Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Адал ер кісілерге жауапкершілікті сеніп тапсыру

Адал ер кісілерге жауапкершілікті сеніп тапсыру

“Менен естігендеріңді адал кісілерге сеніп тапсыр, сонда олар да өзгелерге тәлім беруге қабілетті болады” (ТІМӨТЕГЕ 2-ХАТ 2:2).

ӘНДЕР: 123, 53

1, 2. Көп адам жұмыстарына қатысты қандай пікірде?

КӨПШІЛІКТІҢ пікірінше, адамның өзін қадірлі сезіну-сезінбеуі айналысып жүрген ісіне байланысты. Кейбір мәдениеттерде адамдар танысқан бойда: “Кім болып істейсіз?”— деп сұрап жатады.

2 Киелі кітапта кейбір адамдар жайлы сөз етілгенде, олардың кәсіптері де аталып өткен. Мысалы, “салықшы Матай”, “Шимон атты тері илеуші” және “сүйікті дәрігер Лұқа” (Матай 10:3; Елшілердің істері 10:6; Қолостықтарға 4:14). Сондай-ақ онда кейбір адамдардың Ехобаның ісінде қандай қызмет атқарғаны сөз етіледі. Мысалға Дәуіт патша, Ілияс пайғамбар мен елші Пауылды алуға болады. Бұл ер кісілер Ехобадан алған тапсырмаларын қатты бағалаған. Біз де еншіміздегі Ехобаның кез келген тапсырмасын жоғары бағалауымыз керек.

3. Неге жасы үлкен бауырластар жастарды үйретулері керек? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

3 Біз Ехобаға қызмет еткенді жақсы көреміз, әрі ол жүктеген міндеттерді бағалаймыз. Көбіміз өзімізге тапсырылған істерді жақсы көретініміз сонша — оларды мейлінше ұзақ атқарғымыз келеді. Бірақ, өкінішке қарай, жасымыз ұлғайған сайын, жас кезімізде атқарған істердің бәрін бұрынғыдай атқара алмаймыз (Уағыздаушы 1:4). Бұл Ехобаның халқы үшін өзіндік қиындықтар туғызады. Бүгінде уағыз ісінің ауқымы кеңеюде, әрі Ехобаның ұйымы ізгі хабарды көп адамға жеткізу үшін күннен күнге дамып жатқан заманауи технологияларды қолдануда. Бірақ кейбір қарт адамдар үшін осындай озық әдістерді игеру оңай емес (Лұқа 5:39). Оның үстіне, жастары ұлғайған сайын, қауқарлары да қайтады (Нақыл сөздер 20:29). Сондықтан егде тартқан ер бауырластар жастау бауырластарға көбірек жауапкершіліктер атқаруға үйреткені — сүйіспеншіліктің белгісі, әрі бұл Ехобаның ұйымы үшін пайдалы (Зәбүр 71:18 оқыңыз).

4. Неліктен кейбіреулер міндеттерін тапсыруға қиналады? (“ Міндеттерді тапсыру неге қиын болуы мүмкін?” деген қоршауды қараңыз.)

4 Кейбір жауапты бауырластар үшін жастарға міндеттерін тапсыру оңай емес. Мысалы, олар сүйіп атқаратын ісінен айырылып қаламын деп қорқатын шығар. Ал өзгелері бұл міндетті өздері сияқты ешкім атқара алмайды деп ойлауы мүмкін. Немесе өзгелерді үйретуге уақыт жоқ деп есептейтін болар. Ал жастар болса, еншісіне көбірек міндет тимей жатса, шыдамдылық танытулары қажет.

5. Бұл мақалада қандай сұрақтар талқыланады?

5 Ендеше міндеттерді тапсыруға қатысты жайтқа екі тұстан қарап көрейік. Біріншіден, қалай жасы үлкен ер бауырластар жастарға көбірек міндеттер атқаруға көмектесе алады және неге бұл маңызды? (Тімөтеге 2-хат 2:2). Екіншіден, неге жас ер бауырластар тәжірибелі бауырластармен қызметтесе жүріп, дұрыс көзқарас танытулары әрі олардан үйренулері керек? Алдымен, Дәуіт патша өз ұлын өте маңызды іске қалай дайындағанын көрейік.

ДӘУІТ СҮЛЕЙМЕНДІ ДАЙЫНДАДЫ

6. Дәуіт патша не істеуге қатты ниеттенді, бірақ Ехоба оған не деді?

6 Дәуіт жылдар бойы қашқын болып, бір жерден екінші жерге көшіп-қонып жүруге мәжбүр болған. Ал кейін патша болған соң, жайлы үйіне орнығып алды. Сосын Ехобаға арналған “үй” немесе ғибадатхана соққысы келіп, Натан пайғамбарға: “Мен қарағайдан соғылған үйде тұрып жатырмын, ал Ехобаның келісім сандығы болса шатырда тұр”,— деді. Сонда Натан: “Көңілің қалағанын істе, шынайы Құдай саған жар”,— деп жауап берді. Бірақ Ехоба басқаша басшылық берді. Ол Натан арқылы Дәуітке келесі сөздерін жеткізді: “Менің тұрағым болатын үйді сен салмайсың”. Ехоба Дәуітке әрдайым жар болатынын уәде етсе де, ғибадатхананы өзі емес, ұлдарының бірі салатынын айтты. Бұл Дәуітке қалай әсер етті? (Шежірелер 1-жазба 17:1—4, 8, 11, 12; 29:1).

7. Дәуіт Ехобаның басшылығын қалай қабылдады?

7 Дәуіт Ехобаға арнап ғибадатхана соғуды қатты қалаған еді, сондықтан Ехобаның жауабын естіп көңілі түскен де шығар. Әйтсе де ол баласы Сүлеймен қолға алатын жобаны ынты-шынтысымен демеп-қолдады. Ол бар көмегін аямай, жұмысшылардың ісін ұйымдастырды және қажетті темір, мыс, алтын, күміс пен ағаш жинап қойды. Кейін соғылған ғибадатхана Дәуіттің емес, Сүлейменнің ғибадатханасы деп аталғаны рас. Бірақ Дәуіт атақ-даңққа басқа біреу ие болады деп мазасы кетпеді. Керісінше, ол Сүлейменнің рухын көтеріп былай деді: “Ал енді, балам, Ехоба саған жар болсын. Лайым ісіңде табысқа жетіп, өзі айтқандай, Құдайың Ехобаға арнап үй салғайсың” (Шежірелер 1-жазба 22:11, 14—16).

8. Неге Дәуіт Сүлейменді ғибадатхана соғуға дайын емес деп ойлады? Бірақ ол не істеді?

8 Шежірелер 1-жазба 22:5 оқыңыз. Дәуіт баласы Сүлейменді мұндай маңызды жобаны іске асыруға дайын емес деп ойлаған шығар. Өйткені ғибадатхана өте “сәулетті” болмақ еді, ал Сүлеймен болса “жас әрі тәжірибесіз” болатын. Бірақ Дәуіт Ехобаның Сүлейменге осындай ерекше жұмысты атқаруға барынша қолғабыс ететінін білген. Сондықтан да ол қолынан келгенше көмектесуді ойлап, Сүлейменді осындай үлкен құрылысқа дайындады.

ӨЗГЕЛЕРДІ ҮЙРЕТУДЕН ҚУАНЫШ ТАБЫҢЫЗ

Жастау бауырластар көбірек міндеттер алғанда, біз қатты қуанамыз (9-абзацты қараңыз)

9. Қарт бауырластар міндеттерін басқаларға беруден қалай қуаныш таба алады? Мысал келтіріңіз.

9 Жасы үлкен ер бауырластар кейбір міндеттерін жастау бауырластарға тапсыру қажет болса, мұңаймауы керек. Өйткені бүгінде ең маңыздысы Ехобаның ісі екенін бәріміз түсінеміз. Жастау бауырластарды үйрету арқылы сол істің атқарылуына үлес қосамыз. Осы ретте баласына көлік айдауды үйреткен әкені мысалға алайық. Бала кішкентай кезінде әкесінің көлікті қалай айдайтынын жай ғана бақылайды. Өсе келе әкесі оған көлікті қалай жүргізу керектігін айтып түсіндіреді. Ал кейін баласы жүргізу куәлігін алғанда, көлікті өзі айдай бастайды. Сөйтсе де әкесі арагідік нұсқаулар беріп отырады. Кейде олар көлікті кезек-кезек жүргізеді. Әкесі қартайғанда, көлікті көбінесе баласы айдайды. Бұдан әкесінің көңілі түсе ме? Жоқ, қайта, баласының қажет жаққа апарып-әкелетіні үшін қуанады. Тура сол сияқты, жасы үлкен ер бауырластар да өздері үйреткен жас бауырластардың көбірек міндеттер алуға дайын болғандарын көріп, бойларын мақтаныш кернейді.

10. Мұсаның билік пен даңққа деген көзқарасы қандай болған?

10 Жасы үлкен ер бауырластар іштарлықтан сақ болулары қажет. Кейбір исраилдіктер пайғамбар іспетті әрекет ете бастағанда, Мұсаның бұған қалай қарағанын көрейікші (Мұсаның 4-жазбасы 11:24—29 оқыңыз). Ешуа оларды тоқтатпақ болғанда, Мұса оған: “Менің беделімді ойлап, қызғанып тұрсың ба? Қызғанба. Ехоба бүкіл халқына өз рухын қондырып, бәрінің де Ехобаның пайғамбары болғанын қалар едім!”— деген. Мұса мұның Ехобаның басшылығымен болғанын білген еді. Өзіне даңқ іздемей, ол Ехобаның қызметшілерінің бәрі мәртебелі істі иеленгенін қалады. Ал біз ше? Өзгелер теократиялық тапсырмалар алып жатса, қуанамыз ба?

11. Міндеттерді тапсыруға қатысты бір ер бауырлас не деді?

11 Арамызда ондаған жыл бойы Ехобаға аянбай қызмет етіп, жастарды жауапкершілік алуға дайындаған ер бауырластар аз емес. Солардың бірі — Питер есімді бауырлас. 74 жылдық толық уақытты қызметінің 35 жылын ол Еуропадағы бір филиалда өткізген. Сол жерде ол ұзақ уақыт бойы қызмет бөлімінің бақылаушысы болған. Кейін бұл міндет Питермен жылдар бойы қызметтескен Пол есімді жастау бауырласқа өтеді. Сонда Питердің көңілі түсті ме? Жоқ. Ол былай дейді: “Көбірек жауапкершілік алу үшін дайындықтан өткен әрі ісімізді жақсылап атқаратын ер бауырластардың барына қатты қуанамын”.

ЕГДЕ ТАРТҚАН ЕР БАУЫРЛАСТАРДЫ БАҒАЛАЙЫҚ

12. Рохабоғамның мысалынан қандай сабақ аламыз?

12 Сүлейменнің ұлы Рохабоғам таққа отырғанда, жаңа міндетін қалай атқаруға қатысты ақсақалдардан кеңес сұрайды. Бірақ олардың кеңесін аяқасты етіп, өзімен бірге өскен жас құрдастарының кеңесіне еріп кетеді. Мұның арты насырға шапты (Шежірелер 2-жазба 10:6—11, 19). Бұдан біз қандай сабақ аламыз? Кеңесті өзімізден үлкен әрі тәжірибесі көбірек адамдардан сұрағанымыз даналыққа жатады. Әрине, жас бауырластар өздерін барлығын тура бұрынғы қалпынан айнытпай істеуге міндеттімін деп сезінбеулері керек. Әйтсе де жасы үлкен бауырластардың пікірін құрметтеп, олардың әдістерін тиімсіз деп табуға асықпауы тиіс.

13. Жастау ер бауырластар егде тартқан ер бауырластармен қалай қызметтесе алады?

13 Кейде жасы кішірек ер бауырластар өзінен үлкен әрі тәжірибесі көбірек ер бауырластардың жұмысын қадағалайтын бақылаушы ретінде тағайындалып жатады. Бірақ олар шешім қабылдамас бұрын жасы үлкен бауырластармен ақылдасқандары жөн болар еді. Жоғарыда Полдың Питер бауырластың орнына қызмет бөлімінің бақылаушысы болғаны айтылған еді. Ол былай дейді: “Мен уақыт бөліп, Питермен ақылдасып алдым. Бөлімдегі басқа бауырластарды да солай істеуге шақырдым”.

Пауыл Тімөтені үйретуге уақыт бөлген, ал Тімөте алған тәлімін жақсы игерген

14. Тімөте мен Пауылдың қызметтескенінен не нәрсеге үйрене аламыз?

14 Тімөте Пауылдан әлдеқайда жас болса да, екеуі біраз жыл қызметтескен (Філіпіліктерге 2:20—22 оқыңыз). Пауыл Қорынттағы бауырластарға: “Сендерге Тімөтені жіберіп отырмын, ол — Иемізбен бірліктегі сүйікті әрі адал балам. Ол менің қай жердегі қауымда болмасын, тәлім бергенде қолданатын Мәсіх Исаның жолындағы тәсілдерімді естеріңе салады”,— деген (Қорынттықтарға 1-хат 4:17). Бұл сөздерден олардың қаншалықты жақсы қызметтескенін әрі бір-бірін демеп отырғанын көруге болады. Пауыл Тімөтеге өзінің “Мәсіх Исаның жолындағы тәсілдерін” үйреткен. Тімөте болса соның бәрін жақсы игеріп алған. Пауыл оған қатты бауыр басты және Қорынттағы бауырластардың рухани қамын жасайтынына сенімі мол болды. Пауыл ақсақалдар үшін неткен керемет үлгі! Олар да ер бауырластарды қауымда жауапкершілікті қолға алуға дайындай алады.

ӘРКІМНІҢ МАҢЫЗДЫ ОРНЫ БАР

15. Римдіктерге 12:3—5 тармақтар өзгерістерді қабылдауға қалай көмектеседі?

15 Біз тамаша кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Өйткені Ехобаның ұйымының жердегі бөлігі жан-жақты өркендеп жатыр. Бұл дегеніміз — өзгеріс әлі де болады деген сөз. Өзгерістердің кейбірі жеке бізге әсер етуі мүмкін, оны қабылдау да оңайға соқпайтын шығар. Кішіпейіл болып, ең алдымен өзіміздің қалауымызды емес, Патшалықтың мүддесін ойласақ, өзгерісті қабылдау жеңіл болады. Сонда жарасқан бірлігіміз бұзылмайды. Пауыл Римдегі мәсіхшілерге: “Әрбіріңе мынаны айтамын: өздерің туралы тиістісінен артық ойламаңдар”,— деген. Сосын адамның әр дене мүшесі әртүрлі қызмет атқаратыны сияқты, қауымның әрбір мүшесінің де өз рөлі бар екенін түсіндірген (Римдіктерге 12:3—5).

Қауымдағы орнымыз қандай болмасын, Патшалық ісін алға жылжыту үшін барымызды салайық

16. Ехобаның ұйымындағы татулық пен бірлікті сақтауға әрбір мәсіхші қалай үлес қоса алады?

16 Ендеше, қауымдағы орнымыз қандай болмасын, Патшалық ісін алға жылжыту үшін барымызды салайық. Жасы үлкен ер бауырластар жастарды үйретсе болады. Жастау бауырластар қарапайымдылық пен құрмет таныта отырып, көбірек міндеттер ала алады. Ал әйелдер, күйеуі Ақиланы адалдықпен қолдаған Прискилаға еліктеп, жағдайлары өзгерген кезде де, күйеулеріне қолдау көрсете алады (Елшілердің істері 18:2).

17. Иса шәкірттеріне не істеуді үйретті?

17 Өзгелерді үйретуге қатысты Иса керемет үлгі қалдырған. Ол жердегі қызметінің аяқталатынын және өзі бастаған істі басқалар жалғастыратынын білген. Шәкірттерінің кемелсіз екенін білсе де, олар ізгі хабарды өзіне қарағанда анағұрлым кең көлемде уағыздайтынына сенімді болған (Жохан 14:12). Сондықтан Иса оларды жақсылап үйреткен, соның арқасында ізбасарлары бара алған елдерінің бәрінде уағыздаған (Қолостықтарға 1:23).

18. Болашақта бізді қандай жұмыс күтіп тұр? Қазір қандай істі атқарып жүрміз?

18 Иса өлген соң, Ехоба оны қайта тірілтіп, бұрынғысынан да көп жұмыс тапсырды. Құдай оны “күллі үкімет пен биліктен, күштен, билеушілерден және күллі есім атаулыдан әлдеқайда жоғары” етті (Ефестіктерге 1:19—21). Біз де, Армагеддонға дейін Ехобаға адал болып өмірден өтіп жатсақ, қайта тірілеміз. Сонда біздің де жаңа дүниеде атқаратын қанағаттандырарлық жұмысымыз көп болады. Ал қазір бәріміздің де уағыздау мен шәкірт дайындау сияқты тамаша тапсырмамыз бар. Сондықтан жас не кәрі болайық, әрқайсысымыз “Иеміздің ісінде әрқашан көп еңбектене” берейік! (Қорынттықтарға 1-хат 15:58).