Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Қарапайымдылық өз құнын жоғалтқан жоқ

Қарапайымдылық өз құнын жоғалтқан жоқ

“Қарапайымдарға даналық тән” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 11:2).

ӘНДЕР: 38, 69

1, 2. Неге Құдай Саулдан бас тартты? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

ЕХОБА патша етіп таңдағанда, Саул қарапайым болатын (Самуилдің 1-жазбасы 9:1, 2, 21; 10:20—24). Бірақ көп ұзамай ол менменсініп кетті. Бірде мыңдаған філістірлер исраилдіктерге қарсы соғысқа аттанған болатын. Сонда Самуил пайғамбар құрбандық шалу үшін келетінін айтып, Саулды хабардар етті. Бірақ Самуил келгенше исраилдіктер қорқынышқа бой алдырып, көбісі Саулды тастап кетті. Ехобаның пайғамбары кешігіп жатқандықтан, Саул “тез арада бір нәрсе істеуім керек” деп ойлаған шығар. Содан шыдамы жетпей, құрбандықты өзі шалды. Оның бұлай етуге ешқандай құқығы жоқ еді, сондықтан Ехобаға бұл мүлдем ұнамады (Самуилдің 1-жазбасы 13:5—9).

2 Самуил келгенде, Ехобаның тілін алмағаны үшін Саулды жазғырды. Қатесін мойындаудың орнына, Саул ақталып шыға келді, тіпті кінәні басқаларға жапты (Самуилдің 1-жазбасы 13:10—14). Сол уақыттан бастап Саул басқа да көптеген менмен әрекеттер жасады. Сол себептен Ехоба оны патша етуден бас тартты (Самуилдің 1-жазбасы 15:22, 23). Саул бастапқыда жақсы болғанмен, кейін бұзылып кетті де, өмірі күйреумен аяқталды (Самуилдің 1-жазбасы 31:1—6).

3. а) Көп адам қарапайымдылық жайлы не ойлайды? ә) Қандай сұрақтарға жауап аламыз?

3 Бүгінде көп адам қарапайым болсаң, табысты өмір мен мансапқа жете алмайсың деп ойлайды. Олар өз-өздерін мақтап, өзгелерден артық болып көрінгісі келеді. Мысалы, бір аты шулы киножұлдыз әрі саясаткер: “Қарапайымдылық” сөзінің маған ешбір қатысы жоқ, әрі ешқашан қатысы болмайды деп үміттенемін”,— деген. Бірақ қарапайым болу мәсіхшілер үшін неліктен маңызды? Қарапайымдылық деген нені білдіреді және нені білдірмейді? Бұл мақалада осы сұрақтарға жауап алатын боламыз. Ал келесі мақалада сыналған кезде де қалай қарапайымдылық сақтай алатынымызды қарастырамыз.

ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚ НЕЛІКТЕН МАҢЫЗДЫ?

4. Өзімшіл не менмен әрекет дегеніміз не?

4 Киелі кітаптан көретініміздей, менмендік — қарапайымдылыққа қарама-қайшы қасиет (Нақыл сөздер 11:2 оқыңыз). Дәуіт Ехобаға: “Қызметшіңді сақтай көр өзімшіл әрекеттерден”,— деп жалбарынған (Зәбүр 19:13). Өзімшіл не менмен әрекет дегеніміз не? Бұл шыдамсыздыққа я өркөкіректікке бой алдырып, құқымыз не құзырымызда жоқ нәрсені істеуді білдіреді. Күнәкар болғандықтан, бәріміз де арагідік менмен әрекеттерге барып жатамыз. Бірақ Саулдың жағдайынан көрінетіндей, бұлай ету әдетке айналса, ертелі-кеш Ехобаның жазасына ұшыраймыз. Зәбүр 119:21-де Ехобаның “менмендерді айыптайтыны” айтылған. Неге Ехоба олай етеді?

5. Менмендікпен әрекет етуді неге жай қателік дей алмаймыз?

5 Менмен әрекетті жай қателік дей алмайсың. Мұндай әрекеттің арты жақсылыққа апармайды. Біріншіден, менмен әрекет етсек, Құдайымыз әрі Билеушіміз Ехобаға құрмет көрсетпегеніміз. Екіншіден, құзырымызда жоқ нәрсені істегенде, өзгелермен арамызда кикілжің туындауы мүмкін (Нақыл сөздер 13:10). Үшіншіден, басқалар біздің менмендікпен әрекет еткенімізді білгенде, ұятқа қалып, тіпті масқара болуымыз мүмкін (Лұқа 14:8, 9). Осыдан Ехоба біздің неліктен қарапайым болғанымызды қалайтыны анық көрінеді.

ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚ НЕНІ БІЛДІРЕДІ?

6, 7. Қарапайымдылықтың кішіпейілділікпен қандай байланысы бар?

6 Қарапайымдылық пен кішіпейілділік бір-бірімен тығыз байланысты. Кішіпейіл мәсіхші өркөкірек емес, өзгелерді өзінен жоғары қояды (Філіпіліктерге 2:3). Сондай-ақ кішіпейіл адам қарапайым болып келеді. Ол өзінің қабілеттері мен мүмкіншіліктерінің шегін біледі, жасаған қателіктерін де кішіпейілділікпен мойындайды. Өзгелердің ой-пікірін тыңдап, олардан үйренуге дайын тұрады. Мұндай кішік адамдарды Ехоба қатты жақсы көреді.

7 Киелі кітаптан көрінетіндей, қарапайым адам өз-өзіне тура баға береді және қолынан келмейтін не құзыры жетпейтін нәрселердің бар екенін түсінеді. Мұны түсінгені оған өзгелерге құрметпен әрі мейіріммен қарауға көмектеседі.

8. Қарапайым болып қалу үшін қандай ойлар мен әрекеттерден аулақ болуымыз керек?

8 Алайда біз тіпті өзіміз байқамай менмен ойлар мен әрекеттерге бой алдыра бастауымыз мүмкін. Қалайша? Өзіміздің не біз жақсы танитын адамның қауымда қандай да бір жауапкершілігі болғандықтан, өзімізді басқалардан маңызды санай бастауымыз ықтимал (Римдіктерге 12:16). Я болмаса басқалардың назарын орынсыз түрде өзімізге аудартып жүрген шығармыз (Тімөтеге 1-хат 2:9, 10). Тіпті өзгелерге не істеп, не қою керектігін айта бастауымыз мүмкін (Қорынттықтарға 1-хат 4:6). Жиі осындай әрекеттерімізбен қарапайымдылықтың шегін аттап, менмендікке өтіп бара жатқанымызды білмей қаламыз.

9. Кейбіреулердің менмендікке бой алдыруына не себеп болған? Киелі кітаптан мысал келтіріңіз.

9 Тән қалауларын тізгіндемесек, кез келгеніміз менмендікпен әрекет ете бастауымыз ғажап емес. Атаққұмарлық, іштарлық, жүгенсіз ашу көп адамды менмен әрекеттерге итермелеген. Мысалы, Абессалом, Ұзиях, Навуходоносор сияқты Киелі кітап кейіпкерлерімен солай болған. Сондықтан Ехоба олардың менменсіген кеуделерін басқан (Самуилдің 2-жазбасы 15:1—6; 18:9—17; Шежірелер 2-жазба 26:16—21; Даниял 5:18—21).

10. Неге өзгелердің ниетіне шек келтіруден аулақ болуымыз керек? Киелі кітаптан мысал келтіріңіз.

10 Адамдардың қарапайымдылықтан аттап кетуіне басқа да жайттар себеп болуы мүмкін. Мәселен, Әбумәлік пен Петірді алайық (Мұсаның 1-жазбасы 20:2—7; Матай 26:31—35). Бұл екеуі менмен болған ба? Әлде олар барлық жайтты білмегендіктен не күтпеген жағдайға тап болғандықтан солай істеді ме? Адамның жүрегінде не бар екенін көре алмайтындықтан, өзгелердің ниетіне шек келтіріп, оларды соттау даналыққа да, сүйіспеншілікке де жатпас еді (Жақып 4:12 оқыңыз).

ӨЗ ОРНЫМЫЗДЫ БІЛЕЙІК

11. Қарапайым болсақ, Құдай ұйымындағы өз орнымызға қатысты нені түсінеміз?

11 Қарапайымдылық, негізінен, Құдай ұйымындағы өз орнымызды білуден басталады. Ехоба тәртіптің Құдайы болғандықтан, қауымда әрқайсысымызға өз орнымызды не атқаратын рөлімізді берген. Қауымда әркімнің орны бөлек, сондықтан бәріміз де керекпіз. Ехоба әрбірімізге түрлі сыйлар, қабілеттер мен дарындар берген әрі оларды қалай қолданатымызды шешуді өзімізге қалдырған. Егер қарапайым болсақ, біз бұл сыйларды Ехоба қалағандай жолмен қолданамыз (Римдіктерге 12:4—8). Ехоба бізден бұл сыйларды өзін дәріптеу үшін және өзгелерге қолғабыс ету үшін қолданады деп күтетінін жақсы түсінеміз (Петірдің 1-хаты 4:10 оқыңыз).

Міндетіміз өзгергенде, Исаның үлгісіне қалай еліктей аламыз? (12—14 абзацтарды қараңыз)

12, 13. Ехобаға деген қызметімізде өзгерістер болып жатса, нені есте ұстауымыз керек?

12 Алайда Құдай ұйымындағы орнымыз тұрақты емес, уақыт өте өзгеруі мүмкін. Исаны алсақ, ол көптеген өзгерістерді бастан кешкен. Алдымен, ол көкте Әкесімен ғана болды (Нақыл сөздер 8:22). Кейін, Ехобаға періштелерді, ғаламды және адамдарды жаратуға көмектесті (Қолостықтарға 1:16). Уақыт өте келе Иса жер бетіне жіберілді. Ол нәресте болып туылды, кейін ержетіп есейді (Філіпіліктерге 2:7). Ал өмірін құрбан еткен соң, ол көкке оралып, 1914 жылы Құдай Патшалығының Патшасы болды (Еврейлерге 2:9). Бұл — соңғы өзгеріс емес. Иса болашақта мың жыл билік еткен соң, Патшалықты Ехобаға қайтарады. Осылайша “Құдай бірден-бір Билеуші болады” (Қорынттықтарға 1-хат 15:28).

13 Біздің де жауапкершіліктеріміз ара-тұра жеке шешімдерімізге байланысты өзгеріп жатады. Мысалы, бұрын салтбасты болсақ, енді неке құруды шешкен болармыз. Я болмаса балалы болған шығармыз. Кейіннен Ехобаға толық уақыт қызмет ету үшін өмірімізді қарапайым еткен болармыз. Ал кейде жауапкершіліктеріміз жағдайға байланысты өзгеруі мүмкін. Біз бұрын көбірек істей алған болсақ, енді аз істейтін шығармыз немесе керісінше. Бірақ жас не кәрі, денсаулығымыз жақсы не нашар болсын, Ехоба әрқайсысымыздың өзіне қалай ең жақсы жолмен қызмет ете алатынымызды біледі. Ол бізден шамамыз жететін нәрсені ғана күтеді және өзі үшін жасаған әрбір ісімізді жоғары бағалайды (Еврейлерге 6:10).

14. Қалай қарапайым көзқарас кез келген жағдайда қанағат пен қуаныш сезінуге көмектеседі?

14 Иса өзінің әрбір міндетінен қуаныш таба білген, біз де солай қуаныш таба аламыз (Нақыл сөздер 8:30, 31). Қауымдағы міндеттері мен жауапкершіліктері қарапайым адамның тақиясына тар келмейді, ол барға қанағат етеді. Мұндай адам қосымша жауапкершіліктерге қол жеткізу жайлы не басқалардың қандай жетістіктерге жетіп жатқандығы жайлы ойлап мазаланбайды. Қайта, бар күш-жігерін Құдай ұйымындағы рөлін жақсы атқарып, содан қуаныш алуға жұмсайды. Өйткені оған Құдайдан келген тапсырма деп қарайды. Сонымен қатар ол Ехобаның басқаларға берген рөлін де сыйлайды. Қарапайымдылық оны өзгелерге тиісті құрмет пен қолдау көрсетуге талпындырады (Римдіктерге 12:10).

ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚ НЕНІ БІЛДІРМЕЙДІ?

15. Гедеоннан не нәрсеге үйренеміз?

15 Гедеон — қарапайымдылықтың тамаша үлгісі. Ехоба оған Исраилді мадияндықтардан құтқаруды тапсырғанда, ол: “Менің әулетім манаса руының ішінде ең кішігі. Өзім де әкемнің үйінде ең кішігімін”,— деді (Билер 6:15). Бірақ ол Ехобаға арқа сүйеп, тапсырманы мойнына алды. Сосын Ехоба өзінен не талап ететінін жақсылап түсініп алуға тырысты және одан басшылық сұрады (Билер 6:36—40). Гедеон қайратты да батыл кісі еді, сөйтсе де ол сақтықпен әрі көрегендікпен әрекет етті (Билер 6:11, 27). Ол алған тапсырмасын атақ-даңққа қол жеткізу үшін пайдаланып қалуды көздеген жоқ. Ехобаның тапсырғанын орындаған соң, ол үйіне қайтып кетті (Билер 8:22, 23, 29).

16, 17. Рухани алға басқысы келетін қарапайым адам нені есепке алады?

16 Қарапайымдылық деген ешқашан да қосымша жауапкершіліктер алмауымыз не оларға ұмтылмауымыз керек дегенді білдірмейді. Жазбаларда бәріміз де алға басуға шақырыламыз (Тімөтеге 1-хат 4:13—15). Бірақ бұл үшін міндетті түрде жаңа жауапкершілікке тағайындалу керек пе? Жоқ. Қандай міндет атқарып жүрсек те, Ехобаның батасымен бәріміз де рухани жетіле аламыз. Біз мәсіхшіге тән болмысымыз бен Құдай берген қабілеттерімізді әрі қарай да шыңдап, игі істерді бұрынғыдан да көбірек жасай аламыз.

17 Жаңа тапсырманы алмас бұрын, қарапайым адам өзінен не талап етілетінін біліп алады. Сосын бұл жайлы дұға етіп, өз жағдайын мұқият саралап-салмақтайды. Басқа да маңызды істерді атқаруға оның уақыты мен күші жете ме? Егер жетпейтін болса, кейбір істерін басқалармен бөлісе ала ма? Осының бәрін ойластырған соң, қарапайым адам жаңа жауапкершілікті дұрыстап атқара алмаймын деп шешуі мүмкін. Қарапайым болсақ, біз “жоқ” деп айтудан тартынбаймыз.

18. а) Жаңа жауапкершілік алғанда қарапайым адам не істейді? ә) Римдіктерге 12:3 қарапайым болуға қалай көмектеседі?

18 Біз “Құдайымыздың жолында қарапайым болып жүруге” шақырыламыз (Миха 6:8). Сондықтан жаңа жауапкершілікке тағайындалып жатсақ, Гедеонға ұқсап, Құдайдың басшылығы мен көмегіне жүгінуіміз керек. Ол бізге өзінің Сөзі мен ұйымы арқылы не айтатынына ден қойып, ойлануымыз қажет. Біздің “мерейімізді өсіретін” өз қабілеттеріміз емес, Ехобаның кішіпейілділігі екенін ұмытпайық (Зәбүр 18:35). Құдай жолында қарапайым болып жүргеніміз бізге өзіміз туралы тым көп те, тым аз да ойламауға көмектеседі (Римдіктерге 12:3 оқыңыз).

19. Неге қарапайым болу керекпіз?

19 Қарапайым адам барлық мадаққа Ехоба ғана лайық екенін біледі, өйткені ол — біздің Жаратушымыз әрі Әлемнің Әміршісі (Аян 4:11). Қарапайымдылық бізге Құдайдың ұйымында берілген орнымызды місе тұтып, өз рөлімізді тиімді атқаруға көмектеседі. Сондай-ақ бұл қасиет бізді бауырластардың сезімі мен ой-пікірін құрметтеп, осылайша ынтымақ-бірлік сақтауға талпындырады. Қарапайым адам бір нәрсе істемес бұрын жақсылап ойланады, сондықтан үлкен қателік жасап қоюдан аулақ болады. Осы себептерді ескерсек, Құдайдың халқы үшін қарапайымдылықтың құны әлі де жоғалған жоқ. Ехоба осы қасиетті дамытатындарды қатты бағалайды. Келесі мақалада сыналғанда қалай қарапайымдылық сақтай алатынымыз жайлы сөз етеміз.