Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехобаның әділдігі мен мейірімділігіне еліктейік

Ехобаның әділдігі мен мейірімділігіне еліктейік

“Әділ сот жүргізіңдер, бір-біріңе айнымас сүйіспеншілік және рақымдылық көрсетіңдер” (ЗӘКӘРИЯ 7:9).

ӘНДЕР: 21, 69

1, 2. а) Иса Мұса Заңына қалай қараған? ә) Дін мұғалімдері мен парызшылдар Заңды қалайша бұрыс қолданған?

ИСА Мұса Заңын жақсы көрген. Біз бұған таңғалмаймыз, себебі бұл Заңды Исаның өміріндегі ең маңызды Тұлға — Әкесі Ехоба берген. Исаның Құдай Заңына деген терең сүйіспеншілігі жайлы Зәбүр 40:8-де алдын ала былай делінген: “Өзіңнің еркіңді орындауға құштармын, уа, Құдайым. Заңыңды жүрегімнің түкпірінде ұстаймын”. Иса сөзімен әрі ісімен Құдай Заңының кемелді әрі пайдалы екенін паш етті, сондай-ақ оның міндетті түрде орындалатынын да көрсетті (Матай 5:17—19).

2 Ал дін мұғалімдері мен парызшылдар Құдай Заңын бұрыс қолданып, оны күрделі етіп көрсеткен. Бұны көргенде, Құдай Ұлының жүрегі ауырса керек. Олардың Заңның ұсақ-түйек бөліктерін аса мұқияттылықпен орындағанына нұсқап Иса: “Жалбыз, аскөк, зире сияқты дәмдеуіштердің оннан бір бөлігін бересіңдер”,— деді. Сонда олар нені дұрыс істемеген? Иса әрі қарай: “Мұса Заңындағы әділдік, мейірімділік және адалдық сияқты анағұрлым маңызды нәрселерді елемейсіңдер”,— деп түсіндірді (Матай 23:23). Парызшылдар Мұса Заңының мән-мағынасын түсінбеген әрі өздерін басқалардан артықпыз деп санаған. Ал Иса Заңның не үшін берілгенін және ондағы әрбір талаптың Ехоба жайлы нені аян ететінін жақсы түсінген.

3. Осы мақалада нені қарастырамыз?

3 Мәсіхші болғандықтан, бізден Мұса Заңы бойынша жүріп-тұру талап етілмейді (Римдіктерге 7:6). Олай болса, неге Ехоба бұл Заңды өз Сөзі Киелі кітапқа енгізді? Ол біздің “анағұрлым маңызды нәрселерді”, яғни Заңның астарындағы принциптерді, түсініп, қолданғанымызды қалайды. Мысалы, кезінде бассауғалайтын қалалардың ойластырылғанынан қандай принциптерді көруге болады? Алдыңғы мақалада біз қашқынның жасауы қажет қадамдарын қарастырып, біраз тәлім алған болатынбыз. Ал осы мақалада бассауғалайтын қалалардан Ехоба жайлы әрі оның қасиеттеріне қалай еліктей алатынымыз жайлы көреміз. Біз келесі үш сұрақтың жауабын аламыз: Бассауғалайтын қалалар Ехобаның мейірімді екенін қалай көрсетеді? Олардан Құдайдың өмірге деген көзқарасы жайлы не білеміз? Бассауғалайтын қалалар оның кемелді әділдігін қалай паш етеді? Осы сұрақтардың әрқайсысын қарастыру барысында көктегі Әкемізге қалай еліктей алатыныңызды көріңіз (Ефестіктерге 5:1 оқыңыз).

БАССАУҒАЛАЙТЫН ҚАЛАЛАРДЫҢ ОРНАЛАСҚАН ЖЕРІ ҚҰДАЙДЫҢ МЕЙІРІМДІЛІГІН ПАШ ЕТЕДІ

4, 5. а) Қашқын бассауғалайтын қалаға оңай жету үшін не ойластырылды? ә) Бұл шарадан Ехоба жайлы не білеміз?

4 Бассауғалайтын алты қалаға жету оңай еді. Өйткені Ехоба исраилдіктерге Иорданның екі жағынан да үш-үш қаладан таңдап алуды тапсырған. Не үшін? Осының арқасында қашқын осы қалалардың біріне тез әрі оңай жете алатын (Мұсаның 4-жазбасы 35:11—14). Бұл қалаларға апаратын жолдар да жақсы күйде сақталатын (Мұсаның 5-жазбасы 19:3). Бір яһуди анықтамасына сай, қашқындар сол қалаларды оңай табу үшін, жол бойына белгілер орнатылатын. Исраилде бассауғалайтын қалалар болғандықтан, абайсызда кісі өлтіріп қойған исраилдікке шет елден қорғаныш іздеудің қажеті жоқ еді. Осының арқасында ол жалған құдайларға табынуға азғырылмас еді.

5 Мына жайлы ойлап көріңізші: Ехоба кісі өлтірушінің өлімге кесілуін талап еткен. Алайда ол байқаусызда кісі өлтіріп қойған адамға мейірімділік пен жанашырлық танытылып, қорғанышта болуы үшін қам жасаған. Бір Киелі кітап зерттеушісі былай деді: “Бұл шара барынша түсінікті, барынша қарапайым етіп ойластырылған. Оған сай әрекет ету барынша оңай болған”. Иә, Ехоба өз қызметшілерін жазалаудың мүмкіндігін іздейтін қатыгез төреші емес. Қайта, “аса мейірімді Құдай” (Ефестіктерге 2:4).

6. Парызшылдар Ехобаның мейірімділігіне еліктеді ме? Түсіндіріңіз.

6 Алайда парызшылдар өзгелерге мейірімділік танытуға ынталы емес еді. Мысалы, бір яһуди анықтамасында айтылғандай, парызшылдар бір қателікті үш реттен артық жасайтын адамды кешіруден бас тартатын. Олардың көзқарастары қаншалықты бұрыс болғанын көрсету үшін, Иса салықшының қасында дұға еткен парызшылды мысалға келтірді. Парызшыл былай деді: “Уа, Құдай, басқалар сияқты тонаушы, әділетсіз, неке адалдығын бұзушы, мына салықшы сияқты да болмағаным үшін алғыс айтамын”. Мұнымен Иса не айтқысы келді? Парызшылдар “өзгелерді менсінбейтін” және оларға мейірімділік танытудың қажеті жоқ деп санайтын (Лұқа 18:9—14).

Басқаларға сізден кешірім сұрау оңай ма? Кішіпейіл болыңыз әрі басқалар сізбен емін-еркін сөйлесе алсын (4—8 абзацтарды қараңыз)

7, 8. а) Ехобаның мейірімділігіне қалай еліктей аласыз? ә) Неге басқаларды кешіру үшін кішіпейіл болуымыз қажет?

7 Парызшылдарға емес, Ехобаға еліктеңіз. Мейірімділік пен жанашырлық танытыңыз (Қолостықтарға 3:12, 13 оқыңыз). Басқаларға сізден кешірім сұрау жеңіл болсын (Лұқа 17:3, 4). Өзіңізден былай деп сұраңыз: “Мені ренжіткен адамды, тіпті көп рет болса да, тез әрі оңай кешіремін бе? Мені қатты өкпелеткен адаммен татуласуға ықыластымын ба?”

8 Басқаларды кешіру үшін кішіпейіл болуымыз қажет. Парызшылдар өздерін басқалардан артықпыз деп санағандықтан, кешіруге ықыласты болмады. Бірақ мәсіхшілер ретінде біз кішіпейілділікпен басқаларды өзімізден жоғары қойып, оларды кеңпейілмен кешіреміз (Філіпіліктерге 2:3). Өз-өзімізден: “Ехобаға еліктеп, кішіпейілділік танытып жүрмін бе?”— деп сұрасақ болады. Кішіпейіл болсақ, өзгелерге бізден кешірім сұрау оңай болады және біз оларды оңайлықпен кешіре саламыз. Ендеше, мейірімділік танытуға жылдам болып, ренжуге асықпайық (Уағыздаушы 7:8, 9).

ӨМІРДІ ҚҰРМЕТТЕҢІЗ, СОНДА БАСҚАНЫҢ “ҚАНЫ МОЙНЫҢЫЗҒА ЖҮКТЕЛМЕЙДІ”

9. Ехоба исраилдіктерге өмірдің қасиетті екенін түсінуге қалай көмектесті?

9 Бассауғалайтын қалалардың болуының басты бір себебі исраилдіктерді жазықсыз адамның қанын мойындарына жүктеуден қорғау еді (Мұсаның 5-жазбасы 19:10). Ехоба өмірді жақсы көреді, ал кісі өлімін жек көреді (Нақыл сөздер 6:16, 17). Әділ де киелі Құдай болғандықтан, ол тіпті абайсызда болған кісі өліміне де бейжай қарай алмайды. Абайсызда кісі өлтіріп қойған адамға мейірімділік танытылғаны рас. Бірақ мұндай кісі ең алдымен болған жайтты ақсақалдарға айтуы қажет еді. Ақсақалдар мұны оқыс жағдай болды деп шешсе, қашқын бассауғалайтын қалада бас діни қызметкер қайтыс болғанша қалуы керек болатын. Демек, қашқын сол қалада өмірінің соңына дейін қалуы мүмкін еді. Бұл шара барлық исраилдікке өмірдің қасиетті екенін еске салатын. Өмір берушіні құрметтеу үшін, олар өзгенің өміріне қауіп төндіретін кез келген жағдайдан аулақ болуы қажет еді.

10. Исаның сөздеріне сай, дін мұғалімдері мен парызшылдар адамдардың өмірін бағаламайтынын қалай көрсетті?

10 Дін мұғалімдері мен парызшылдар Ехобаға еліктемеді. Олар басқалардың өмірін мүлдем бағаламады. Иса оларға: “Білімнің кілтін тартып алдыңдар. Өздерің де кірмедіңдер, кіргісі келетіндерге де кедергі жасайсыңдар”,— деген (Лұқа 11:52). Исаның меңзегені не еді? Негізі, дін мұғалімдері мен парызшылдар адамдарға Құдай Сөзін түсіндіріп, мәңгілік өмірге ие болуға көмектесу керек болатын. Ал олар, керісінше, адамдарға “өмір беретін Бас жетекші” Исаның соңынан еруге кедергі жасаған (Елшілердің істері 3:15). Осылайша оларды құрдымға жетелеген. Дін мұғалімдері мен парызшылдар көкірек те өзімшіл еді және адамдардың өмірі олар үшін бәрібір болатын. Бұл барып тұрған қатыгездік емес пе?!

11. а) Елші Пауыл өмірге Ехоба сияқты қарағанын қалай көрсетті? ә) Пауылдың қызметтегі құлшынысына еліктеуге бізге не көмектеседі?

11 Қалай біз Ехобаға еліктеп, дін мұғалімдері мен парызшылдардың кебін киюден аулақ бола аламыз? Өмірді құрметтеп, бағалау арқылы. Елші Пауыл осылай ететінін Патшалық жайлы ізгі хабарды мейлінше көп адамға уағыздау арқылы көрсеткен. Сондықтан ол: “Менің мойнымда ешкімнің қаны жоқ”,— деп айта алған (Елшілердің істері 20:26, 27 оқыңыз). Алайда Пауыл кінәлі сезінгісі келмегендіктен ғана не Ехоба тапсырғандықтан ғана уағыздаған ба? Жоқ. Пауыл адамдарды жақсы көрген. Олардың өмірін құнды деп санаған әрі мәңгілік өмірге ие болғанын қалаған (Қорынттықтарға 1-хат 9:19—23). Біз де өмірге Ехоба сияқты қарауымыз керек. Ол әрбір адамның өмірге ие болу үшін өкінгенін қалайды (Петірдің 2-хаты 3:9). Ехобаға еліктеу үшін адамдарды жақсы көруіміз қажет. Мейірімді болғанымыз уағыз ісіне құлшына атсалысуға талпындырады. Ал бұл іс бізге зор қуаныш әкеледі.

12. Құдайдың қызметшілері үшін қауіпсіздік не себепті маңызды?

12 Өмірге Ехоба сияқты қарау үшін бізде қауіпсіздікке қатысты дұрыс көзқарас болу керек. Көлік айдағанда, жұмыс істегенде, ғибадат орнын соғу мен жөндеу ісіне қатысқанда не сол жаққа бара жатқанда қауіпсіздік шараларын ұстанғанымыз жөн. Кейбір адамдар жұмысты тез бітіруді ойлайды не оған көп ақша жұмсағысы келмейді. Соның кесірінен кейін оқыс жағдайлар туындауы әбден мүмкін. Алайда адамның өмірі мен денсаулығы ақша мен уақыттан әлдеқайда маңызды. Біздің Құдайымыз әрдайым дұрыс әрекет етеді және біздің де оған еліктегенімізді қалайды. Әсіресе ақсақалдар өздерінің және басқалардың қауіпсіздігін ойлаулары керек (Нақыл сөздер 22:3). Егер ақсақал қауіпсіздік ережелерін есіңізге салса, бұған құлақ асыңыз (Ғалаттықтарға 6:1). Иә, өмірге Ехоба сияқты қараңыз, сонда басқаның “қаны мойныңызға жүктелмейді”.

ІСТІ “АЙТЫЛҒАН НҰСҚАУЛАР БОЙЫНША ҚАРАСТЫРСЫН”

13, 14. Исраилдік ақсақалдар Ехобаның әділдігіне қалай еліктей алатын?

13 Ехоба исраилдік ақсақалдардан өзі сияқты әділ әрекет етуді талап еткен. Алдымен, ақсақалдар барлық айғақты тексеруі тиіс еді. Сосын кісі өлтірушіге мейірімділік таныту-танытпауды шешпес бұрын, олар оның ниеті, көзқарасы мен бұрынғы әрекеттерін мұқият қарастыру керек еді. Қашқын мерт болған кісіні жек көрді ме, жоқ па, оны өлтіруге ниеттенген бе, жоқ па, соны анықтаулары қажет болатын (Мұсаның 4-жазбасы 35:20—24 оқыңыз). Кісі өлтірген адамға кем дегенде екі куәгердің растауымен ғана үкім шығарылатын (Мұсаның 4-жазбасы 35:30).

14 Болған жайттың анық-қанығына жеткен соң, ақсақалдар адамның не істегенін ғана емес, оның өзі жайлы да ойланғандары жөн болатын. Бірден көрінбейтін жайттарды көре білу үшін, сондай-ақ бұл жағдайдың не себепті орын алғанын аңғара білу үшін оларға түсінік керек-тін. Ең бастысы, ақсақалдарға Ехоба сияқты түсінікпен, мейірімділік әрі әділдікпен әрекет етуге көмектесетін киелі рух қажет еді (Мұсаның 2-жазбасы 34:6, 7).

15. Исаның күнәкарларға деген көзқарасы парызшылдардікінен қалайша ерекшеленді?

15 Парызшылдар мейірімділікпен төрелік етпеген. Олар адамның жасаған күнәсіна қадалып қалатын, ал адамның қандай болғаны оларды еш қызықтырмайтын. Бірде Исаның Матайдың үйінде тамақтанып отырғанын көргенде, кейбір парызшылдар шәкірттерден: “Неге ұстаздарың салықшылармен және күнәкарлармен бірге тамақтанады?”— деп сұрады. Сонда Иса: “Дәрігер денсаулығы жақсы адамдарға емес, ауруларға қажет. Сондықтан “мен құрбандықты емес, мейірімділікті қалаймын” деген сөздердің мәнін ұғып алыңдар. Өйткені мен әділдерді емес, күнәкарларды өкінуге шақыру үшін келдім”,— деді (Матай 9:9—13). Сонда Иса адамдардың күнәларын болмашы деп қарастырды ма? Жоқ, мүлдем олай емес. Иса олардың өз күнәсіна өкінгенін қалады. Адамдарды өкінуге шақыру оның уағыздаған хабарының маңызды бөлігі болған (Матай 4:17). Иса “салықшылар мен күнәкарлардың” бәрі болмаса да, кейбірі өзгергісі келетінін білген. Олар Матайдың үйіне жай тамақтану үшін ғана бармаған. Олар Исаның соңынан еріп жүрген болатын (Марқа 2:15). Өкініштісі, парызшылдардың басым көбі адамдарға Иса сияқты қарамаған. Олар адамдардың өзгере алатынына сенбеген және теріс жолынан ешқашан қайтпайтын күнәкар ретінде қараған. Парызшылдар мен әділ де мейірімді Ехобаның арасындағы айырмашылық жер мен көктей болған!

16. Сот комитеті нені анықтай білуі керек?

16 Бүгінде ақсақалдар “әділдікті сүйетін” Ехобаға еліктеулері қажет (Зәбүр 37:28). Олар алдымен күнә жасалды ма, жоқ па, соны анықтау үшін, болған жайтты тыңғылықты тексерулері тиіс. Егер күнә жасалған болса, не істеу керектігін шешу үшін Киелі кітапқа жүгінеді (Мұсаның 5-жазбасы 13:12—14). Ал сот комитетінде қызмет еткен кезде олар ауыр күнә жасаған адам өкіне ме, жоқ па, соны анықтау үшін аса мұқият болулары керек. Бұл әрдайым оңайға соға бермейді. Өйткені адамның өкінген-өкінбегені сырт көзге бірден көріне бермейді. Бұл оның жасаған күнәсіна деген көзқарасынан және жүрек күйінен көрінеді (Аян 3:3). Күнә жасаған адамға мейірімділік көрсетілу үшін, ол өкінуге тиіс *.

17, 18. Адамның шынайы өкінген-өкінбегенін ақсақалдар қалай біле алады? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

17 Ехоба мен Иса адамның не ойлап, не сезініп тұрғанын нақты біледі, өйткені жүректерін оқи алады. Бірақ ақсақалдар адамның жүрегін оқи алмайды. Ендеше, ақсақал болсаңыз, адамның шынайы өкінген-өкінбегенін қалай анықтай аласыз? Біріншіден, даналық пен қырағылық сұрап дұға етіңіз (Патшалар 1-жазба 3:9). Екіншіден, “осы дүниеге тән мұң” мен “Құдайға ұнамды мұңның”, яғни шынайы өкініштің, арасындағы айырмашылықты көру үшін, Құдай Сөзі мен адал құлдың беріп жатқан әдебиеттеріне жүгініңіз (Қорынттықтарға 2-хат 7:10, 11). Киелі кітап өкінген және өкінбеген адамдарды қалай сипаттайтынына мән беріп, олардың сезімдерін, ойлары мен әрекеттерін саралап-салмақтап көріңіз.

18 Үшіншіден, адамның жасаған күнәсін ғана емес, оның өзі жайлы да ойланыңыз. Оның алған тәрбиесі мен өскен ортасы қандай? Мұндай шешімдер қабылдауына не себеп болды? Оның қандай қиындықтары бар? Киелі кітапта мәсіхшілер қауымының басы Исаның қалай төрелік ететіні жайлы алдын ала былай делінген: “Ол тек көргеніне сай төрелік етпейді, Тек естігеніне сай түзетпейді. Қайта, жарлыға әділ үкім шығарады, Жердегі момындардың мүддесі үшін халықты турашылдықпен түзетеді. Оның сөздері жер тұрғындары үшін таяқпен дүре соққандай болады” (Ишая 11:3, 4). Ақсақалдар, Иса сіздерге қауымына қамқорлық етуді тапсырған, сондықтан әділ әрі мейіріммен төрелік етуге өзі көмектесетін болады (Матай 18:18—20). Біздің қамымызды ойлайтын ақсақалдардың барына қаншалықты ризамыз десеңізші! Сондай-ақ олар бізге өзара әділдік пен мейірімділік танытуға көмектеседі.

19. Бассауғалайтын қалаларды қарастыру барысында өмірде қолданатын қандай сабақ алдыңыз?

19 Мұса Заңында “негізгі білім мен шындық” жазылған. Одан Ехоба мен оның принциптері жайлы біле аламыз (Римдіктерге 2:20). Заңда айтылған бассауғалайтын қалаларды қарастыру арқылы ақсақалдар “әділ сот жүргізуді” үйренеді әрі бауырластарға өзара “айнымас сүйіспеншілік және рақымдылық” танытуға көмектеседі (Зәкәрия 7:9). Бүгінде бізден Мұса Заңын ұстану талап етілмейді, десе де Ехоба өзгерген жоқ. Әділдік пен мейірімділік ол үшін әлі де өте маңызды. Осындай Құдайға қызмет ету біз үшін зор мәртебе. Ендеше, Ехобаның тамаша қасиеттеріне еліктеп, одан қауіпсіздік пен қорғаныш табайық!

^ 16-абзац 2006 жылдың 1 наурызындағы “Күзет мұнарасының” 30-бетіндегі “Оқырман сауалдарын” (ор.) қараңыз.