Бәріне ие болса да, неге Құдайға беруіміз керек?
“Уа, Құдайымыз, біз өзіңе алғыс айтып, керемет есіміңді мадақтап тұрмыз” (ШЕЖІРЕЛЕР 1-ЖАЗБА 29:13).
ӘНДЕР: 95, 58
1, 2. Ехоба бізге қалай жомарттық танытады?
ЕХОБА — қолы ашық Құдай. Бізде бардың бәрін ол берген. Ол жердегі бүкіл табиғи ресурстардың иесі әрі сол арқылы ол тіршілікті қамтамасыз етіп отыр (Зәбүр 104:13—15; Хагей 2:8). Киелі кітаптан біз Ехобаның кейде өз халқына қамқорлық ету үшін осы ресурстарды керемет жолмен қолданғанын білеміз.
2 Мысалы, исраилдіктер 40 жыл бойы шөл далада өмір сүргенде, Ехоба оларды манна және сумен қамтамасыз етті (Мұсаның 2-жазбасы 16:35). Соның арқасында олар еш нәрседен тарықпады (Нехемия 9:20, 21). Кейінірек Еліше пайғамбар Ехоба берген күш арқылы бір адал жесір әйелдің аз ғана майын көбейтті. Құдайдың осы сыйының арқасында бұл әйел бүкіл қарызынан құтылды, тіпті қалған ақшаға балаларымен әрі қарай күн көрді (Патшалар 2-жазба 4:1—7). Иса болса Ехобаның қолдауымен керемет жасап, қажет кезде тамақпен, тіпті ақшамен де қамтамасыз етті (Матай 15:35—38; 17:27).
3. Бұл мақаладан не білеміз?
3 Жаратылыстарының қамын жасау үшін Ехоба қалаған нәрсесін қолдана алады. Десе де ол өз қызметшілерін ұйымының ісіне қолдау көрсетулері үшін қолда барын беруге шақырады (Мұсаның 2-жазбасы 36:3—7; Нақыл сөздер 3:9 оқыңыз). Неге Ехоба одан алған құнды нәрселерді оған қайтып береміз деп күтеді? Ехобаның ежелдегі қызметшілері оның ісіне қалай қолдау көрсеткен? Ұйым бүгінде ерікті садақаны қалай жаратады? Осы сұрақтардың жауабын білейік.
НЕГЕ БІЗ ЕХОБАҒА ҚОЛДА БАРЫМЫЗДЫ БЕРЕМІЗ?
4. Ісіне қолдау көрсету арқылы Ехобаға нені көрсетеміз?
Біз Ехобаны сүйгендіктен оған береміз
4 Біз Ехобаны сүйгендіктен және риза болғандықтан оған береміз. Бізге жасаған бүкіл жақсылығын ойлағанда, ет жүрегіміз елжіремей қоймайды. Дәуіт ғибадатхананы соғу үшін қандай заттар қажет екенін айтқанда осындай сезімде болған. Ол біздегі бардың бәрі де Ехобадан екенін және оған беретін сый-тартуымыздың бәрі одан келгенін айтқан (Шежірелер 1-жазба 29:11—14 оқыңыз).
5. Риясыз беру шынайы ғибадаттың маңызды бөлігі екенін Киелі кітап қалай үйретеді?
5 Ехобаға беретініміздің тағы бір себебі — бұл оған ғибадат етудің бір жолы. Елші Жохан аянда Ехобаның көктегі қызметшілері былай деп жатқанын естіген: “Құдайымыз Ехоба, сен даңққа, құрмет пен күш-құдіретке ие болуға лайықсың! Өйткені бәрін жаратқан — өзіңсің, бәрі де сенің еркіңмен бар болды әрі жаратылды” (Аян 4:11). Даңқ пен құрмет атаулыға лайықты болғандықтан, біз Ехобаға қолымыздағы ең жақсыны бергіміз келеді емес пе?! Ехоба Мұса арқылы Исраил халқына жылына үш мейрам өткізіп тұруды бұйырған. Осы мейрамдардағы ғибадаттың бір бөлігі ретінде олар Ехобаға қолда барларын беретін болған. Халық “Ехобаның алдына құралақан келмеу” керек еді (Мұсаның 5-жазбасы 16:16). Бүгінгі күні де риясыз беру — біздің ғибадатымыздың маңызды бөлігі. Осы арқылы біз Ехобаның ұйымы атқарып жатқан істі бағалайтынымызды және оны қолдайтынымызды көрсетеміз.
6. Берудің өзіміз үшін қандай пайдасы бар? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)
6 Тек ала бермей, жомарттықпен бергеніміз өзімізге де пайдалы (Нақыл сөздер 29:21 оқыңыз). Ата-анасынан тиын-тебен алып тұратын кішкентай баланы елестетейікші. Ол жинаған ақшасынан біраз алып, ата-анасына сыйлық сатып алды делік. Оның сыйлығы әке-шешесін қандай сезімге бөлейді? Я болмаса, ата-анасымен тұрып жатқан жас ізашар пәтерақыны төлеу үшін не үйге азық-түлік алу үшін азды-көпті қаражат береді делік. Ата-анасы одан ақша береді деп күтпесе де, тартуын қабыл алады. Неге? Өйткені осылайша балалары жасаған бүкіл жақсылығы үшін оларға алғысын білдіре алады. Сол іспетті, Ехоба құнды нәрселерімізді оған бергеніміз өзіміз үшін игілікті екенін біледі.
БҰРЫН ЕХОБАНЫҢ ҚЫЗМЕТШІЛЕРІ ҚАЛАЙ БЕРГЕН?
7, 8. а) Арнайы іс-шараларға; ә) Ехобаның ісіне қолдау көрсету үшін садақа жасауда Ехобаның ежелдегі халқы қандай үлгі көрсетті?
7 Киелі кітаптан ежелде Ехобаның халқы оның ісін қолдау үшін садақа жасағанын білуге болады. Кейде олар қандай да бір арнайы іс-шараға садақа беретін болған. Мұсаның кезін алсақ, ол исраилдіктерді киелі шатырдың соғылуына сый-тарту беруге шақырған. Кейінірек Дәуіт патша да ғибадатхананың құрылысына осындай сұраныс жасаған (Мұсаның 2-жазбасы 35:5; Шежірелер 1-жазба 29:5—9). Жоғастың билігі тұсында діни қызметкерлер ғибадатхананы жұрттың берген ақшасына жөндеген (Патшалар 2-жазба 12:4, 5). Ал І ғасырда мәсіхшілер Яһудеяда аштық жайлап, бауырластарының көмекке зәру болып қалғанын естиді. Сонда әрбір мәсіхші сондағы бауырластарына қолынан келгенше жәрдем жіберуді шешеді (Елшілердің істері 11:27—30).
8 Сонымен қатар Ехобаның халқы оның ісінде жетекшілік ететіндерге жәрдем болсын деп қаржылай көмек көрсеткен. Мысалы, Мұса Заңы бойынша, леуіліктердің басқа рулар сияқты мұралы иелігі болмаған. Сол себепті қалған исраилдіктер оларға өздерінде бардың оннан бірін беретін. Соның арқасында леуіліктер киелі шатырдағы қызметтерін еш алаңсыз атқара алған (Мұсаның 4-жазбасы 18:21). Осы сияқты, Иса мен елшілеріне де көптеген жомарт әйелдер қолда барларымен жәрдем беріп жүрген (Лұқа 8:1—3).
Өте бай адамнан бастап тақыр кедейге дейін әркім қолда барын бере алған
9. Бұрын Құдайдың қызметшілері садақаларды қандай жолдармен жасаған?
9 Құдайдың қызметшілері аталмыш садақаларды әртүрлі жолмен жасаған. Исраилдіктер киелі шатырды соғу ісіне Мысырдан олжалаған құнды бұйымдарын берген болса керек (Мұсаның 2-жазбасы 3:21, 22; 35:22—24). Ал бірінші ғасырда кейбір мәсіхшілер өз меншіктерін, мысалы танаптары мен үйлерін сатып, содан түскен ақшаны елшілерге берген. Ал олар ақшаны мұқтаждық көрген бауырластарға үлестірген (Елшілердің істері 4:34, 35). Өзге бір мәсіхшілер Құдайдың ісін қолдауға өз үлестерін қосу үшін жүйелі түрде ақша бөліп отырған (Қорынттықтарға 1-хат 16:2). Осылайша өте бай адамнан бастап тақыр кедейге дейін әркім қолда барын бере алған (Лұқа 21:1—4).
БҮГІНДЕ БІЗ ҚАЛАЙ БЕРЕМІЗ?
10, 11. а) Ежелде өмір сүрген Ехобаның қызметшілеріне қалай еліктей аламыз? ә) Патшалық ісін қолдай алатыныңыз сізді қандай сезімге бөлейді?
10 Бүгінде біздің де қандай да бір арнайы іс-шараға садақа жасауымыз қажет болуы мүмкін. Бәлкім, қауымымыз Патшалық сарайын жөндеуді не жаңасын соғуды жоспарлап жүрген болар. Я болмаса жергілікті филиалда жөндеу
жұмыстарын жүргізу қажеттілігі бар шығар. Конгреске кеткен шығынды жабуға көмектесе алатын да болармыз. Не өзге жерде бауырластарымыз табиғи апаттан зардап шегіп, көмегімізге зәру болуы мүмкін. Сондай-ақ жасаған садақаларымызбен миссионерлердің, арнайы ізашарлардың, аудандық бақылаушылардың және дүниежүзілік бас басқарма мен жер-жердегі филиалдардағы бауырластардың қызметін қолдаймыз. Қауымыңыз дүниежүзі бойынша Конгресс сарайлары мен Патшалық сарайларын соғу ісіне үзбей садақа жіберіп отыратын да болар.11 Әрқайсысымыз Ехобаның ұйымы соңғы күндері атқарып жатқан істі қолдау үшін өз үлесімізді қоса аламыз. Садақалардың көбісі құпия түрде жасалады. Біз Патшалық сарайындағы садақа жәшігіне ақша салғанда не jw.org сайты арқылы садақа жасағанда, қанша бергенімізді басқаларға мәлім етпейміз. Ал берген кішігірім садақамызды тым мардымсыз деп ойласақ ше? Шындығында, ұйымға түсетін садақалардың басым бөлігі бірнеше қомақты сомадан емес, көптеген кішігірім тартулардан құралады. Тұрмысы төмен бауырластарымыздың өздері Македониядағы ертедегі мәсіхшілерге еліктеп жатады. Бұл мәсіхшілер “тақыр кедей” болғандарына қарамастан, сыйларымен бөлісуге мүмкіндік беруді сұрап жалынған және артынан жомарттықпен берген де еді (Қорынттықтарға 2-хат 8:1—4).
12. Қалай ұйым садақаны барынша дұрыс жұмсауға тырысады?
12 Басқарушы кеңес садақаны жұмсағанда адалдықпен әрі ақылдылықпен әрекет етеді (Матай 24:45). Оның мүшелері дұрыс шешім қабылдауды сұрап дұға етеді және ақшаны қалай жұмсайтындарын мұқият қарастырады (Лұқа 14:28). Ежелде жауапты адал ер кісілер садақалардың тек Ехобаның ғибадаты үшін қолданылуын қадағалаған. Мысалы, Парсы патшасы сыйлаған қымбат тартуларды Иерусалимге тасымалдаған Езраны алайық. Бұл тартулардың ішінде бүгінде құны 100 миллион АҚШ долларынан асатын алтын, күміс және басқа да бұйымдар бар еді. Езра бұл садақаларды Ехобаға арналған сый-тарту ретінде қарастырған. Сондықтан оларды қауіпті аймақтардан аман-есен өткізу үшін арнайы нұсқаулар берген (Езра 8:24—34). Көптеген жылдан кейін елші Пауыл Яһудеядағы мұқтаждық көрген бауырластарға көмектесу үшін қаржы жинаған. Ол осы садақаны жеткізетін бауырластарға “Ехобаның ғана емес, адамдардың да алдында барлық істе адал болуға” нұсқау берген (Қорынттықтарға 2-хат 8:18—21 оқыңыз). Бүгінде біздің ұйым Езра мен Пауылға еліктеп, садақаларды аса ұқыптылықпен жұмсауда.
13. Ұйымның жақында өзгерістер жасауының себебі неде?
13 Әдетте отбасы кірістен қарағанда шығыс көп болып кетпеу үшін ақшаны орнымен жұмсауды ойластырады. Не болмаса Ехобаға көбірек қызмет ету үшін өмірлерін қарапайым етудің жолын іздейді. Ехобаның ұйымы да осылай әрекет етеді. Жақында көптеген жаңа жобалар атқарылды. Сол уақыттары түскен ақшадан қарағанда шығын асып кететін кездер болды. Сол себепті ұйым, отбасы сияқты, қаражатты үнемдеудің және жұмысты қарапайым етудің жолын қарастыруда. Осының арқасында ұйым сіздердің жомарттықпен беріп
жатқан садақаларыңызды барынша тиімді жұмсай алады.САДАҚАЛАРЫҢЫЗДЫҢ ӘКЕЛГЕН ПАЙДАСЫ
14—16. а) Садақаларымыз не нәрсеге жұмсалып жатыр? ә) Сіз осы іс-шаралардың қандай пайдасын көріп жүрсіз?
14 Көп жылдан бері шындықта жүрген бауырластар ұйымнан бұрын-соңды мұншалықты көп сыйлық алмағанын айтады. Қазір бізде jw.org сайты және JW Broadcasting арнасы бар. Көптеген тілде “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасы” да бар. Ал 2014—2015 жылдар аралығында “Құдай Патшалығын бірінші орынға қояйық!” деп аталатын үш күндік халықаралық конгресс 14 қаланың ең үлкен стадиондарында өткізілді. Осы конгреске қатысқандардың барлығы сонда болғандарына шексіз қуанды.
15 Көп бауырластар Ехобаның ұйымы беріп жатқан сыйлар үшін алғысын білдіруде. Мысалға, Азияда қызмет ететін бір ерлі-зайыпты былай деп жазды: “Біз кішкентай қалаға тағайындалғанбыз. Сондықтан кейде өзімізді оқшауланып қалғандай сезініп, Ехобаның ісі қаншалықты кең көлемде атқарылып жатқанын ұмытып кететінбіз. Бірақ JW Broadcasting арнасынан түрлі бағдарламаларды көргенде, дүниежүзілік бауырластықтың мүшесі екеніміз еске түседі. Аяулы жергілікті бауырластарымыз да осы арнаның болғанына дән риза. Олар ай сайынғы бағдарламаны көргенде, Басқарушы кеңестің мүшелеріне жақын сезінетіндерін жиі айтып жатады. Қазір олар Құдай ұйымының мүшесі болғандарын бұрынғыдан да мақтан етеді екен”.
16 Қазіргі таңда жержүзі бойынша 2500-ге жуық Патшалық сарайы соғылып не жөндеу жұмыстары жасалып жатыр. Гондурастағы бір қауымның мүшелері өз Патшалық сарайлары болғанын қатты армандайтын. Бірақ қазір олардың армандары орындалды. Олар былай деп жазды: “Ехобаның бүкіләлемдік отбасының мүшесі болғанымыз және дүниежүзілік бауырластықты сезіне алғанымыз үшін сондай бақыттымыз!”
Ана тілінде Киелі кітап пен басқа әдебиеттерді алғанда, табиғи апаттан кейін бауырластардың көмегін сезінгенде не ірі қалаларда және көпшілік орындарда уағыздаудың жақсы нәтижесін көргенде, көбісі осындай сезімде болатыны жайлы айтып жатады.17. Ехобаның өз ұйымын қолдап жатқанын біз қайдан білеміз?
17 Ехоба куәгерлері болып табылмайтын көп адам ісіміздің барлығы тек ерікті садақаның көмегімен атқарылып жатқанын түсіне алмайды. Бірде ірі компанияның басқарушысы баспаханаларымыздың біріне экскурсияға барады. Ол барлық жұмыстың тек ерікті қызметшілердің күшімен, ерікті садақаның көмегімен, ақша жинау шараларын өткізбей-ақ жасалып жатқанына қайран қалып, бұлай болуы мүмкін еместігін айтты. Оның айтқаны рас! Өйткені бар жұмыс Ехобаның қолдауының арқасында ғана атқарылып жатыр (Әйүп 42:2).
ЕХОБАҒА ҚАЙТЫП БЕРГЕНДЕ АЛАТЫН БАТАЛАРЫМЫЗ
18. а) Патшалықты қолдау үшін қолымызда барды бергенде қандай баталарға кенелеміз? ә) Балаларымыз бен шындыққа жаңадан келгендерге осыны қалай үйрете аламыз?
18 Ехоба бізге Патшалық ісін қолдауға мәртебе де, мүмкіндік те беріп отыр. Оның ісін қолдасақ, батасын төгетініне кепілдік береді (Малахи 3:10). Ехоба жомарттықпен бергеніміз өзіміз үшін пайдалы болатынын уәде етеді (Нақыл сөздер 11:24, 25 оқыңыз). Сондай-ақ бергенде бақытты болатынымызды айтады, себебі “алғаннан гөрі берген бақытты” (Елшілердің істері 20:35). Балаларымызға және шындыққа жаңадан келгендерге Патшалық ісін қалай олар да қолдап, көп баталарға кенеле алатынын сөзімізбен әрі ісімізбен көрсете аламыз.
19. Осы мақала сізді неге талпындырды?
19 Біз бәрін де Ехобадан алдық. Қолымызда барды оған қайтып бергенде, оны сүйетінімізді және бізге жасағандарының бәрін де бағалайтынымызды көрсетеміз (Шежірелер 1-жазба 29:17). Ғибадатхананың соғылуына өз үлестерін қосқанда, исраилдіктер “ерікті сый-тартуларын қуана әкелді, өйткені мұны Ехобаға арнап бар жүректерімен беріп жатты” (Шежірелер 1-жазба 29:9). Ендеше, Ехобаның бізге берген нәрселерін оған қайтып беру арқылы қуаныш пен қанағат сезіміне бөлене берейік.