Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Қандай сүйіспеншілік шын бақытты етеді?

Қандай сүйіспеншілік шын бақытты етеді?

“Қай халықтың Құдайы Ехоба болса, сол халық бақытты!” (ЗӘБҮР 144:15).

ӘНДЕР: 75, 73

1. Неге біз өмір сүріп жатқан заман тарихтағы ерекше кезең?

БІЗ адамзат тарихындағы өте ерекше заманда өмір сүріп жатырмыз. Ехоба, дәл Киелі кітапта пайғамбарлық етілгендей, “әрбір ұлттан, халықтан және тілден шыққан” ұлы жамағатты жинауда. Сегіз миллионнан астам адамнан тұратын бұл “мықты халық” Құдайға “күні-түні қасиетті қызмет атқарып” жүр (Аян 7:9, 15; Ишая 60:22). Құдайға және өзге адамға деген сүйіспеншілік дамытқандардың саны бұрын-соңды мұншама көп болған емес.

2. Құдайдан алшақ адамдардың бойынан қандай бұрыс бағыттағы сүйіспеншілікті байқаймыз? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

2 Алайда Киелі кітапта біздің заманымыздағы Құдайдан алшақ адамдардың бойында бұрыс бағыттағы сүйіспеншілік болатыны да айтылған. Бұл — өзімшілдіктен бастау алатын сүйіспеншілік. Елші Пауыл соңғы күндері “адамдар тек қара басын ойлайтын, ақшақұмар” болатынын және “Құдайдан гөрі ләззат-ермекті артық көретінін” жазған (Тімөтеге 2-хат 3:1—4). Өзімшілдіктен туатын мұндай сүйіспеншілік Құдайға деген сүйіспеншілікке қайшы келеді. Адам қара басымның ғана қамын ойласам, бақытты боламын деп ойлағанмен, бұлай болмайды. Керісінше, бұл бізді қоршаған әлемнің өзімшіл болуына ықпал етіп, заманымызды қиындата түседі.

3. Бұл мақалада нені қарастырамыз және неге?

3 Елші Пауыл өзімшілдіктен бастау алатын сүйіспеншіліктің кеңінен тарап, мәсіхшілерге қауіп төндіретінін білген. Сондықтан осындай өзімшіл сүйіспеншілік танытатындардан “аулақ жүруді” ескерткен (Тімөтеге 2-хат 3:5). Бірақ біз мұндай адамдармен барлық байланысты үзе алмаймыз. Ендеше, айналамыздағылардың көзқарасынан қорғану үшін және сүйіспеншіліктің Құдайы Ехобаға ұнамды болу үшін не істей аламыз? Алдымен Құдайға ұнамды сүйіспеншілік пен Тімөтеге 2-хат 3:2—4 тармақтарда сипатталған сүйіспеншіліктің айырмашылығын көрейік. Сосын өзімізді тексеріп, шынайы қанағат пен бақыт сыйлайтын сүйіспеншілікті қалай таныта алатынымызды қарастырайық.

ҚҰДАЙДЫ СҮЙЕМІЗ БЕ, ӘЛДЕ ӨЗІМІЗДІ МЕ?

4. Неге өзімізді орынды түрде жақсы көргеніміз дұрыс?

4 Пауыл: “Адамдар тек қара басын ойлайтын болады” ,— деген. Бұл өз-өзімізді жақсы көруге болмайды деген сөз бе? Жоқ, өзімізді жақсы көру қалыпты жайт, тіпті қажет те. Ехоба бізді солай жаратқан. Иса: “Өзге адамды өзіңді сүйгендей сүй”,— деп айтқан (Марқа 12:31). Егер өзімізді сүймесек, басқа адамдарды да сүйе алмаймыз. Сондай-ақ Құдай Сөзінде былай делінген: “Тап солай, күйеулер әйелдерін өз тәніндей сүюлері керек. Әйелін сүйген өзін де сүйеді. Ешкім де өз тәнін жек көрмейді, қайта, оған нәр беріп, аялап күтеді” (Ефестіктерге 5:28, 29). Демек, өзімізге деген орынды сүйіспеншіліктің болғаны дұрыс.

5. Өзін шектен тыс жақсы көретін адамды қалай сипаттар едіңіз?

5 Тімөтеге 2-хат 3:2-дегі “тек қара басын ойлау”, яғни өзін ғана жақсы көру, қалыптан тыс, орынсыз сүйіспеншілікті білдіреді. Бұл сүйіспеншілік өзімшіл. Өзін шектен тыс жақсы көретін адам өзі жайлы тиістісінен артық ойлайды (Римдіктерге 12:3 оқыңыз). Ол бәрінен бұрын өзінің күйін күйттейді. Бірдеңе болмай қалса, өзін емес, өзгелерді кінәлап шығады. Киелі кітапқа берілген бір түсініктемеде мұндай адам кірпіге теңеледі: өзі жұмсақ та жылы терісіне оранып алады да, сыртқа өзінің инелі түктерін шығарады. Мұндай өзімшіл адамдар нағыз бақытқа кенеле алмайды.

Құдайға деген сүйіспеншілік бойымызда ізгі қасиеттер тудырады

6. Құдайға ұнамды сүйіспеншілік дамытсақ, қандай жемісін көреміз?

6 Кейбір Киелі кітап зерттеушілерінің айтуынша, Пауыл қара басын ғана ойлауды бірінші айтқан себебі — ол өзінен кейін аталған жаман қасиеттерді тудырады. Ал Құдайға ұнамды сүйіспеншілік, керісінше, бойымызда ізгі қасиеттер тудырады. Ол қуаныш, татулық, шыдамдылық, мейірімділік, ізгілік, сенім, жұмсақтық, ұстамдылық қасиеттерімен тығыз байланысты (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Зәбүр жыршысы: “Қай халықтың Құдайы Ехоба болса, сол халық бақытты!”— деген (Зәбүр 144:15). Ехоба бақытты Құдай болғандықтан, оның халқы да бақытты. Сонымен қатар өздерін шектен тыс сүйетін және тек алуды ғана көксейтіндерден айырмашылығы, Ехобаның қызметшілері өзгелерге беруден қуаныш табады (Елшілердің істері 20:35).

Тек қара басымызды ойлаудан қалай аулақ бола аламыз? (7-абзацты қараңыз)

7. Қандай сұрақтар Құдайға деген сүйіспеншілігімізді тексеруге көмектеседі?

7 Өзімізге деген сүйіспеншілік Құдайға деген сүйіспеншілігімізден күштірек болып кетпегенін қалай біле аламыз? Мына дана кеңес жайлы ойланып көрейікші: “Күншіл не атаққұмар болмай, қайта, кішіпейілділікпен басқаларды өздеріңнен жоғары қойыңдар. Тек өз мүдделеріңді емес, басқалардың да мүддесін ойлаңдар” (Філіпіліктерге 2:3, 4). Өзімізді былай деп тексерсек болады: “Мен осы кеңеске құлақ асамын ба? Құдайдың осы қалауына сай әрекет етуге тырысамын ба? Қауымда және уағыз қызметінде өзгелерге көмектесудің жолдарын іздеймін бе?” Бұған уақытымыз бен күшімізді жұмсау әрқашан оңай бола бермейді. Бұл үшін барынша тер төгу және өзімізге ұнайтын нәрселерден бас тарту керек болатын шығар. Бірақ Әлемнің Әміршісі бізге разы екенін білсек, бұдан артық ештеңе бізді бақытты ете алмайды!

8. Құдайды сүйгендіктен кейбір мәсіхшілер не істеген?

8 Құдайды сүйгендіктен және оған көбірек қызмет еткісі келгендіктен, кейбір мәсіхшілер дәулет әкелетін мансаптан бас тартқан. Дәрігер мамандығын меңгерген Эриканы алайық. Ол дәрігерлік мансапты қуудан гөрі ізашарлық қызметті таңдады. Сөйтіп, күйеуі екеуі бірнеше елде қызмет ете алды. Ол былай дейді: “Шет тілдегі танапта көмектесіп жүріп бастан өткізген көптеген оқиғалар, сондай-ақ ол жақтан тапқан достарымыз — біз үшін нағыз байлық”. Эрика әлі де дәрігер болып жұмыс істейді, бірақ уақыты мен күшінің басым бөлігін адамдарға Ехоба жайлы тәлім беруге және бауырластарына жәрдемдесуге жұмсайды. Бұдан ол “шынайы қуаныш пен қанағат сезінетінін” айтады.

БАЙЛЫҒЫМЫЗ КӨКТЕ МЕ, ӘЛДЕ ЖЕРДЕ МЕ?

9. Неге ақшақұмар адам бақытсыз болады?

9 Пауыл адамдардың “ақшақұмар” болатынын айтқан. Бірнеше жыл бұрын, Ирландиядағы бір ізашарымыз ер кісіге Құдай туралы айтқан екен. Сонда ол кісі әмиянынан ақша шығарып: “Міне, менің құдайым!”— депті. Мұны ашық мойындамағанмен, көп адам үшін ақша құдайдай болып кеткен. Олар ақшаға және соған сатып алатын дүние-мүлікке құмар. Алайда Киелі кітапта мынадай ескерту бар: “Күмісті жақсы көретін күміске тоймас, байлықты жақсы көретін кіріске тоймас” (Уағыздаушы 5:10). Ақшаны жақсы көретін адам оған ешқашан тоймайды. Ол үнемі көбірек ақша тапқысы келіп тұрады әрі соған бүкіл ғұмырын сарп етеді. Ал бұл оны “көптеген қайғы-қасіретке” ұшыратады (Тімөтеге 1-хат 6:9, 10).

10. Киелі кітапта байлық пен кедейлік туралы не айтылған?

10 Әрине, ақша бәрімізге де керек. Ол бізге қандай да бір шамада қорғаныш береді (Уағыздаушы 7:12). Негізгі қажеттіліктерімізге ғана жетерлік қаржымыз болса, бақытты бола аламыз ба? Иә, бола аламыз! (Уағыздаушы 5:12 оқыңыз). Жәкенің ұлы Ағұр: “Кедейлік те, байлық та бере көрме, Қажетті тамағымды ғана жегізе көр”,— деп жазған. Бұл кісінің неге кедей болғысы келмегені түсінікті-ақ. Ол ұрлық жасауға азғырылғысы келмеген, өйткені мұндай қылық Құдайды масқаралар еді. Бірақ неге ол байлық та сұрамады? “Әйтпесе байып алып: “Ехоба деген кім?”— деп, Сенен бас тартармын”,— деді ол (Нақыл сөздер 30:8, 9). Сірә, сіз Құдайға емес, байлыққа сенім артатын біраз адамдарды білетін шығарсыз.

11. Иса ақшаға қатысты не деген?

11 Ақшақұмар адам Құдайға ұнамды бола алмайды. Иса былай деген: “Ешкім екі қожайынға бірдей құл бола алмайды. Олай еткен күнде біреуін жек көріп, екіншісін жақсы көреді, немесе біріне адал болып, екіншісіне немкетті қарайды. Сендер Құдайға және байлыққа бірдей қызмет ете алмайсыңдар”. Ол тағы былай айтқан: “Өздеріңе қазынаны жерде жинауды доғарыңдар! Жерде оны күйе жеп, тот басады немесе ұрылар бұзып кіріп, ұрлап әкетеді. Қайта, қазынаны көкте жинаңдар! Көкте оны күйе де жемейді, тот та баспайды, ұры да бұзып кіріп, ұрлап әкетпейді” (Матай 6:19, 20, 24).

12. Қарапайым өмір сүргеніміз Құдайға қызмет етуге қалай көмектеседі? Мысал келтіріңіз.

12 Ехобаның көп қызметшісі өмірін қарапайым етуге күш салады. Осының арқасында олар Ехобаға қызмет ететін уақыттары көбірек болатынын әрі анағұрлым бақытты болатындарын байқаған. Құрама Штаттарда тұратын Джек әйелімен бірге ізашар болу үшін зәулім үйі мен бизнесін сатып жібереді. Ол былай дейді: “Қаланың сыртындағы әдемі үйіміз бен жерімізбен қош айтысу оңай болған жоқ”. Бірақ жылдар бойы Джек жұмыстағы қиындықтардың кесірінен үйге ұнжырғасы түсіп келетін. Ол былай дейді: “Тұрақты ізашар ретінде қызмет ететін әйелім болса қашан көрсең қуанып жүретін. Ол: “Менің бастығым ең күшті!”— деуші еді. Ал енді мен де ізашар болған соң, екеуміз бір Тұлғаға, Ехобаға, қызмет етеміз”.

Киелі кітаптағы ақша туралы айтылған сөздерге шынында да сенетінім өмір қалпымнан көріне ме?

Ақшақұмар болудан қалай аулақ бола аламыз? (13-абзацты қараңыз)

13. Ақшаға деген көзқарасымызды тексеруге не көмектеседі?

13 Ақшаға қалай қарайтынымызды тексергенде, шыншыл болуымыз керек. Мына сұрақтар жайлы ойланғанымыз жөн: “Киелі кітаптағы ақша туралы айтылған сөздерге шынында да сенетінім өмір қалпымнан көріне ме? Ақша табу мен үшін ең басты нәрсе ме? Ехобамен және адамдармен арақатынасыма қарағанда, дүние-мүлікті көбірек ойлаймын ба? Ехоба маған қажеттіні беретініне шын мәнінде сенемін бе?” Ол өзіне сенім артатындардың көңілін ешқашан қалдырмайтынына сенімді болайық! (Матай 6:33).

ЕХОБАНЫ ЖАҚСЫ КӨРЕМІЗ БЕ, ӘЛДЕ ЛӘЗЗАТ-ЕРМЕКТІ МЕ?

14. Ләззат-ермекке қандай көзқарас таныту қажет?

14 Киелі кітапта соңғы күндері адамдардың “ләззат-ермекті” жақсы көретіні алдын ала айтылған. Біз өзімізге және ақшаға байсалды көзқарас танытуда тұрған еш оғаштық жоқ екенін білдік. Тап солай, орнымен өмірдің қызығын көрудің де еш жамандығы жоқ. Кейбір адамдар мүлдем көңіл көтермеу қажет деп есептейді. Алайда Ехоба біздің бұлай өмір сүргенімізді қаламайды. Киелі кітап Құдайдың адал қызметшілерін: “Бар да, қуанышпен тамағыңды же, шат көңілмен шарабыңды іш”,— деп шақырады (Уағыздаушы 9:7).

15. “Ләззат-ермекті артық көру” деген нені білдіреді?

15 Тімөтеге 2-хат 3:4-тегі сөздер адамдардың ләззат-ермекті жақсы көретіні сонша, өмірлерінде Құдайға орын қалдырмайтынына нұсқайды. Тармақта адамдар ләззат-ермекті “Құдайдан гөрі артық көретін” болады делінгенімен, бұл олардың Құдайды кішкене жақсы көретінін білдірмейді. Бір Киелі кітапты зерттеуші жазғандай, “аталмыш тармақтағы сөздер адамдардың қандай да бір шамада Құдайды сүйетініне нұсқамайды. Керісінше, олардың Құдайды мүлдем жақсы көрмейтінін көрсетеді”. Бұл ләззат-ермекті жақсы көретіндер үшін өте маңызды ескерту болып табылады. Киелі кітапта мұндай адамдар өмірдің қызығына толығымен “беріліп” кеткендер ретінде сипатталады (Лұқа 8:14).

16, 17. Исаның ләззат-ермекке қатысты көзқарасынан қандай үлгі аламыз?

16 Иса ләззат-ермекке байсалдылықпен қараудың нені білдіретінін көрсетті. Ол “үйлену тойына” да, “үлкен қонақасына” да барған (Жохан 2:1—10; Лұқа 5:29). Тойда шарап таусылып қалғанда, Иса керемет жасап, суды шарапқа айналдырды. Ал басқа бір жолы, адамдар оны ішіп-жегеніне бола айыптағанда, Иса олардың байсалды көзқарас танытпағанын анық көрсетті (Лұқа 7:33—36).

17 Десе де Иса ләззат-ермекті өмірінде ең басты орынға қоймаған. Ол Ехобаны басты орынға қойған және адамдарға барынша көмектескен. Адамзатты құтқару үшін бағанада азапталып өлуге де дайын болды. Өзінің соңынан ергісі келетіндерге ол: “Маған бола жұрт сендерді қорлап, қудалап не түрлі жала жауып жамандаса, бақыттысыңдар. Қуанып, шаттаныңдар, өйткені көкте сендерді зор сый күтіп тұр. Жұрт сендерден бұрынғы пайғамбарларды да солай қудалаған”,— деген (Матай 5:11, 12).

Ләззат-ермекті артық көруден қалай аулақ бола аламыз? (18-абзацты қараңыз)

18. Қандай сұрақтар ләззат-ермекті қаншалықты жақсы көретінімізді анықтауға көмектеседі?

18 Ләззат-ермекті қаншалықты жақсы көретінімізді анықтауға бізге не көмектеседі? Біз өзімізден былай сұрасақ болады: “Мен үшін көңіл көтеру қауым кездесулері мен уағыздаудан да маңызды ма? Құдайға қызмет еткім келгендіктен, кейбір сүйікті нәрселерімнен бас тартуға дайынмын ба? Көңіл көтеру түрін таңдағанда, Ехоба таңдауыма қалай қарайды деп ойланамын ба?” Құдайды жақсы көргендіктен әрі оны қуантқымыз келгендіктен, біз бұрыс екенін білетін нәрселерден ғана емес, оны ренжітуі мүмкін деп ойлайтын нәрселерден де барынша аулақ боламыз (Матай 22:37, 38 оқыңыз).

ҚАЛАЙ БАҚЫТТЫ БОЛА АЛАМЫЗ?

19. Кімдер ешқашан шын бақытты бола алмайды?

19 Шайтанның дүниесі адамдарды 6000 жылдай уақыт бойы қинап келеді. Осы дүниенің қазіргі соңғы күндерінде жер беті тек өздерін, ақшаны және ләззат-ермекті ойлайтын адамдарға толы. Олар алуды ғана көздейді және өз қалауларын басты орынға қояды. Мұндай адамдар ешқашан шын бақытты бола алмайды! Керісінше, Киелі кітапта: “Жақыптың Құдайы қолдайтын адам, Бар үмітін Құдайы Ехобаға артатын адам бақытты”,— делінген (Зәбүр 146:5).

20. Қалай Құдайға деген сүйіспеншілігіңіз сізді бақытты етеді?

20 Ехобаның қызметшілері оны шын жүректен жақсы көреді. Жыл сайын көптеген жаңа адамдар оны танып-біліп, жақсы көруде. Бұл Құдай Патшалығының билік етіп жатқанын және оның жуырда тіпті біз елестете алмайтын баталар әкелетінін дәлелдейді! Ехоба қалайтынды істесек, оны қатты қуантамыз. Ал бұл бізге нағыз қуаныш сыйлайды. Ехобаны жақсы көретіндер мәңгілік бойы қуанатын болады! Келесі мақалада өзімшіл сүйіспеншілік тудыратын жаман қасиеттердің кейбірін қарастырамыз. Сосын олардың Құдайдың қызметшілері танытатын жақсы қасиеттерге қалай қайшы келетінін көреміз.