Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ой-санаңызды кім қалыптастырып жатыр?

Ой-санаңызды кім қалыптастырып жатыр?

“Бұдан былай осы заманның өмір салтын үлгі етпеңдер, қайта, ой-саналарыңды жаңартып, түбегейлі өзгеріңдер” (РИМДІКТЕРГЕ 12:2).

ӘНДЕР: 88, 45

1, 2. а) Петір Исаны қара басын ойлауға талпындырғанда, Иса не деді? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.) ә) Иса неге олай жауап берді?

ИСАНЫҢ шәкірттері төбелеріне жай түскендей болып отыр. Олар ұстаздары Исраил патшалығын қайта орнатады деп күткен еді, ал ол қазір ғана өзінің азап шегіп, өлетінін айтты. Сонда елші Петір барлығының алдын орап: “Ием, өзіңізді аяңыз. Мұндай нәрсе басыңызға түсе көрмесін!”— деді. Бұған Иса: “Менен аулақ кет, Шайтан! Сен жолыма тосқауыл қойып жатырсың, өйткені Құдайдың емес, адамның ойын айтып тұрсың!”— деп жауап берді (Матай 16:21—23; Елшілердің істері 1:6).

2 Иса бұл сөздерімен Шайтан билеген дүниедегі ой-пікірлер мен Ехобаның ойының арасында айырмашылық бар екенін айқын көрсетті (Жоханның 1-хаты 5:19). Петір Исаны бүгінде көп адамға тән өзімшіл рухты танытуға итермеледі. Бірақ Иса Ехобаның ойын жақсы білді. Ехоба оның алдағы азап пен өлімге дайын болғанын қалады. Исаның берген жауабы оның Ехобаның ойына сай әрекет етіп, осы дүниедегі көзқарастан толықтай бас тартқанын көрсетеді.

3. Осы дүниенің ойынан бас тартып, Ехобаның ойын қабылдау неге қиын?

3 Ал біз туралы не деуге болады? Біз Ехоба сияқты ойлаймыз ба, әлде осы дүниедегі адамдар сияқты ма? Мәсіхші болғандықтан, Құдайдың көңілінен шығатындай әрекет ету үшін барымызды саламыз. Бірақ Ехоба сияқты ойлауға, яғни әр жағдайға Ехобаның көзқарасымен қарауға тырысамыз ба? Бұл үшін көп күш салу қажет. Себебі осы дүниенің рухы бізді ауа іспетті қоршап тұр (Ефестіктерге 2:2). Оның үстіне, айналамыздағы адамдар жиі өздерін ғана ойлайды. Бұл бізге де әсер етуі мүмкін. Иә, Ехоба сияқты ойлау үшін күш салу керек, ал осы дүниедегі адамдар сияқты ойлау оп-оңай.

4. а) Осы дүниенің ой-санамызға әсер етуіне жол берсек, нәтижесі қандай болады? ә) Осы мақаладан не білеміз?

4 Осы дүниенің ой-санамызға әсер етуіне жол берсек, өзімшіл болып кетуіміз мүмкін. Ал артынша ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін шешкіміз келіп кетуі де ғажап емес (Марқа 7:21, 22). Сондықтан адамның емес, Құдайдың ойын танытуды үйрену өте маңызды. Осы орайда бұл мақаланың көп пайдасы тимек. Біз Ехоба сияқты ойлаудың не себепті еркіндігімізді шектемейтінін, қайта, пайдамызға асатынын білеміз. Сондай-ақ осы дүниенің көзқарасы мен ойын үлгі етпеу үшін, яғни бізді қалыптастыруына жол бермеу үшін не істеу керектігін де білеміз. Ал келесі мақалада Ехобаның белгілі бір жағдайларға қатысты көзқарасын қалай анықтай алатынымызды және оның ой қалпына қалай ие бола алатынымызды көреміз.

ЕХОБАНЫҢ ОЙ ҚАЛПЫ ИГІЛІК ӘКЕЛЕДІ

5. Неге кейбір адамдар біреудің дегенімен жүргісі келмейді?

5 Кейбір адамдар біреудің дегенімен жүргісі келмейді. Олар “өзім білемін” деп жатады. Осылай өз бетінше шешім қабылдағысы келетінін көрсетіп, өз құқықтарын алға тартатын шығар. Олар басқалардың өздерін қадағалап, өзгелер сияқты болуға мәжбүрлегенін жақтырмайды *.

6. а) Ехоба бізге қандай еркіндік берген? ә) Бұл еркіндік шексіз бе?

6 Ехобаның көзқарасын қабылдағанымыз енді өзіміздің жеке ой-пікіріміз болмайды дегенді білдірмейді. Қорынттықтарға 2-хат 3:17-де: “Ехобаның рухы бар жерде азаттық бар”,— делінген. Ехоба бізге қандай адам болатынымызды таңдауға ерік берген. Біздің көңіл қалауымыз бен қандай іске әуестенетінімізге қатысты таңдауымыз бар. Ехоба бізді осылай жаратты. Бірақ бұл еркіндігіміз шексіз деген сөз емес (Петірдің 1-хаты 2:16 оқыңыз). Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін анықтауға келгенде, Ехоба біздің Сөзіне жүгінгенімізді қалайды. Сіздің ойыңызша, бұлай ету еркіндігімізді шектеп тастай ма, әлде пайдамызға аса ма?

7, 8. Ехобаның көзқарасын танытқанымыз еркіндігімізді шектеп тастай ма? Мысал келтіріңіз.

7 Бұны мынадай мысалмен түсіндіруге болады. Ата-ана баласына жақсы тәрбие беруге тырысады. Оны шыншыл, еңбекқор әрі өзгелерге қамқор болуға баулиды. Мұндай ата-ана баласын шектеп тастады дей алмаймыз, солай емес пе?! Қайта, мұндай тәрбие оған болашақта көп пайдасын тигізеді. Бала ержетіп, үйден кеткенде, өмір жолын өзі таңдайды. Егер ол ата-анасының берген жақсы тәрбиесіне сай жүріп-тұрса, жақсы шешімдер қабылдайды және көп қиындықтан, уайым мен өкініштен аулақ болады.

Ехоба кез келген мәселеге өзі сияқты қарауды үйреніп, берген құндылықтарына сай өмір сүргенімізді қалайды

8 Жақсы ата-ана секілді Ехоба да өз балаларының барынша бақытты өмір кешкенін қалайды (Ишая 48:17, 18). Ол бізге таза жүріп-тұруға және өзгелерге қалай қарау керектігіне қатысты негізгі принциптерді берді. Ехоба кез келген мәселеге өзі сияқты қарауды үйреніп, берген құндылықтарына сай өмір сүргенімізді қалайды. Бұлай еткеніміз еркіндігімізді шектеп тастамайды. Қайта, дана болуға әрі дұрыс шешімдер қабылдауға көмектеседі (Зәбүр 92:5; Нақыл сөздер 2:1—5; Ишая 55:9). Әрине, қандай шешім қабылдайтынымыз өз қолымызда. Бірақ біз бақыт әкелетін шешім қабылдаймыз (Зәбүр 1:2, 3). Ехобаның ой қалпына ие болсақ, оның көл-көсір игілігін көреміз!

ЕХОБАНЫҢ ОЙ ҚАЛПЫ БӘРІНЕН ДЕ ҮСТЕМ

9, 10. Ехобаның ойы осы дүниедегі ой-пікірлерден үстем екенін не дәлелдейді?

9 Ехобаның ойы осы дүниедегі ой-пікірлерден әлдеқайда жоғары. Бұл — оның ой қалпын танытуымызға тағы бір келелі себеп. Осы дүние таза жүріп-тұрудың не екеніне, отбасы бақытына, табысқа жетуге және өміріміздің басқа да салаларына қатысты кеңестер береді. Бірақ сол кеңестердің көбісі Ехобаның көзқарасына қарама-қайшы. Мысалы, бұл дүние адамдарды өз қара басын ойлауға итермелейді. Сондай-ақ зинақорлықтың еш оғаштығы жоқ деп үйретеді. Ерлі-зайыптылар түймедей нәрселерді себеп қылып, бөлек тұрса немесе ажырасса, әлдеқайда бақытты болады деп жатады. Бірақ мұндай ақыл-кеңестер Киелі кітап тәлімдеріне қайшы келеді. Осы дүниенің ақыл-кеңестері Киелі кітап тәлімдерінен асып түсіп жатыр дей аламыз ба?

10 Иса: “Даналық істерімен дәлелденеді”,— деген (Матай 11:19). Дүниеде технология зор қарқынмен дамып жатса да, адамдарға қайғы-қасірет әкеліп жатқан соғыс, ұлтшылдық және қылмыс сияқты негізгі қиындықтар шешілер емес. Оның үстіне, бұл дүние зинақорлық жасағанда тұрған ештеңе жоқ деп үйретеді. Бірақ бұл отбасыларды ойран ететінімен, денсаулыққа зиян келтіріп, басқа да жаман салдар әкелетінімен көп адам келіседі. Ал Ехобаның тәлімдері қандай нәтиже әкелуде? Оның көзқарасын ұстанып жүрген мәсіхшілердің отбасылары бақытты, денсаулықтары мықты әрі дүниежүзіндегі бауырластармен ынтымақта (Ишая 2:4; Елшілердің істері 10:34, 35; Қорынттықтарға 1-хат 6:9—11). Мұның барлығы Ехобаның ой қалпы осы дүниедегі ой-пікірлерден әлдеқайда жоғары екенін дәлелдейді.

11. Мұсаның ойын кім қалыптастырды және ол мұның қандай пайдасын көрді?

11 Ехобаның ежелдегі қызметшілері оның ой қалпы бәрінен де үстем екеніне көз жеткізген. Мысалы, Мұса “мысырлықтардың бүкіл даналығын меңгерсе де”, нағыз даналық тек Ехобадан келетінін түсінген (Елшілердің істері 7:22; Зәбүр 90:12). Сондықтан ол Ехобадан: “Маған жолдарыңды білдіре көрші”,— деп сұрады (Мұсаның 2-жазбасы 33:13). Мұса Ехобаға оның ойын қалыптастыруға жол бергендіктен, Құдай өз ниетін жүзеге асыру үшін оны ерекше жолмен қолданды және сенімі мықты адам ретінде атап, зор құрметке бөледі (Еврейлерге 11:24—27).

12. Пауыл не нәрсеге сүйеніп шешім қабылдаған?

12 Елші Пауыл көзі ашық, білімдар кісі болған. Ол еврей және грек тілдерін білген (Елшілердің істері 5:34; 21:37, 39; 22:2, 3). Бірақ ол осы дүниенің даналығына емес, Құдай Сөзіне жүгініп шешім қабылдаған (Елшілердің істері 17:2; Қорынттықтарға 1-хат 2:6, 7, 13 оқыңыз). Нәтижесінде оның қызметі өте жемісті болды. Сондай-ақ ол мәңгілікке ұласатын сыйын тағатсыздана күтті (Тімөтеге 2-хат 4:8).

13. Ойымызды өзгертіп, Ехоба сияқты көзқарас танытуымызға кім жауапты?

13 Құдайдың ойы осы дүниенікінен әлдеқайда үстем екені сөзсіз. Құдайдың талаптарына сай өмір сүрсек, нағыз бақытқа әрі жетістікке жетеміз. Бірақ Ехоба бізді өзі сияқты ойлауға мәжбүрлемейді. “Адал да ақылды құл” да, ақсақалдар да бізді бұған мәжбүрлемейді (Матай 24:45; Қорынттықтарға 2-хат 1:24). Ойымызды өзгертіп, Ехоба сияқты көзқарас танытамыз ба, жоқ па — бұған әрқайсысымыз өзіміз жауаптымыз. Ехоба сияқты көзқарас таныту үшін не істей аламыз?

БІЗДІ ОСЫ ДҮНИЕ ҚАЛЫПТАСТЫРЫП ЖҮРМЕСІН

14, 15. а) Ехоба сияқты ойлау үшін не туралы ой жүгіртуіміз қажет? ә) Осы дүниедегі ой-пікірлердің санамызға әсер етуіне неге жол бермеу керек? Мысал келтіріңіз.

14 Римдіктерге 12:2-де: “Бұдан былай осы заманның өмір салтын үлгі етпеңдер, қайта, ой-саналарыңды жаңартып, түбегейлі өзгеріңдер. Сонда Құдайдың ізгі де ұнамды әрі кемелді еркіне не жататынына көз жеткізе аласыңдар”,— делінген. Біздің ой-санамыз шындыққа дейін түрлі жайттардың әсерімен қалыптасқан шығар. Бірақ жоғарыдағы жазба орнынан ойымызды өзгертіп, оны Құдайдікіне барынша ұқсас ете алатынымыз көрінеді. Генетикамыз не өмірде көріп-білгеніміз ой-санамызға қандай да бір шамада әсер етсе де, ойымызды жаңартып отыруға болады. Ойымыздың жаңаруы көбіне не туралы ойлайтынымызға байланысты. Егер Ехобаның ойлары туралы ой жүгіртетін болсақ, оның дұрыстығына көзіміз жете түседі. Сонда барлық жағдайға оның көзімен қарауға ықыласты боламыз.

15 Ой-санамызды жаңартып, Ехоба сияқты ойлау үшін, ең алдымен, “осы заманның өмір салтын үлгі етпеу” керек. Бұл дегеніміз — Құдайдың ойына қайшы келетін кез келген нәрсені көруден, оқудан не тыңдаудан аулақ болу. Мұның маңыздылығын түсіну үшін мысал келтірейік. Денсаулығын күтетін адам пайдалы тағамдар жеуге тырысады. Бірақ ол пайдалы тағаммен қатар бұзылған тағамды да жейтін болса, мұның ешқандай пайдасын көрмейді. Сол сияқты біз осы дүниедегі ой-пікірлердің ой-санамызға әсер етуіне жол берсек, Ехобаның ойын білуге деген бар талпынысымыз зая кетеді.

16. Біз өзімізді неден қорғауымыз керек?

16 Рас, осы дүниедегі ой-пікірлерге мүлдем кезікпеу мүмкін емес. Бұл дүниеден ешқайда қашып кете алмайтын болғандықтан, біз оларға бәрібір кезігеміз (Қорынттықтарға 1-хат 5:9, 10). Тіпті уағыздап жүріп қандай да бір бұрыс ойларды не жалған ілімдерді естіп жатамыз. Бірақ естіп қалған осындай ой-пікірлерді әрі қарай ойлап, оларға еріп кетпеген жөн. Иса сияқты, біз де Шайтан бойымызға ұялатқысы келген ойлардан бірден бас тартуымыз керек. Біз осы дүниедегі ой-пікірлерді естіп-көруден мүмкіндігінше аулақ болу арқылы өзімізді қорғай аламыз (Нақыл сөздер 4:23 оқыңыз).

17. Осы дүниедегі ой-пікірлерден барынша қорғану үшін не істеуіміз керек?

17 Мысалы, достарды дұрыс таңдау арқылы өзімізді қорғай аламыз. Киелі кітапта ескертілгендей, Ехобаға ғибадат етпейтін адамдармен достассақ, солар сияқты ойлай бастауымыз әбден мүмкін (Нақыл сөздер 13:20; Қорынттықтарға 1-хат 15:12, 32, 33). Көңіл көтеру түрін де дұрыс таңдай білген жөн. Эволюция теориясын, қатыгездік пен азғындықты насихаттайтын көңіл көтеру түрінен бас тартсақ, “Құдай туралы білімге қайшы ой-пікірлердің” санамызды улауына жол бермейміз (Қорынттықтарға 2-хат 10:5).

Балаларымызды зиянды көңіл көтеру түрінен қорғаймыз ба? (18, 19-абзацтарды қараңыз)

18, 19. а) Осы дүниедегі бірден байқалмайтын пікірлерден неге абай болу керек? ә) Қандай сұрақтар жайлы ойлануымыз керек және неге?

18 Сондай-ақ біз осы дүниедегі бірден байқалмайтын ой-пікірлерді көре біліп, олардан бас тартуымыз керек. Мысалы, кейде жаңалықтарда қандай да бір саяси ой-пікірді жақтап жатады немесе осы дүниедегі адамдардың көздейтін жетістіктерін үгіттейді. Ал кейбір фильмдер мен кітаптарда “бәрінен өзім артық, отбасым артық” деген пікірді насихаттап, оны қисынды, тартымды, тіпті дұрыс етіп көрсетеді. Алайда бұл пікірлер Киелі кітапқа кереғар. Ол жерде Ехобаны бәрінен артық жақсы көрсек, өзіміз де, отбасымыз да шын бақытты болатыны айтылған (Матай 22:36—39). Сондай-ақ балаларға арналған кейбір кітаптар, ойындар мен мультфильмдер еш жамандығы жоқ болып көрінсе де, балаларды өнегесіз жүріс-тұрысқа үйретуі мүмкін.

19 Біз пайдалы көңіл көтеру түрінен бас тартпаймыз, әрине. Бірақ мына сұрақтар жайлы ойланғанымыз абзал: Осы дүниедегі тіпті бірден байқалмайтын ой-пікірлерді анықтай білемін бе? Өзімді және балаларымды кейбір теледидар бағдарламаларының не әдебиеттердің әсерінен қорғап жүрмін бе? Осы дүниедегі пікірлерге еріп кетпеулері үшін балаларыма Ехобаның көзқарасын танытуға көмектесіп жүрмін бе? Құдайдың ой қалпы мен осы дүниедегі ой-пікірлердің аражігін ажырата білсек, бұл дүниенің ой-санамызды қалыптастыруына жол бермейміз.

СІЗДІ КІМ ҚАЛЫПТАСТЫРЫП ЖАТЫР?

20. Бізді кім қалыптастыратыны неге байланысты?

20 Кез келген мәлімет тек екі арнадан келетінін есте ұстайық. Біреуі — Ехобадан, ал екіншісі — Шайтан мен оның дүниесінен. Сізді қайсысы қалыптастырып жатыр? Бұл қай арнадан мәлімет алатыныңызға байланысты. Осы дүниедегі пікірлерге ерсек, ол ойымызды қалыптастыратын болады. Сонда біз өз қара басымызды ойлай бастаймыз. Сондықтан не көретініміз, не оқып не тыңдайтынымызға және не туралы ойланатынымызға ықтият болғанымыз аса маңызды.

21. Келесі мақалада не жайлы сөз қозғаймыз?

21 Осы мақаладан Ехоба сияқты ойлау үшін, осы дүниенің ой-пікірінен аулақ болу керектігін білдік. Біз Құдайдың ойлары жайлы ой жүгіртуіміз де керек. Сонда ой-санамыз оған барынша ұқсас болады. Келесі мақалада мұны қалай істей алатынымыз жайлы талқылаймыз.

^ 5-абзац Шындап келгенде, тәуелсіз адамдардың өздері айналасындағы адамдардың ықпалында жүреді. Мысалы, тіршіліктің бастауына қатысты көзқарасымызға, тіпті не киетінімізге де басқалар аз да болса ықпал етеді. Бірақ кімнің ықпалында жүретініміз өз қолымызда.