Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Ехобаға сенім арт та, игілік жаса”

“Ехобаға сенім арт та, игілік жаса”

“Ехобаға сенім арт та, игілік жаса... адалдықтан тайма” (ЗӘБҮР 37:3).

ӘНДЕР: 49, 63

1. Ехоба адам баласына қандай керемет қабілеттер дарытқан?

ЕХОБА адам баласына керемет қабілеттер дарытқан. Ол бізге қиындықтардың шешімін табу үшін және болашағымызды жоспарлау үшін ойлау қабілетін берген (Нақыл сөздер 2:11). Жоспарымызды жүзеге асырып, алға қойған мақсаттарымызға қол жеткізсін деп күш дарытқан (Філіпіліктерге 2:13). Сонымен қатар ол біздерге ар-ұждан, яғни дұрыс пен бұрысты іштей ажырата білу қабілетін сыйлаған. Ар-ұжданымыз күнәдан бойымызды аулақ ұстауға, ал қателік жасаған жағдайда оны түзетуге көмектеседі (Римдіктерге 2:15).

2. Ехоба бізден қабілеттерімізді қалай қолданады деп күтеді?

2 Ехоба бізден қабілеттерімізді жақсылыққа қолданады деп күтеді. Неге? Өйткені ол бізді жақсы көреді, әрі өзі берген сыйларды пайдалансақ, қанағат пен бақытқа бөленетінімізді біледі. Мысалы, Еврей жазбаларынан мынадай сөздерді оқимыз: “ынталының жоспарлары табысқа жетелер”; “қандай істі қолға алсаң да, оны барыңды салып істе” (Нақыл сөздер 21:5; Уағыздаушы 9:10). Ал Грек жазбаларында былай делінген: “мүмкіндік барда бәріне... жақсылық жасай берейік”; “әрқайсысың қай мөлшерде сый алсаңдар, оны бір-біріңе қызмет ету үшін сол мөлшерде қолданыңдар” (Ғалаттықтарға 6:10; Петірдің 1-хаты 4:10). Демек, Ехоба өзіміздің және өзгелердің игілігі үшін қолымыздан келгенді істегенімізді қалайды.

3. Адамдардың қандай шектеулері бар?

3 Алайда Ехоба адамдардың мүмкіндігі шектеулі екенін біледі. Мәселен, біз бойымыздағы кемелсіздіктен, күнә мен өлімнен арыла алмаймыз (Патшалар 1-жазба 8:46). Сондай-ақ басқа адамдардың өмірін қадағалай алмаймыз, себебі әркімнің таңдау еркіндігі бар. Біліміміз бен тәжірибеміз қанша көп болмасын, Ехобаға ешқашан жете алмаймыз (Ишая 55:9).

Қиындыққа ұшырағанда, Ехобаға сенім артайық та, игілік жасайық

4. Осы мақалада нені қарастырамыз?

4 Біз барлық жағдайда Ехобаның басшылығына жүгініп, бізді қолдайтынына және шамамыз жетпейтін нәрсені біз үшін істейтініне сенім артуымыз керек. Алайда біз мәселені шешу үшін және өзгелерге көмектесу үшін өз тарапымыздан тиісті әрекеттер жасап, қолымыздан келгенді істегеніміз жөн (Зәбүр 37:3 оқыңыз). Біз “Ехобаға сенім артуымыз” керек, мұнымен қатар “игілік жасауымыз” да қажет. Мұны қалай істей аламыз? Бұл үшін Ехобаға сенім артқан әрі тиісінше әрекеттер жасаған Нұхтың, Дәуіттің және Құдайдың басқа да қызметшілерінің мысалын көрейік. Қазір қарастыратынымыздай, олардың істей алмаған нәрселері болған, сөйтсе де бар назарларын істей алатын нәрселерге аударған.

АЙНАЛАМЫЗДЫ ЗҰЛЫМДЫҚ ЖАЙЛАҒАНДА

5. Нұхтың жағдайын сипаттап беріңіз.

5 Нұх азғындық пен зұлымдыққа толы дүниеде өмір сүрген (Мұсаның 1-жазбасы 6:4, 9—13). Ол Ехобаның ертелі-кеш зұлым дүниені жоятынын білген. Бірақ сонда да адамдардың азғын істерін көріп, қатты қынжылған болса керек. Дәл сол жағдайда Нұх өзінің қолынан келмейтін жайттар бар екенін түсінген, бірақ қолынан келетін де істердің бар екенін білген.

Уағыз ісіне қарсылық (6—9 абзацтарды қараңыз)

6, 7. а) Нұх нені істей алмады? ә) Біздің жағдайымыз қай жағынан Нұхтікіне ұқсас?

6 Нұх не істей алмады? Ол Құдайдың ескертуін сеніммен жариялағанмен, адамдарды бұған құлақ асуға күштей алмады. Топан суды да белгіленген уақытынан ертерек келтіре алмады. Оған Ехобаның дәл уақытында әрекет ететініне сене отырып, оның зұлымдықты жоямын деген уәдесіне сенім арту керек болды (Мұсаның 1-жазбасы 6:17).

7 Біз де зұлымдық қаптаған заманда өмір сүріп жатырмыз әрі Ехоба оны жоюды уәде еткенін білеміз (Жоханның 1-хаты 2:17). Бірақ біз адамдарға “Патшалық жайлы ізгі хабарды” күштеп қабылдата алмаймыз. “Зор алапатты” да ертерек болдыру қолымыздан келмейді (Матай 24:14, 21). Нұх сияқты, бізге де Құдайдың жақын арада зұлымдықты жоятынына сенім арту үшін берік сенім керек (Зәбүр 37:10, 11). Ехоба бұл зұлым дүниенің жойылатын уақытынан тіпті бір күнге де артық тұруына жол бермейтініне сенімдіміз (Абақұқ 2:3).

Нұх сияқты, бізге де Құдайдың жақын арада зұлымдықты жоятынына сену үшін берік сенім керек

8. Нұх бар назарын неге тікті? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

8 Нұх не істей алды? Ол шамасы жетпейтін нәрсеге бола ұнжырғасын түсірмей, қайта, бар назарын қолынан келетін іске тікті. Сенімінің қозғау салуымен ол Құдайдың ескерту хабарын уағыздады (Петірдің 2-хаты 2:5). Сол істің арқасында оның сенімі мызғымай тұрғаны сөзсіз. Уағыздаумен қатар, ол күш-қуаты мен ақыл-ойын Құдай тапсырған іске жұмсап, кеме соқты (Еврейлерге 11:7 оқыңыз).

9. Нұхқа қалай еліктей аламыз?

9 Нұхқа ұқсап біз де “Иеміздің ісінде көп еңбектенуге” ұмтыламыз (Қорынттықтарға 1-хат 15:58). Мысалы, Патшалық сарайлары мен Конгресс сарайларын соғу және жөндеу, конгресс кезінде ерікті қызмет көрсету, филиалда не аударма кеңсесінде қызмет ету сияқты істерге атсалысамыз. Бәрінен бұрын, біз уағыз ісіне белсене қатыса береміз, себебі бұл іс болашаққа деген үмітімізді жандандыра түседі. Сенімі берік бір әйел бауырлас бұл жайында былай деді: “Адамдарға Құдай Патшалығы төгетін баталар жайлы айтқанда, олардың ешқандай да үміті жоқ екенін көресің. Олардың ойынша, қиындықтар әрқашан болған, бола да береді”. Расында да, уағыз ісіне қатысқанымыз болашаққа деген үмітімізді жалындата түседі және өмір үшін жарыста еш берілмеуге бекіндіреді (Қорынттықтарға 1-хат 9:24).

КҮНӘ ЖАСАҒАНДА

10. Дәуіттің жағдайын сипаттап беріңіз.

10 Ехоба Дәуіт патша туралы “көңілімнен шыққан адам” деп айтқан (Елшілердің істері 13:22). Жалпы алғанда, Дәуіт өмір бойы сеніммен әрекет еткен. Сөйткенмен де оның ауыр күнә жасаған кезі болды. Ол Барсабиямен азғындық жасады. Бұнысы аздай, ол күнәсін жасыру үшін Барсабияның күйеуі Ұрияның шайқаста қаза болуын ойластырды. Тіпті осы жайлы бұйрықты оның өз қолына ұстатып жіберді! (Самуилдің 2-жазбасы 11:1—21). Ақыр соңында, Дәуіттің жасаған күнәлары бәрібір аян болды (Марқа 4:22). Сол кезде ол не істеді?

Бұрынғы күнәлар (11—14 абзацтарды қараңыз)

11, 12. а) Дәуіт жасаған күнәсіна қатысты не істей алмады? ә) Күнәмізға өкінсек, Ехоба біз үшін не істейді?

11 Дәуіт не істей алмады? Болған іс болып, бояуы сіңгендіктен, Дәуіт оны өзгерте алмады. Ол өз қателігінің кейбір салдарын өмір бойы тартып өтпек еді (Самуилдің 2-жазбасы 12:10—12, 14). Сондықтан да Дәуітке сенім қажет болды. Ол күнәсіна шын жүректен өкінгенде, Ехоба өзін кешіретініне және іс-әрекетінің зардабына төзуге көмектесетініне сенім таныту керек еді.

12 Күнәкар пенде болғандықтан, бәріміз де күнә жасаймыз. Бірақ кейбір күнәлар ауыр болуы мүмкін. Кей жағдайларда біз жасаған қателігімізді өзгерте алмаймыз. Бізге оның салдарын тартып өмір кешуге тура келетін шығар (Ғалаттықтарға 6:7). Алайда күнәмізға шындап өкінсек, қиын шақтарда, тіпті сол қиындықтар өз кінәміздің кесірінен болып жатса да, Құдайдың демеу беремін деген уәдесіне сенім артамыз (Ишая 1:18, 19; Елшілердің істері 3:19 оқыңыз).

13. Дәуіт Ехобамен қарым-қатынасын қалай қалпына келтірді?

13 Дәуіт не істей алды? Дәуіт Ехобамен қарым-қатынасын қалпына келтіргісі келді. Бұл үшін ол Ехобаның көмегін қабылдап, Натан пайғамбардың түзетуіне құлақ асты (Самуилдің 2-жазбасы 12:13). Сонымен қатар Ехобаға дұға етіп, күнәларын мойындады, осылай қайтадан оның ықыласына ие болуды қатты қалайтынын көрсетті (Зәбүр 51:1—17). Ол өзін кінәлі сезінгеннен есеңгіреп, әрекетсіз күйге түспей, қайта, өз қателіктерінен сабақ алды. Дәуіт сол ауыр күнәларын екінші рет қайталамады. Араға жылдар салып, ол сенімі мықты адам ретінде көз жұмды, әрі Ехобаның жадында осындай жан ретінде сақталды (Еврейлерге 11:32—34).

14. Дәуіттен қандай сабақ аламыз?

14 Дәуіттен қандай сабақ аламыз? Егер ауыр күнә істеп қойсақ, бұған шын жүректен өкініп, Ехобаның алдында күнәмізді мойындауымыз керек, сондай-ақ одан кешірім сұрауымыз қажет (Жоханның 1-хаты 1:9). Бұған қоса, ақсақалдармен сөйлескеніміз жөн, олар бізге Ехобамен қарым-қатынасымызды жөндеуге көмектеседі (Жақып 5:14—16 оқыңыз). Ехобаның шараларын қолдансақ, оның бізді кешіремін деген уәдесіне сенім артатынымызды көрсетеміз. Сонан соң қателіктерімізден сабақ алып, Ехобаға деген қызметімізді жалғастыруымыз керек және болашаққа сеніммен қарауымыз қажет (Еврейлерге 12:12, 13).

БАСҚА ДА ЖАҒДАЙЛАРДА

Ауру-сырқау (15-абзацты қараңыз)

15. Ханнаның мысалынан неге үйренеміз?

15 Бәлкім, сіз қиын жағдайда Ехобаға сенім артқан әрі қолынан келгенше әрекет еткен Киелі кітаптағы басқа да қызметшілерді білетін шығарсыз. Мысалы, Ханна бір кездері перзент сүйе алмаған, әрі бұл жағдайды өзгерту қолынан келмеген. Бірақ ол Ехоба жанына жұбаныш беретініне сенім артты. Сондықтан киелі шатырда оған ғибадат етуді доғармай, жан дүниесін ақтарып дұға ете берді (Самуилдің 1-жазбасы 1:9—11). Біз үшін қандай керемет үлгі! Денсаулыққа байланысты не басқа да өзіміз өзгерте алмайтын қиын жағдайларда Ехоба қамымызды жейтініне сенім арта отырып, бар уайымымызды оған тапсырамыз (Петірдің 1-хаты 5:6, 7). Сондай-ақ мәсіхшілер кездесуі мен басқа да рухани шаралардың пайдасын көру үшін қолымыздан келгенді істейміз (Еврейлерге 10:24, 25).

Ехобаға сенім артқандықтан, Ханна киелі шатырда ғибадат етуді доғармай, дұға ете берді

Балалардың Ехобаға қызмет етпей қоюы (16-абзацты қараңыз)

16. Ата-аналар Самуилден неге үйренсе болады?

16 Балалары Ехобаға қызмет етпей қойған адал ата-аналар жайлы не деуге болады? Самуил пайғамбар ержеткен ұлдарын Ехобаға адал болып қалуға мәжбүрлей алмады (Самуилдің 1-жазбасы 8:1—3). Оған бұл мәселені Ехобаның қолына тапсыру керек болды. Әйткенмен Самуил өз мінсіздігінен таймау үшін және көктегі Әкесіне ұнамды болу үшін қолынан келгенді жасады (Нақыл сөздер 27:11). Бүгінде көп мәсіхші ата-аналар да осындай жағдайды бастан өткеруде. Олар Исаның адасқан ұл жайлы мысалында айтылып кеткендей, Ехобаның күнәсіна өкінгендерді құшақ жая қарсы алу үшін жолдарына қарайлап тұрғанына сенім артады (Лұқа 15:20). Ал сол аралықта ата-аналар Ехобаға адалдық сақтауға барынша тырысады, осылайша өз үлгісімен балаларын отарға қайтып оралуға талпындыратынына үміттенеді.

Қаржы тапшылығы (17-абзацты қараңыз)

17. Неліктен кедей жесір әйелдің үлгісі бізге жігер береді?

17 Исаның күніндегі кедей жесір әйелдің үлгісі жайлы да ойлап көріңізші (Лұқа 21:1—4 оқыңыз). Бұл әйел ғибадатханада орын алып жатқан жемқорлыққа қарсы ештеңе істей алмады (Матай 21:12, 13). Ол өзінің тұрмыс жағдайын да өзгерте алмады. Бірақ Ехобаға деген сенімі оны сол кездегі шынайы ғибадаттың шараларын қолдауға қозғау салды. Ол жомарттықпен садақа жасап, “екі ұсақ тиынын”, “күнелтетін нәрсесінің бәрін салды”. Сенімі зор бұл әйел Ехобаға толық сенім артты. Ол рухани істерді бірінші орынға қойса, Ехоба өзін қажетімен қамтамасыз ететінін білді. Сол сияқты, біз де Патшалықты бірінші орынға қойсақ, Ехоба керегімізді беретініне сенім артамыз (Матай 6:33).

18. Дұрыс көзқарасты ұстанған бауырлас жайлы айтып беріңіз.

18 Біздің заманымызда да Ехобаға дәл осылай сенім артқан әрі өз тарапынан қолдан келгенше әрекет жасаған бауырластар аз емес. Мысалы, Малком бауырласты алсақ, ол 2015 жылы көз жұмғанша Ехобаға адал болып қалды. Жұбайы екеуі Ехобаға көп жыл қызмет етіп, өмірдің ыстығы мен суығын көрді. Ол былай деді: “Өмір деген қиын және тұрақсыз, кейде өзіңді алда не күтіп тұрғанын білмейсің. Бірақ Ехоба өзіне арқа сүйейтіндерге батасын береді”. Сондай-ақ мынадай ақылын айтты: “Ехобаға деген қызметте барынша белсенді болып, жеміс әкелу үшін дұға айту қажет. Қолыңнан келмейтін емес, келетін нәрсені істе” * (Сілтемені қараңыз).

19. а) Неліктен 2017 жылдың тармағы орынды таңдалған? ә) 2017 жылдың тармағын өміріңізде қалай қолданғыңыз келер еді?

19 Мына дүние “бұрынғыдан бетер жаман” болып бара жатқандықтан, қиындықтарымыз көбеймесе, азаймайды (Тімөтеге 2-хат 3:1, 13). Сондықтан қазір осындай қиындықтарға басымызбен кіріп, әрекетсіз күйге түсіп кетпегеніміз аса маңызды. Қайта, Ехобаға қатты сенім артуды үйренуіміз керек және қолымыздан келгенше әрекет жасауымыз қажет. Міне, сондықтан да “Ехобаға сенім арт та, игілік жаса” деген 2017 жылдың тармағы өте орынды таңдалған! (Зәбүр 37:3).

2017 жылдың тармағы: “Ехобаға сенім арт та, игілік жаса... адалдықтан тайма” (Зәбүр 37:3).