Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехобадан келген кітапты қадір тұтасыз ба?

Ехобадан келген кітапты қадір тұтасыз ба?

“Құдай сөзін адамның емес, Құдай сөзі ретінде — шынымен де бұл солай — қабылдадыңдар” (САЛОНИКАЛЫҚТАРҒА 1-ХАТ 2:13).

ӘНДЕР: 114, 113

1—3. Еуодия мен Синтихенің арасында қандай жағдай орын алған болуы мүмкін және қалай мұндай қиындықтардың алдын алуға болады? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

БІЗ Киелі кітапты ерекше қадір тұтамыз, өйткені оның Құдайдан келгенін білеміз. Бұл кітапта бізге қиындықтардың алдын алуға көмектесетін және қателік жасасақ, жөнге салатын кеңестер бар. Олай болса, Киелі кітап кеңестеріне біз қалай қараймыз? Бірінші ғасырда өмір сүрген Еуодия мен Синтихе есімді екі майланған әйелдің жағдайын алайық. Олардың арасында кикілжің туса керек, бірақ не үшін екені Киелі кітапта айтылмаған. Мысал ретінде олармен не болғанын елестетіп көрейік.

2 Еуодия кейбір бауырластарды үйіне қонаққа шақырған болар. Бірақ Синтихені шақырмайды. Кейін Синтихе өзгелердің отырыс қызықты өткені жайлы айтып жүргенін естігенде, қатты көңілі түсіп кетеді. Ол: “Еуодия қалай ғана мені шақырмаған! Екеуміз жан доспыз деп жүрсем”,— деп ойлаған шығар. Синтихеге Еуодия өзін жақтырмай, қашып жүргендей көрінеді. Содан ол дәл сол бауырластарды қонаққа шақырып, Еуодияны шет қалдырады. Бұл жағдай тіпті бүкіл қауымның татулығына сызат түсіруі мүмкін еді. Киелі кітаптан білетініміздей, Пауыл осы екі бауырласты түзетіп, татуласуға шақырған. Олар бұл кеңеске құлақ асып, Ехобаға әрі қарай қуанышпен қызмет еткен болар (Філіпіліктерге 4:2, 3).

3 Біздің күнімізде де қауымда осыған ұқсас жағдайлар орын алуы мүмкін. Мұндай кездері Киелі кітаптағы кеңестерге құлақ ассақ, қиындықтың түйінін шешеміз, тіпті оның алдын аламыз. Киелі кітаптағы нұсқауларды орындағанда, Ехобадан келген осы кітапты шынымен бағалайтынымызды көрсетеміз (Зәбүр 27:11).

КИЕЛІ КІТАП СЕЗІМДІ ТІЗГІНДЕУГЕ ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕСЕДІ?

4, 5. Сезімді тізгіндеуге қатысты Киелі кітапта қандай кеңестер бар?

4 Біреу қатты көңілімізге тигенде не әділетсіздік танытқанда, сезімімізді тізгіндеу оңай бола бермейді. Мысалы, әлдекімнен ұлтымызға, мәдениетімізге не келбетімізге бола қиянат көрсек, күйініп кететін шығармыз. Ал егер бауырласымыз солай етсе, мұның одан бетер жанымызға батары анық. Бұл орайда Құдай Сөзінде бізге көмек болатын қандай кеңестер бар?

5 Адам өз бойын билей алмаса, бұның неге әкеп соғатынын Ехоба жақсы біледі. Ашуланып не ренжіп тұрғанда, біз артынан өкінетін бірдеңе айтып не істеп қоюымыз мүмкін. Киелі кітапта Ехоба бізге өз-өзімізді қолға алуға қатысты кеңес беріп: “Ренжуге асықпа”,— деген. Осы кеңесті қолданып, бірден ренжіп шыға келмесек, қаншама қиындықтың алдын аламыз десеңізші! (Уағыздаушы 7:9; Нақыл сөздер 16:32 оқыңыз). Киелі кітап бізді кешірімшіл болуға да үйретеді. Иса өзгелерді кешірмесек, Ехоба да бізді кешірмейтінін айтқан (Матай 6:14, 15). Өзіңізден көбірек сабырлы әрі кешірімшіл болу керектігін байқайсыз ба?

6. Сезімімізді тізгіндей білмесек, бұл неге әкеп соғуы мүмкін?

6 Сезімімізді тізгіндей білмесек, ашынып, тіпті ішімізден адамды жек көре бастауымыз ықтимал. Я болмаса қауымдағы біреулердің осындай рух танытуына түрткі болуымыз мүмкін. Ашуымызды не жеккөрінішімізді білдіртпеуге тырыссақ та, бұл ертелі-кеш өзгелерге аян болады. Содан бауырластар бізден бойларын аулақ ұстауы мүмкін (Нақыл сөздер 26:24—26). Ақсақалдар Киелі кітапты қолданып, бізге ашу-ыза мен жеккөрініштен арылуға және өзгелерді кешіре білуге көмектеседі (Мұсаның 3-жазбасы 19:17, 18; Римдіктерге 3:11—18). Олар осылай көмектесуге тырысқанда, Ехобаның Сөзіндегі кеңестерге ден қоямыз ба?

ЕХОБА БІЗДІ ҚАЛАЙ ЖЕТЕЛЕЙДІ?

7, 8. а) Ехоба өз халқын қалай жетелейді? ә) Киелі кітапта бізге берілген нұсқаулардың кейбірі қандай және неге оларға мойынсұнуымыз керек?

7 Бүгінгі таңда Ехоба өз ұйымының жердегі бөлігіне тәлім беріп, жетелейді. Бұл үшін Мәсіхті “қауымның басы” етіп тағайындаған. Ал Мәсіх Құдай халқын үйретіп, бағыт-бағдар беру үшін “адал да ақылды құлды” тағайындады (Ефестіктерге 5:23; Матай 24:45—47). Бірінші ғасырдағы басқарушы кеңес сияқты, адал құл да Киелі кітапты Құдай сөзі ретінде қабылдап, қадір тұтады (Салоникалықтарға 1-хат 2:13 оқыңыз). Киелі кітапта біздің игілігіміз үшін берілген кейбір нұсқаулар қандай?

8 Киелі кітап бізге үзбей қауым кездесулеріне барып тұруға қатысты нұсқау береді (Еврейлерге 10:24, 25). Сондай-ақ бірдей ілімдерді ұстануға шақырады (Қорынттықтарға 1-хат 1:10). Киелі кітап Құдай Патшалығын өмірімізде бірінші орынға қоюды айтады (Матай 6:33). Бұған қоса, үйме-үй, көпшілік орындарда және бейресми уағыздауға талпындырады (Матай 28:19, 20; Елшілердің істері 5:42; 17:17; 20:20). Құдайдан келген бұл кітапта мәсіхші ақсақалдарға қауымның тазалығын сақтау жайлы нұсқау беріледі (Қорынттықтарға 1-хат 5:1—5, 13; Тімөтеге 1-хат 5:19—21). Сонымен қатар ол бізді тәндік және рухани жағынан таза болуға шақырады (Қорынттықтарға 2-хат 7:1).

9. Құдай Сөзін түсіндіру үшін Иса кімді тағайындады?

9 Кейбіреулер Киелі кітапты өзіміз түсініп аламыз деп ойлайтын шығар. Алайда Иса рухани ас-су беру үшін жалғыз арна — “адал да ақылды құлды” тағайындаған. 1919 жылдан бері ол Құдай халқына Киелі кітапты түсінуге және оған сай жүріп-тұруға көмектесу үшін осы арнаны қолданып келеді. Киелі кітапта берілген нұсқауларды орындау арқылы қауымның тазалығын, татулығы мен бірлігін сақтаймыз. Сондықтан әрбіріміз: “Бүгінде Иса қолданып жатқан осы ақылды құлдың нұсқауын адал ұстанамын ба?”— деп ойланып көрсек болады.

ЕХОБАНЫҢ АРБАСЫ ЗЫМЫРАП КЕЛЕДІ!

10. Құдай ұйымының көктегі бөлігі Езекиел кітабында қалай сипатталған?

10 Киелі кітаптан Құдай ұйымының көктегі бөлігі жайлы білеміз. Мысалы, Езекиел аянда арба айдап келе жатқан Ехобаны көрген. Арба Ехоба қайда бағыттаса, лезде солай қарай қозғалатын (Езекиел 1:4—28). Бұл арба Құдай ұйымының көктегі бөлігін бейнелейді, ал ол Құдайдың нұсқауын орындауға асық. Ұйымның көктегі бөлігі, өз кезегінде, жердегі бөлігіне әсер етеді. Ұйымда соңғы он жылда болған көптеген өзгерістер жайлы ойланып көріңізші. Бұлардың артында Ехоба тұрғанын есте ұстаңыз. Жуырда Мәсіх пен қасиетті періштелер осы зұлым дүниені жояды. Құдайдың бүкіләлемдік билігі ақталып, есімі қастерлену үшін Ехобаның арбасы зымырап келеді!

Құрылыста аянбай тер төгіп жүрген көптеген ерікті қызметшілерге өте ризамыз! (11-абзацты қараңыз)

11, 12. Осы соңғы күндері Құдайдың ұйымы қандай жетістіктерге қол жеткізуде?

11 Осы соңғы күндерде Ехобаның ұйымы қандай жетістіктерге жетіп жатқанын көрейік. Құрылыс ісі. Жүздеген бауырластар Ехоба куәгерлерінің Уорвиктегі (Нью-Йорк, АҚШ) жаңа бас басқармасын соғу үшін аянбай тер төгуде. Дүниенің шартарабындағы мыңдаған басқа ерікті қызметшілер Патшалық сарайларын соғу мен филиалдарды кеңейту ісіне атсалысуда. Бұл бауырластар дүниежүзілік жобалау және құрылыс бөлімінің жетекшілігімен еңбек етеді. Осындай құрылыс істерінде талмай жұмыс істеп жүрген бауырластарымызға қаншалықты ризамыз десеңізші! Жердің түкпір-түкпіріндегі Ехобаның қызметшілері осындай жобаларды қолдарынан келгенше қаржылай қолдап жатыр. Ехоба өз халқын танытып жатқан кішіпейілділігі мен адалдығы үшін жарылқауда (Лұқа 21:1—4).

12 Білім беру. Ехоба өз халқына тәлім беруді ұнатады (Ишая 2:2, 3). Бұл үшін ол әртүрлі мектептер ұйымдастырған. Бізде Ізашарлық қызмет мектебі, Патшалықты жариялаушыларға арналған мектеп, Ғалақат мектебі, Жаңа бетелдіктерге арналған мектеп, Аудандық бақылаушылар мен әйелдеріне арналған мектеп, Қауым ақсақалдарына арналған мектеп, Патшалық қызмет мектебі және Филиал комитетінің мүшелері мен әйелдеріне арналған мектеп бар. Біздің jw.org веб-сайтымыз да Құдайдың білімін алуға бағытталған. Онда Киелі кітап пен басқа әдебиеттерді жүздеген тілде таба аламыз. Сондай-ақ сайтымызда балаларға, отбасыларға арналған және жаңалықтар шығып тұратын бөлімдер бар. Сіз қызметте және отбасылық ғибадатта jw.org сайтын қолданып жүрсіз бе?

ЕХОБАҒА АДАЛ БОЛАЙЫҚ ЖӘНЕ ҰЙЫМЫНА ҚОЛДАУ КӨРСЕТЕЙІК

13. Ехобаның халқында қандай жауапкершілік бар?

13 Ехобаның ұйымының бір бөлігі болу неткен мәртебе! Құдайдың талаптары мен нормаларын білгеніміз бізге оған мойынсұну және дұрыс нәрсені істеу жауапкершілігін жүктейді. Мына дүниені барған сайын бейбастық жайлап жатқандықтан, Ехоба сияқты, біз де “жамандықты жек көруіміз” керек (Зәбүр 97:10). Біз “жақсыны жаман, жаманды жақсы дейтін” құдайсыздарға ешқашан ермейміз (Ишая 5:20). Ехобаға ұнамды болғымыз келетіндіктен, тәндік, өнегелік және рухани жағынан таза болуға тырысамыз (Қорынттықтарға 1-хат 6:9—11). Ехоба Киелі кітап арқылы бізге не айтпасын, қамымызды ойлап айтады. Біз оны жақсы көреміз әрі оған адалдық сақтағымыз келеді. Сондықтан да қайда жүрсек те — үйде, қауымда, жұмыста не мектепте болсын — оның нұсқауларына ден қоямыз (Нақыл сөздер 15:3). Қазір Құдайға адал болуымыз керек тағы бір жайттарды қарастырайық.

14. Мәсіхші ата-ана Ехобаға адал екендерін қалай көрсете алады?

14 Бала тәрбиесі. Мәсіхші ата-аналар балаларын Ехобаның Сөзіне сай тәрбиелеу арқылы оған адал екендерін көрсетеді. Олар бала тәрбиесіне келгенде, жергілікті мәдениеттің кері ықпалына беріліп қалудан ықтият болғаны жөн. Мәсіхшілер отбасында осы дүниенің рухы болмау керек (Ефестіктерге 2:2). Мысалы, кей жерлерде әкелер “біз жақта бала тәрбиесімен әйелдер айналысады” дегенді алға тартуы мүмкін. Бірақ мәсіхші әкелер мұндай ойдан аулақ. Бұл ретте Киелі кітапта: “Әкелер, балаларыңды... Ехоба айтқандай тәрбиелеп, оның ақыл-кеңесін беріп өсіріңдер”,— деген анық нұсқау бар (Ефестіктерге 6:4). Ехобаны жақсы көретін ата-аналар құлыншақтарының кішкентай Самуил сияқты Құдаймен қарым-қатынастары тығыз болғанын қалайды (Самуилдің 1-жазбасы 3:19).

15. Маңызды шешімдер қабылдағанда, Ехобаға адал екенімізді қалай көрсетеміз?

15 Шешім қабылдағанда. Өмірлік маңызы бар шешімдер қабылдағанда, Құдай Сөзі мен ұйымынан басшылық іздейтін болсақ, Құдайға адал екенімізді көрсетеміз. Мәселен, басқа елде жүрген кейбір ата-аналар балалары дүниеге келсе, оларды өз елдеріндегі туыстарына жіберуді ұйғарған. Осылайша әкесі де, шешесі де жұмыстарын әрі қарай істеп, ақша таба алады. Әрине, бұл — әркімнің жеке шешімі, дегенмен қабылдаған шешіміміз үшін Ехобаның алдында жауапты екенімізді ұмытпауымыз керек (Римдіктерге 14:12 оқыңыз). Отбасымызға және жұмысымызға қатысты маңызды шешім қабылдамас бұрын, алдымен Киелі кітаптың не дейтінін білу даналыққа жатар еді. Өз қадамымызға бағыт бере алмайтындықтан, бізге Әкеміздің көмегі ауадай қажет (Еремия 10:23).

16. Перзенті дүниеге келгенде, бір анаға қандай шешім қабылдау керек болды және оған дұрыс шешім қабылдауға не көмектесті?

16 Басқа елде тұрып жатқан бір ерлі-зайыпты дүниеге келген ұл баласын өз еліндегі ата-әжесіне жібермек болады. Сол кездері әйелі Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеу сабағын бастайды. Сонда ол ұлына Ехоба жайлы үйрету өз мойнында екенін біледі (Зәбүр 127:3; Нақыл сөздер 22:6). Киелі кітап үйрететіндей, ол Ехобаға дұға етіп, дұрыс шешім қабылдауға көмектесуін өтінеді (Зәбүр 62:7, 8). Сондай-ақ бұл мәселе туралы өзімен Киелі кітапты зерттеп жатқан әйел бауырласпен және қауымдағы басқалармен сөйлеседі. Туыстары мен достары баланы ата-әжесіне жіберуді айтып қоймағанына қарамастан, ол бұлай ету дұрыс емес деген тоқтамға келеді. Оның күйеуі қауымдағы бауырластардың әйелі мен баласына қаншалықты қамқорлық көрсетіп жатқанын көреді. Бұл оған әсер еткені сонша — ол да Киелі кітапты зерттеу сабағына келісіп, жанұясымен бірге қауым кездесулеріне бара бастайды. Ехоба өзінің дұғасына жауап бергенін көргенде, бұл әйелдің қуанышында шек болмады!

17. Біреумен Киелі кітапты зерттеу сабағын өткізгенде, қандай нұсқауларға мойынсұнуымыз керек?

17 Нұсқауларға құлақ асқанда. Құдайға адал екенімізді көрсетудің тағы бір маңызды жолы — оның ұйымы беріп жатқан нұсқауларға мойынсұну. Мысалы, зерттеу сабағына қатысты берілген нұсқауларды қарастырайық. Адаммен “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабымен зерттеу сабағын жүйелі түрде өткізе бастаған соң, бізге әр сабақтың соңында бірер минут уақыт бөліп, зерттеушіні Ехобаның ұйымымен таныстыру жайында нұсқау берілген. Бұл үшін “Патшалық сарайында не үшін жиналамыз?” бейнеролигін және “Бүгінде Ехоба Құдайдың еркін кім орындауда?” кітапшасын қолдана аламыз. Ал “Киелі кітап үйретеді” кітабын аяқтаған соң, зерттеушімен, тіпті сол арада шомылдыру рәсімінен өтіп қойса да, “Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар” кітабын зерттеуге шақырылғанбыз. Ұйым бұл басшылықты жаңа шәкірттер “сенімдерін берік сақтай” алулары үшін берген (Қолостықтарға 2:7). Сіз Ехобаның ұйымы беретін осындай нұсқауларға ден қоясыз ба?

18, 19. Ехобаға алғыс білдіруіміздің кейбір себептері қандай?

18 Ехобаға алғыс білдіруімізге себептер жетіп артылады! Соның арқасында “өмір сүріп, әрекет етіп, тірі жүргендіктен”, оған қарыздармыз (Елшілердің істері 17:27, 28). Бұған қоса, ол бізге өте құнды сый — Киелі кітапты тарту етті. Біз оны, Салоникадағы мәсіхшілер секілді, Құдай сөзі ретінде қабылдап, қадір тұтамыз (Салоникалықтарға 1-хат 2:13).

19 Құдай Сөзінің арқасында біз Ехобаға жақындадық, ал ол бізге жақындады (Жақып 4:8). Көктегі Әкеміз бізді өз ұйымының бір бөлігі еткеніне алғысымыз зор! Біз “Ехобаға алғыс айтыңдар, өйткені ол ізгі, Айнымас сүйіспеншілігі мәңгі” деп жырлаған зәбүр жыршысының сезіміне ортақтасамыз (Зәбүр 136:1). 136-ншы Зәбүр жырының барлық 26 тармағында “оның айнымас сүйіспеншілігі мәңгі” деген сөздер қайталанып келеді. Егер Ехобаға және оның ұйымына адалдық сақтасақ, біз мәңгілік бойы осы жүректі тебірентетін сөздердің растығына куә боламыз!