. Осының арқасында олар нығайып, уағыз ісін жалғастыра алды. Сол уақытта құлшыныспен қызмет еткен Ричард Барбер былай деп есіне алды: “Бізде өз қызметін атқарып жүрген бірнеше аралаушы бақылаушы болды, сондай-ақ “Күзет мұнарасын” үздіксіз шығарып, тіпті бұл журналға тыйым салынған Канадаға жіберіп тұра алдық... Мен “Құпия жүзеге асты” кітабының қалтаға сиятын көлемдегі біраз данасын достарыма пошта арқылы жіберіп отырдым, өйткені олардың өз кітаптары тәркіленген болатын. Рутерфорд бауырлас бізге батыс Құрама Штаттардың бірнеше қаласында облыстық конгрестер ұйымдастырып, достарымызға қолдан келгенше жігер беру үшін баяндамашыларды жіберуді айтты”.

КЕЙБІР ТҮЗЕТУЛЕР ҚАЖЕТ БОЛДЫ

9. а) Неге Құдай халқы 1914—1919 жылдары түзетуді қажет етті? ә) Құдай халқы түзетуді қажет еткенмен, бұл нені білдірмейді?

9 1914—1919 жылдары Киелі кітап зерттеушілерінің әлі де түзелу керек жақтары болды. Мысалы, олар мемлекетке мойынсұнуға қатысты принципті толық түсінбеді (Римдіктерге 13:1). Сол себептен де топ ретінде олар соғысқа қатысты әрдайым бейтараптық сақтай бермеген. Мәселен, Құрама Штаттардың президенті 1918 жылы 30 мамырды тыныштық сұрап дұға ететін күн етіп белгілегенде, “Күзет мұнарасы” да Киелі кітап зерттеушілерін дұға етуге шақырды. Кей бауырластар соғысқа қаржылай қолдау көрсетті, олардың арасында тіпті қолдарына қару алып, соғысқа аттанғандар да болды. Олардың біраз түзетуді қажет еткені рас, бірақ Ұлы Бабылдың тұтқындығына түсулеріне осы жайт себеп болды деп тұжырымдау дұрыс болмас еді. Керісінше, Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде олар дүниежүзілік жалған діндер империясынан толықтай дерлік бөлініп шықты деуге болады (Лұқа 12:47, 48 оқыңыз).

Киелі кітап зерттеушілері бейтараптықты анық түсінбесе де, Киелі кітап адамды өлтіруге тыйым салатынын жақсы білді

10. Киелі кітап зерттеушілері өмірді құрметтейтіндерін қалай көрсетті?

10 Киелі кітап зерттеушілері мәсіхшілік бейтараптық дегенді қазіргі біз сияқты анық түсінбесе де, олар бір жайтты нақты білді: Киелі кітап адамды өлтіруге тыйым салады. Сондықтан тіпті соғыс алаңына барып, қару асынған бірнеше бауырластың өзі қару-жарағын өзгені өмірінен айыру үшін қолданудан үзілді-кесілді бас тартты. Адам өлтіруден бас тартқандардың кейбірі алғы шепке жіберілді, осылай олардың көзін құрту көзделді.

11. Киелі кітап зерттеушілерінің соғысудан бас тартқанына мемлекет қалай қарады?

11 Бауырластардың Құдайға адалдық сақтауға тырысқаны Ібілістің ашуын қоздырғаны анық. Содан ол оларды “заңды пайдаланып пәлеге ұшыратуды ойластырды” (Зәбүр 94:20). Құрама Штаттар әскерінің генерал-майоры Джеймс Франклин Белл бірде Рутерфорд пен Ван Амбург бауырластарға мемлекет қолына қару алып, соғысудан бас тартқан адамды өлімге кесуге мүмкіндік беретін жаңа заң қабылдамақ болғанын айтты. Ол әсіресе Киелі кітап зерттеушілеріне меңзеп тұрған еді. Генерал Белл ызаға булығып, Рутерфорд бауырласқа: “Бұл заң жобасының жүзеге асуына [Құрама Штаттардың президенті] Вильсон кедергі жасады. Бірақ біз көздеріңді қалай құрту керектігін білеміз, әрі құртамыз да!”— деді.

12, 13. а) Неге жауапты сегіз бауырлас ұзақ мерзімді жазаға кесілді? ә) Түрмеге қамалғаны оларды мінсіздіктерінен тайдырды ма? Түсіндіріңіз.

12 Үкімет, ақыры, Киелі кітап зерттеушілерін жазалаудың жолын тапты. Күзет мұнарасы қоғамының өкілдері Рутерфорд, Ван Амбург пен тағы алты бауырлас қамауға алынды. Үкім шығарылар кезде судья былай деді: “Мына кісілердің жүргізіп жүрген діни үгіт-насихаты неміс сарбаздарының дивизиясынан да қауіпті. Олар Үкіметтің заң қызметкерлеріне және әскерге шек келтіргенімен қоймай, күллі шіркеудегі діни қызметкерлердің бәріне кінә тақты. Олар қатаң жазаға тартылу керек” [1] (32-беттегі сілтемені қараңыз). Сөйтіп, осы сегіз Киелі кітап зерттеушісі ұзақ мерзімді жазаға кесіліп, Атланта қаласындағы (Джорджия, АҚШ) федералдық түрмеге жабылды. Алайда соғыс аяқталғанда, олар ақталып, бостандыққа шықты.

13 Тіпті түрмеде де бұл сегіз бауырлас Құдай заңын берік ұстануға бел буған еді. Бұл олардың Құрама Штаттардың президентіне өздерін түрмеден босатуды сұрап жазған хатынан байқалады. Хаттарында олар Киелі кітап адам өлтіруге тыйым салатынын, сондықтан Құдайға бағышталған, бірақ оған мойынсұнудан саналы түрде бас тартатын әркім Құдайдың ықыласынан айырылып, тіпті жойылып кететінін айтқан. Сол үшін де өздерінің біреуді өлтіре алмайтынын әрі ондайға бармайтынын түсіндірді. Президентке бұлай жазу нағыз батылдық еді! Мінсіздіктен таю бауырластардың ойында да болмағаны айдан анық!

ҚҰДАЙ ХАЛҚЫ АҚЫРЫ АЗАТ БОЛДЫ!

14. 1914—1919 жылдар аралығында қандай жайт орын алғанын сипаттап беріңіз.

14 Малахи 3:1—3 тармақтарда (оқыңыз) Киелі кітап зерттеушілері 1914 жыл мен 1919 жылдың басы аралығында нені бастан кешіргені жайлы сипатталған. “Шынайы Ие” Ехоба Құдай мен “келісім хабаршысы” Иса Мәсіх майланғандарды бейнелейтін “Леуі ұлдарын” тексеруге келді. Ехоба оларды түзетіп, тазартқан соң, олар жаңа тапсырма алуға дайын болды. 1919 жылы Иса Құдайдың бүкіл қызметшісін рухани ас-сумен қамтамасыз ететін “адал да ақылды құлды” тағайындады (Матай 24:45). Құдайдың халқы ақыры Ұлы Бабылдың құрсауынан босады. Сол уақыттан бері олар Ехобаның рақымының арқасында оның еркін біле түсті, әрі көктегі Әкелеріне деген сүйіспеншіліктері де арта берді. Ехобаның батасына кенеліп отырғанына олар дән риза! [2] (32-беттегі сілтемені қараңыз.)

15. Ұлы Бабылдан азат етілгенімізге қуанышты екенімізді қалай көрсете аламыз?

15 Ұлы Бабылдың тұтқындығынан босау неткен қуаныш! Шайтанның жер бетінен шынайы ғибадатты құртамын деген әрекетінен түк шықпады! Алайда Ехоба бізге бұл азаттықты не үшін сыйлағанын ұмытпауымыз керек. Оның мақсаты — барлық адамды құтқару (Қорынттықтарға 2-хат 6:1). Бірақ миллиондаған ақжүрек адам әлі де жалған діннің құрсауында. Біз оларға одан шығудың жолын көрсетуіміз керек. Олай болса, өткен ғасырдағы адал бауырластарға еліктеп, адамдарды азат ету үшін қолдан келгенді істейік!

^ [1] (12-абзац) “Шеруде көрсетілген сенім” (ағ.), А. Х. Макмиллиан, 99-бет.

^ [2] (14-абзац) Яһудилердің Бабыл тұтқындығында болуы мен жолдантаюшылық басталған соң мәсіхшілердің бастан кешкендерінің арасында ұқсастық көп. Дегенмен яһудилердің тұтқындығы майланған мәсіхшілермен не болғанын бейнелейді дей алмаймыз. Сондықтан ондағы әрбір жайттың пайғамбарлық мәнін табуға тырыспауымыз керек. Бұл екі оқиғаның арасында айырмашылықтар жоқ емес. Солардың бірі — яһудилер тұтқында 70 жыл болса, ал мәсіхшілер одан әлдеқайда ұзақ уақыт болған.