Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Біз сенімен барамыз”

“Біз сенімен барамыз”

“Біз сенімен барамыз, өйткені Құдай сенің халқыңмен бірге екенін естідік” (ЗӘКӘРИЯ 8:23).

ӘНДЕР: 32, 31

1, 2. а) Ехоба біздің уақытымыз туралы не деген? ә) Осы мақалада қандай сұрақтарға жауап аламыз? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

ЕХОБА біздің уақытымыз туралы былай деген: “Сол күндері әртүрлі тілде сөйлейтін барлық халықтардан шыққан он адам яһудидің етегіне жармасып, оған: “Біз сенімен барамыз, өйткені Құдай сенің халқыңмен бірге екенін естідік”,— дейтін болады” (Зәкәрия 8:23). Мұндағы “яһуди” киелі рухпен майланғандарды білдіреді. Олар “Құдайдың Исраилі” деп те аталады (Ғалаттықтарға 6:16). Ал “он адам” жер бетінде мәңгі өмір сүруге үміті бар адамдарды білдіреді. Олар осы майланғандардың тобына Ехоба батасын беріп жатқанын біледі, сондықтан олармен бірге ғибадат етуді мәртебе санайды.

2 Зәкәрия пайғамбар сияқты, Иса да Құдай халқының бірлікте болатынын айтқан. Ол көкте өмір сүруге үміттенетіндерді “кішкене отар” деп, ал жерде өмір сүруге үміті барларды “басқа қойлар” деп атаған. Бірақ Иса олардың бәрі “бір бағушысы бар бір отар болатынын” айтқан (Лұқа 12:32; Жохан 10:16). Олар екі бөлек топ болғандықтан, мынадай сұрақтар туындауы мүмкін: 1) Басқа қойларға бүгіндегі барлық майланғандардың есімін білу қажет пе? 2) Майланғандар өздері жайлы қандай ойда болу керек? 3) Қауымда біреу рәміздерден дәм татса, бұған қалай қарағанымыз жөн? 4) Рәміздерден дәм тататындардың саны көбейіп жатқанына уайымдауымыз керек пе? Қазір осы сұрақтарға жауап алайық.

БҮГІНДЕГІ БАРЛЫҚ МАЙЛАНҒАНДАРДЫҢ ЕСІМІН БІЛУІМІЗ ҚАЖЕТ ПЕ?

3. 144 000-ға кімдер кіретінін білу неге мүмкін емес?

3 Басқа қойларға бүгіндегі барлық майланғандардың есімін білу қажет пе? Жоқ. Неге? Өйткені майланғандар сыйларын ала ма, жоқ па, мұны ешкім нақты біле алмайды [1] (25-беттегі сілтемені қараңыз). Құдай оларды көкке шақырғанмен, адалдықтарын сақтаған жағдайда ғана олар сыйларын алады. Шайтан мұны біледі, сондықтан оларды адастыру үшін “жалған пайғамбарларды” қолданады (Матай 24:24). Ехоба өздерін адал деп тапқанын анық білдіргенше, майланғандар көктегі сыйын алатынына толық сенімді бола алмайды. Ехоба өзінің біржола мақұлдауын білдіретін шешуші белгіні оларға өлер алдында не “зор алапат” басталар алдында салады (Аян 2:10; 7:3, 14).

Иса — біздің Көсеміміз. Оның ғана соңынан еруіміз керек

4. Жердегі майланғандардың есімдерін білу мүмкін емес болса, қалай олармен “барамыз”?

4 Жердегі майланғандардың есімдерін білу мүмкін емес болса, басқа қойлар қалай олармен “барады”? Киелі кітапта он адамның “яһудидің етегіне жармасып, оған: “Біз сенімен барамыз, өйткені Құдай сенің халқыңмен бірге екенін естідік”,— дейтіні жазылған. Бұл тармақта “яһуди” деп жекеше түрде айтылған. Бірақ “сенімен”, “сенің халқыңмен” деген сөздер түпнұсқа мәтінде көпше түрге нұсқайды. Демек, яһуди бір адамды емес, майланғандардың тобын білдіреді. Басқа қойлар мұны біледі, сондықтан сол топпен бірге Ехобаға қызмет етеді. Оларға осы топтың әрбір мүшесінің есімін біліп, әрқайсысының соңынан ерудің қажеті жоқ. Өйткені біздің Көсеміміз — Иса. Киелі кітап Исаның ғана соңынан еруге шақырады (Матай 23:10).

МАЙЛАНҒАНДАР ӨЗДЕРІ ЖАЙЛЫ ҚАНДАЙ ОЙДА БОЛУ КЕРЕК?

5. Майланған мәсіхшілер қандай ескертуге аса ден қоюлары қажет және неге?

5 Майланған мәсіхшілер Қорынттықтарға 1-хат 11:27—29 (оқыңыз) тармақтардағы ескертуге аса ден қоюлары қажет. Майланған адамның Еске алу кешінде рәміздерден дәм татқаны қай кезде лайықсыз болуы мүмкін? Егер ол Ехобамен жақсы қарым-қатынасын сақтамай рәміздерден дәм тататын болса (Еврейлерге 6:4—6; 10:26—29). Бұл қатаң ескертуден көрінетіні: майланғандар “Құдайдың сыйына, яғни Мәсіх Иса арқылы шақырған көктегі өмірге” жеткісі келсе, адал болып қалуға тиіс (Філіпіліктерге 3:13—16).

6. Майланғандар өздері жайлы қандай ойда болу керек?

6 Пауыл майланған мәсіхшілерге: “Иеміз үшін түрмеде отырған мен мынаны өтініп сұраймын: шақырылғандарыңа сай өмір сүріңдер”,— деген. Мұны олар қалай істей алады? Пауыл былай деп түсіндірген: “Әрдайым кішіпейіл, жұмсақ, шыдамды болыңдар әрі сүйіспеншілікпен бір-біріңе төзімділік танытыңдар, өзара тату болып, киелі рух арқылы иемденген бірліктеріңді сақтап қалуға барынша ұмтылыңдар” (Ефестіктерге 4:1—3). Киелі рух Ехобаның қызметшілеріне өркөкірек емес, кішіпейіл болуға көмектеседі (Қолостықтарға 3:12). Сондықтан майланғандар өздерін өзгелерден артықпыз деп есептемейді. Олар Ехоба өздеріне басқа қойларға қарағанда көбірек киелі рух береді деп ойламайды. Сондай-ақ Киелі кітап шындықтарын басқалардан гөрі жақсырақ түсінеміз демейді. Олар әлдекімге майланғансың деп, оған Еске алу кешінде рәміздерден дәм татуды ұсынбайды. Өйткені олар адамдарды көкке Ехоба ғана шақыратынын кішіпейілділікпен мойындайды.

7, 8. Майланған мәсіхшілер өзгелерден нені күтпейді және неге?

7 Майланғандар көкке шақырылуды зор мәртебе санағанмен, өзгелерден ерекше құрмет күтпейді (Ефестіктерге 1:18, 19; Філіпіліктерге 2:2, 3 оқыңыз). Сондай-ақ олар майланған кезде, Ехоба мұны тек өздеріне ғана білдіретінін біледі. Сондықтан біреулер майланған екендеріне бірден сенбей жатса, таңғалмайды. Өйткені олар Киелі кітап Құдайдан ерекше жауапкершілік алдым дейтіндерге сене бермеуге шақыратынын біледі (Аян 2:2). Өздеріне тым көңіл бөліп, сый-құрмет көрсеткендерін қаламағандықтан, олар өздерін бірден майланған ретінде таныстырмайды. Олар тіпті бұл жайлы ешкімге тіс жармайтын да шығар. Сондай-ақ көкте қандай керемет істермен айналысатынын айтып мақтанбайды (Қорынттықтарға 1-хат 1:28, 29; Қорынттықтарға 1-хат 4:6—8 оқыңыз).

8 Майланған мәсіхшілер бір клубтың мүшелері сияқты бір-бірімен ғана уақыт өткізуді көздемейді. Я болмаса олар майлану туралы әңгіме айту үшін не топ болып Киелі кітапты зерттеу үшін бір-бірін іздемейді (Ғалаттықтарға 1:15—17). Егер майланғандар бұлай етсе, қауымға іріткі салып, Құдай халқының бірлік-ынтымағына ықпал ететін киелі рухқа қарсы әрекет етер еді (Римдіктерге 16:17, 18 оқыңыз).

ОЛАРҒА ҚАЛАЙ ҚАРАҒАНЫМЫЗ ЖӨН?

9. Рәміздерден дәм тататындарға қалай қарауымыз керек және неден аулақ болғанымыз дұрыс? (“ Сүйіспеншілік “әдепсіз емес” деген қоршауды қараңыз.)

9 Майланған бауырластарға қалай қарауымыз керек? Иса шәкірттеріне: “Сендер өзара бауырлассыңдар”,— деген. Әрі қарай ол: “Өзін жоғарылатқан әркім төмендетіледі, ал өзін төмен тұтқан әркім жоғарылатылады”,— деді (Матай 23:8—12). Сол себептен қандай да бір адамға, ол тіпті Мәсіхтің майланған бауыры болса да, тым тамсанып, таңдай қағу дұрыс болмас еді. Киелі кітапта ақсақалдар жайлы айтылғанда, біз олардың сеніміне еліктеуге шақырыламыз. Бірақ онда адам баласын көсем тұтыңдар деп айтылмаған (Еврейлерге 13:7). Рас, Жазбаларда кейбіреулердің “екі есе құрметке лайық” екені сөз етілген. Бірақ олар мұндай құрметке майланған болғандары үшін емес, “жақсы басшылық етіп”, “Құдай сөзін айтып, тәлім беруде аянбай еңбек еткендері” үшін лайық (Тімөтеге 1-хат 5:17). Сондықтан майланғандарды тым мақтап-қолпаштасақ, олар өздерін ыңғайсыз сезініп қалады. Бұдан да сорақысы — мұнымызбен олардың кеуде көтеріп кетуіне түрткі болуымыз әбден мүмкін (Римдіктерге 12:3). Әрине, ешқайсысымыз да Мәсіхтің майланған бауырларының мұндай ағаттық жасауына себепкер болғымыз келмейді! (Лұқа 17:2).

Еске алу кешінде рәміздерден дәм татқан адамға қалай қарауымыз керек? (9—11 абзацтарды қараңыз)

10. Майланған мәсіхшілерді құрметтейтінімізді қалай көрсете аламыз?

10 Майланған мәсіхшілерді құрметтейтінімізді қалай көрсете аламыз? Біз олардан қалай майланғаны туралы сұрамаймыз. Бұл — олардың жеке мәселесі, мұны білуге біздің құқымыз жоқ (Салоникалықтарға 1-хат 4:11; Салоникалықтарға 2-хат 3:11). Сондай-ақ олардың жұбайлары, ата-анасы не отбасының басқа мүшелері де міндетті түрде майланған деп ойламауымыз керек. Өйткені бұл үміт — атадан балаға берілетін мұра емес (Салоникалықтарға 1-хат 2:12). Сондай-ақ өзгелерге ауыр тиюі мүмкін сауалдар қоймағанымыз абзал. Мысалы, майланған бауырластың жарынан жер бетінде жұбайысыз қалай мәңгі өмір сүретінін сұраған орынды болмас еді. Біз Ехобаның жаңа дүниеде бәрінің қалауын орындайтынына кәміл сенсек болады (Зәбүр 145:16).

11. Адамдарға тамсанудан аулақ болғанымыз бізге қалай қорғаныш болады?

11 Майланғандарды өзгелерден артық көрмесек, бұл өзімізге де қорғаныш болады. Қалайша? Жазбаларда қауымға “жалған бауырластар” ұрланып еніп, тіпті өздерін майланғанбыз деуі мүмкін екені айтылған (Ғалаттықтарға 2:4, 5; Жоханның 1-хаты 2:19). Оның үстіне, майланғандардың кейбірі сенімдерінен тайып кетуі мүмкін (Матай 25:10—12; Петірдің 2-хаты 2:20, 21). Біз адамдарға тамсанудан аулақ болсақ, майланған не беделді біреу болсын, яки Ехобаға ұзақ уақыт қызмет етіп жүрген мәсіхші болсын, ешкімнің соңынан ермейміз. Егер олар адалдық сақтамай, қауымды тастап кетіп жатса, біз Ехобаға деген сенімімізді жоғалтпай, қызметімізді жалғастыра береміз.

ДӘМ ТАТАТЫНДАРДЫҢ САНЫ КӨБЕЙІП ЖАТҚАНЫНА УАЙЫМДАУЫМЫЗ КЕРЕК ПЕ?

12, 13. Дәм тататындардың саны көбейіп жатқанына неліктен уайымдамауымыз керек?

12 Көптеген жылдар бойы Еске алу кешінде рәміздерден дәм тататындардың саны азайып жатқан еді. Бірақ соңғы жылдары бұл сан жылдан-жылға өсуде. Бұған уайымдауымыз керек пе? Жоқ. Қазір мұның бірнеше себебін көрейік.

13 “Ехоба өз меншігіндегілерді біледі” (Тімөтеге 2-хат 2:19). Еске алу кешінде рәміздерден дәм тататындардың санын есептейтін бауырластар олардың шын мәнінде майланған-майланбағанын білмейді, мұны тек Ехоба ғана біледі. Есепке алынғандардың ішінде өздерін майланғанбыз деп ойлап қалатындар да бар. Мысалы, рәміздерден дәм татып жүрген кейбіреулер кейінірек мұнысын доғарған. Тағы біреулері психикалық аурудың не жан күйзелісінің салдарынан көкте Мәсіхпен билік етеміз деп ойлауы мүмкін. Сол себептен жер бетінде қанша майланғанның қалғанын біз нақты біле алмаймыз.

14. Зор алапат басталғанда, майланғандардың қаншасы жерде болатынына қатысты Киелі кітапта не делінген?

14 Иса көкке алып кету үшін келгенде, майланғандар дүниенің төрт бұрышында болады. Киелі кітапта Исаның “кернейдің зор үнімен періштелерін жіберіп, олар дүниенің төрт бұрышынан — аспан мен жердің о шеті мен бұ шетінен — оның таңдап алынғандарын жинап алатыны” айтылған (Матай 24:31). Сондай-ақ онда соңғы күндері жер бетінде майланғандардың тамтығы қалатыны жазылған (Аян 12:17). Алайда зор алапат басталған кезде, олардың қаншасы жер бетінде болатыны жайлы Жазбаларда ештеңе айтылмаған.

15, 16. Ехобаның 144 000 майланғанды таңдауына қатысты нені түсінуіміз керек?

15 Майланғандарды қашан таңдайтынын Ехоба өзі шешеді (Римдіктерге 8:28—30). Ехоба майланғандарды Иса қайта тірілгеннен кейін таңдай бастады. Бірінші ғасырдағы шынайы мәсіхшілердің бәрі майланғандар болғанға ұқсайды. Бірақ бірінші ғасырдан соңғы күндер басталғанға дейінгі аралықта мәсіхшіміз дейтіндердің басым көпшілігі Исаның шынайы ізбасарлары болған жоқ. Соған қарамастан Ехоба сол кездегі аздаған шынайы мәсіхшілерді майлады. Олар Иса айтып кеткендей, арам шөп арасында өскен бидай іспетті болды (Матай 13:24—30). Ал соңғы күндері Ехоба 144 000-ға кіретіндерді таңдауды жалғастырды [2] (25-беттегі сілтемені қараңыз). Егер Құдай соңғы күндердің аяғына таман біреуді таңдаса, әрине, біз оның дұрыс әрекет етіп жатқанына шек келтірмейміз (Ишая 45:9; Даниял 4:35; Римдіктерге 9:11, 16 оқыңыз). [3] (25-беттегі сілтемені қараңыз.) Біз Исаның мысалындағы соңғы сағатта келген жұмысшыларға қожайынының қалай қарағанын көріп, күңкілдеген басқа жұмысшылар сияқты болып жүрмейік (Матай 20:8—15 оқыңыз).

16 Көкте өмір сүруге үміттенетіндердің бәрі бірдей “адал да ақылды құлға” жатпайды (Матай 24:45—47). Бірінші ғасырдағыдай, Ехоба мен Иса бүгінде өз халқын азғана адамның қолымен рухани тамақтандыруда. Мысалы, бірінші ғасырда Мәсіхшілердің грек жазбаларын жазуға санаулы ғана майланған қатысқан. Бүгінде де тек бірнеше майланған Құдай халқына рухани “ас-суды уақтылы беріп тұруға тағайындалған”.

17. Бұл мақаладан не білдік?

17 Сонымен, бұл мақаладан не білдік? Ехоба өз халқына екі түрлі үміт беруді шешті: рухани “яһудиге” көкте өмір сүру үмітін, ал “он адамға” жерде өмір сүру үмітін. Бірақ Ехобаның екі топқа да қоятын талабы бір — заңдарына мойынсұнып, адал болып қалу. Екі топ та кішіпейіл болуға тиіс. Екі топ та иық тіресе қызмет етіп, бірлікте болуы қажет. Екі топ та қауымның ынтымақ-бірлігін сақтауы керек. Ендеше, дүниенің соңы таяп қалғандықтан, бәріміз Мәсіхтің қол астындағы бір отардай Ехобаға қызмет ете бергейміз!

^ [1] (3-абзац) Зәбүр 87:5, 6-ға сай, Құдай болашақта Исамен бірге көкте билік етіп жатқандардың есімдерін ашуы мүмкін (Римдіктерге 8:19).

^ [2] (15-абзац) Елшілердің істері 2:33-те Исаның біреуді майлауға қатысатыны айтылғанмен, адамды көкке шақыратын — Ехобаның өзі.

^ [3] (15-абзац) Көбірек мәлімет алу үшін “Күзет мұнарасындағы” (ор.) “Оқырман сауалдарын” қараңыз (2007 жыл, 1 мамыр, 30, 31-беттер).