Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехобаны паналайсыз ба?

Ехобаны паналайсыз ба?

“Ехоба өз қызметшілерінің құнын өтеп алады; Оны паналағандарға айып тағылмайды” (ЗӘБҮР 34:22).

ӘНДЕР: 49, 65

1. Құдайдың көптеген адал қызметшілері күнәнің кесірінен не сезінеді?

ЕЛШІ ПАУЫЛ: “Сорлы басым-ай!”— деп жазған (Римдіктерге 7:24). Пауыл сияқты, бүгіндегі Құдайдың адал қызметшілері де еңселері түсіп, қатты күйінеді. Не себепті? Өйткені Ехобаға қанша ұнамды болуға тырыссақ та, біз күнәні мұра еткенбіз. Сондықтан оған ұнамдыны істей алмаған кезде жаман сезінетін шығармыз. Ауыр күнә жасаған кейбір мәсіхшілер Ехобаның кешіріміне ешқашан ие бола алмаймын деп те ойлаған.

2. а) Зәбүр 34:22 Құдайдың қызметшілеріне өздерін кінәлі сезіне бермеу керектігін қалай көрсетеді? ә) Бұл мақаладан не білеміз? (“ Тәлім ретінде ме, әлде бейнелі мағынада ма?” деген қоршауды да қараңыз.)

2 Жазбалар бізді мынаған сендіреді: егер Ехобаны паналайтын болсақ, өзімізді кінәлі сезіне берудің еш қажеті жоқ (Зәбүр 34:22 оқыңыз). Бірақ Ехобаны паналау дегеніміз нені білдіреді? Ехоба бізге мейірімді болып, кешірім танытқанын қаласақ, не істеуіміз керек? Бұл сұрақтардың жауабын табу үшін, біз ежелгі Исраилдегі бассауғалайтын қалалар жайлы қарастырамыз. Бұл шара Заң келісімінің бір бөлігі болған, бұл келісім б. з. 33 жылы Елуінші күн мейрамында басқа келісіммен алмастырылды. Десе де бұл Заңды Ехоба шығарған болатын. Сондықтан сол бассауғалайтын қалалар жайлы қарастыру арқылы Ехобаның күнәға, күнәкарлар мен күнәсіна өкінетіндерге деген көзқарасын біле аламыз. Алдымен Исраилде бассауғалайтын қалалардың не себепті болғанын және олардың қандай қызмет атқарғанын білейік.

“ӨЗДЕРІҢЕ БАССАУҒАЛАЙТЫН ҚАЛАЛАР ТАҢДАП АЛЫҢДАР”

3. Исраилдіктер кісі өлтірген адаммен не істеуі тиіс еді?

3 Ежелгі Исраилде адам қаны төгілсе, Ехоба бұған бейжай қарамаған. Егер кімде-кім біреуді өлтірсе, қаны төгілген адамның ең жақын ер жынысты туысы, ол “кек алушы” деп аталған, әлгі кісі өлтірушіні мерт қылуы тиіс еді (Мұсаның 4-жазбасы 35:19). Осылайша кісі өлтіруші өзі өлтірген кінәсіз адамның өмірін өз өмірімен өтейтін. Егер ол тиісті жазасын тартпаса, Уәде етілген жер арамданып кетер еді, немесе киелі болмай қалар еді. Ехоба былай деп бұйырды: “Тұрып жатқан жерлеріңді арамдамаңдар, өйткені төгілген қан жерді арамдайды” (Мұсаның 4-жазбасы 35:33, 34).

4. Исраилдік кісі абайсызда біреуді өлтіріп қойса, не болатын?

4 Ал егер бір исраилдік біреуді байқаусызда өлтіріп қойса ше? Бұл кездейсоқ жағдай болса да, ол кінәсіз адамның қанын төккені үшін жауапты болған (Мұсаның 1-жазбасы 9:5). Бірақ Ехоба мұндай жағдайда оған мейірімділік көрсетілетінін айтқан. Абайсызда кісі өлтіріп қойған адам кек алушыдан қашып, бассауғалайтын алты қаланың бірін паналай алатын. Сол қалада қалуға рұқсат алған соң, ол қауіпсіздікте болатын. Бірақ бас діни қызметкер көз жұмғанға дейін ол сонда қалуы қажет еді (Мұсаның 4-жазбасы 35:15, 28).

5. Бассауғалайтын қалалардың болғаны неге Ехобаны жақсырақ түсінуге көмектеседі дей аламыз?

5 Бассауғалайтын қалалардың болуын адамдар емес, Ехобаның өзі ойластырды. Ол Ешуаға: “Исраилдіктерге мынаны айт: — Өздеріңе бассауғалайтын қалалар таңдап алыңдар”,— деп бұйырды. Сөйтіп, бұл қалалар “қасиетті” етілді (Ешуа 20:1, 2, 7 сілтеме, 8). Ехобаның өзі бұл қалаларды бөліп алуды шешті. Ендеше, бұл шарадан біз Ехоба туралы көп нәрсе білеміз. Мысалы, оның мейірімділігін жақсырақ түсіне аламыз. Сондай-ақ бұл шарадан бүгінде Ехобаны қалай паналай алатынымызды білеміз.

ОЛ “БОЛҒАН ЖАЙТТЫ АҚСАҚАЛДАРҒА АЙТЫП БЕРУІ” ТИІС

6, 7. а) Әдейі кісі өлтірмеген адамды соттау ісінде ақсақалдардың рөлін сипаттап беріңіз. (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.) ә) Қашқынның ақсақалдармен сөйлескені неге даналыққа жатар еді?

6 Егер исраилдік кісі біреуді абайсызда өлтіріп қойса, онда бассауғалайтын қалаға қашып барып, қала қақпасының алдындағы ақсақалдарға “болған жайтты” айтып беруі тиіс еді. Ақсақалдар оны жылы қарсы алуы керек-тін (Ешуа 20:4). Кейінірек олар қашқынды кісі өлімі болған қаладағы ақсақалдарға жіберіп, олар оның ісін қарастыратын еді (Мұсаның 4-жазбасы 35:24, 25 оқыңыз). Егер бұл ақсақалдар кісі өлімін оқыс жағдай болды деп шешсе, қашқынды әлгі бассауғалайтын қалаға қайтаратын.

7 Қашқын неге ақсақалдармен сөйлесуі қажет еді? Осылай сөйлескеннің арқасында ақсақалдар Исраил халқының таза сақталғанына көз жеткізетін және кісіні әдейі өлтірмеген адамға Ехобаның мейірімділігін сезінуге көмектесе алатын. Бір Киелі кітап зерттеушісі жазғандай, егер қашқын ақсақалдарға бармаса, ол өмірінен айырылар еді. Осылайша, бұл зерттеушінің айтуынша, Құдайдың талабын орындамағандықтан, қашқын өз өліміне өзі жауапты болар еді. Ал тірі қалу үшін, абайсызда кісі өлтіріп қойған адам көмек іздеп, соны қабыл алуы тиіс еді. Егер бассауғалайтын қалалардың біріне қашып бармайтын болса, өлген адамның жақын туысы оны өлтіруге құқылы болатын.

8, 9. Неге ауыр күнә жасаған мәсіхші ақсақалдармен сөйлесуі керек?

8 Бүгінде ауыр күнә жасаған мәсіхші Ехобамен қарым-қатынасын қалпына келтіру үшін, ақсақалдардың көмегіне жүгінуі тиіс. Бұлай ету неге соншалықты маңызды? Біріншіден, ақсақалдарға ауыр күнә болған жағдайларды қарастыруды Ехобаның өзі тапсырған (Жақып 5:14—16). Екіншіден, ақсақалдар күнәсіна өкінген адамдарға қайтадан Құдайдың ықыласына бөленіп, күнәсін қайталамауға көмектесе алады (Ғалаттықтарға 6:1; Еврейлерге 12:11). Үшіншіден, ақсақалдар күнәсіна өкінген адамдардың жан азабы мен кінә жүгін жеңілдету үшін тағайындалған әрі дайындықтан өткен. Ехоба мұндай ақсақалдарды “жаңбырлы дауылдан бассауғалайтын пана” деп атайды (Ишая 32:1, 2). Бұл шара — Ехобаның бізге көрсетіп отырған мейірімділігінің бір қыры.

9 Ехобаның көп қызметшісі ақсақалдармен сөйлесіп, көмегін қабылдағаннан кейін әжептеуір жеңілдік сезінген. Мысалы, Дэниел есімді бауырлас ауыр күнә жасаған, бірақ бірнеше ай бойы ақсақалдарға бармай жүрген. Ол былай дейді: “Арада соншама уақыт өткен соң, ақсақалдар маған көмектесе алмайды деп пайымдадым”. Бірақ ол күнәсі жайлы біреу-міреу біліп қояр ма екен деп үнемі мазаланатын, әрі Ехобаға айтқан әр дұғасын кешірім сұраудан бастауым керек деп ойлайтын. Ақыр соңында ол ақсақалдардың көмегіне жүгінді. Өткенді еске алып, ол былай дейді: “Әрине, оларға баруға жүрексіндім. Бірақ олармен сөйлескен соң, иығымнан ауыр жүк түскендей болды”. Бұдан кейін Дэниел қайтадан Ехобаға емін-еркін дұға айта алды. Қазір оның ар-ұжданы таза. Ал жақында ол қызмет көмекшісі болып тағайындалды.

“МҰНДАЙ АДАМ ОСЫ ҚАЛАЛАРДЫҢ БІРІНЕ ҚАШСЫН”

10. Кешірімге ие болу үшін, біреуді абайсызда өлтіріп қойған кісі не істеуге тиіс болған?

10 Кешірімге ие болу үшін, абайсызда кісі өлтіріп қойған адам дереу жақын арадағы бассауғалайтын қалаға қашуға тиіс еді (Ешуа 20:4 оқыңыз). Аман қалу үшін ол сол қалаға тезірек жетіп, бас діни қызметкер өмірден өткенше сонда қалуға міндетті болатын. Бұл үшін оған бір нәрселерді құрбан етуге тура келетін. Ол өз жұмысын, жайлы үйін тастауы керек еді, сондай-ақ бұдан былай емін-еркін жүріп саяхаттай алмас еді * (Мұсаның 4-жазбасы 35:25). Бірақ онысы соған татитын. Ал егер қашқын қалаған уақытында бассауғалайтын қаладан шығып кетсе, біреудің қанын төккеніне атүсті қарағанын көрсетер еді, әрі өз өміріне де қауіп төндіретін.

11. Күнәсіна өкінетін мәсіхші Құдайдың мейірімділігіне деген ризашылығын қалай көрсете алады?

11 Бүгінде күнәсіна өкінетін адам да Құдайдың кешіріміне ие болу үшін, белгілі бір әрекеттер жасауы тиіс. Ол күнә жасауын доғаруы қажет. Бұл ауыр күнәға жетелейтін кез келген нәрседен аулақ болуды да білдіреді. Елші Пауыл Қорынттағы өкінген мәсіхшілердің іс-әрекетін былай деп сипаттаған: “Құдайға ұнамды мұңның нәтижесіне қараңдаршы: неткен зор ықылас, тазару, жамандыққа деген наразылық, Құдай алдындағы қорқыныш, ынта, құлшыныс, неткен керемет түзету!” (Қорынттықтарға 2-хат 7:10, 11). Сонымен, егер біз күнә жасауды доғару үшін қолдан келгеннің бәрін істесек, өз жағдайымызға бейжай қарамайтынымызды әрі Ехоба қайткен күнде де бізді кешіреді деп ойламайтынымызды оған көрсетеміз.

12. Ехобаның мейірімділігіне бөлене беру үшін, мәсіхшіге неден бас тарту керек болады?

12 Ехобаның мейірімділігіне бөлене беру үшін, мәсіхшіге неден бас тарту керек болар? Ол күнә жасауға итермелейтін нәрселерден, тіпті өзі ұнататын нәрселерден бас тартуға дайын болуы керек (Матай 18:8, 9). Мысалы, егер достарыңыз Ехобаға ұнамсыз істермен айналысуға ықпал етсе, олармен араласуды доғарасыз ба? Егер ішімдік ішудің мөлшерін қадағалай алмасаңыз, көп ішіп қоюыңыз мүмкін жағдайлардан қашық боласыз ба? Ал егер өнегесіз жыныстық қалаулармен күресу қиынға соқса, арам ойлар тудыратын фильмдерден, сайттардан және істерден аулақ жүресіз бе? Есте ұстаңыз, Ехобаның заңдарын ұстану үшін жасаған құрбандығымыз соған татиды. Ехоба бізді тастап кетті деген сезімнен өткен сорақы нәрсе жоқ. Ал оның “мәңгілік айнымас сүйіспеншілігін” сезінуден асқан ештеңе жоқ (Ишая 54:7, 8).

“БҰЛ ҚАЛАЛАР БАССАУҒАЛАЙТЫН ПАНАЛАРЫҢ БОЛАДЫ”

13. Неге бассауғалайтын қалада қашқындар қауіпсіз, тыныш әрі бақытты өмір кешкен дей аламыз? Түсіндіріңіз.

13 Қашқын бассауғалайтын қаладан шықпаса, қауіпсіздікте болатын. Сол қалалар жайлы Ехоба: “Бұл қалалар... бассауғалайтын паналарың болады”,— деген (Ешуа 20:2, 3). Ехоба қашқынның бір мәселемен қайтадан сотталуын талап етпеген. Бұған қоса, қанның кегін алушы қашқынды өлтірмес үшін бассауғалайтын қалаға кіргізілмейтін. Қашқын сол қалада тұрған кездің бәрінде, Ехобаның қорғанышында болған. Ол түрмеде емес-тін. Жұмыс істеуге, өзгелерге көмектесуге әрі Ехобаға тыныштықта қызмет етуге мүмкіндігі болатын. Иә, ол бақытты да мағыналы өмір кеше алатын!

Ехобаның сізді кешіретініне сеніңіз (14—16 абзацтарды қараңыз)

14. Күнәсіна өкінгеннен кейін мәсіхші не нәрсеге сенімді бола алады?

14 Ауыр күнә жасаған кейбір мәсіхшілер өкініш білдіргеннен кейін де кінә жүгінен айырыла алмайды. Кейбірі тіпті Ехоба олардың жасағанын ешқашан кешірмейді деп ойлайды. Егер сіз де осындай ойда болсаңыз, өтінеміз, Ехоба сізді кешіргеніне сенімді болыңыз. Ол кешірсе, толықтай кешіреді. Сондықтан өзіңізді кінәлі сезіне бермеңіз. Жоғарыда аталып өтілген Дэниел де осының растығына көз жеткізді. Ақсақалдар оның ісін қарастырып, таза ар-ұжданға ие болуға көмектескеннен кейін, ол үлкен жеңілдік сезінді. Ол былай дейді: “Содан кейін өзімді кінәлі сезінбейтін болдым. Күнә енді артта қалды. Ехоба айтпақшы, ол жүгіңізді алып, сізден аластатады. Оны қайта-қайта ойлай берудің еш қажеті жоқ”. Кезінде бассауғалайтын қалаға кірген қашқын кек алушы келіп, өзін өлтіріп кете ме деп қорықпайтын. Сол сияқты, күнәмізді кешіргеннен кейін Ехоба күнәмізді қайтадан көтеріп, сол үшін бізді жазалайды деп қорқудың еш қажеті жоқ (Зәбүр 103:8—12 оқыңыз).

15, 16. Исаның төлем бергенін және Бас діни қызметкер екенін білгеніміз Құдайдың мейірімділігіне сенімімізді қалай нығайтады?

15 Шынында да, исраилдіктерге қарағанда, Ехобаның мейірімділік танытатынына сенімді болуға бізде себеп анағұрлым көп. Пауыл Ехобаға кемелді түрде мойынсұна алмағанына күйініп, “Сорлы басым-ай!” деп жазған соң: “Иеміз Иса Мәсіх арқылы мені құтқарып алатын Құдайға рақмет!”— деп дауыстаған (Римдіктерге 7:25). Бұл сөздер нені білдіреді? Пауыл күнәкар қалаулармен күресіп жүрді және бұрын күнә жасады, десе де ол бұнысына өкінді. Сондықтан Исаның төлем құрбандығының негізінде Ехоба оны кешіргеніне сенімді болды. Иса төлем бергендіктен, біз таза ар-ұжданға және жантыныштығына ие бола аламыз (Еврейлерге 9:13, 14). Бас діни қызметкер ретінде “Иса өзі арқылы Құдайға дұға ететіндерді толығымен құтқара алады. Ол әрдайым тірі болғандықтан, олар үшін өтініш жасайды” (Еврейлерге 7:24, 25). Ежелде бас діни қызметкердің арқасында исраилдіктер Ехобаның кешіріміне ие болғанына көз жеткізе алған. Ал біздің Бас діни қызметкеріміз Иса болғандықтан, Ехобаның “мейірімділігі мен рақымына ие бола” алатынымызға бізде себеп көбірек (Еврейлерге 4:15, 16).

16 Олай болса, Ехобаны паналау үшін, біз Исаның құрбандығына сенуіміз қажет. Төлем тек жалпы адамзатқа қатысты деп ойламаңыз. Оның игілігін жеке сіз көре алатыныңызға сеніңіз (Ғалаттықтарға 2:20, 21). Төлем құрбандығының арқасында Ехоба сіздің күнәларыңызды кешіретініне сеніңіз. Төлем сізге мәңгілік өмір сүруге үміт бергеніне сенімді болыңыз. Исаның құрбандығы — Ехобаның сізге жасаған сыйы.

17. Неге сіз Ехобаны паналағыңыз келеді?

17 Бассауғалайтын қалалар Ехобаның мейірімділігін жақсырақ түсінуге көмектеседі. Құдайдың бұл шарасы бізге өмірдің қасиетті екенін үйретеді. Сондай-ақ бұл шара ақсақалдардың бізге қалай көмектесе алатынын, шынайы өкінудің нені білдіретінін және Ехобаның бізді кешіретініне неге толықтай сенімді бола алатынымызды ашады. Сіз Ехобаны паналайсыз ба? Дүниеде одан асқан қауіпсіз жер жоқ! (Зәбүр 91:1, 2). Келесі мақалада қалай бассауғалайтын қалалар әділдік пен мейірімділіктің асқақ үлгісі Ехобаға еліктеуге көмектесетінін білеміз.

^ 10-абзац Яһуди зерттеушілердің айтуынша, қашқынның отбасы да онымен бірге тұру үшін, сол бассауғалайтын қалаға көшіп келетін болғанға ұқсайды.