Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Құдай оларды түнектен жарыққа шақырды

Құдай оларды түнектен жарыққа шақырды

“[Ехоба] өздеріңді түнектен өзінің тамаша жарығына шақырды” (ПЕТІРДІҢ 1-ХАТЫ 2:9).

ӘНДЕР: 116, 102

1. Иерусалим күйреген кезде қандай жайттар орын алды?

Б. З. Б. 607 жылы II Навуходоносор патша бастаған Бабылдың қалың қолы Иерусалим қаласына шабуылдады. Сол кездегі қантөгіс Киелі кітапта былай сипатталған: “Патша олардың жігіттерін ғибадатханада семсермен өлтірді. Оның қыз-бозбалаға да, кәрі-құртаңға да жаны ашымады... Ол шынайы Құдайдың үйін өртеп, Иерусалимнің қабырғасын құлатып тастады, бекініс мұнараларын да өртеп жіберді. Осылай бағалы нәрселердің бәрін жойды” (Шежірелер 2-жазба 36:17, 19).

2. Ехоба қандай ескерту айтты және яһудилермен не болмақ еді?

2 Иерусалимнің күйреуі яһудилер үшін төбеден жай түскендей болмау керек еді. Өйткені көптеген жылдар бойы пайғамбарлар оларға Құдайдың Заңын аяқасты етулерін қоймаса, бабылдықтардың қолына берілетінін ескерткен болатын. Яһудилердің көбісі семсердің жүзінен қырылып, ал аман қалғандары өмірлерін Бабыл тұтқындығында өткізбек еді (Еремия 15:2). Сол жерде олардың өмірі қандай болды? Бабыл тұтқындығына ұқсас жайтты мәсіхшілер де бастан кешті ме? Кешкен болса, қашан?

ТҰТҚЫНДАҒЫ ӨМІР

3. Бабыл тұтқындығындағы өмірдің Мысыр құлдығындағы өмірден қандай айырмашылығы болды?

3 Ехоба яһудилерге жер аударылған кезде жаңа жағдайға икемделіп, мейлінше тұрмыс-тіршілігін жақсартуға тырысулары керектігін айтқан. Еремия пайғамбар арқылы ол: “Үйлер соғып, сонда тұрыңдар. Бау-бақшалар отырғызып, жемісін жеңдер. Мен өздеріңді жер аудартып жіберген сол қаланың тыныштығын тілеп, Ехобаға дұға етіңдер, өйткені сол жер тыныш болса, сендер де тыныш боласыңдар”,— деген (Еремия 29:5, 7). Ехобаның айтқанына құлақ асқандар Бабылда жақсы дерлік өмір кешті. Бабылдықтар оларға қандай да бір шамада өз істерін жүргізуге және елдің ішінде емін-еркін жүріп-тұруға мүмкіндік берді. Ол уақытта Бабыл сауда орталығы еді. Көне құжаттарға сай, жер аударылған яһудилердің көбісі сауда-саттықты меңгерсе, тағы біреулері қолөнерді игеріп алған. Кейбір яһудилер тіпті байып, бақуатты ғұмыр кешкен. Бабылға жер аударылғандардың өмірі жүздеген жыл бұрын Мысыр құлдығында болған исраилдіктердікінен әлдеқайда жеңіл еді (Мұсаның 2-жазбасы 2:23—25 оқыңыз).

4. Бүлікшіл яһудилермен бірге кімдерге жапа шегуге тура келді және неге олар Заңды толықтай орындай алмады?

4 Тұтқындағы яһудилер материалдық жағынан мұқтаждық көрмесе де, олардың рухани күйлері қандай болды? Ғибадатхана құрбандық ошағымен қоса жойылып кеткен еді, ал діни қызмет ұйымдасқан түрде атқарылып жатқан жоқ-тын. Жер аударылғандар арасында Құдайдың адал қызметшілері де болды. Жазаға лайық ештеңе істемесе де, оларға бүлікшіл халықпен бірге жапа шегуге тура келді. Сонда да олар қолдарынан келгенше Құдай Заңын ұстануға тырысты. Мысалы, Бабылда Даниял мен оның үш досы Шадырақ, Мисақ, Әбдінего яһудилерге тыйым салынған тағамнан бас тартқан. Сондай-ақ, Киелі кітаптан білетініміздей, Даниял Құдайға үздіксіз дұға етіп жүрген (Даниял 1:8; 6:10). Әйткенмен жалған тәңірлерге табынатын халықтың қол астында адал яһудилер үшін Заңды толықтай орындау мүмкін емес еді.

Құдайдың сөзі қашанда жүзеге асады!

5. Ехоба өз халқына қандай уәде берді және неге бұл таңғаларлық уәде еді?

5 Исраилдіктер қайтадан Құдайға ұнамды жолмен толыққанды ғибадат ете алатын күн туа ма? Ол кезде бұл мүмкін еместей көрінсе керек, себебі бабылдықтар тұтқындарды ешқашан босатпайтын. Алайда олардың бұл саясаты Ехобаға кедергі болған жоқ. Ол өз халқының азат етілетінін уәде еткен еді, бұл уәдесі орындалды да. Иә, Құдайдың сөзі қашанда жүзеге асады! (Ишая 55:11).

БІЗДІҢ КҮНІМІЗДЕ ҰҚСАС ЖАҒДАЙ БОЛДЫ МА?

6, 7. Бабыл тұтқындығына қатысты түсінігімізді неліктен өзгерту қажет?

6 Мәсіхшілер Бабыл тұтқындығына ұқсас жағдайды бастан кешкен бе? Көптеген жылдар бойы “Күзет мұнарасы” журналында бүгінгі таңдағы адал мәсіхшілер Бабыл тұтқындығына 1918 жылы түсіп, ал 1919 жылы азат етілді деп түсіндіріліп келді. Алайда осы және келесі мақалада неге бұл түсінігімізді өзгерту қажет екенін қарастырамыз.

Құдайдың майланған қызметшілері Бірінші дүниежүзілік соғыстан көп уақыт бұрын жалған діннен бөлектеніп жатты

7 Мына жайт туралы ойланып көрейікші: Ұлы Бабыл дегеніміз — дүниежүзілік жалған діндер империясы. Олай болса, Құдайдың халқы 1918 жылы Бабыл тұтқындығына түсу үшін, сол уақытта олар жалған діннің құлдығында болу керек еді. Бірақ, айғақтардан көрінетіндей, Құдайдың майланған қызметшілері, керісінше, Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі ондаған жылдар бойы Ұлы Бабылдың құрсауынан босап жатқан еді. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде майланғандардың қуғын-сүргін көргені рас. Бірақ бұл қуғын негізінен жалған діннің емес, мемлекеттердің тарапынан болған. Демек, Ехобаның халқы Ұлы Бабылдың тұтқындығына 1918 жылы түскен жоқ деуге болады.

ҚҰДАЙ ХАЛҚЫ БАБЫЛ ТҰТҚЫНДЫҒЫНДА ҚАШАН БОЛДЫ?

8. Елшілер қайтыс болған соң не болды? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

8 Б. з. 33 жылы Елуінші күн мейрамында мәсіхшілікті қабыл алған мыңдаған адам киелі рухпен майланды. Сөйтіп, олар “таңдалған нәсіл, патша әрі діни қызметкерлер, қасиетті халық және Құдайдың ерекше меншігі” болды (Петірдің 1-хаты 2:9, 10 оқыңыз). Елшілер көздері тірісінде қауымдарға мұқият бас-көз болды. Бірақ кейін, әсіресе елшілер қайтыс болған соң, қауымдарда “шәкірттерді өздерімен әкету үшін... жалған ілімдерді тарататын” ер адамдар пайда болды (Елшілердің істері 20:30; Салоникалықтарға 2-хат 2:6—8). Олардың көбісі бақылаушы ретінде жауапты міндет атқарған, ал кейінірек олар “епископқа” айналды. Осылайша Исаның “сендер өзара бауырлассыңдар” дегеніне қарамастан, діни жетекшілер тобы құрыла бастады (Матай 23:8). Аристотель мен Платонның пәлсапаларына тәнті болған бұл беделді ер адамдар Құдай Сөзіндегі шындықтың орнына солардың идеяларын үйрете бастады.

9. Жолдан тайған мәсіхшілік қалай Рим мемлекетінің қолдауына ие болғанын әрі мұның нәтижесі қандай болғанын сипаттап беріңіз.

9 Б. з. 313 жылы пұтқа табынатын Рим елінің императоры Константин мәсіхшіліктің жолдан тайған осы түрін заңды дін етті. Содан бастап Шіркеу мен Рим үкіметі бір-бірімен қоян-қолтық жұмыс істей бастады. Мысалы, Константин дінбасылармен бірге Никей соборы деп аталып кеткен жиын өткізді. Сол кездесуден кейін император діни қызметкер Арийді Исаны Құдай деп мойындамағаны үшін жер аудартып жіберді. Кейінірек Рим императоры І Феодосийдің тұсында (б. з. 379—395 жж.) Католик Шіркеуі Рим империясының ресми дініне айналды. Тарихшылардың айтуынша, осылай IV ғасырда пұтқа табынушы Рим мемлекеті “мәсіхші ел” болып шыға келді. Бірақ, шындығына келгенде, жолдан тайған мәсіхшілер бұған дейін-ақ пұтқа табынушылардың ілімдерін қабылдап, Ұлы Бабылдың бір бөлігіне айналып кеткен еді. Дегенмен әлі де болса Исаның мысалындағы бидай іспетті адал майланған мәсіхшілер бар болатын. Санаулы ғана олар Құдайға ғибадат етуге барынша тырысты, бірақ оларды тыңдайтындар өте аз болды (Матай 13:24, 25, 37—39 оқыңыз). Олар шынымен де Бабылдың тұтқындығында еді!

10. Ненің негізінде ақжүрек адамдар шіркеу ілімдеріне шек келтіре бастады?

10 Адамдар әлі де Киелі кітапты грек не латын тілінде оқи алатын кезде, олар Құдай Сөзіндегі ілімдер мен шіркеудің ілімдерін салыстыра алған. Киелі кітаптан білгендерінің негізінде олардың кейбірі шіркеудің жалған ілімдерінен бас тартқан. Бірақ өз пікірлерін ашық айту өте қауіпті болатын, өйткені сол үшін олар тіпті өлім құшуы мүмкін еді.

11. Қалайша шіркеу жетекшілері Киелі кітапты өз қадағалауына алды?

11 Уақыт өте келе, грек және латын тілінде сөйлейтіндердің қатары сирей берді. Ал шіркеу жетекшілері Құдай Сөзінің көпшілік түсінетін тілге аударылуына қарсы болды. Нәтижесінде, тек дінбасылар мен кейбір білімді адамдар ғана Киелі кітапты өздері үшін оқи алған, тіпті кейбір дінбасылардың өзі оқу мен жазуды жақсы білмеген. Шіркеудің үйреткендерімен келіспеген әркім аяусыз жазаланатын. Ал адал майланған мәсіхшілер шағын-шағын топ болып қана жиналған, кейбірі болса мүлдем бас қоса алмаған. Кезінде Бабылға жер аударылған яһудилер іспетті, майланған “патша әрі діни қызметкерлер” де қызметтерін ұйымдасқан түрде атқара алмады. Осылай Ұлы Бабыл жұртты уысында қысып ұстады!

ЖАРЫҚТЫҢ СӘУЛЕ ШАША БАСТАУЫ

12, 13. Ұлы Бабылдың адамдарға үстемдігі әлсірей бастауына қандай екі жайт себеп болды? Түсіндіріңіз.

12 Шынайы мәсіхшілер азат етіліп, Құдайға ашық әрі лайықты түрде ғибадат ететін күн келе ме? Иә! Рухани жарықтың сәулесі түнекті сейілте бастады. Бұған екі маңызды жайт себеп болды. Біріншісі — 1450 жылдары жылжымалы құйма әріпті баспа станогының пайда болуы. Батыста осы құрылғы пайда болғанға дейін, Киелі кітап қолмен көшірілген. Бұл, әрине, оңай емес-тін. Шебер көшірмешіге бір ғана Киелі кітапты көшіру үшін он айдай уақыт керек еді. Оның үстіне, көшірмешілер қолданған пергамент (теріден жасалған материал) қымбат тұратын. Сондықтан Киелі кітаптың көшірмелері өте аз әрі қымбат болған. Ал баспа станогының және қағаздың көмегімен ісмер адам күніне 1300-ден астам бет басып шығара алған!

Баспа станогының шығуы мен Киелі кітап аудармашыларының құлшынысының арқасында Ұлы Бабылдың үстемдігі әлсірей бастады (12, 13-абзацты қараңыз)

13 Екінші себеп — Киелі кітаптың аударылуы. 1500 жылдары жүрек жұтқан санаулы адам Құдай Сөзін көпшілік сөйлейтін тілдерге аударды. Өмірлеріне қауіп төнсе де, олар алған беттерінен қайтпады. Шіркеу жетекшілерінің төбе шашы тік тұрды. Өйткені ақжүрек адамдар Киелі кітапты өздеріне қарсы қолданады деп қорықты. Киелі кітап қолжетімді болғанда, жұрт шынымен де оны оқып, оларды мынадай сұрақтардың астына алды: “Күнәдан тазартатын орын туралы Киелі кітаптың қай жерінде жазылған? Марқұмдарға арнап жасалатын діни жоралғылар үшін дінбасыларға ақша төлеу керектігі туралы қай жерінде айтылған? Ал папалар мен кардиналдар туралы ше?” Шіркеудің жалған ілімдерінің басым бөлігі Исаға дейін жүздеген жыл бұрын өмір сүрген Аристотель мен Платонның пәлсапасына негізделген еді. Шіркеу жетекшілері жұрттың сұрақтар қойғанын еш жақтырмады. Олардың үйреткен ілімдерінен бас тартқан ерлер мен әйелдерді шіркеу өлімге кессе, үкімет оны жүзеге асырып отырды. Шіркеу жетекшілері адамдардың Киелі кітапты оқып, сұрақтар қоюын тоқтатқысы келді, көп жағдайда олар дегендеріне жетті. Бірақ Ұлы Бабылдың ырқына көнбеген бірнеше өжет адам болды. Киелі кітаптағы шындықтың дәмін татып көрген олар әлі де көбірек біле түскілері келді! Жалған діннің құлдығынан азат етілетін уақыт жақындап қалған еді.

14. а) Киелі кітапты зерттегісі келгендер не істеді? ә) Расселл бауырлас шындықты қалай іздеген?

14 Шындықты аңсаған көп адам Киелі кітапты оқып, зерттеп, білгендері жайлы бөліскісі келді. Олар не нәрсеге сену керектігін шіркеу жетекшілері айтып отырғанын қаламады. Сондықтан Киелі кітапты еркін зерттеуге мүмкіндік беретін елдерге қашып кетті. Сондай елдердің бірі Құрама Штаттарда 1870 жылдары Чарлз Тейз Расселл мен бірнеше адам Киелі кітапты терең зерттей бастады. Алғашында Расселл бауырлас шындыққа үйрететін дінді таппақ болды. Ол мәсіхшіміз дейтін көп діндердің, тіпті мәсіхшілікке жатпайтын да діндердің, үйрететін ілімдерін Киелі кітапта айтылғандармен мұқият салыстырып шықты. Көп ұзамай Расселл бауырлас сол діндердің ешқайсысы Құдай Сөзін толық ұстанбайтынын көрді. Оның бірнеше жергілікті шіркеу жетекшілерімен сөйлескен кездері де болған. Расселл бауырлас өзі және жолдастары Киелі кітаптан тапқан шындықты діни жетекшілер қабылдап, қауымдарында үйретеді деп үміттенді. Бірақ олар қызығушылық білдірмеді. Содан Киелі кітап зерттеушілері жалған діннен ажырағысы келмейтіндермен бірге Құдайға ғибадат ете алмайтындарын түсінді (Қорынттықтарға 2-хат 6:14 оқыңыз).

15. а) Шынайы мәсіхшілер Ұлы Бабылдың тұтқындығына қашан түсті? ә) Келесі мақалада қандай сұрақтар қарастырылады?

15 Бұл мақаладан біз шынайы мәсіхшілер Ұлы Бабылдың тұтқындығына соңғы елші қайтыс болған соң көп ұзамай түскенін білдік. Алайда біз әлі де келесі сұрақтардың жауабын білуіміз керек: Майланғандар Ұлы Бабылдың тұтқындығынан 1914 жылға дейін шынымен де босай бастағанын қайдан білеміз? Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде қызметшілері уағыз ісін бәсеңдеткеніне Ехобаның көңілі толмағаны рас па? Сол уақыттағы бауырластардың кейбірі мәсіхшілік бейтараптықтарын сақтамай, Ехобаның ықыласынан айырылып қалды ма? Егер мәсіхшілер елшілердің өлімінен кейін жалған діннің тұтқындығына түскен болса, одан қашан азат етілді? Бұл тамаша сұрақтардың жауабын келесі мақаладан көреміз.