Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Тамаша бірлік пен Еске алу кеші

Тамаша бірлік пен Еске алу кеші

“Бауырлардың бірлікте тұрғандары қандай игі, қандай жағымды!” (ЗӘБҮР 133:1).

ӘНДЕР: 149, 99

1, 2. 2018 жылы қандай оқиға бізді ерекше жолмен біріктіреді және қалай? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

БИЫЛ, 2018 жылдың 31 наурызында, бүкіл әлем бойынша миллиондаған адам жылына бір рет өткізілетін жиынға барады. Күн батқан соң, Ехоба куәгерлерімен бірге басқа да көп кісілер жиналып, Исаның адамзат үшін жасаған құрбандығын еске алады. Басқа барлық жиындардан айырмашылығы — Мәсіхтің өлімін еске алу кеші жыл сайын адамдарды ерекше жолмен біріктіреді.

2 Ехоба мен Иса миллиондаған адамның бүкіл жер беті бойынша осы ерекше жиынға бара жатқанын көргенде, қатты қуанатыны сөзсіз. Киелі кітапта “әрбір ұлттан, рудан, халықтан және тілден шыққан, ешбір адам баласы санай алмайтындай ұлы жамағаттың” қатты дауыстап: “Құтқарылғанымыз үшін біз тақта отырған Құдайымыз бен Тоқтыға борыштымыз”,— деп жатқаны алдын ала айтылған (Аян 7:9, 10). Жыл сайын соншама жамағаттың Еске алу кешіне келіп, Ехоба мен Исаны жасаған керемет істері үшін мадақтайтыны қандай тамаша!

3. Бұл мақалада қандай сұрақтардың жауабы бар?

3 Осы мақаладан сіз мына төрт сұраққа жауап аласыз: 1) Барынша пайдасын көру үшін Еске алу кешіне қалай дайындалсам болады? 2) Еске алу кеші бүкіл Құдай халқының бірлігіне қалай ықпал етеді? 3) Мен Құдай халқының бірлігіне қалай атсалыса аламын? 4) Еске алу кешін соңғы рет өткізетін кез бола ма? Болса, қашан болады?

ЕСКЕ АЛУ КЕШІНЕ ҚАЛАЙ ДАЙЫНДАЛАМЫЗ ЖӘНЕ ОҒАН БАРҒАНЫМЫЗ НЕГЕ МАҢЫЗДЫ?

4. Еске алу кешінде болғанымыз неге маңызды?

Еске алу кешіне қатысу үшін барын салған әркімді Ехоба мен Иса байқайды

4 Еске алу кешінде болғанымыз неге маңызды? Бір себебі, кездесулерге бару арқылы біз Ехобаға ғибадат етеміз. Жылдың ең маңызды кездесуіне келу үшін барын салған әркімді Ехоба мен Иса байқайтынына сенімді болсақ болады. Кешке баруға еш мүмкіндігіміз болмайтын жағдайларды алмағанда, Ехоба мен Иса біздің сонда болғанымызды көрсе екен дейміз. Қауым кездесулерін қымбат тұтатынымызды іспен дәлелдесек, Ехобаның біздің есімімізді “естелік кітабында” сақтауына тағы бір негіз береміз. Бұл кітап “өмір кітабы” деп те аталған. Онда Ехоба мәңгі өмір сыйлағысы келетін адамдардың барлығының аты жазылған (Малахи 3:16; Аян 20:15).

5. “Сенім жолындамыз ба, жоқ па”, соны Еске алу кеші алдындағы апталарда қалай тексере аламыз?

5 Еске алу кешінің алдындағы апталарда қосымша уақыт бөліп, дұға еткеніміз жөн. Сондай-ақ Ехобамен қарым-қатынасымыздың қаншалықты берік екенін мұқият ойлансақ болады (Қорынттықтарға 2-хат 13:5 оқыңыз). Елші Пауыл мәсіхшілерге: “Сенім жолындасыңдар ма, жоқ па — соны тексеріп тұрыңдар”,— деген. Оны қалай тексереміз? Былай деп ойлансақ болады: “Ехоба өз еркін орындау үшін таңдаған жалғыз ұйым осы екеніне шынымен сенемін бе? Ізгі хабарды уағыздау және тәлім беру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасап жүрмін бе? Соңғы күндері өмір сүріп жатқанымызға және Шайтанның билігі аяқталуға шақ қалғанына шын сенетінім іс-әрекетімнен көріне ме? Ехоба мен Исаға деген сенімім алғаш қызмет ете бастаған кезімдегідей мызғымас күйінде ме?” (Матай 24:14; Тімөтеге 2-хат 3:1; Еврейлерге 3:14). Осы сұрақтарға қалай жауап беретініміз жайлы ойлансақ, “кім екенімізге көз жеткізіп” отырамыз.

6. а) Мәңгілік өмірге ие болудың жалғыз жолы қандай? ә) Бір ақсақал Еске алу кешіне жыл сайын қалай дайындалады және ол сияқты сіз де не істей аласыз?

6 Еске алу кешіне дайындалудың бір жолы — осы кештің неліктен өте маңызды екенін түсіндіретін мақалаларды оқып, ой қозғау (Жохан 3:16; 17:3 оқыңыз). Мәңгі өмірге біз тек Ехобаны танып-білу және оның Ұлы Исаға сену арқылы ғана ие бола аламыз. Еске алу кешіне дайындалу үшін, оларға жақындай түсуге талпындыратын тақырыптарды зерттесек болады. Ұзақ уақыттан бері ақсақал болып жүрген бір бауырлас осылай етеді екен. Көп жылдан бері ол “Күзет мұнарасындағы” Еске алу кеші жайлы және Ехоба мен Исаның бізге танытқан сүйіспеншілігі туралы мақалаларды жинап келеді. Еске алу кеші алдындағы апталарда ол осы мақалаларды қайтадан оқып, неге осы жиынның маңызы зор екені туралы байыппен ойланады. Ара-тұра ол осы мақалалар жинағына тағы бір-екеуін қосып қояды. Сондай-ақ ол Еске алу кешінің қарсаңында оқылатын Киелі кітап тармақтарын оқып, тереңінен ой қозғайды. Оның айтуынша, осының арқасында ол әр жылы жаңа нәрсе біліп отырады. Ал ең бастысы, Ехоба мен Исаны одан бетер жақсы көре түседі. Осылай ізденіс жасасаңыз, сіз де Ехоба мен Исаны жақсы көре түсесіз. Олардың жасаған жақсылығына деген ризашылығыңыз тереңдейді әрі Еске алу кешінің көбірек игілігін көресіз.

ЕСКЕ АЛУ КЕШІ БІРЛІКТЕ БОЛУЫМЫЗҒА ЫҚПАЛ ЕТЕДІ

7. а) Иеміздің кешкі асы алғаш өткізілген түні Иса не жайлы дұға етті? ә) Ехоба Исаның дұғасына жауап бергені неден көрінеді?

7 Иеміздің кешкі асы алғаш өткізілген түні Иса ерекше дұға етті. Ол Әкесі мен өзінің арасындағы баға жетпес бірлік туралы айтты. Тура осылай, барлық шәкірттерінің де бірлікте болуын сұрады (Жохан 17:20, 21 оқыңыз). Асыл Ұлының осы дұғасына Ехоба сөзсіз жауап берді. Барлық кездесулердің ішінде Еске алу кеші — Ехоба куәгерлерінің бірлігін анық көрсететін бірден-бір кездесу. Сол күні дүниежүзі бойынша әртүрлі ел мен нәсілдің өкілдері бірге бас қосып, Ехобаның өз Ұлын жібергеніне сенетінін паш етеді. Кейбір жерлерде әртүрлі нәсілден шыққан адамдардың немесе ер және әйел кісілердің діни жиында осылай бас қосуы өте сирек. Ал бірге жиналса, бұл сырт көзге ерсі көрінеді. Бірақ Ехоба мен Исаға олай көрінбейді. Еске алу кешіндегі бірлігіміз олардың көзін қуантады!

8. Ехоба Езекиелге қандай хабар айтты?

8 Ехобаның халқы ретінде біз осындай тамаша бірлігіміздің барына таңғалмаймыз. Езекиелге берген хабарында Ехоба осы бірлік жайлы алдын ала айтып кеткен. Ол Езекиелге екі таяқ алып, біреуіне “Яһудаға”, екіншісіне “Жүсіпке” деп жазуды және екеуін бір-бірімен қосып, біртұтас етіп ұстауды айтты (Езекиел 37:15—17 оқыңыз). 2016 жылдың шілдесінде шыққан “Күзет мұнарасы” журналындағы “Оқырман сауалдары” айдарында былай делінді: “Ехоба Езекиел пайғамбар арқылы Исраил халқының Уәде етілген жерге оралып, қайтадан бір халық болып бірігетінін алдын ала айтқан. Сондай-ақ бұл пайғамбарлық соңғы күндерде Құдай қызметшілерінің де біртұтас халық болатынын аян етеді”.

9. Жыл сайын Еске алу кешінде біз Езекиелдің пайғамбарлығында айтылып кеткен бірлікке қалай куә боламыз?

9 1919 жылдан бастап, Ехоба алдымен майланғандарды бірте-бірте қайта ұйымдастырып, біріктірді. Олар “Яһудаға” арналған таяқ сияқты болды. Кейіннен майланғандарға жерде мәңгі өмір сүруге үміттенетін адамдар қосылып, көбейе берді. Олар болса “Жүсіпке” арналған таяқ іспетті болды. Ехоба осы екі таяқты біріктіруге және қолындағы “біртұтас таяқ” етуге уәде берді (Езекиел 37:19). Ол майланғандар мен “басқа қойларды” “бір отар” қылды (Жохан 10:16; Зәкәрия 8:23). Бүгінде бұл екі топ Ехобаға бірігіп қызмет етуде. Сондай-ақ олардың Патшасы — Езекиелдің пайғамбарлығында Құдайдың “қызметшісі Дәуіт” деп аталған Иса Мәсіх (Езекиел 37:24, 25). Жыл сайын Исаның өлімін еске алу үшін жиналғанда, біз Езекиелдің пайғамбарлығында айтылған осы екі топтың бірлігіне куә боламыз. Алайда Құдай халқының бірлігін бұзбай, нығайта түсу үшін әрқайсысымыз қалай атсалыса аламыз?

БІРЛІКТІ САҚТАУҒА ӘРҚАЙСЫСЫМЫЗ ҚАЛАЙ АТСАЛЫСА АЛАМЫЗ?

10. Құдай халқының бірлігіне қалай атсалыса аламыз?

10 Құдай халқының бірлігін нығайтуға атсалысудың бірінші жолы қандай? Кішіпейіл болуға күш салу. Жерде болған кезде Иса шәкірттеріне кішіпейіл болулары керектігін айтқан (Матай 23:12). Мына дүниеде жиі адамдар өздерін өзгелерден артықпыз деп санайды. Алайда біз кішіпейілділік танытсақ, қауымда жетекшілік ететін ер бауырластарды құрметтеп, басшылықтарына мойынсұнатын боламыз. Сол кезде ғана қауымда бірлік болады. Ең маңыздысы, кішіпейілділік сақтасақ, Ехобаға ұнамды боламыз. Өйткені ол “тәкаппарларға қарсы тұрады, ал кішіпейілдерге рақымын төгеді” (Петірдің 1-хаты 5:5).

11. Еске алу кешінде қолданылатын нан мен шарап жайлы ойланғанымыз бізді бірлікке атсалысуға қалай талпындырады?

11 Бірлікке атсалысудың екінші жолы қандай? Нан мен шараптың нені білдіретінін жақсылап ойлану. Бұл жайында Еске алу кешінің қарсаңында, әсіресе сол кештің өзінде ойлануымыз керек (Қорынттықтарға 1-хат 11:23—25). Ашымаған нан Исаның құрбан еткен кемелді тәнін бейнелейді. Қызыл шарап болса қанын бейнелейді. Десе де осы негізгі шындықты біліп қойғанымыз жеткіліксіз. Исаның төлем құрбандығында екі теңдесі жоқ сүйіспеншіліктің ұштасқанын естен шығармағанымыз жөн: Ехоба өз Ұлын біз үшін қиды, ал Иса даярлықпен өз өмірін берді. Олардың сүйіспеншілігі жайлы ойласақ, біздің де оларға деген сүйіспеншілігіміз жандана түседі. Сонда барлығымыздың Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз бірлігімізді нығайта түседі.

Өзгелерді кешірсек, бірлікті нығайтамыз (12, 13-абзацты қараңыз)

12. Ехоба біздің кешірімшіл болғанымызды қалайтыны Исаның патша мен құлдары жайлы әңгімесінен қалай анық көрінеді?

12 Бірлікке атсалысудың үшінші жолы қандай? Өзгелерді кеңпейілмен кешіру. Солай еткенде, Исаның құрбандығының арқасында Ехоба біздің күнәларымызды кешетініне алғысымыз шексіз екенін көрсетеміз. Кешірімшіл болудың маңыздылығын көрсету үшін, Иса патша мен құлдары жайлы әңгіме айтқан болатын. Матай 18:23—34 тармақтарды оқып, өз-өзіңізді былай тексеріп көріңізші: “Исаның осы тәліміне құлақ асуға тырысамын ба? Бауырластарыма шыдамды болып, түсіністікпен қараймын ба? Мені ренжіткен адамдарды кешіруге дайынмын ба?” Рас, бізге жасалған күнәлардың кейбірі болмашы болса, кейбірі ауыр болып келеді. Бұған қоса, кейбір күнәларды кемелсіз болғандықтан кешіруге қиналып жатамыз. Бірақ Исаның әңгімесінен Ехоба біздің не істегенімізді қалайтынын біле аламыз (Матай 18:35 оқыңыз). Шын жүректен өкінсе де, бауырластарымызды кешірмейтін болсақ, Ехоба бізді де кешірмейтінін Иса анық көрсеткен. Бұған, әлбетте, мұқият ден қоюымыз қажет. Аса бағалы бірлігімізді қызғыштай қорғап, сақтап қалу үшін Иса үйреткендей кешірімшіл болуымыз керек.

13. Өзгелермен татулық сақтау арқылы бірлігімізге қалай үлес қосамыз?

13 Кешірімді болсақ, бауырластармен татулық сақтаймыз. Елші Пауыл өзара тату болып, бірлікті сақтауға барынша ұмтылыңдар деген (Ефестіктерге 4:3). Сондықтан өзгелермен қалай қарым-қатынас жасайтыныңыз жайлы Еске алу кеші таяғанда және әсіресе сол кештің өзінде мұқият ойланыңыз. Өзіңізді: “Мені танитындар көңіліме тиген адамдарға ашу-ыза сақтамайтынымды анық біле ме? Өзгелер менің татулық сақтап, бірлікті нығайтуға күш салатынымды көріп жүр ме?”— деп тексерсеңіз болады. Бұл ойлануға тұрарлық салмақты сұрақтар.

14. “Сүйіспеншілікпен бір-бірімізге төзімділік танытатынымызды” қалай көрсете аламыз?

14 Бірлікті нығайтудың төртінші жолы қандай? Сүйіспеншілік көрсетуде Ехобаға еліктеу (Жоханның 1-хаты 4:8). Біз: “Бауырластармен татулық сақтауым керек шығар, бірақ олармен жақын қарым-қатынаста болуға міндетті емеспін”,— деп ойлағымыз келмес еді. Олай ойласақ, Пауылдың “сүйіспеншілікпен бір-біріңе төзімділік танытыңдар” деген кеңесіне құлақ аспағанымыз (Ефестіктерге 4:2). Пауыл жай ғана “бір-біріңе төзімділік танытыңдар” деген жоқ, “сүйіспеншілікпен” солай етіңдер деді. Бұл екі түрлі нәрсе. Қауымымызда әртүрлі адамдар бар және Ехоба олардың бәрін де өзіне жақындатып тартқан (Жохан 6:44). Демек, Ехоба оларды сүюдің көптеген келелі себептерін көріп тұр. Егер бауырластарымыз Құдайдың сүйіспеншілігіне лайық боп тұрса, қалайша олар біздің сүйіспеншілігімізге лайық емес дей аламыз? Ехоба оларды қалай жақсы көргенімізді қаласа, солай жақсы көруге асық болайық (Жоханның 1-хаты 4:20, 21).

СОҢҒЫ ЕСКЕ АЛУ КЕШІ ҚАШАН БОЛАДЫ?

15. Еске алу кеші соңғы рет өткізілетінін қайдан білеміз?

15 Күндердің күнінде Еске алу кеші соңғы рет өткізіледі. Мұны қайдан білеміз? Пауыл майланған мәсіхшілерге Исаның өлімін жыл сайын еске алғанда, олар “Иеміз келгенше, оның өлімін жариялайтындарын” айтқан (Қорынттықтарға 1-хат 11:26). Иса да соңғы күндер жайлы пайғамбарлығында өзінің “келуі” жайлы сөз қозғаған. Жақында зор алапаттың болатынын айта келе ол былай деген: “Аспанда Адам Ұлының белгісі пайда болады және жер бетіндегі барлық ұлттар өздерін ұрғылап зар еңірейді. Олар Адам Ұлының құдіретпен және салтанатты ұлылықпен бұлттарда келе жатқанын көреді. Ол кернейдің зор үнімен періштелерін жіберіп, олар дүниенің төрт бұрышынан — аспан мен жердің о шеті мен бұ шетінен — оның таңдап алынғандарын жинап алады” (Матай 24:29—31). Иса “таңдап алынғандарын жинап алатын” кез ол жердегі майланғандар тамтығын түгел көкке алып кеткенде болады. Бұл зор алапат басталғаннан кейін, бірақ Армагеддон соғысы басталмай тұрып орын алады. Бұл соғыста Иса бүкіл 144 000-мен бірге жер бетіндегі патшаларға қарсы шайқасқа шығып, жеңіске жетеді (Аян 17:12—14). Біз баратын соңғы Еске алу кеші Иса майланғандарды жинау үшін “келгенге” дейін болады.

16. Сіз неге осы жылғы Еске алу кешіне қатысуға бел будыңыз?

16 2018 жылдың 31 наурызында өткелі жатқан Еске алу кешіне қатысуға бел буыңыз. Сондай-ақ Құдай халқының бірлігіне өз үлесіңізді қосу үшін Ехобадан көмек сұраңыз (Зәбүр 133:1 оқыңыз). Бір күні Еске алу кешіне біз соңғы рет барамыз. Ендеше, сол күн келгенше, жыл сайынғы Еске алу кешіндегі тамаша бірлікті қатты бағалайтынымызды көрсетейік.