Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехобадан келген кітапқа сай ұйымдасқанбыз

Ехобадан келген кітапқа сай ұйымдасқанбыз

“Ехоба жердің негізін даналықпен қалады, Аспанды ақыл-парасатпен нық орнатты” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 3:19).

ӘНДЕР: 105, 107

1, 2. а) Құдайдың ұйымы бар дегенге қатысты кейбіреулер қандай пікірде? ә) Бұл мақалада не жайлы сөз қозғаймыз?

ҚҰДАЙДЫҢ ұйымы бар дегенді естісе, кейбіреулер: “Адамға нұсқау беріп отыратын ұйымның қажеті жоқ. Ең бастысы, Құдайға жақын болсаң болды ғой”,— деп жатады. Бұндай көзқарас дұрыс па? Бұған қатысты айғақтар не дейді?

2 Осы мақаладан Ехоба тәртіптің Құдайы әрі керемет Ұйымдастырушы екенінің дәлелін көреміз. Сондай-ақ Ехобаның ұйымы қандай да бір бағыт бергенде не істеуіміз керектігі жайлы да сөз қозғаймыз (Қорынттықтарға 1-хат 14:33, 40). Бірінші ғасырда Ехобаның халқы Жазбалардағы басшылыққа сай әрекет еткен, соның арқасында ізгі хабарды бірталай жерде уағыздай алған. Тура сол сияқты, бүгінде біз де Киелі кітаптағы және Құдайдың ұйымы берген нұсқауларға мойынсұнамыз. Соның нәтижесінде ізгі хабарды бүкіл жер бетінде уағыздай алудамыз. Сонымен қатар қауымымыздың тазалығы, татулығы мен бірлігіне үлес қосудамыз.

ЕХОБА — ТӘРТІПТІҢ ҚҰДАЙЫ

3. Ехоба тәртіптің Құдайы екеніне не нәрсе көзіңізді жеткізеді?

3 Ехобаның жаратылыстарына қарап, оның тәртіптің Құдайы екенін анық көруге болады. Ол “жердің негізін даналықпен қалады, Аспанды ақыл-парасатпен нық орнатты” (Нақыл сөздер 3:19). Біздің бар білетініміз — “оның істерінің шет пұшпағы ғана, Даусының құлағымызға жеткен сыбдыры ғана!” (Әйүп 26:14). Бірақ ғалам туралы аз ғана біліміміздің өзінен онда қандай керемет тәртіп бар екенін айқын көреміз (Зәбүр 8:3, 4). Миллиондаған жұлдыз кеңістікте белгілі бір тәртіппен қозғалады. Ал Күнді айнала қозғалатын планеталар тура бір жол ережелеріне бағынатындай! Бұл таңғалдырарлық тәртіп тек Ехобаның арқасында ғана мүмкін болып отыр. Құдайдың жер мен “көкті даналықпен жаратқаны” жайлы ойланғанда, оның мадаққа, ғибадатымыз бен адалдығымызға лайық екенін көреміз (Зәбүр 136:1, 5—9).

4. Неліктен ғалымдар көптеген маңызды сұрақтарға жауап бере алмайды?

4 Ғалымдар ғалам мен жер туралы білген көп жайттарын өміріміздің әртүрлі саласын жақсарту үшін қолданады. Бірақ олар көптеген өзекті сұрақтарға жауап бере алмайды. Мәселен, астрономдар әлемнің қалай бастау алғанын және адамдар, жануарлар мен өсімдіктер жер бетінде не үшін тіршілік ететінін айта алмайды. Сондай-ақ адам баласы неге мәңгі өмір сүруге құштар екенін де көпшілік түсіндіріп беруге дәрменсіз (Уағыздаушы 3:11). Олардың бұл сұрақтарға жауап таппай жүрген себептерінің бірі — ғалымдар және тағы басқалар Құдайды жоққа шығарып, эволюция теориясын насихаттайды. Алайда Құдай бұл сұрақтардың жауабын өзінің Сөзі Киелі кітапта ашқан.

5. Адамдардың табиғат заңдарына тәуелді екені неден көрінеді?

5 Ехоба көптеген табиғат заңдарын орнатқан. Бұл заңдар ешқашан өзгермейді. Электр мамандары, су құбыршылары, ұшқыштар, хирургтар мен басқа да мамандардың жұмыстары осы заңдарға тәуелді. Мысалы, барлық адамның жүрегі әдетте бір жақта орналасатындықтан, хирургтар оны оңай таба алады. Ал егер жоғарыдан секірсек, құлап, тіпті өліп кетуіміз мүмкін екенін бәріміз білеміз. Сондықтан біз тартылыс заңы сияқты табиғат заңдарына бағынамыз, өйткені өмірімізбен қош айтысқымыз келмейді.

ҚҰДАЙДЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРҒАНЫ

6. Неге Ехоба өз халқының ұйымдасқан түрде ғибадат еткенін қалайды дей аламыз?

6 Ехоба ғаламдағының бәрін керемет тәртіппен ұйымдастырған. Демек, ол өз қызметшілерінің де ұйымдасқан түрде ғибадат еткенін қалайды. Бұл үшін ол бізге Киелі кітапты берген. Оның Сөзі мен ұйымы арқылы берген басшылығына мойынсұнсақ қана, бақыт пен қанағатқа толы өмір кеше аламыз.

7. Киелі кітаптың белгілі бір тәртіппен құрастырылғаны неден көрінеді?

7 Киелі кітап — жай ғана еврейлер мен мәсіхшілердің өзара байланысы жоқ кітаптарынан құралған жиынтық емес. Ол — белгілі бір тәртіппен құрастырылып, Құдай рухының қозғау салуымен жазылған керемет туынды. Ондағы барлық кітап өзара жақсы үйлескен. Киелі кітапта Мұсаның бірінші жазбасынан бастап Аянға дейін бір ортақ тақырып өрбиді: Ехобаның бүкіләлемдік билігінің ақталуы және оның жерге қатысты ниетінің уәде етілген “ұрпақ” Иса Мәсіхтің қол астындағы Патшалық арқылы жүзеге асуы (Мұсаның 1-жазбасы 3:15; Матай 6:10; Аян 11:15 оқыңыз).

8. Неге исраилдіктер жақсы ұйымдасқан халық болған дей аламыз?

8 Ежелгі Исраил халқы жақсы ұйымдасқан халық болған. Мысалы, Мұса Заңына сай, оларда “кездесу шатырының кіреберісінде белгілі бір тәртіппен қызмет ететін әйелдер” болған (Мұсаның 2-жазбасы 38:8). Сондай-ақ исраилдіктерге қостарын және киелі шатырды қандай тәртіппен көшіру керектігіне қатысты нұсқаулар берілген. Кейінірек Дәуіт патша ғибадатханада ерекше қызмет атқаратын діни қызметкерлер мен леуіліктерді топ-топқа бөліп, ұйымдастырған (Шежірелер 1-жазба 23:1—6; 24:1—3). Ехобаға мойынсұнғанда, исраилдіктер батаға кенеліп, араларында тәртіп, татулық пен бірлік болды (Мұсаның 5-жазбасы 11:26, 27; 28:1—14).

9. Бірінші ғасырдағы қауымдар қалай ұйымдасты?

9 Бірінші ғасырдағы қауымдар да жақсы ұйымдасқан еді. Қауымдарға нұсқаулар беру үшін басқарушы кеңес құрылған болатын. Алғашында бұл топ тек елшілерден тұрды. Кейін басқа да ақсақалдар қосылды (Елшілердің істері 6:1—6; 15:6). Қауымдарға арналған кеңестер мен нұсқаулар басқарушы кеңестің мүшелерінің және солармен тығыз қызметтескен адамдардың рухтандырылған хаттары арқылы да берілді (Тімөтеге 1-хат 3:1—13; Титке 1:5—9). Қауымдар басқарушы кеңестің басшылығына мойынсұнудың қандай пайдасын көрді?

10. Ертедегі қауымдар басқарушы кеңестің шешімдеріне құлақ асқанда, нәтижесі қандай болды? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

10 Елшілердің істері 16:4, 5 оқыңыз. Бірінші ғасырда кей ер бауырластар қауымдарды аралап, “Иерусалимдегі елшілер мен ақсақалдардың [яғни басқарушы кеңестің] қабылдаған шешімдерін жеткізіп, соларды ұстану керектігін айтып жүрді”. Қауымдағылар осы шешімдерге құлақ асқанда, олардың “сенімі нығайып, күннен-күнге саны арта берді”. Бүгінде олардың үлгілері бізге қауымда қалай көмектеседі?

НҰСҚАУЛАРҒА ҚҰЛАҚ АСАСЫЗ БА?

11. Жауапты бауырластар Құдайдың ұйымы берген басшылыққа қалай қараулары керек?

11 Филиал комитеттері мен жергілікті комитеттердің мүшелері, аудандық бақылаушылар мен ақсақалдар Құдайдың ұйымы беріп отырған басшылыққа мойынсұнулары керек. Негізі, Ехобаның өз Сөзінде айтылғандай, барлығымыз да басшылықты қолға алғандарға мойынсұнуымыз әрі бағынуымыз қажет (Мұсаның 5-жазбасы 30:16; Еврейлерге 13:7, 17). Ехобаның ұйымында бүлікшілік не наразылық рухына орын жоқ, өйткені мұндай рух қауымның сүйіспеншілігін, татулығы мен бірлігін бұзады. Адал мәсіхшілердің Диотреп сияқты болғысы келмейтіні анық, ол жетекшілерге сый-құрмет танытпаған (Жоханның 3-хаты 9, 10 оқыңыз). Сондықтан біз: “Мен бауырластарды Ехобаға адал болуға талпындырамын ба? Құдайдың ұйымынан келген басшылықты орындауға асықпын ба?”— деп ойланып көрсек болады.

12. Ақсақалдар мен қызмет көмекшілерін тағайындауға қатысты қандай өзгеріс жасалды?

12 Басқарушы кеңестің жақында жасаған өзгерісіне назар аударайық. 2014 жылдың 15 қарашасындағы “Күзет мұнарасында” қауымдарда ақсақалдар мен қызмет көмекшілері енді қалай тағайындалатыны түсіндірілді. Мақалада оларды тағайындауды бірінші ғасырдағы басқарушы кеңес аралаушы бақылаушыларға тапсырғаны сөз етілген. Осыны негізге ала отырып, 2014 жылдың қыркүйегінен бастап ақсақалдар мен қызмет көмекшілерін аудандық бақылаушылар тағайындауда. Олар қауымдағы ақсақалдар ұсынған ер бауырласты жақсырақ білуге тырысады, әрі мүмкін болса онымен уағызға шығады. Ал бауырлас үйленген болса, оның отбасына назар аударады (Тімөтеге 1-хат 3:4, 5). Содан соң аудандық бақылаушы ақсақалдар кеңесімен кездесіп, Жазбалардағы қызмет көмекшілері мен ақсақалдарға арналған талаптарды мұқият қарастырады (Тімөтеге 1-хат 3:1—10, 12, 13; Петірдің 1-хаты 5:1—3).

13. Ақсақалдардың нұсқауын қолдайтынымызды қалай көрсете аламыз?

13 Біз ақсақалдардың Киелі кітапқа негіздеп берген нұсқауларын қолдауымыз керек, өйткені олар қауымды қорғап, қамқорлағысы келеді. Бұл нұсқаулар біздің игілігіміз үшін екенін ұмытпайық (Тімөтеге 1-хат 6:3). Бірінші ғасырдағы қауымда “тәртіп бұзып” жүргендер болған. Мұндайлар “жұмыс істемей, өзіне қатысы жоқ іске араласып жүрген”. Ақсақалдар түзетуге тырысып баққанмен, олар өзгергісі келмеген. Қауымдағылар мұндай адамға қалай қарау керек еді? Пауыл ондай адамды “назарға алыңдар... онымен араласпай қойыңдар” деген. Бірақ бауырластар мұндай адамды жау санамау керек еді. Онымен рухани істерге қатысты араласа бергенмен, басқа жағдайларда араласуды доғарулары керек-тін (Салоникалықтарға 2-хат 3:11—15). Бүгінгі таңда да ақсақалдар Құдайдың нормаларын елемейтіндерге, мысалы Иеміздің ізбасары емес адаммен кездесіп жүрген бауырласқа, көмектесуге тырысады (Қорынттықтарға 1-хат 7:39). Адам жүріс-тұрысын өзгертпесе, қауымды жаманатты ететін осындай қылықтан өзгелерді сақтандыру үшін ақсақалдар баяндама айтуы мүмкін. Егер қауымыңызда осындай баяндама естісеңіз, не істейсіз? Ол адамның кім екенін білсеңіз, онымен рухани істерден бөлек жағдайларда араласудан аулақ боласыз ба? Солай етсеңіз, оған жүріс-тұрысы өзіне нұқсан келтіретінін, ал Ехобаға ауыр тиетінін түсінуге көмектесерсіз, нәтижесінде ол өзгеруге ұмтылар [1] (14-беттегі сілтемені қараңыз).

ҚАУЫМНЫҢ ТАЗАЛЫҒЫН, ТАТУЛЫҒЫ МЕН БІРЛІГІН САҚТАЙЫҚ

14. Қауымның тазалығын сақтауға қалай үлес қоса аламыз?

14 Құдай Сөзіндегі нұсқауларды орындауымызбен бәріміз де қауымның рухани тазалығына үлес қоса аламыз. Ежелгі Қорынт қаласында болған жайтты алайық. Пауыл сол қалада аянбай уағыздап, көбісіне шындықты білуге көмектескен. Сондықтан ол сондағы бауырластарды қатты жақсы көрген (Қорынттықтарға 1-хат 1:1, 2). Солардың бірі азғындыққа салынғанын, ал бауырластар бұған көз жұмып, оны қауымда қалдырғанын білгенде, Пауылдың не сезінгенін елестетіп көріңізші! Ол ақсақалдарға сол адамды “Шайтанға тапсыруды” айтқан. Басқаша айтқанда, қауымның тазалығын сақтау үшін олар оны қауымнан шығару керек еді (Қорынттықтарға 1-хат 5:1, 5—7, 12). Қазіргі таңда ақсақалдар күнәсіна өкінбеген адамды қауымнан шығаруды ұйғаруы мүмкін. Сондай кезде қауымнан шығарылған адамға Жазбаларда айтылғандарға сай қарасақ, қауымның тазалығын сақтауға септігімізді тигіземіз. Сондай-ақ оны күнәсіна өкініп, Ехобаның кешірімін іздеуге талпындыруымыз мүмкін.

15. Қауымда татулықты қалай сақтай аламыз?

15 Қорынтта тағы бір мәселе туындаған. Кейбіреулер өз бауырластарын сотқа апарған. Пауыл оларға: “Өйткенше неге әділетсіздікке төзбеске?”— деген (Қорынттықтарға 1-хат 6:1—8). Біздің күнімізде де мұндай жағдайлар жоқ емес. Қауымдағы біреулер бауырластармен іскерлік мәселеге қатысты келісімшарт жасасқан, бірақ істері жүрмей, шығынға ұшыраған не өздерін алданып қалғандай сезінген. Содан олар бауырластарын сот алдына апарған. Алайда бұл Ехоба мен оның халқының атына кір келтіруі мүмкін. Бұған қоса, қауымның шырқын бұзады. Бірақ бұндай нәрсеге жол бергенше, Құдай Сөзі бізге ақымызды жегізе салғанымыз артық екенін түсінуге көмектеседі [2] (14-беттегі сілтемені қараңыз). Шынында да, қиын мәселелер мен келіспеушіліктерді шешкенде, Исаның кеңесіне құлақ асқанымыз абзал (Матай 5:23, 24; 18:15—17 оқыңыз). Осылай етсек, қауымның татулығы мен бірлігінің сарқылмауына ықпал етеміз.

16. Неге Құдай халқының арасында бірлік орнаған?

16 Ехоба өз кітабында бізге былай дейді: “Бауырлардың бірлікте тұрғандары қандай игі, қандай жағымды!” (Зәбүр 133:1). Ехобаға мойынсұнған кездерінде исраилдіктер ұйымдасқан халық болып, бірлікте тұрды. Құдай өз халқы туралы пайғамбарлық етіп: “Қорадағы қойдай, жайылымдағы отардай оларды біріктіремін”,— деген (Миха 2:12). Сондай-ақ ол халқының Жазбалардан шындықты біліп, өзіне бірлікте ғибадат ететінін де алдын ала айтып: “Халықтарға таза тіл сыйлаймын, Осылай олардың бәрі Ехобаны атын атап шақырып, оған бірлікте ғибадат ететін болады”,— деген (Софония 3:9, сілтеме). Ехобаға бірігіп ғибадат ету мәртебесіне қаншалықты ризамыз десеңізші!

Ақсақалдар “шалыс қадам жасаған” адамға көмектеседі (17-абзацты қараңыз)

17. Қауымда біреу ауыр күнә жасаса, ақсақалдар не істеулері қажет?

17 Егер біреу ауыр күнә жасаған болса, ақсақалдар оны тез арада сүйіспеншілікпен түзетулері керек. Олар өздері арқылы Ехобаның қауымды кез келген теріс ықпалдан қорғап, ондағы тазалық пен бірлікті сақтағысы келетінін біледі (Нақыл сөздер 15:3). Қорынттықтарға арналған 1-хаттан білетініміздей, Пауыл ондағы бауырластарды жақсы көрген және дер кезінде жөнге салған. Сол кезде ақсақалдар Пауылдың нұсқауына жылдам құлақ асқанын білеміз, өйткені бірер айлар өте Пауыл оларды екінші хатында мақтап жазған. Егер бауырласымыз “өзі аңдамай шалыс қадам жасап жатса”, ақсақалдар оны мейіріммен жөнге салулары керек (Ғалаттықтарға 6:1).

18. а) Құдай Сөзіндегі нұсқаулар бірінші ғасырдағы мәсіхшілерге қалай көмектесті? ә) Келесі мақалада нені қарастырамыз?

18 Иә, бірінші ғасырдағы мәсіхшілер Құдайдан келген кітаптағы басшылыққа мойынсұнғанда, қауымдары таза әрі ынтымақ пен бірлікте болған (Қорынттықтарға 1-хат 1:10; Ефестіктерге 4:11—13; Петірдің 1-хаты 3:8). Осының арқасында олар ізгі хабарды “барлық жерде уағыздай” алған (Қолостықтарға 1:23). Осы таңда да Ехобаның халқы жақсы ұйымдасқан және бірлігі жарасқан әрі олар да ізгі хабарды бүкіл жер бетіне уағыздауда. Келесі мақалада Құдай халқы Киелі кітапты қадір тұтатынына және Әлемнің Әміршісі Ехобаны даңқтауға бекінгендеріне дәлелдер келтіріледі (Зәбүр 71:15, 16).

^ [1] (13-абзац) “Ехобаның еркін орындау үшін ұйымдасқанбыз” (ор.) кітабының 134—136 беттерін қараңыз.

^ [2] (15-абзац) Қандай жағдайларда бір мәсіхші екіншісін сотқа беруді жөн көруі мүмкін екенін “Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар” кітабының 223-бетіндегі сілтемеден оқи аласыз.