Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехобаға сенім артып өмір сүріңіз!

Ехобаға сенім артып өмір сүріңіз!

“Ехобаға бар жүрегіңмен сенім арт, Өз ақылыңа сүйеніп жүрме” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 3:5).

ӘНДЕР: 3, 8

1. Неге барлығымыз жұбанышқа мұқтажбыз?

ЖҰБАНЫШҚА барлығымыз да мұқтажбыз. Бәлкім, біз қиындықтардың кесірінен уайым-қайғыға батып, өмірден түңіліп кеткен шығармыз. Ауыр дерттің не қарттықтың зардабын тартып жүрген шығармыз, я болмаса жақынымыздан айырылған болармыз. Өзгелеріміз әділетсіздіктің құрбаны болып жүрген шығармыз. Бұл аздай, айналамыздағы адамдар барған сайын қатыгез болып барады. Иә, бұл “ерекше қиын уақыт” “соңғы күндері” өмір сүріп жатқанымызды және жаңа дүниенің жақын қалғанын дәлелдейді (Тімөтеге 2-хат 3:1). Бірақ Ехобаның уәделерін күтіп жүргенімізге көп уақыттың жүзі өткен шығар. Қиындықтарымыз да көбеймесе азайып жатқан жоқ. Осындайда жұбанышты қайдан таба аламыз?

2, 3. а) Абақұқ жайлы не білеміз? ә) Абақұқ кітабынан неге үйренеміз?

2 Бұл сұрақтың жауабын табу үшін Абақұқ кітабына үңіліп көрейік. Жазбаларда Абақұқтың өмірі жайлы көп айтылмаса да, оның жазған кітабынан көп жігер ала аламыз. Абақұқ деген есімнің мағынасы “ыстық құшақ” дегенді білдірсе керек. Бұл Ехобаның бізді жұбатқысы келіп, жылы құшағына алатынын бейнелеуі немесе біздің Ехобадан айырылмай ұстап алғанымызды да білдіруі мүмкін. Абақұқ Құдаймен сөйлесіп, оған сұрақтар қойған. Ехоба араларында болған әңгімені Абақұққа жаздырған. Өйткені Ехоба бұл оқиғаның бізге де пайдалы боларын білген (Абақұқ 2:2).

3 Киелі кітапта жігері құм болған Абақұқ пен Ехобаның арасындағы әңгіме — пайғамбар жайлы жалғыз дерек көзі. Бірақ оның кітабы Киелі жазбалардың құрамына енген. Ал Құдай Сөзіндегі “бұрын жазылғандардың бәрі... табандылығымыз арқылы және Жазбалардан алған жұбанышымыз арқылы үмітке ие болуға” көмектеседі (Римдіктерге 15:4). Олай болса, Абақұқ кітабының біз үшін тигізер пайдасы қандай? Ол бізге Ехобаға сенім артудың не екенін түсінуге көмектеседі. Сондай-ақ Абақұқ кітабындағы пайғамбарлық қандай қиындыққа кезікпесек те, жантыныштығын сақтай алатынымызға сенімділік береді.

ЕХОБАҒА ДҰҒА ЕТІҢІЗ

4. Абақұқ неге мұңға батты?

4 Абақұқ 1:2, 3 оқыңыз. Абақұқ аласапыран уақытта өмір сүрген. Сол кезде адамдардың бәрі зұлым әрі қатыгез еді. Қайда қарасаң да, исраилдіктердің бір-біріне әділетсіздік пен қатыгездік танытып жатқанын көруге болатын. Бұған Абақұқтың көңілі қатты түсетін. Ол: “Мына зұлымдықтың шегі болар ма екен?”, “Неге Ехоба бұған әліге дейін жол беріп отыр?” — деп ойлаған шығар. Абақұқ дәрменсіз күй кешті. Сондықтан ол Ехобадан әрекет етуін сұрап, жалбарынған. Абақұқ “Ехоба өз халқын қамқорлауын қойды” немесе “ол әрекет етпей жатыр” деп ойлаған шығар. Сіздің де осылай ойлаған кезіңіз болған ба?

Ехобаға уайымдарымыз бен күмәндарымызды айтудан тартынбауымыз қажет

5. Абақұқ кітабынан не нәрсеге үйренеміз? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

5 Абақұқ бұл сұрақтарды Ехобаға және оның уәделеріне деген сенімі жоғалғандықтан қойды ма? Әрине, жоқ! Абақұқ күмәндарымен және қиындықтарымен күресу үшін Ехобадан көмек сұраған. Бұл оның Ехобаға сенім артып, үмітін үзбегенін көрсетеді. Абақұқ кейбір нәрселерді толық түсінбегендіктен, уайымға салынды. Ол Ехобаның неге әрекет етпей жатқанын және қиындық көруіне неге жол беріп отырғанын түсінген жоқ. Ехоба Абақұққа өз уайымын Киелі кітап бетіне түсіруге жол берген. Бұдан біз маңызды нәрсе білеміз. Ехобаға уайымдарымыз бен күмәндарымызды айтудан тартынбауымыз қажет. Ол бізді ішкі сезімдерімізді ақтарып дұға айтуға шын жүректен шақырады (Зәбүр 50:15; 62:8). Нақыл сөздер 3:5-те мынадай сөздер бар: “Ехобаға бар жүрегіңмен сенім арт, Өз ақылыңа сүйеніп жүрме”. Абақұқ осы сөздерге сай өмір сүрген.

6. Ехобаға дұға ету не үшін маңызды?

6 Абақұқ Досы әрі Әкесі Ехобаға сенім артқан және оған жақындау үшін әрекет еткен. Ол жағдайды өз бетінше шешуге тырыспады. Қайта, дұғада не сезінетінін, не уайымдайтынын айтты. Бұл — бізге де жақсы үлгі. Ехоба дұғаларды тыңдаушы болғандықтан, бізді дұға етіп, бар уайымымызды айтқанымызды қалайды. Осылай етсек, оған сенім артатынымызды көрсетеміз (Зәбүр 65:2). Ехобаға сенім артып дұға еткенде, оның бізге қалай жауап беретінін көреміз. Ол бізді жұбатқанда және жетелегенде, оның жылы құшағын сезінеміз (Зәбүр 73:23, 24). Қандай қиындыққа кезікпейік, Ехоба біздің жағдайымызға қалай қарайтынын түсінуімізге көмектеседі. Осының арқасында қиындыққа анағұрлым дұрыс көзқараспен қарай аламыз. Дұға ету — расында да, оған сенім артатынымызды көрсетудің ең жақсы жолдарының бірі.

ЕХОБАНЫ ТЫҢДАҢЫЗ

7. Абақұқ уайымдарын айтқанда, Ехоба не істеді?

7 Абақұқ 1:5—7 оқыңыз. Абақұқ бар уайымын Ехобаға айтқаннан кейін, Ехоба енді не істер екен деп ойлаған шығар. Ехоба мейірімді Әке ретінде Абақұқтың сезімдерін жақсы түсінді. Ол Абақұқтың қайғы-мұңнан жалбарынып көмек сұрап жатқанын білді. Сондықтан Ехоба Абақұқты жазғырмады, қайта, адалдығынан тайған яһудилерді қандай жазаға тартатынын айтты. Ехобаның өз халқын жазалайтынын бірінші болып Абақұқ естіген болуы мүмкін.

8. Ехобаның жауабы Абақұқты неге аң-таң қылды?

8 Ехоба Абақұққа әрекет етуге дайын екенін айтты. Ол зұлым да қатыгез Яһуда халқын жазаламақшы болды. Ехоба бұл “сендердің күндеріңде” орын алады деуімен бұл Абақұқтың немесе замандастарының көзі тірісінде болатынын көрсетті. Ехобаның осындай жауабы Абақұқты аң-таң қылды. Халдейлер, яғни бабылдықтар өте жауыз халық болатын. Олардың қатыгездігі Яһуда халқынікінен де асып түскен. Яһудалықтар, ең болмағанда, Ехобаның талаптарын білетін. Олай болса, неге Ехоба өз халқын жазалау үшін пұтқа табынатын осы қатыгез халықты пайдаланбақ? Бұл Яһуда халқының қайғысына қайғы қосар еді ғой! Абақұқтың орнында болсаңыз, не сезінер едіңіз?

9. Абақұқ Ехобаға тағы қандай сұрақтар қойды?

9 Абақұқ 1:12—14, 17 оқыңыз. Абақұқ айналасындағы зұлым халықты жазалау үшін Ехобаның бабылдықтарды пайдаланатынын білсе де, кейбір жайттар ол үшін әлі де түсініксіз еді. Бірақ ол кішіпейілділік танытып, әрі қарай да Ехобаға сенім арта беруге белін бекем буды. Сонымен қатар Абақұқ Ехоба оған “Жартас” болып қала беретінін айтты (Мұсаның 5-жазбасы 32:4; Ишая 26:4). Абақұқ Құдайдың мейірімді әрі сүйіспеншілігі мол екеніне сенімді болды. Сондықтан ол Ехобаға қосымша сұрақтар қоюға қорықпады. Мысалы: “Неге Ехоба Яһуда жеріндегі жағдайдың ушығып, халықтың одан бетер қасірет шегуіне жол беруде? Неге ол қол қусырып отыр? Неге Құдіреті шексіз Құдай үндемей, зұлымдыққа төзіп отыр?” Ол Ехобаның “киелі Құдай” екенін және оның “көзі тым таза, сондықтан озбырлыққа қарап тұра алмайтынын” білгендіктен, осылай деп сұрады.

10. Неге кейде Абақұқ сияқты күй кешеміз?

10 Кейде біз де Абақұқ іспетті күй кешуіміз мүмкін. Әрине, біз Ехобаға құлақ асамыз, оған сенім артамыз және үмітімізді нығайтатын Сөзін оқып-зерттейміз. Сонымен қатар оның ұйымы беріп жатқан тәліміне ден қойсақ, оның уәделері туралы көбірек білеміз. Соған қарамастан біз: “Бейнетімізден қашан көз ашар екенбіз?” — деп ойлауымыз мүмкін. Осы орайда Абақұқтың келесі әрекетінен неге үйрене алатынымызды көрейік.

ЕХОБАНЫ КҮТІҢІЗ

11. Абақұқ не істеуге бел буды?

11 Абақұқ 2:1 оқыңыз. Ехобамен әңгімелескені Абақұққа жантыныштығын сыйлады. Бұл оның Ехобаның әрекет ететін кезін күтуге деген шешімін берік етті. Ол бұны “мен апат күнін үндемей күтемін, өйткені ол бізге шабуылдаған халықтың басына түспек” деген сөздерімен растады (Абақұқ 3:16). Ехобаның өзге де адал қызметшілері оның әрекет етуін шыдамдылықпен күткен. Олардың үлгілері бізге жігер береді. Өйткені бұлай ету біздің де қолымыздан келеді (Миха 7:7; Жақып 5:7, 8).

Ехобаның әрекет ететін кезін шыдамдылықпен күтіп, оның өз уақытында қиындықтарымыздан азат ететініне сенімді болуымыз керек

12. Абақұқтан не үйренеміз?

12 Абақұқтың берік шешімінен неге үйренеміз? Біріншіден, біз Ехобаға әрдайым дұға етіп, оған бар қиындықтарымызды айтудан тартынбауымыз керек. Екіншіден, Ехобаның бізге өз Сөзі және ұйымы арқылы беріп жатқан тәліміне құлақ асуымыз қажет. Үшіншіден, оның әрекет ететін кезін шыдамдылықпен күтіп, өз уақытында қиындықтарымыздан азат ететініне сенімді болуымыз керек. Абақұққа еліктесек, біз жантыныштығын сезінеміз және төзімді боламыз. Қандай қиындықтарға кезікпейік, үмітіміздің арқасында біз шыдамды әрі бақытты болып қала береміз. Біз көктегі Әкеміздің әрекет ететініне сенімдіміз (Римдіктерге 12:12).

13. Ехоба Абақұқты қалай жұбатты?

13 Абақұқ 2:3 оқыңыз. Абақұқтың күтуге деген берік шешімін көргенде, Ехоба сөзсіз риза болды. Құдіреті шексіз Құдай Абақұқтың қиналып жатқанын көрді. Сондықтан ол пайғамбарын жұбатып, көкейінде жүрген сұрақтарына жауап беретініне сендірді. Абақұқ жақын арада барлық уайымынан арылмақ еді. Ехоба оған: “Шыдамды бол, маған сенім арт. Көп уақыт өткендей көрінсе де, сенің дұғаңа жауап беремін”,— деп айтқандай болды. Ехоба өз уәделерін жүзеге асыратын уақытты алдын ала шешіп қойған еді. Ол мұны Абақұқтың есіне салып, әрі қарай да күте беруге талпындырды. Түбінде пайғамбар Ехобаның кеңесіне сай әрекет еткеніне өкінбес еді.

Неге біз Ехобаға барынша қызмет етуге бел будық? (14-абзацты қараңыз)

14. Қиындықтарға кезіккенде не істеуге бел бууымыз керек?

14 Біз де Ехобаның әрекет ететін кезін күтуіміз қажет. Сондай-ақ оның айтқандарына мұқият ден қоюымыз керек. Сонда қандай қиындықтарға кезікпейік, бізде сенімділік пен жантыныштығы болады. Иса Ехоба ашпаған “уақыттар мен мерзімдер” туралы уайымдаудың қажеті жоқ екенін айтқан (Елшілердің істері 1:7). Ехоба қашан әрекет ету керектігін өзі біледі. Соған сенімді болайық. Сондықтан біз кішіпейіл де шыдамды болып, Құдайға сенім артуымыз қажет. Ал әзірге Ехобаны күте жүріп, уақытымызды ақылмен қолданайық және Ехобаға барымызды салып қызмет етейік (Марқа 13:35—37; Ғалаттықтарға 6:9).

ЕХОБА ӨЗІНЕ СЕНІМ АРТҚАНДАРҒА ӨМІР СЫЙЛАЙДЫ

15, 16. а) Абақұқ кітабында Құдайдың қандай уәделері жазылған? ә) Бұл уәделерден не үйренеміз?

15 Ехоба “әділ адам адалдығының арқасында өмір сүретінін” және “жер беті де Ехобаның даңқы жайлы білімге толатынын” уәде етеді (Абақұқ 2:4, 14). Расында да, шыдамдылық танытып, өзіне сенім артатындарға Ехоба мәңгілік өмір сыйлаймын деп уәде беріп жатыр.

16 Абақұқ 2:4-тегі уәденің маңызды болғаны сонша — елші Пауыл мұны өз хаттарында үш рет келтірген (Римдіктерге 1:17; Ғалаттықтарға 3:11; Еврейлерге 10:38). Кез келген қиындыққа қарамастан Ехобаға сенім артсақ, оның уәделерінің орындалатынын көреміз. Ехоба бар назарымызды алдағы үмітке тіккенімізді қалайды.

17. Өзіне сенім артатындарға Ехоба қандай уәде береді?

17 Соңғы күндері өмір сүріп жатқан біздер Абақұқ кітабынан керемет сабақ аламыз. Ехоба өзіне сенім артатын әрбір әділ жанға мәңгілік өмір сыйлайтынын уәде етуде. Сондықтан қандай қиындығымыз, қандай уайымымыз болмасын, Құдайға берік сенім дамытайық. Ехобаның Абақұққа айтқан сөздері оның бізді де қорғайтынына, қолдайтынына сенімділік береді. Ехоба Патшалығын жер бетінде орнататын уақытты шешіп қойған. Ол бізді өзіне сенім артып, сол уақытты шыдамдылықпен күтуге шақырады. Сол кезде жер беті Ехобаға ғибадат ететін бақытты да тату адамдарға толады (Матай 5:5; Еврейлерге 10:36—39).

ЕХОБАҒА ҚУАНЫШПЕН СЕНІМ АРТАЙЫҚ

18. Ехобаның сөздері Абақұққа қалай әсер етті?

18 Абақұқ 3:16—19 оқыңыз. Ехобаның айтқан сөздері Абақұққа қатты әсер етті. Абақұқ Ехобаның сол уақытқа дейін өз халқына жасаған ғажайып істері жайлы ой жүгіртті. Осының арқасында Ехобаға деген сенімі нығайды. Ол Ехобаның көп ұзамай әрекет ететініне сенімді болды. Пайғамбар әлі де шамалы уақыт қиындық көретінін білсе де, Ехобаға деген сенімі жанына жұбаныш берді. Абақұқтың күмәні толығымен сейілді. Ол Ехобаның оны құтқаратынына толықтай сенімді болды. 18-тармақтағы Абақұқтың сөздері Киелі кітаптағы ерекше сеніммен айтылған сөздердің бірі десек болады. Кейбір ғалымдардың пайымдауынша, бұл тармақ тура мағынада “қуаныштан секіремін, Құдайыма шаттанып, би билеймін” дегенді білдіреді. 16—19 тармақтарда не деген керемет сенім жатыр десеңізші! Ехоба бізге болашаққа қатысты тамаша уәделер беріп қана қоймай, сол уәделерін жуық арада іске асыратынына сендіреді.

19. Абақұқ іспетті, қалай біз Ехобадан жұбаныш таба аламыз?

19 Абақұқ кітабынан Ехобаға сенім артудың қаншалықты маңызды екенін үйрендік (Абақұқ 2:4). Ехобаға сенім арта беру үшін онымен қарым-қатынасымызды нығайтуымыз қажет. Осылай ету үшін, біріншіден, бар уайым-қайғымызды Ехобаға әрдайым айтуымыз керек. Екіншіден, Ехобаның Сөзін мұқият тыңдап, ұйымы арқылы беріп жатқан нұсқауларына құлақ түруіміз қажет. Үшіншіден, Ехобаның уәделері орындалатын уақытты күте жүріп, адалдық пен шыдамдылық танытқанымыз абзал. Абақұқ осылай еткен. Ол Ехобаға алғаш тіл қатқанда, қатты жабырқаулы болды. Десе де соңында жігерленіп, қуанышқа кенелді! Абақұққа еліктер болсақ, көктегі Әкеміз Ехобаның жылы құшағынан жұбаныш табамыз. Осы зұлым дүниеде бұған тең келер жұбаныш жоқ, сірә!