Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехобаның ой қалпына ие болдыңыз ба?

Ехобаның ой қалпына ие болдыңыз ба?

“Ой-саналарыңды жаңартып, түбегейлі өзгеріңдер” (РИМДІКТЕРГЕ 12:2).

ӘНДЕР: 56, 123

1, 2. Шындыққа терең үңіле келе не нәрсеге үйрендік? Мысал келтіріңіз.

БҮЛДІРШІННІҢ өзіне тарту етілген сыйлыққа қол созып тұрғанын елестетіп көріңізші. Қасында тұрған ата-анасы оған “рақмет айт” деп сыбырлап тұр. Сол уақытта бұл бүлдіршін ата-анасының үйретуімен ғана рақмет айтатын шығар. Бірақ ата-анасы алғыс білдіруді неліктен маңызды санайтынын ол өсе келе түсіне бастайды. Сөйтіп, ризашыл болуды үйренген ол алғыс білдіруге енді өзі талпынатын болады.

2 Біздің де өмірімізде осыған ұқсас жағдай орын алды. Шындықты білгенде, Ехобаның негізгі талаптарына мойынсұну маңызды екенін түсіндік. Ал шындыққа терең үңіле келе, Ехобаның ой қалпын біле түстік: оған не ұнап, не ұнамайтынын және түрлі жағдайларға қалай қарайтынын түсіндік. Ехобаның ойлары шешімдеріміз бен жүріс-тұрысымызға әсер етуіне жол берсек, оның ой қалпына ие боламыз.

3. Ехобаның көзімен қарау неге қиын болуы мүмкін?

3 Ехоба сияқты ойлауды үйрене жүріп, көп қуаныш сезінеріміз анық. Бірақ кемелсіз болғандықтан, Ехобаның көзімен қарау кейде қиынға соғып жатады. Мысалы, біз өнегелік тазалыққа, дүниеқұмарлыққа, қанды бұрыс қолдануға, уағыз ісіне және басқа да нәрселерге Ехобаның қалай қарайтынын білеміз. Бірақ бізге Ехобаның көзқарасын түсіну қиын болуы мүмкін. Ендеше ойларымыз Ехобанікіне барынша ұқсас болу үшін не істей аламыз? Бұл қазір де, болашақта да дұрыс әрекет етуге қалай көмектеседі?

ЕХОБАНЫҢ ОЙ ҚАЛПЫНА ИЕ БОЛУДЫҢ ЖОЛДАРЫ

4. Ой-санамызды жаңарту үшін не істеу керек?

4 Римдіктерге 12:2 оқыңыз. Бұл тармақта елші Пауыл Ехоба сияқты ойлауды үйрену үшін не істеу керектігін жазған. Ол: “Осы заманның өмір салтын үлгі етпеңдер”,— деген. Алдыңғы мақаладан білгеніміздей, бұл осы дүниедегі ой-пікірлер мен көзқарастан бас тартуды білдіреді. Сондай-ақ елші Пауыл ой-санамызды жаңарту керектігін де айтты. Бұл үшін Құдайдың Сөзін зерттеу, оның ойларын түсініп, солар жайлы ой жүгірту және Құдай сияқты ойлауға барынша тырысу қажет.

5. Оқу мен жеке зерттеудің айырмашылығын түсіндіріңіз.

5 Жеке зерттеу дегеніміз — мәліметті тез оқып шығып, жауаптардың астын сызу емес. Зерттеу барысында “Ехоба қандай Құдай? Ол қалай әрекет етеді? Оның ой қалпы қандай? Ехобаның бұлай әрекет етуінің себебі неде?” деген сұрақтар жайлы ойланған жөн. Сондай-ақ Ехобаның не себепті кейбір істерге асық болғанымызды, ал кейбірінен қашық болғанымызды қалайтынын түсінуге тырысайық. Сондай-ақ жүріс-тұрысымыз бен ой-санамызды қай жағынан жақсартуға болатыны жайлы ойланайық. Әрине, зерттеу жүргізгенде, осы жайттардың барлығын ескеру мүмкін бола бермейтін шығар. Десе де ой жүгіртуге уақыт бөлгеніміз дұрыс. Бәлкім, жеке зерттеуге арнаған уақыттың жартысын ой жүгіртуге бөлерміз (Зәбүр 119:97; Тімөтеге 1-хат 4:15).

6. Құдай Сөзі жайлы ой жүгірткеннің нәтижесі қандай болады?

6 Құдайдың Сөзінен оқығандарымыз жайлы ой жүгірткенде, керемет нәтижеге қол жеткіземіз. Ехобаның ойы кемелді екеніне көзіміз жетеді. Түрлі жағдайларға Ехобаның қалай қарайтынын түсінеміз. Ал уақыт өте оның көзқарасымен келісеміз. Осылай ой-санамыз жаңарып, жаңаша ойлана бастаймыз. Сөйтіп, бірте-бірте Ехобаның ой қалпына ие боламыз.

ОЙЫМЫЗ ЖҮРІС-ТҰРЫСЫМЫЗҒА ӘСЕР ЕТЕДІ

7, 8. а) Ехоба дүние-мүлікке қалай қарайды? (Мақаланың басындағы суреттерді қараңыз.) ә) Дүние-мүлікке Ехоба сияқты қарасақ, біз үшін ең маңыздысы не болады?

7 Ойларымыз іс-әрекеттерімізге де әсер етеді (Марқа 7:21—23; Жақып 2:17). Мұны түсіну үшін бірнеше мысал қарастырайық. Біріншісі — Исаның туылуы жайлы оқиға. Бұл оқиғадан Ехобаның дүние-мүлікке қалай қарайтыны анық көрінеді. Жүсіп пен Мәриям қарапайым өмір кешсе де, Ехоба оларға өз Ұлын бағып-қағуды сеніп тапсырған (Мұсаның 3-жазбасы 12:8; Лұқа 2:24). Иса туылғанда, Мәриям оны “ақырға жатқызды, себебі қонақүйде оларға орын болмаған еді” (Лұқа 2:7). Ехоба өз Ұлының әлдеқайда жайлы орында туылуына қам жасай алар еді. Бірақ ол Исаның Құдайға деген ғибадатты бірінші орынға қоятын отбасында тәрбиеленгенін қалады. Ехоба үшін ең маңыздысы осы еді.

8 Осы оқиғадан Ехобаның дүние-мүлікке қалай қарайтыны анық көрінеді. Ехоба үшін біздің онымен қарым-қатынасымыз аса маңызды. Бірақ кейбір ата-аналар балаларында ең жақсы, ең қымбат заттар болса екен дейді. Олар осы мақсатқа қол жеткізу үшін тіпті балаларының Ехобамен қарым-қатынасын құрбан етуге дайын. Ал сіз дүние-мүлікке Ехобанікіндей көзқарас танытасыз ба? Шешімдеріміз бен әрекеттерімізге қарап не деуге болады? (Еврейлерге 13:5 оқыңыз).

9, 10. Өзгелерді сүріндіруге Ехоба сияқты қарайтынымызды қалай көрсетеміз?

9 Тағы бір мысал ретінде өзгелерді сүріндірген адамға Ехобаның қалай қарайтынын көрейік. Мұндай адам басқалардың күнә жасауына не Ехобаға қызмет етуді доғаруына себепші болады. Иса: “Кімде-кім маған сенетін осы кішілердің біреуін сенімнен тайдырса, оның мойнына диірмен тасы байланып, теңізге тасталғаны жақсырақ болар еді”,— деген (Марқа 9:42). Не деген пәрменді сөздер! Бәріміз білетініміздей, Иса — Ехобаның нақ бейнесі. Сондықтан әлдебіреу Исаның ізбасарын сүріндірсе, бұл Ехобаға өте ұнамсыз әрекет деп айта аламыз (Жохан 14:9).

10 Өзгелерді сүріндіруге Ехоба мен Иса сияқты қараймыз ба? Әрекеттерімізге қарап не айтуға болады? Мысалы, бізге белгілі бір киіну стилі мен сәндену үлгісі ұнайтын шығар. Бірақ бұл қауымда әлдебіреуде жағымсыз сезім я азғын ойлар тудыратынын білсек, не істейміз? Бауырластарға деген сүйіспеншілігіміз жеке қалауымызға “жоқ” деуге талпындырады емес пе? (Тімөтеге 1-хат 2:9, 10).

11, 12. Ехоба жек көретінді жек көргеніміз және ұстамдылық дамытқанымыз бізді неден қорғайды?

11 Үшіншісі, Ехоба зұлымдықты жек көреді (Зәбүр 5:4). Ол кемелсіздігіміздің кесірінен бізге дұрыс нәрсені жасау кейде қиын болатынын жақсы біледі. Десе де ол біздің өзі сияқты жамандықтан жиренгенімізді қалайды (Зәбүр 97:10 оқыңыз). Ехобаның жамандықты не себепті жек көретіні жайлы ой жүгіртсек, оның ой қалпына ие боламыз. Сондай-ақ жаман нәрсе істеуге азғырылғанда, бұған қарсы тұра аламыз.

Киелі кітапта тікелей айыпталмаса да, кейбір істер дұрыс емес болып табылады

12 Жамандықты жек көруді үйренсек, Киелі кітапта тікелей айыпталмайтын кейбір істердің дұрыс емес екенін түсінеміз. Мысалы, адамның алдына отырып билеу сияқты өнегесіз әрекет бүгінде кең тараған. Кейбір адамдар “бұл биді билегенде, біреумен тікелей жыныстық қатынасқа түспейсің, сондықтан онда тұрған ештеңе жоқ” деуі мүмкін *. Бірақ Ехоба да сондай ойда ма? Есіңізде болсын, Ехоба жамандықтың кез келген түрін жек көреді. Олай болса, ұстамдылық дамыту арқылы және Ехоба жек көретінді жек көру арқылы жамандық атаулыдан қашық болайық (Римдіктерге 12:9).

ҚАЛАЙ ӘРЕКЕТ ЕТЕТІНІҢІЗДІ ҚАЗІРДЕН ОЙЛАСТЫРЫҢЫЗ

13. Ехобаның ой қалпын қазірден бастап түсінгеніміз болашақ шешімдерімізге қалай әсер етеді?

13 Жеке зерттеу жүргізгенде, Ехобаның түрлі жағдайларға қалай қарайтынын көре білу керек. Бұл бізге дұрыс шешімдер қабылдауға көмектеседі. Шұғыл шешім қабылдау керек болғанда да, абдырап қалмаймыз (Нақыл сөздер 22:3). Киелі кітаптағы бірнеше мысалды қарастырып көрейік.

14. Жүсіптің Потифардың әйеліне берген жауабынан не нәрсеге үйренеміз?

14 Потифардың әйелі Жүсіпті азғырғанда, ол одан бірден бас тартты. Ол Ехобаның некеге қалай қарайтыны жайлы ой жүгіртсе керек (Мұсаның 1-жазбасы 39:8, 9 оқыңыз). Жүсіп Потифардың әйеліне: “Қалайша мен осындай ауыр қылмыс жасап, Құдай алдында күнәға батпақпын?!”— деген. Бұл оның Ехобаның ой қалпына ие болғанын көрсетеді. Ал біз туралы не деуге болады? Жұмыстағы әріптесіңіз сізге қылымсып-қырындай бастаса, не істейсіз? Я болмаса әлдебіреу ұялы телефоныңызға азғын бейнелер мен хабарламалар жіберсе ше? * Мұндайда Ехобаның осы нәрселерге қалай қарайтынын алдын ала біліп алғанымыз, оның көзқарасын қабылдап, қалай әрекет ететінімізді шешіп алғанымыз дұрыс. Сонда Ехобаға адал болып қалу әлдеқайда жеңіл болады.

15. Үш еврей жігіті сияқты Ехобаға адалдық сақтауға не көмектеседі?

15 Үш еврей жігіті Шадырақ, Мисақ пен Әбдінегоның мысалын да қарастырайық. Навуходоносор патша өзі орнатқан алтын мүсінге табынуды әмір еткенде, олар бұдан үзілді-кесілді бас тартады. Патшаға берген нық жауаптарынан олардың адалдықтары қалай сыналуы мүмкін екені туралы алдын ала ойланғандары көрінеді (Мұсаның 2-жазбасы 20:4, 5; Даниял 3:4—6, 12, 16—18). Ал біз туралы не деуге болады? Бастығымыз жалған дінмен байланысы бар мейрамға ақша беруді сұраса, не істейміз? Осындай жағдайға кезіккенде емес, қазірден бастап Ехобаның бұған қалай қарайтыны жайлы ой жүгірткеніміз жақсы. Сонда осындай жағдайға кезіккенде, әлгі үш еврей жігіті сияқты бірден дұрыс әрекет етіп, дұрыс сөйлей аламыз.

Сіз ізденіс жасап, медициналық құжатыңызды толтырып, дәрігеріңізбен сөйлестіңіз бе? (16-абзацты қараңыз)

16. Ехобаның ой қалпын анық түсінгеніміз шұғыл медициналық көмек қажет болатын кезге қалай дайындайды?

16 Бізге кейде шұғыл медициналық көмек қажет болуы мүмкін. Ехобаның ой қалпы жайлы ой жүгірткеніміз сондай жағдайда да оған адал болып қалуға көмектеседі. Әрине, біз қанның өзін және оның негізгі құрамбөліктерін құйдырудан бас тартамыз (Елшілердің істері 15:28, 29). Бірақ қанмен байланысты басқа да емшаралар бар. Мұндай емшараларға қатысты әр мәсіхші Киелі кітап принциптеріне жүгініп, жеке шешім қабылдау керек. Қалай әрекет ету керектігін қашан шешіп алған дұрыс? Емханада жанымыз қиналып, тез шешім қабылдауға қысым көріп жатқанда ма? Әрине, жоқ. Біз қазірден бастап ізденіс жүргізіп, еркімізді анық білдіретін медициналық құжаттарымызды толтырып қойғанымыз жақсы. Сондай-ақ бұл туралы дәрігерімізбен алдын ала сөйлескеніміз дұрыс *.

17—19. Ехобаның әртүрлі жағдайға деген көзқарасын неге қазірден бастап білгеніміз дұрыс? Мысал келтіріңіз.

17 Петірдің “Ием, өзіңізді аяңыз” деген ақылсыз кеңесіне Исаның бірден жауап бергені жайлы ойланып көріңізші. Иса Ехобаның өзінен нені күтетіні жайлы көп ой жүгіртті. Сондай-ақ ол жердегі өмірі мен өліміне қатысты пайғамбарлықтар туралы да көп ойланғаны сөзсіз. Бұл оған Ехобаға адал болып қалуға және барлығымыз үшін өмірін құрбан етуге күш берді (Матай 16:21—23 оқыңыз).

18 Құдай біздің онымен дос болғанымызды қалайды. Сондай-ақ ізгі хабарды уағыздау үшін барымызды салсақ екен дейді (Матай 6:33; 28:19, 20; Жақып 4:8). Бірақ Петір сияқты, кейбір адамдар игі ниетпен бізді ойымыздан айнытқысы келуі мүмкін. Мысалы, бастығымыз көп ақша ұсынатын шығар, бірақ бұл көп уақыт жұмыс істеуді білдіретіндіктен, жиналысқа не уағызға баруға уақыт жетпей қалуы мүмкін. Я болмаса мұғалімдерің саған үйіңнен кетіп, алыс бір жерде қосымша білім алуды ұсынды делік. Осындай жағдайларға тап болғанда, дұға етіп, ізденіс жүргізіп, отбасы мүшелерімен не ақсақалдармен ақылдасу керек шығар. Алайда Ехобаның көзқарасын қазірден бастап біліп, қазірден оның ойларына ие болғанымыз жақсы. Сонда осындай ұсыныстар түскенде, олардан бас тарту оңай болады. Ехобаға қызмет етуге деген шешімімізге берік болғандықтан, біз нақты қалай әрекет ету керектігін білеміз.

19 Бәлкім, сіз сеніміңізді күтпеген жерден сынға алатын өзге жағдайлар туралы да ойланатын шығарсыз. Әрине, әрбір жағдайға дайын болу мүмкін емес. Бірақ біз жеке зерттеу кезінде Ехобаның ой қалпы туралы ой жүгіртсек, білгендерімізді есте ұстау жеңіл болады. Сонда білген-түйгенімізді кез келген жағдайда қалай іске асыруға болатынын білеміз. Сондықтан жеке зерттеу кезінде Ехобаның түрлі жағдайға көзқарасын анықтауға және оның ой қалпына ие болуға тырысыңыз. Сондай-ақ мұның бізге қазір және болашақта дана шешімдер қабылдауға қалай көмектесе алатыны жайлы ойланыңыз.

ЕХОБАНЫҢ ОЙ ҚАЛПЫ БОЛАШАҒЫМЫЗҒА ӘСЕР ЕТЕДІ

20, 21. а) Жаңа дүниеде еркіндігімізге неге қуанамыз? ә) Қалайша қазірдің өзінде қуанышқа кенеле аламыз?

20 Бәріміз де жаңа дүниені тағатсыздана күтудеміз. Басым көбіміз жердегі жұмақта мәңгі өмір сүруге үміттіміз. Құдай Патшалығының қол астында біз осы дүниеде көріп жүрген бар қайғы-қасіреттен азат боламыз. Сондай-ақ жеке қалауларымызға сай шешім қабылдауға да ерікті боламыз.

21 Бірақ бұл еркіндігіміз шексіз болмайды. Момын адамдар әрі қарай да Ехобаның заңдары мен оның ойларына сүйеніп шешім қабылдайды. Ал бұл оларға зор қуаныш пен таусылмас тыныштық әкеледі (Зәбүр 37:11). Сол уақыт келгенше, Ехобаның ой қалпына ие болып, қуанышымызды еселей түсейік.

^ 12-абзац Біреудің алдына отырып билеу деген — жалдаған адамның алдына отырып, нәпсіні оятатын қимылдар жасау. Мұндай биді билейтін адам жартылай жалаңаш болуы мүмкін. Бұл әрекет азғындық ретінде есептеліп, сот комитетін құру қажет болуы мүмкін. Осындай әрекетке барған мәсіхші ақсақалдардың көмегіне жүгіну керек (Жақып 5:14, 15).

^ 14-абзац Ұялы телефон арқылы азғын бейнелерді, хабарламаларды не видеоларды жіберу “секстинг” деп аталады. Мұндай әрекетке барған адамның ісін қарастыру үшін сот комитетін құру қажет болуы мүмкін. Кейбір жағдайда үкімет секстингпен айналысқаны үшін тіпті жасөспірімдерді жауапқа тартып жатады. Көбірек мәлімет алу үшін jw.org сайтына кіріп, “Жастардың сауалдары. Секстинг туралы нені білгенім жөн?” деген мақаланы қараңыз (КИЕЛІ КІТАП ТӘЛІМДЕРІ/ЖАСТАР). Я болмаса 2013 жылғы қараша айындағы “Ояныңдар!” журналының 4, 5-беттеріндегі “Жасөспірім балаңызбен секстинг туралы қалай әңгімелесуге болады?” (ор.) деген мақаланы қараңыз.

^ 16-абзац Сізге көмек болатын Киелі кітап принциптерін “Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар” кітабының 215—218 беттерінен таба аласыз.